Білім • 04 Наурыз, 2025

Қазақстанда педагогикалық ғылымды дамыту орталығы құрылады

406 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Алматыда білім берудің барлық деңгейлерінде педагогика саласындағы зерттеулермен айналысатын ғылымды дамыту орталығын құру мәселесі талқыланды, деп жазады Egemen.kz.

Қазақстанда педагогикалық ғылымды дамыту орталығы құрылады

Фото: Оқу-ағарту министрлігі

Оқу-ағарту министрлігінің мәліметінше, былтыр ғылыми зерттеулермен айналысатын мұғалімдердің үлесі 1,6 есе өскен. Ал педагогтер арасындағы магистрлер саны рекордтық 27,9 мың адамға жеткен. Бұдан бөлек, министрлік педагогтер арасынан кадрлық резервті қалыптастыруға бағытталған «Білім берудегі өзгерістердің 1000 көшбасшысы» жобасын іске асырып жатыр.

Талқыға қатысқан Оқу-ағарту министр Ғани Бейсембаев педагогикалық ғылымды дамыту орталығы мұғалімдердің біліктілігін арттыруға серпін беретінін атап өтті. 

«Білімнің сапалы болуы ұстаздың мықтылығына байланысты. Бұл білім беру институты педагогикалық зерттеулерді жүйелі дамытуға, мұғалімдердің ғылыми әлеуетін күшейтуге және болашақ мамандарды дайындау деңгейін арттыруға мүмкіндік береді», деді Ғани Бейсембаев.

Жиын барысында Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ мен Ы.Алтынсарин атындағы Ұлттық білім академиясы арасындағы ынтымақтастық туралы Меморандумға қол қойылды. Келісім негізінде педагогика саласындағы ғылыми зерттеулер алаңына айналатын педагогика ғылымын дамыту орталығы құрылады.