Өнер • 31 Қаңтар, 2025

Табиғаттың талғамды тартуы

155 рет
көрсетілді
13 мин
оқу үшін

Кей шығармашыл жандардың болмысы бөлек болады. Мәдени сахнадан алыс, ешкіммен жарыспайды, ештеңеге таласпайды. Талғамы биік, ішкі сыны берік. Тазалық пен ізгілікке құрылған әлемінде өз құндылықтары мен ережелері бар. Өмірі өнерімен өрілген. Тағдыры талантына байланған.

Табиғаттың талғамды тартуы

Суреттерді түсірген – Ерлан ОМАР, «EQ»

Ізденіс

Көркемөнер кеңістігінде шекара жоқ дейміз. Ереже де болмаса керек-ті. Ав­тор­дың қиялы мен шеберлігі ұштасып, қандай ғажайып тудырарын болжап-білу мүмкін емес. Әсіресе адамзаттың шектелген ой шеңберін бұзып-жарып, өзгеше бір әлемге сапар шектіретін өзіндік үйлесімге толы өнер туындылары еріксіз таңғалдыра­ды. Жалпы, таңғалу, тамсану немесе түсінбеу, тұрақсыздық, белгісіздік – өнерге тән күйлер. Өнер атаулының бәрі халыққа жаппай түсінікті болуы, заттанған қандай да бір мағынаға, яки атауға, қалыпқа құйылған фигураға ие болуы міндетті емес. Суретшілер одағының мүшесі, қолөнерші Табиғат Қо­жанбаевтың шеберханасынан осындай ой түйіп қайттық.

Өнер адамы қиялының қыртыс-қыртысындағы жылт еткен жаңалық пен тосын идея бұрқ-сарқ қайнап жатыр. Тіпті көп жұрт шебердің жұмыс­тарын алғаш көргеннен түсінбей жатады. Ең қызығы, көз алдыңдағы туынды нақты бір мағынаны бермейді. Яғни мынау – пейзаж, мынау – портрет, мы­нау дала деген анықтамасы жоқ. Сан түрлі стильдің жұрнағы бір туындыда ұшырасып, санаңды сан-саққа жүгір­теді. Әр дәуірдің элементтері өзара үндесіп, үйлесім тапқанына қарап, ғаламшарды ойша кезіп шыққандай күй кешесің. Ағаш пен сүйектің, тері мен темірдің, пластик пен басқа да түрлі материалдардың жымдасып, көркем дүниеге айналуы автордың өзіндік ерекше қолтаңбасын таныта түседі.

л

Иә, Табиғат Қожанбаевтың шеберха­насы – мүлдем бейтаныс әлем, беймәлім стиль. Шығармашылық жолын тері айналдырудан бастаған қолөнерші тәуел­сіздік алған тұста ел жадынан ұмытылуға айналған торсық, күбі, саба, талыс секілді күнделікті тұрмыс бұйымдарын жасады.

– Көне хикаялардың бірінен талыс туралы мынадай аңыз естіп едім. Бір кісінің бар малы жұтқа ұшырап, таяғын ұстап қалыпты. Бірақ байдың қолы шебер екен, өлген жылқыларының бас терісінен талыс деген ыдыс жасап, соны сатып, кейін қайта мал жиып, шаруасын түзеген. Ұста-шеберлердің аспап-сайманын салуға лайық сөмке талыс қазір өз үйімде күнделікті қолданатын бұйымға айналды, – дейді шебер.

Сонау 90-жылдары ұлттық қолөнері­мізбен қайта қауышқан тарихи кезеңде торсық тігуге кіріскен қолөнерші сол уақытта ерекше сұранысқа ие болғанын айтады.

– Теріні өзім өңдеп, әртүрлі торсық тіктік. Мұнда да өзімше бір детальдар қосып, оюмен, пейзажбен түр-тү­рін жасадым. Формасын да өзгерттім. Сатуға да көп шығардық. Қанша торсық тіккеніміздің санында шек жоқтай болды. Кейін торсықтан әбден жалығып, бір сәттерде өзімді етікші сезініп кеттім, – дейді Табиғат Төлемісұлы.

Сөйтіп, басқа бағыт іздеп, ағаш, сүйек, мүйіз, тері, тіпті металмен жұмыс істеу­ге көшеді. Шебердің ерекшелігі сол, ағаш пен теріні, темір мен сүйекті әртүр­лі пластик сынды заманауи материал­дармен үндестіре алады. Мәселен, жұмыс­тарында күнделікті қолданыстағы дүниелердің бөлшектері көп: кіржуғыш машинаның қақпағы, белесебеттің дөңгелегі, бала арбасының жақтауы, қыстық етіктің терісі, қуыршақтың көзі, вентилятордың мойны, тіпті анасының протез тісіне дейін кездеседі. Барлығы үйлесім тауып, техностильдегі көркем дүниеге айналған. Ең бастысы – ізденіс. Бұл – кейіпкердің басты ұраны. Негізі­нен жұмсақ материалдарға (тері, ағаш) жақын шебер заманауи стильмен жұмыс істеу үшін темірді де қосқан.

– Тұрмыста қолданатын мына зат­тар әртүрлі техник-дизайнердің қолы­нан шыққан. Әрине, олар бұның өнер­ге айналатынын білген жоқ. Мен әрқай­сы­сының керекті деталін байқап, бәрін бір жұмысқа қостым. Заманауи техностиль­дегі бөлек бір дүние шық­ты. Бірақ бар­лық жұмыс­тарымды міндетті түрде бұрынғы заманмен немесе болашақ­пен байланыстырамын. Бақсылық, шамандық элементтер қосамын. Өзімізге қарай, өз тарихымызға тар­тамын. Басқа планеталық болса да сақ, ғұн­дар типінде беремін, – дейді автор.

д

Иә, қолөнершінің қай жұмысында да қазақ пен түркілерге қатысты бір деталь барын байқадық. Мәселен, мынау сақ-ғұн жауынгері мистикалық кейіпкерге айналған. Бұл туынды космо-стильде жасалғанымен, ұлттық тарихымыздан тамыр тартады. Бұдан бөлек тасқа қашалған петроглифтер, Күнбасты Құдай, балбал тастар, алтын адам элементтері де кездеседі. Жалпы, мұндай техностильдегі туындылар заманауи тілмен айтсақ, киберпанк жанрына жатады.

 

Көзқарас

Көргеніміздей, шебердің бір тақырыбы – табиғат. Жануарлар мен құстар. «Атына заты сай» деген осы болар, автордың бір миссиясы – табиғатқа қамқорлық, аң-құстарды аялау. Тіпті бір сәт автордың сырт келбеті де өзінің жұмыстарына (дәлірек айтсақ, ағаштан жасалған құстарға) ұқсайтындай көрінді. Өз ойымыздан өзіміз шошыдық. Әлқисса.

Өзін «жалқау» суретші санайтын ол табиғаттың өзі жасаған ғажайып нәрсе­лерін сәл ғана өңдей саламын дейді.

– Біз – екі табиғат жұмыс істеп жатырмыз. Табиғат маған жартысын істеп береді (кейде жартысынан көбін), мен оны топырақтың астынан, көмілген жерінен байқап, тауып аламын. Әрі қарай сәл өңдеп, жалғастыра саламын. Сон­да табиғат маған көмектесіп тұр. Екі дизай­­нер бірге жұмыс істеп жатырмыз. Әри­не, шынайы табиғаттың талантына таласа ал­маймын, – деді күліп.

Алып кесіртке, құмай тазы, мүйіз­тұм­сық, қарғалар... Бұл жерде де Таби­ғат Төлемісұлының «жалқаулығы» көзге ұрып тұр: шым-шытырық ағаш бұтақ­тарының арасынан өзіне керек қимыл-қозғалысты дәл тауып, сәл-пәл «өңдей» салғанда, тың туынды өзіндік мінезімен тіріліп сала берген.

Автор керекті материалдарын өзі іздеп табады. Ағаш іздеп, орман аралайды. Қоқыс жәшіктерінің айналасында, құрылыс аймақтарында жүреді. Ал мүйіздерді мал соятын арнайы орындардан іздейді.

– Мен өмір бойы материал іздеумен келемін. Әлі де іздей беремін. Жалпы, менде шығармашылық жұмыстар қатар жүріп жатады. Бірін бастап, бірін аяқтап жатсам, оған қоса қажетті материалдарды да қарап жүремін.

д

Көзге жылы ұшыраған бір жұмысты байқадық. Бұл – қарғалар отбасы. Ағаштан жасалған әке-қарға, ана-қарға және екі бала-қарға жылылықтың рәмізі сынды жаныңды ерекше мейірге бөлейді.

– Мынау қарғаның ағаштары бір жерде қаншама жыл бойы шіріп жатты. Қазып, тауып алдым. Дәл қазіргі күйін маған уақыттың өзі жасап берді. Кейбір ағаштар мықты болып тұрады, оларды шоқпарға айналдырдым. Ағаштың түріне қарай әртүрлі форма, әртүрлі тақырып шығады. Бастысы, ағашта характер болуы керек.

«Көк өгіз», «Доңыз», «Көнек», «Та­лыс», «Аққу», басқа да көптеген жұ­мыс автордың «аң стилін» шебер мең­гер­генін, әрбір жануардың өзіне тән мінез-құл­қын бір ғана штрихпен бере алатынын дәлелдейді. Сондай-ақ ол табылған материалдарының сол күйін сақтауға тырысады. Бұл да бір табиғатқа жасалған кішкентай «қылмыстардың» ашық көрінісі сынды.

– Мына ағаш-адамдарға да арнайы шеге қаққан жоқпын. Ештеңесіне тиіспей, шегелерінің формасын ғана шығарып, адамға ұқсаттым. Күйген, жарылған, тесілген ағаштарды да сол зақымымен бірге ұсынамын. Кез келген фигура пластикасына қарай әртүрлі формаға енеді.

Табиғат Төлемісұлы пластик материалдарды қолдану арқылы қазіргі жаһандық экологиялық мәселеге үн қосқысы келеді. Мәселен, қазіргі бала арбасының пластик жақтауын қолданыстан шыққан соң, ел қоқысқа лақтырады. Ол өңдеуге бара ма, бармай ма – белгісіз. Шірімей, Жер-ананы тоздырып, қаншама ғасыр көміліп жатуы мүмкін. Ал шебер бұны өнерге айналдырып, екінші өмір береді.

 

Қолтаңба

Шебердің шығармашылығымен жаңа танысқан адамның алғашқы сұрағы «Бұл не?» болары сөзсіз. Кез келген көркем дүниенің шарттылығына, заттылығына үйренген біз де байқамай осы сұрақты қойып қалдық.

– Жердің беті әлі зерттеліп жатыр. Мұхиттың астында не бар еке­нін білмей­міз. Жыл өткен сайын жануар­лардың бір түрі жойылып жатса, сонымен бірге жылда жаңа дүние шығып жатыр. Менен бәрі «Мынау не?» деп сұрайды. Сонда мынау – сиыр, мынау түйе деп нақты атауын айтуым керек. Бірақ менде бәрі басқаша. Мысалы, мынау бір жануар. Маған нақты не болатыны маңызды емес. Тек формасы шықса болды, – деген жауап алдық.

Шеберханада сыртқы формасы қандай да бір аңға, құсқа келетін серия­лық жұмыс көп. Дуэт, триптих туындылар да қаз-қатар тізіліп тұр. Әр ағаш­тың мінезі мен иілгіш пластикасы түрлі құстар мен жануарлардың табиғатын елестетеді.

– Кей жұмыстар толық формасы шық­қанша жылдар бойы жатады. Әр көрген сайын бірдеңесін ойлап кетемін. Толық кемеліне жетіп, көңілім толған кезде дайын екенін сеземін. Жалпы, менде бір жұмыс арқылы бірдеңені меңзеп, көрсетейін деген мақсат жоқ. Маған  формасы ұнаса болды. Көркемдігі мен үйлесіміне, динамикасына мән беремін. Негізінен, маған бұл жұмыстарды жасау оңай. Өйткені материалдың өзі маған белгі беріп тұрады. Қандай формада, қай жерге тұратынын бірден елестетемін.

Иә, шебердің болмысында байқа­ғыш­тық қабілет басым. Кез келген ма­териал­дың сыртқы пішінінен басқа бір көркем фигураны көре алуы түр­лі тыл­сым әлемге жол бастайды. Мұн­дай байқағыштық көзқарас туабітті қалып­тасса керек-ті. Оны да сұрап көрдік.

– Сурет мектебінде оқып жүргенде сүйектердің формасына көп қарадым. Омыртқаны ұшаққа ұқсатамын. Бір-екі жерін қырнап, жасағандай болдым. Сүйектен сырға жасап, қарындасым тағып жүрген. Қойдың жауырынын адамның бетіне ұқсатып, көзін салып келтірдім. Бірде пластилиннен адамның басын жасап, тоңазытқышқа салып қойдым. Үйдегі сабын атаулыны қоймай, қырнап-жонып, неше түрлі мүсін жасап тастаймын. Ол кезде сабынды талонмен алатын уақыт. Апам ләм деп бір ұрысқан емес.

Қолөнершінің шығармашылығы философиялық ойға да жетелейді. Бір туындысына ұзақ үңілдіреді. Әр деталь тереңіне батырып, ойландырады. Кешегі тарих, қазіргі сәт, белгісіз болашақ, ғарыштық ғалам адамзат ғұмырының әр қырынан белгі береді. Өнерге деген талғамы бөлек, көзқарасы ерек шеберге, бәріміздің көзіміз үйренгендей, ат үстінде отырған батырдың образын жасау да іш пыстырарлық жұмыс секілді.

– Бізде батырлардың бәрі сауыт киген, қылыш ұстаған, ат мінген қаһар­лы образда танылған. Бөгенбай, Қабан­бай, Махамбетті де тура осылай жасайды. Ауысатын бет айшықтары ғана. Неге Махамбетті ешқандай сауыт-дулыға­сыз, көйлекшең, бір қолына домбыра ұс­татып, яғни домбыра ұстаса да батыр­дың тұрысымен жасауға болмайды? Махам­беттің батыр екенін де, ақын екенін де көрсетуіміз керек. Бәрін атқа отыр­ғызып, оқ тимес мықты қылып көрсетуде ешқандай ерекшелік жоқ, – дейді өзі.

Бүгінде үйі кішігірім мұражайға айналған суретші жеке галереясын ашқы­сы келеді. Керек-ақ. Сериялы жұмыс­тары қаз-қатар тізіліп, іздеп кел­ген жұртқа қолжетімді болса, қа­зақ қолөнеріндегі жаңа стиль, тың дауыс та­ныла түсер еді. Еліміз бен шетел­дерде­гі түрлі халықаралық көрме­лерге қаты­сып жүрген Табиғат Қожанбаев­тың көп­шілікке ұсынылмаған жаңа жұмыс­тарына куә болып қайттық. Тосыннан соғар толқынды ойды күтіп жатқан аяқталмаған дүниелер де жетерлік. Осы­ның бәрінің бір қорытындысы ретінде автордың кезекті жеке көрмесін көруге де асықпыз.

Соңғы жаңалықтар