Қоғам • 21 Қаңтар, 2025

Тарихи тұлғалар қорымы қамқорлыққа зәру

1066 рет
көрсетілді
9 мин
оқу үшін

Тарихи тұлғаның зиратының өзі елге қорған болатынын қазақ­қа түсіндірудің қажеті жоқ. Бірақ тарихи тұлға­ла­ры­мыздың зираттарын сақтай алмадық. Сүйектері әр елде қалды. Сәкен, Ілияс, Бейімбеттердің сүйегі Алматы ірге­­сін­­дегі Жаңалық ауылындағы құпия қорымда жатса, Тұрар, Сұлтанбек, Нәзірдің сүйегі Мәскеудегі НКВД-ның арнайы ны­саны саналған «Коммунаркада» жасырын жерленгені мәлім.

Тарихи тұлғалар қорымы қамқорлыққа зәру

Алматыдағы Райымбек даң­ғылы бойындағы Орталық зиратты ХХ ғасыр басындағы еліміз тарихында орны бар 92 азаматтың мәйіті жер­ленгенін қазақтың бірі білсе, бірі біле бермейді. Әлемге әйгілі Әуезов зиратының тура құбыла бетінде, соқпақ жол қапталында шамамен 20 қадамдай жерде 1925-1927 жылдары Қазақстан Орталық Атқару комитетінің төрағасы болған Жалау Мыңбаев жерленген. Бастапқыда Қырғыз автономиялы социалистік кеңес рес­публикасы (1920-1925) деп ата­лып келді. Биыл тарихи оқиғаға 100 жыл болды. Осы жиында Жалау Мыңбаев Қазақстан Орталық атқару комитетінің төрағасы болып сайланды, 1925 жылы 19 сәуірде маңызды құжатқа қол қойды. Соның негі­зін­де Қырғыз автономиялық республикасы аталып келген еліміз Қазақ Республикасы болып өзгертілді. Бүгінгі тілмен айтқанда, қазақ атауымен саясат айдынында желкенін жел­бірет­кен елдің түңғыш премьер-министрі. Сондай ақ 1925 жылы Қызылорда қала­сын­да наурыз тойын тұңғыш рет ұлт­тық мереке ретінде тойлануын қаулымен заңдастырды. Қазіргі Мұхтар Әуезов атындағы Қазақтың тұңғыш ұлттық драма театрын құру туралы қаулыға да қол қойған Мыңбаев.

лл

Ал 1925 жылы 13 қыркүйекте Қазақ­стан өлкелік партия коми­тетінің хатшылығына Мәскеу­дегі орталық билік Филипп Исаевич (Шая Ицкович) Голо­щекин­ді жіберді. Белгілі тарихшы М.Қойгелдиевтің «Та­рих тағылымы не дейді?» кіта­бында келтірілген деректерге сәйкес, осы кезеңде Өлкелік коми­тет рөлінің шектен тыс кү­шейе түсуіне Жалау Мың­баев алғашқылардың бірі болып қар­сылық көрсеткен. 1926 жылы Мәскеуде өткен ұлт­­тық кеңеске қатысып, орта­лық және Голощекиннің Қазақ­стан­да жүргізіп отырған ұлы­­дер­жавалық саясатын сынап, сөз сөйледі. Қазақ өлкелік партия комитетенің бюросы мен бақылау комиссиясының біріккен пленумы Ж.Мыңбаев­ты, С.Сәдуақасов пен С.Қожа­­нов­ты қосақтап партия бағы­тына қарсы шыққан «жікшілер» мен «оппозиционерлер» деген айып тағып, қаулы қабылдады. 1929 жылы науқасы асқынып, Алматы қаласында дүниеден өтті.

Некрополист Георгий Афо­нин­нің пайымдауынша, Алма­тының орталық зиратының тари­хындағы деректер 1932 жыл­дан басталады. Ал топырақ пен жерасты суларының жай-күйін бағалағаннан кейін 1936 жылы кеңейту туралы қаулы шыққан. Г.Афониннің баяндауынша, 1929 жылы дүниеден өткен Мыңбаевтың, бас жағында жатқан қызы Ал­тынның зираты ең ескі зират болғандықтан, оның сақталып қалуының өзі – сәттілік. Тіркеу кітабындағы деректер 1935 жылдан басталады. Бірақ қо­рымда жерге көміліп қалған ескі зиратқа қойылған тастарда астында жатқан марқұмның ХХ ғасырдың басында дүниеден өткенін нақтылап тұр.

оо

Жас өлкетанушы, осы тақы­­рыпты зерттеп жүрген Кенжебек Сержанұлының айтуын­­­ша, Жалау Мыңбаев пен қызы Алтынның ескеру­­сіз қал­ған қабірін тауып, бастарына белгі орнатқан маңғыс­тау­лық қайраткер Асқанбай Айжақыров. Ол – Мыңбаев қайтқан соң оның артында қалған әйеліне, екі қызына бас-көз болған, Жалаудың көз­­көр­ген достарының бірі. Мәс­­кеу­­де оқыған тұңғыш өнерлі қазақ қыздарының бірі Алтын Жалауқызы (1920-1945) 25 жасында кенеттен дүние салғанда жерлеуге себепкер – Асқанбай Айжарықов. 1930-1971 жылдары Павлодар Қазақ драма театрында директор, қаржы-экономика салаларында жетекші қызметтер атқарған, ІІІ дәрежелі «Даңқ» орденімен, бірнеше медаль­мен марапатталған, Жалаудың жесіріне үйленіп, артында қалған балаларын қамқорлыққа алған тұлғаның Мыңбаевтың зираты тарихынан да хабардар екені, 1945 жылы қайтқан қызы Алтынды әкесінің бас жағына жерлеуге себепкер болғаны да анық. «Мыңбаевтың басына қойылған құлпытаста «Жалау Мунбаев, (жоғарыда кішкене суреті), 1892-1929» деген ғана қысқа-нұсқа мәліметтен өзге дерек болмады. 2022 жылы Ж.Мыңбайұлының ұрпақтары және өңір ақсақалдарымен жүздесіп, жаңа үлгідегі құлпы­тас қою мәселесін көтеріп, басын жаңартуға себепкер болдық», дейді Кенжебек Сержанұлы.

Ал «Салттық қызмет көр­се­ту­дің арнаулы комбина­тының» бұрынғы басшысы Марат Исмаилов болса, Ж.Мыңбаевтың жерленген жері туралы деректі Санкт-Петербургтің Орталық мұра­жайынан кездестіргенін айтады. Мыңбаев сияқты ұлтшыл атанып, «тізімге ілініп қалған» Алаш күрескерлерінің моласы да үш әріптің бақылауында болған тәрізді.

«Зираттың тарихы тым те­рең­де жатыр. Ресейдегі мұра­жай­­ларда сүйегі де қалмады деп армандап жүрген арыстары­мыз­дың дәл осы зиратта жатқа­нын анықтайтын деректер болуы мүмкін. Мұның тарихы зерделенуі керек. Мен қызметте жүргенде Орталық зиратта жерленген 92 қайраткердің аты-жөні жазылған мәрмәр тастан соғылған стелла орнату керек деген ұсыныспен жоғары жаққа талай шықтым. Әзірге біздің түгелдегеніміз – осылар. Тиісті бұл мәселе сол зират қарайтын мекемелердің ішкі шаруасы екенін айтқан. Қажет болса, тұлғалар жатқан жерді ұлықтау мемлекеттік идеологияның бір тармағы ретінде қарастырылуы керек. Бұл әлі жүйелене қоймаған зиярат ету мәдениетін қалып­­тас­ты­рады», дейді М.Исмаилов.

Бір анығы, Жалау Мыңбаев жатқан зиратты Мұхтар Әуезов­тің зиратынан соқпақ жол мен қараусыз зират қана бөліп тұр. Демек қазақтан шыққан тұңғыш премьер-министр Мыңбаевты Әуезов, Сәтбаевтың басына қой­ған ескер­кіштер үлгісінде қайта қоюға кедергі жоқ. Мыса­лы, 2006 жылы дүниеден өткен Әмина Өмірзақова апамыз 1964 жылдары дүние салған жұба­йының қасына жерленді. Қаладағы құ­рылыс компания­сының демеу­шілігімен зират­тың тасы жаң­ғыр­тылды.

1940 жылы дүниеден өткен дауылпаз ақын, әнші, домбырашы, композитор Иса Байзақовтың зиратына жақын жерде 1948 жылы 30 қыркүйекте ұшақ апатынан қайтыс болғандардың аты-жөндері жазылған стелла соғылған. Сол кезде қайтыс болған 11 адамның тек бесеуі  осы зиратта жерленіпті. Оның ішінде ел білетін Бүкілодақтық ауыл шаруашылығы ғылым академиясының (ВАСХНИЛ) ака­демигі Қазақ бөлімшесін ұйымдастырушы әрі тұңғыш төрағасы, Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесінің депутаты, респуб­лика Мемлекеттік жоспарлау комитетінің бірінші орынбасары Кәрім Мыңбаев бар. Оның көзін көрген замандасы, марқұм академик Хайдар Арыстанбеков естеліктерінде жарылыстың сонша күшті болғанынан ондағы опат болған адамдардың ешбірін тануға болмағанын, Мыңбаевты әйелі Мыңбаевтың костюмінің бір жапырақ жыртындысынан және ондағы түймесінен танығанын айтқан. Ішінде К.Мыңбаевтың сүйегі бар бес мәйіт­ті біріктіріп, Алматыдағы Орталық зиратқа бауырластар зиратына жерлеген.

М.Исмаилов бізбен әңгіме­­сін­­де Алматының Орталық зиратында Бiрiн­шi дүниежүзiлiк cоғыc кезiн­дегi aуcтрия-венгрлер; Екiншi дүниежүзiлiк cоғыc кезiнде немicтер, жa­пондaр, итaльяндықтaр жер­ленгенін, олардың тарихи отанын­дағы туыс­тары жыл ара­латып болса да зират басына келетінін айтады. Бірақ штат саны аз бол­ған­дықтан, оларға шет тілінде қызмет көрсетуге мүм­кін­дік жоқ, одан бөлек біздің елде ұлы­ларымыздың соңғы мекен тұрағын зиярат ету орындарына айналдыру мәдениеті қалыптаспаған.

Дәл осы ойды былтыр ғана дүниеден өткен, әкесі Мұхтар Әуезовтің жанына жерленген Мұрат Әуезов те көзі жұ­мылғанша айтып кетті.  «Қазақтың маң­дайалды азаматтары жерленген қорымды мемлекет өз қам­қорлығына алар кез келді: туысқан Әзер­байжан елінде әрбір қонақ келіп көретін екі тағылымды қабірстан бар: бірі – шаһиттер қабірстаны, екіншісі – ұлттық пантеон. Бұл олардың ұлттық мәдениетінің бір бөлшегі ретінде қалыптасып кеткен. Бұл үрдісті өзбек, түрікмен бауыр­ларымыз да қолға алды. Жазушылар одағы, Алматы қаласының әкімдігі осында жер­­ленген қайраткерлердің картасын жасап, стеллаға аты-жөн­дерін жазып, айшықты жерге орнатып қоятын кез келді. Күні ертең мемлекеттілігіміздің қалып­тасуының басы-қасында жүрген тұлғаларымыздың нақ осы қорымда жерленгені естен шы­ғып, қатардағы зират есе­­бін­­­­де қалуы әбден мүмкін. Мұнда жерлеу рәсімдері күні бүгін­ге дейін жалғасып келеді. Күні ертең Әуезов, Сәтбаев, Аймановтардың бейітіне апарар соқпақ та темір қоршаулардың ортасында қалуы мүмкін», деген еді.

Біздің айтпағымыздың да – осы.

 

АЛМАТЫ