Өнер • 08 Ақпан, 2025

Мұзбалақ ақын кеші

306 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

ХХ ғасырда алыпқа тән кең болмысын танытқан, ұлттың жанын бедерлеген Мұқағали болмысы әлі күнге жұмбақ. Біз сол жұмбақты қал-қадірімізше тарқатып, зерттеу­мен келеміз.

Мұзбалақ ақын кеші

Роза Бағланова атындағы «Қазақконцерт» мемлекеттік академиялық ұйымында мұзбалақ ақын Мұқағали Мақатаевтың шығармашылығына арналған «Қазағым-ай» атты музыкалық-поэзиялық кеш өтті.

Айтулы бағдарламада көрер­мен­дер «Қазақконцерт» әртістері мен шығармашылық ұжымда­ры­ның өнерін тамашалап, ақын­­н­­ың іргелі шығармаларымен сусындады. Кеш шымылдығы ақын­ның таспаға жазылып алынған өз даусымен ашылып, «Пай-пай, өмір» өлеңі оқылды. Сонымен қатар Мұқағали Мақатаевтың өлеңдеріне жазылған елімізге танымал Еркеғали Рахмадиев, Нұрғиса Тілендиев, Төлеген Мұха­меджанов, Дәнеш Рақышев, Болат Есмұханов, Елена Әбдіхалықова, Әбиірбек Тінәлиев сынды дарабоз композитор­­­лар­дың әндері шыр­қалды. Атап айтқанда, «Айтатын саған сырым бұл», «Отан», «Есіңе мені алғайсың», «Сәби болғым келе­ді», «Кел еркем Алатауыңа», «Күрең күз», «Саған қарай бара­ды ұшып», «Жарығым-ай», т.б. белгілі әндер орындалып,  дара болмыс иесінің лирикалық шығармалары кезекпе-кезек оқылды.

– «Қазақконцерт» ұжымы жыл сайын ақынның шығар­ма­шы­лығын атап өтеді. Бұл – біздің ақын алдындағы борышымыз. Мұқағалидың өле­ңіне өрілген әндер өте көп. Бү­гінгі кеште сирек орындала­тын әндерге баса назар аудардық. Тағы бір ерекшелігі – ақынның поэзиясын оқып, одан кейін сол өлеңнің әнін ұсынып отырдық. Осы арқылы өнерсүйер қауымды әннен бөлек, өлеңнің мазмұ­нына мән беруін қаладық. Яғни ақынның өлеңге деген көзқарасын көрсеттік, – деді өнер ұжымының көркемдік жетекшісі, дәстүрлі әнші Ерлан Рысқали.

Іс-шарада Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткер­лері Жеңіс Ысқақова, Медет Са­лықов, Клара Төленбаева, Аза­мат Жылтыркөзов, Нұрбо­лат Арзамасұлы, Гүлсім Мыр­за­бе­кова, мәдениет қайрат­кер­лері Толғанбай Сембаев, Ерболат Шалдыбеков, «Құрмет» орде­нінің иегері Айзада Қапо­нова, «Дарын» Мемлекеттік жас­тар сыйлығының лауреатта­ры­ Әлібек Әлмадиев, Асқар Мұқият, Азат Мәлік , Аяулым Қамажан, «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері Алтыншаш Мұқатаева, халықаралық және республикалық байқаулардың лауреаттары Біржан Айтахмет, Сұлтан Ахмет, Ербол Тәжібаев, Айдос Саниязбек, Амин Ибра­һим, Анна Уварова және «Birlik» би ансамблі өнер көрсетті.

Кеш соңы ақынның «Қаза­ғым-ай» өлеңіне жазылған танымал композитор Тұрсын­ғазы­ Рақымов­тың әнімен қоры­тын­дыланды.