![KASE жақсылықтан үмітті](/media/2025/01/23/15-01-foto.jpeg)
Біз осыған дейін Қазақстан қор биржасы мен Мәскеу биржасы (МОЕХ) арасындағы ұзаққа созылған келіссөздердің соңғы нүктесі қойылғанын жазғанбыз. Ұлттық банк төрағасы Тимур Сүлейменов Мәскеу биржасын Қазақстан қор биржасы (KASE) акционерлерінің құрамынан шығару туралы түбегейлі шешімді қос тарап та (Қазақстан мен Ресей) қолдағанын мәлімдеген. АҚШ санкциясына ұшыраған Мәскеу қор биржасы KASE-нің 13,1% акциясына иелік ететін еді. АҚШ Мәскеу қор биржасына санкция салған соң, MOEX-тің Қазақстан қор биржасы акционерлері қатарынан шығуы туралы мәселе көтерілген. Өйткені қор акционерлерінің біріне санкция салыну KASE-де айырбастау мен жеке төлемдер қызметіне қауіп төндірді. Қазанда MOEX өзіне тиесілі үлесті ресейлік «Тетис Кэпитал» және «Баланс Эссет Менеджмент» деген компанияларға сатқаны белгілі болды. Олар жабық инвестициялық пай қорларын басқарады.
KASE басшысының айтуынша, өткен жылы өзгеріс көп болды. Сауда-саттық көлемінің өсуі валюта нарығында да байқалады: Доллар-теңге валюталық жұбы бойынша сауда-саттық көлемі 47%-ға, 27,4 трлн теңгеге дейін (72%) ұлғайған.
«Бұған дейін біз 2023 жылы токенделген (кәсіби термин – Ред.) облигацияларды орналастыру бойынша жиынтық жасау үшін барлық қажетті шараларды жасағанымызды айтқан едік. Токенделген платформа – ұйымдардың қағаздарын шығару мен орналастырудың басқа тетігі, себебі токен – smart-келісімшарт. Өткен жылы біз жұмыс жүргіздік және осындай платформаны іске қосып, жаңа технологияларды енгізу үшін іс жүзінде барлық серіктесті таптық. Қазір облигациялармен жалғастыру немесе токенделген платформада жаңа құралдарды іске қосу мәселесін қарастырып жатырмыз», дейді KASE басшысы.
2024 жылдың қорытындысы бойынша Қазақстан қор биржасы капиталдандырудың айтарлықтай өсуін көрсетіп, оны 23%-ға ұлғайтты. Бұл көрсеткіш 32,9 трлн теңгеге жетті. 2025 жылғы 1 қаңтардағы жағдай бойынша KASE ресми тізімінде мемлекеттік емес бағалы қағаздар мен эмитенттердің рекордтық саны тіркелген – 756 бағалы қағаз және 260 эмитент.
Оның айтуынша, қазір шағын және орта бизнес (ШОБ) армиясынан 7 компания облигацияларын биржаға орналастырды. Жалпы көлемі – 18,5 млрд теңге. Купон мөлшерлемесі – 3 жылдан 10 жылға дейінгі айналыс мерзімімен 19,50%-дан 21,75%-ға дейін, ШОБ-тың үш өкілі «жасыл» облигациялар шығарды.
«Биржа Қазақстан экономикасына айтарлықтай әсер етеді. Бұл тетік нарықтың инвестициялық тартымдылығын арттырып, экономиканы әртараптандыруға негіз болмақ. 2024 жылы Қазақстан қор биржасының клирингтік орталығын құру аяқталды. Өтімділікті арттыру шеңберінде жаңа инвесторларды тарту және шағын және орта бизнестің ұйымдастырылған бағалы қағаздар нарығына қатысуын қолдау жөніндегі жұмыс жанданды. Жаңа қаржы құралдарын іске қостық, сауда шарттары жақсарды, бұл неғұрлым өтімді шетелдік бағалы қағаздар саудаланатын KASE Global секторын белсенді дамытуға мүмкіндік берді», дейді А.Алдамберген.
КАSE басшысы айтып өткендей, биылғы жоспар үш бағытта жалғасады – капитал инфрақұрылымын дамыту, қолданыстағы нарықтарды жақсарту және эмитенттер мен инвесторлар үшін құралдарды кеңейту.
АЛМАТЫ