02 Шілде, 2010

ЖҰЛДЫЗДАР ШЕРУІ

941 рет
көрсетілді
9 мин
оқу үшін
Елордада экшн-фильмдердің І халықаралық фестивалі өтті. Ресейлік “Bazelevs” кинокомпаниясының не­гізін қалаушы әрі оған бүгінде жетекшілік ететін жерле­сі­міз, танымал кинорежиссер Тимур Бекмамбетов пен америкалық продюсер Майк Симпсонның астанаға алғаш табан тіреген кезінде туындаған идеяны Астана қаласының әкімі Иманғали Тасмағамбетов жүзеге асыруға көмектесті Кинематография тарихында бірінші рет өткізіліп отырған­дық­тан, жұлдыздар шеруіне ас­тана­­лықтар айрықша дайындық жаса­ғаны “Қазақстан” орталық кон­церт залы­ның әсем безендірілуі­нен аңғары­лады. Кіре берістегі масаты кілем­мен беттеген қадам­дарға жұрт наза­ры тігулі. Әне, жалғыз бір өзі-ақ қа­сарысқан дұш­панын жайпап жібе­рер­дей, қаба­ғынан қар ұш­қындаған Голли­вуд­тың атышу­лы актерлерінің бірі де бірегейі Дольф Лундгреннің қара­сы өзге­лерден оқ бойы алға оза түс­кен. Оның өмірлік таң­дауын­дағы асулар мұнан да асқақ көрі­нер еді. Адамның бойына үйіп-төгіп осын­шама қабілет, қа­сиетті бере салады екен-ау. Швед топы­ра­ғына жұрттың ерекше сүйіспен­шілік сезімін оятуға се­беп­ші Лундгрен атағы жеті тіл білуі­мен, фи­зик, химик, ғылым ма­гистрі болуы­мен әлемге кең тараған. Кокусинкай каратэсі бойын­ша қара белдікті, Австралия, Еуропа чем­пионы. Бұ­ған қоса ол – ре­жис­сер, продю­сер, сценарист сын­ды бірнеше кәсіпті жете мең­герген киноөнерінің жарық жұлдыздары арасынан жасындай жарқырап көрінген ерекше тұлға. Елордадағы халық­аралық экшн-фильмдер фестивалі­не Голливуд жұлдызы өзі түсірген әрі басты рөлде ойнайтын “Опас­ная гаст­роль” фильмін алып келді. Оқиға­сында дүние жүзін дүр сілкін­дірген терро­ризм зардабы баянда­лады. Америка поп-жұлды­зының Мәс­кеу­де кон­церті өтіп жатады. Көрер­мендер ара­сында Ресейдің прези­денті оты­ра­ды. Ар жағы,  әрине, бел­­гілі сарын. Адам­зат бала­сына ор­тақ қасірет – тер­ро­ризм бейбіт өмір сүріп жат­қан жұрттың өміріне қаншалық қауіп төндіре­тінін режиссер көр­кем бей­не­лер арқылы қызықтыра өрбітеді. Мұнан басқа алдын ала келісілген бағдарлама барысында байқаудан тыс АҚШ, Еуропа, Азия, ТМД-ға мүше елдер­дің жиыр­­мадай толық­метражды фильмі көрермен­мен көзайым болмақ. Фестивальдік фильмдер­дің дені биыл түсірілген тың туын­дылар болғандықтан, әсіресе, америкалық фильм­дердің алатын үлес салмағы ба­сым сезілуде. Бас­ты рөл­дер­де Джеки Чан, Нико­лас Кейдж, Мо­ника Белуччи, Брюс Уиллис, Силь­вестр Сталлоне, Джет Ли, Дольф Лундгрен, Эрик Робертс ой­­найтын Амери­ка­ның “Карате-кид”, “Уче­ник ча­ро­дея”, “Парочка поли­цей­­ских”, “Неудер­жимые” сияқ­ты биыл түсі­рілген фильмдері алғаш рет қазақ экра­ны­нан көпшілік­ке жол тартпақ. Тимур жер­­лесі­міздің Ресей кино­сына қыз­мет етіп жүрсе де әлем­нің ең үздік туынды­ларын елор­даға шоғырлан­дырып, келе­шекте қазақ киносы­ның даң­қын әлемге паш етудегі осындай қадам­­дарына қа­лай риза болмассыз. Мәртебелі қонақтар­дың ара­сынан тек белгілі ре­жиссерлер мен актерлер, продю­серлер төбе көр­сетіп қоймай, бокс­тан әлем чем­пионы Майк Тайсон сынды спорт шеберлерінің де көзге оттай ба­сылуы қала күні құрметіне әкім­діктің жұртшылыққа барынша қызықты шаралар ұйымдастырып жатқанынан хабар бергендей. Қа­зақ­стан туралы, оның бүгінгі гүлдей жайнап құлпыра түскен елордасы хақында сыр шертетін туынды­ларды әр жылы үзбей насихаттап отыруды басты міндет санайтын фестиваль осы жолдағы алғашқы қадамын жасап үлгерді. Бұрын тек сырттай атына қанық Голливуд актері Хилари Суонгті, белгілі продюсер Харви Вайнш­тейнді, трюктерді қоюшы Юэнь Ву Пинді құрметпен қарсы алған қауым көңілі аса кө­теріңкі. Олар­дан басқа Ресей кино­сының атақ­ты актерлері Дмитрий Певцов, Андрей Панин, Олеся Судзилов­ская жұрт ықыла­сын жүрек­пен сезініп, аса толқулы. Фестиваль алғаш рет қолға алынып отырған­дықтан, басқа байқаулар сияқты оған жан-жақтан сыншы­ларды шақыруды ұйымдастырушы­лар кейінге шегерген екен. Ол да бір жағынан дұрыс шығар. Өйткені, мерекелік көңіл күймен қауышқан қонақтарды аз уақытта сынап-мінеу, біреуді оздырып, ал біреудің деле­бесін қоздырып жатқан жарас­пас та. Астананың үлкен экран­дарындағы экшн жанрын­дағы жаңа туындылар көрсетілімі Харви Вайнштейннің “Шанхай” фильмі­нен басталды. Фильмнің сцена­рийін ирандық жаз­са, түсір­ген – шведтің режис­сері, продюсері – аме­­­­ри­калық. Та­ри­хи драма жанрын­­дағы “Шанхай” фильмі­нің оқиғасы бойынша америкалық (Джон Кьюсак) Шан­хайдағы әс­кери оқиғаларға куә болады. Бом­­былау кезінде досы қаза таба­ды. Осы өлімнің кімдердің қолы­мен жасалғанын табу үшін ол өзді­гінен астыртын іздестіру жұмыс­тарын жүргізеді. Барлау қызметі­нің офицерімен (Кен Ватанабе), жер­гілікті гангстер­мен (Чоу Юн-Фат) және оның жары Аннамен (Гун Ли) жолығып, оған ғашық­тық сы­рын ақтарады. Алайда бір­жола сезім­нің жолында кетпей, өзін сергелдеңге салып қойған досы­ның өлімі тура­лы ащы қасіретті ойынан шығар­майды. Барлық оқиға осы Шан­хай­дың ішінде өрбиді. Шанхай­дың ХІХ ғасыр­дағы тылсымы кино өзегіне тұ­шым­ды тұстар қосады. Аспанасты елінің адамдарының өзі бұл қала­ны өзі­міздікі деуге аса құш­тарлық таны­та қоймайды. Себе­бі, оның негізін әр жақтан кел­­ген шетел­діктер қалаған деген сөздің жаны бар. Бірақ та шаһар келбетіне мұн­да бірде-бір адам шек келтір­мейді. Ол –  кинематографистер наза­рын өзіне үнемі аударумен келе жат­қан қала. Кино тарихына үңілсек, Шанхай туралы бұған дейін қан­шама үздік туындылар жарық көргеніне көзіміз жете тү­се­ді. Роберт Флоридің 1937 жы­лы түсірген “Шанхайдың қызы ” фильмінен бастап, По-Ши Лоенг­тің 1941 жылғы “Қатыгез Шан­хай”, режиссер Орсон Уэлстің 1947 жыл­ғы “Шанхайдан шыққан ару”, По-Ши Леонгтің 1992 жыл­ғы “Шан­хай. Жиырмасыншы жыл­дар”, Джон Д. Лэмондтың “Шан­хай Лили” сияқты тағы да басқа толып жатқан кар­тиналарын түгел тізу мүм­­­­кін де емес. Осы атау­ға 1996 жылы Қазақ­стан тара­пынан ре­жи­с­сер әрі сце­на­рийст Алек­сандр Барановтың “Шан­­хай” фильмі келіп қосылғаны белгілі. Бірақ бұл ол Шанхай туралы емес, Алматының ма­ңын­­дағы ауылға қатысты еді. Фестиваль қар­са­ңын­­да журна­листерге берген сұхбатында Ти­мур Бек­мамбетов ки­но тарихын­да тұңғыш рет өтіп отыр­ған шара­ның мақсат-мүддесін айқын айтып берді. “Қазақ­стан­ға мұн­дай фести­валь ауадай қажет деп ой­лай­мын”, – деді “Ноч­­ной дозор” блок­бас­­терінің, “Особо опа­сен” фан­тас­­­ти­калық шым-шы­тырық фильмі мен жақында көгілдір экраннан көп­шілікке тараған “Иро­ния судь­бы...” фильмі­нің жал­ға­сының ав­торы баспасөз мәсли­хатында.  Күн­нен күнге қарыштап дамып келе жатқан жаңа астанаға бүкіл әлем­нің назары тігілуі керек. Әзір­ге, әрине, оны көп адам­дар жете біле бер­­мейді. Сондықтан әлемнің әйгі­лі актерлері мен өнер адам­дары Астана туралы жеткілікті мағ­лұмат алуы үшін осындай ау­қым­­ды шара­ны қолға алуға тура келді. Оның сөзіне қарағанда, мұндай ой осы­дан жарты жыл бұрын мазала­ған екен. Енді, міне, қала әкімдігі қол­дауымен сол жобаның жүзеге асқа­ны қала күні қар­саңында жұрт­шылыққа тарихи оқиғалар сыйлап отыр. Майк Тай­сон, Дольф Лундгрен­нің ал­ғаш­қылардың бірі болып елордаға ұшып келгені ел астанасының мерейін сол оқиға­лармен-ақ едәуір өсіріп тастағаны анық. Әлемнің ең айтулы, азулы кинематографистері ат басын тіреп жатқан жерді кім-кімнің де жақын­нан біле түскісі келетіні сөзсіз. Енде­ше, кинофес­тиваль міндеті мінсіз атқарылып жатыр деуге негіз бар. Биыл алда­ғы уақытта қолға алына­тын жаңа фильмдердің идеялары мен сце­­нарийлері ортаға салынбақ. Келесі жылғы премьера­лар сара­лан­бақ, жеті жоба сұрып­тал­мақ. Төрт күн қатарынан төрі­мізде – кино, төбе­мізде – әлемдік шыңды бағын­дырған жұлдыздар. Қарашаш ТОҚСАНБАЙ.