
Солтүстік бүйірі Ресеймен, шығысы облыс орталығы Өскеменмен шектесіп жатқан Алтай ауданының асты кенге, үсті дәнге бай. Өнеркәсіптік, әрі ауылшаруашылық аймақ. Күні кеше ғана жұмысын бастап жатқан жаңа зауыт жер емген диқандардың қолын едәуір ұзартпақ. Алтай ауданы шаруаларының дені егін шаруашылығымен айналысатындықтан, жаңбырлатып суару аппараты өнімнің артуына да ықпалын тигізеді. Оның үстіне зауыт жылына 1 000 дана машина жасауға қауқарлы екен. 1 000 машина мыңдаған гектар жерді әп-сәтте суарып шығады. Әр шаруа дән еккен жеріне мұндай құрылғы орнатса, құрғақшылық күн райы да өнімнің көлеміне кесірін тигізбейді. Иә, оның жұмысын алғашқы құрылғы орнатылып, егістікке шығарылған соң жеке қаузаймыз.
«Ә» деп басталған зауытта қазір 22 адам жұмыс істеп жүр. Жұмыс жоспардағыдай жүріп жатса, 114 адамды жұмыспен қамтиды.
– Президент 2030 жылға дейін 3 млн гектар жер суармалы болуға тиіс деген. Міне, біз осы бағытта жұмыс бастадық. Толықтай отандық технологияны пайдаланып отырмыз. Тек қана темірлерді сырттан кіргіземіз. Бүгінде жұмыс қарқынды жүріп жатыр, – дейді «Ertis Bereke Oskemen» ЖШС құрылтайшысы Әнуар Қасымов.
Зауыттың бір ерекшелігі – толықтай автоматтандырылған. Темірден жасалатын тетіктің өзі жабық құрылғының ішінде алдын ала жасалған компьютерлік бағдарлама арқылы жонылады екен. Тіпті шағын тетіктеріне дейін осында жасалады. Ол үшін әккі шеберліктің қажеті жоқ секілді көрінді. Мамандар түймені басып, керекті темірді орнықтырып қойса болғаны. Жо-жоқ, экранға бағдарламаны енгізу керек. Сонымен шаруа болады. Жасалған өнімді сөрелерге жинастырып, құрастыра береді. Жұмыс енді басталып жатқандықтан Астанадан келген арнайы мамандар да қызмет етіп жүр. Зауыттың ауы мен бауы ыңғайланып, дөңгеленіп кеткен соң кері қайтамыз деседі олар.
Суретті түсірген – автор
– Зауытқа орнатқан құрылғылардың барлығы жап-жаңа. Машиналарды заманауи технологиялармен құрастырып жатырмыз. Сұранысқа қарай жаңбырлатып суару машиналарын жасай бермекпіз. Айта кетейік, мұндай зауыт Қазақстанда екеу-ақ. Серебрянка қаласындағы өндіріс ошағы, міне жұмысын бастады. Сәуірде алғашқы машинамыз дайын болады, – дейді жобалаушы инженер Абылайхан Төлеуов.
«Su Bereke» маркалы жаңбырлатып суару құрылғыларының сапасы да алдағы маусымда белгілі болады. Дегенмен құрастырушылар сұраныстың жоғары боларына сенімді. Себебі бұған дейін мұндай машиналарға шаруалар тек оң пікір білдірген. Былтыр Ұлан ауданында бұл құрылғылар орнатылып, өнімнің мол түсуіне септескен. Сұраныс болса, жобалаушы мамандар машинаны шетелге де шығаруға мүмкіндік барын айтты. Бірақ әуелгі мақсат – ең алдымен Шығыс Қазақстанның егістік алқаптарын қамтып алу.
Жасалып жатқан машиналар егістік алқаптарға жеткізілген соң, зауытқа қайта ат басын бұрамыз. Шаруалардың пікірін тыңдап, жаңбырлатып суарудың тиімділігін көреміз. Әзірше зауыт жұмысы қарқын алуын тіледік.
Шығыс Қазақстан облысы,
Алтай ауданы