“Еділдің бойы ен тоғай, ел қондырсам деп едім, жағалай жатқан сол елге мал толтырсам деп едім” – Махамбет ақынның осы жыр жолдары ойға оралып отыр. Алтай мен Атыраудың арасындағы қыран ұшса қанаты талатын, құлан жортса тұяғы тозатын алып даланың төсіне ел қондыру, жағалай қонған сол елге мал толтыру арғы-бергідегі ата-бабаларымыздың баршасының аңсаған арманы еді. Сан түрлі себептермен ол арман орындалмай келді. Мұның басты себебі тәуелсіздігіміздің қолға тимеуі болатын. Егемен ел атанып, көк байрағымызды көк жүзіне желбіреткеннен кейін Елбасымыз алдымен кең-байтақ даламызға ел иесінің, жер киесінің орайлы орналасуын ойластырды. Осыдан дәл 16 жыл бұрын, 1994 жылдың 6 шілдесінде республика астанасын Алматыдан Ақмолаға ауыстыру жөніндегі ұсынысын Парламент талқылауына шығарды. Шешім қабылдаттырды. Иә, Парламент астана ауыстыру жөнінде шешім қабылдағанда осы идеяны қолдағандардың өзі бәрі бірдей Елбасы ұсынысының халық тағдырын, тәуелсіздік тағдырын шешетіндей тарихи мән-маңызын толық түсініп, өзегінен өткізе қойды, жүрегіне жеткізе қойды деп айту әділдікке онша жанаспас еді. Депутаттар шешіміне олардың Елбасына қалтқысыз құрметі, елді бастаған ерге сенімі де әсер еткені анық. Мұны дәл сол кезде толық түсіну оңай да болмайтын. Еліміз жасампаздық жұмыстан гөрі жан бағудың қамына көбірек бас қатырып тұрған кезең. Адамдар айлап айлық алмайтын, зейнетақы мен шәкіртақы үздік-создық, оның өзінде там-тұмдап төленетін сол қилы кезеңде астана ауыстыру, бүкіл қажетті инфрақұрылымды қайта жасап шығу, шын мәнінде жаңа қала салу деген нағыз фантастикалық идеяның өзі сияқты көрінетін. Ойымдағыны ірікпей айтатын табиғи мінезіме басып, астананы көшіруге байланысты көңілімдегі күдік-күмәнімді бір айтып қалғанымда Нұрсұлтан Әбішұлының маған не дегенін осыдан 2 жыл бұрын осы “Егемен Қазақстан” басшысына берген сұхбатымда келтіргенмін. Қайталай кетейін. “Сен ондайды қой”, деген еді сонда Президент. “Біз мынандай территорияға елдің бір шетінен қарап отырып, ие бола алмай қалуымыз да мүмкін. Арқада, солтүстік облыстарда демографиялық ахуалды қалайда өзгертуіміз керек. Мына елдің негізгі иесі кім екенін бүкіл әлем білуге тиіс. Елдің иесі елдің қиыр-қиырына бірдей қарап отыруға тиіс. Тым болмаса соны түсінсеңдерші. Экономиканы ел орталығынан басқарған тиімді. Ақмола тоғыз жолдың торабында тұр, облыстардың астанамен байланысы да оңайлайды” деп бастап, біраз жайды түсіндірген. “Бұл мен үшін емес, бұл ел үшін керек, елдің ертеңі үшін керек, мұның мәнін қазіргі адамдар толық ұғар-ұқпас, бірақ болашақ ұрпақтарымыз ұғатын болады”, деген сонда Елбасы.
Мұның мәнін қазіргі адамдардың өзі толық ұғып үлгерді деудің реті бар Астананың алғашқы мүшелінің тұсында.
Иә, бүгінде астана ауыстыру экономикалық шешім немесе қоғамдық-саяси қадам ғана еместігі, бұл тіпті мемлекет құру тетігі идеологиясына түзету енгізу ғана еместігі, мұның өзі идеяларды жаңартудың, тәуелсіз мемлекеттің тарихи “Менін” айқындаудың дәл өзі екендігін барша жұрт біліп болды. Елбасының талай шешімін талай қырынан сынға алып жататындардың өзі қазір астана ауыстырғанымыз қате шешім дегенді ауызға алмайды. Ауызға алса күлкіге қаларын олар да біледі. Астана – бүгінде бүкіл әлем мойындаған ақиқат.
Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың саяси қолтаңбасының басты сипаттарының бірі – қашанда стратегиялық тұрғыдан ойлауы. Сол ойластырғанын нақты іске айналдыра алатын қасиеті. “Астана” жобасы бәрінен бұрын Қазақстан халқының алға ұмтылуын ұйымдастырған ұлы жұмылдырғыш қуатқа ие екендігімен ерекше бағалы. Жаңа астана Қазақстанның жаңа символына, тәуелсіздіктің жүйелік атрибуттарының біріне айналуға, кешегі кеңестік кезеңмен қоштасуға берік бел байлағанымыздың белгісі болуға тиісті еді. Солай болды да.
Астана феномені әлі де толық ой елегінен өткізілді деу қиын. Мысалы, саясаттануда, экономикада реформалар “төменде” туындап, алдымен халықтың өз ішінде пісіп-жетілуі керек, сонда ғана олар өміршең болады делінеді. Негізінен солай екені рас. Ал Нұрсұлтан Назарбаевтың астана ауыстыру реформасы “жоғарыда”, жоғарыда болғанда да бір адамның ғана ойында пісіп-жетілді ғой, алғашқы кезде бұл идеяны тіпті Президент айналасының өзі де толық түсініп, толық қолдай қойған жоқ қой. Демек, ұлт тағдырының тізгінін қолға алған, халқының қалтқысыз сеніміне ие болған көшбасшы бастаса реформалар “жоғарыдан” да жемісті жүргізіледі. Жалпы, Нұрсұлтан Назарбаевтың ел басқару тәжірибесінде қасаң қалыптардың құрсауын талқандайтын талай тұстар бар.
Соның бірі де, бірегейі де – қазір жасампаздық жұмысымыздың жақсы жемісіне, жарқын жеңісіне айналған Астана. Жалпыұлттық идеяның салтанатына айналған Астана. Ел ордасын ауыстыру жөнінде шешім қабылданғаннан 5-ақ жыл өткенде, Астананың халықаралық тұсаукесерінен 1-ақ жыл өткенде әлем танып, ЮНЕСКО шешімімен “Әлем қаласы” атанып үлгерген Астана. Бұл атақ планетамызда аз уақыттың аясында әлеуметтік-экономикалық, саяси және мәдени дамуда тамаша табыстарға қол жеткізген, ұлтаралық, конфессияаралық келісімді нығайта білген қалаларға беріледі.
Цифрларды сөйлетіп көрейікші.
Халықаралық тұсаукесері өткен 2008 жылы халқының саны небәрі 200 мың адамдық Астанада қазір 700 мыңға жуық адам тұрады. 1997 жылы осындағы өңірлік жалпы өнімнің көлемі 300 миллион доллардан аспаса, өткен жылы бұл көрсеткіш 9 миллиард АҚШ долларына жетті. Қаржыландырудың барлық көздерінен салынған тұрғын үй құрылысының көлемі 1 миллион 260 мың шаршы метрге барды, мұның өзі 1998 жылғы көрсеткіштен 10 есе артық. Сол жылы кәсіпкерлік салада шағын бизнестің небәрі 7716 субъектісі болса, қазір олардың саны 74700 бірлікті құрайды, демек бұл көрсеткіш те 10 есе артық. Шағын және орта кәсіпкерлік өнімінің көлемі 300 миллиард теңгеге жетіп, 1998 жылғыдан 11 есе асып түсті. Дамудың мұндай қарқынын сіз әлемнің бірде-бір елінің астанасынан таба алмайсыз. “Астана бүкіл Қазақстан дамуының локомотивіне айналуы керек” деген Елбасы сөзі дәл келді. Астана құрылысына елдің 71 қаласы, 432 құрылыс компаниясы атсалысты, құрылыс материалдарын 135 зауыт жеткізіп беріп тұрды.
Астана біздің халқымыздың өз күшіне сенімін нығайтты. Астана Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың басшылығымен қолға алынған қандай жобаның да жүзеге асатынына күмән қалдырмады.
Елорданы Алматыдан Арқа төсіне ауыстырудың саяси тұрғыдан да, экономикалық тұрғыдан да, экологиялық тұрғыдан да, географиялық тұрғыдан да толық ақтағандығы талассыз. Бірнеше жыл Алматы әкімі қызметін атқарған адам ретінде мен тау баурайындағы қазаншұңқырда қалған Алматының дамуы қандайлық факторлармен тежеліп тұрғанын жақсы білемін. Алматының экологиялық жағдайынан барша жұрт хабардар. Елорданы ірі көлік-коммуникациялық торапқа, елдің индустриялық-өнеркәсіптік, аграрлық және шаруашылық өмірінің эпицентріне көшіру бүкіл Қазақстан аумағындағы саяси және әлеуметтік-экономикалық үдерістерді әлдеқайда тиімді және жедел басқарып отыратындай жағдай жасағанын қазір түсіндіріп жатудың өзі артық. Қаламыз бүгінде Қазақстандағы ғылыми-техникалық прогрестің қозғаушы күші ретінде индустриялық-инновациялық жаңару бағдарламасының түйінді стратегиялық белгісіне айналған.
Есілдің екі жағын қатар жайлап жатқан аяулы Астанамыз осы заманғы жоғары технологиялық ғимараттар тұрғызылған сәулет стилімен де сүйсіндіреді. Қала келбетінде ұлттық бояу мен еуропалық үрдістер жақсы жарасым тапқан. Кисе Курокава, Норман Фостер сияқты осы заманның талассыз ұлы сәулетшілерінің қанатты қиялынан қалыпта-сып жатқан асыл Астана Мемлекет басшысы идеясын материалдық жүзеге асуының келісті көрінісі ретінде жүрек тебірентеді.
Астананың болашағы да жарқын. Ел Президенті Н.Ә.Назарбаевтың 2006 жылғы 17 наурыздағы Жарлығымен қаланың 2030 жылға дейінгі тұрақты дамуының стратегиялық жоспары бекітілген. Қазіргі таңда қала өнеркәсібін өркендету, елорданың инвестициялық тартымдылығын арттыру бағытында көп жұмыс атқарылуда. “Астана – жаңа қала” аталатын арнаулы экономикалық аймақ осындағы жаңа әкімшілік-іскерлік орталықты құру мен Индустриялық паркте жаңа өндіріс орындарын ашуды көздейді. Ондағы 6 мың гектардан астам аумақта 256 нысан тіркелген. 2009 жылы жаңа орталықтың аумағында шетелдік инвесторлар қаржыландыратын “Абу Даби Плаза” және “Central Park” кешендері жобалары басталды. Индустрияландырудың өңірлік картасына сэндвич панельдер шығаратын зауыт (“Кровля НС” ЖШС), жиһаз фабрикасы (“Ақ Нұр” ЖШС), көкөніс қоймасы (“Астанапром” ЖШС) сияқты жобалар енгізілген.
Біздің жоспарларымыз ауқымды. 2015 жылға қарай Астана бәсекеге қабілетті экономикасы, тартымды бизнес-ортасы бар қалаға, инновациялық дамуы мен қуатты кадрлық әлеуеті бар экономикалық орталыққа, тұрғындар үшін, ел азаматтары мен туристер үшін нағыз тартымды мекенге айналады.
Болашақта Астананың Еуразия континентінің орталығы ретіндегі тарихи мәртебесін сақтау үшін оның алдында мынадай міндеттер тұр және сол міндеттерге сәйкес шаһар дамуының келесі бағыттары айқындалған:
бірінші – елорданың дағдарыстан кейінгі табысты дамуы;
екінші – жедел индустрияландыру жолымен экономиканың тез қарқынмен әртараптандырылуы;
үшінші – елордадағы адам ресурстарының бәсекеге қабілеттілігін арттыру;
төртінші – қала тұрғындарын сапалы әлеуметтік және тұрғын үй-коммуналдық қызметпен қамтамасыз ету;
бесінші – қаланың тұрақты дамуы үшін елордалықтардың бірлігін нығайта түсу және қоғамның топтасқандығын қамтамасыз ету.
Қала экономикасын дамытуда оны жедел әртараптандыру міндеті тұр, брэндтік өнімдер шығаратын бірлескен жаңа кәсіпорындар құру жоспарланған. Оның кейбіреулері қазірдің өзінде салынып жатыр.
Бұл мақсаттарды іске асыруға бағытталған шаралар елордада іскерлік ахуалды дамыту үшін қолайлы орта құру арқылы шағын және орта бизнестің өркендеуіне қолдау көрсетуді қамтиды.
АЭА-ның құрылыс аймағы аумағында Ұлттық ғарыш агенттігі “Жинау-сынақ кешені” жобасын іске асыруды бастамақ, оның негізінде осы заманғы спутниктер жиналатын болады. Биыл “Химфарм” АҚ-тың “Фармацевтикалық фабрикасын”, “Астана ЭкоСтандарттың” жылыжай кешенін салуды бастау жоспарланған. Құрылыста инновацияларды, ғылыми-зерттеу нәтижелерін пайдалануға артықшылық жасалады, бұл жаңашылдықтар тұрғын үй салу саласында жаңа технологиялар әзірлеуге бағытталады.
Астанада халықаралық стандарттарға бейімделген білім алудың сапалық жаңа деңгейіне көшу қамтамасыз етілетін болады. Қазірдің өзінде жұмыс істеп үлгерген “Назарбаев интеллектуалды мектептері” жобасының аясында халықаралық деңгейдегі “Назарбаев университеті” ашылды. Жаңа университет арқауында, Елбасының биылғы Жолдауында айтылғандай, үш ғылыми орталық құрылады. Мұның өзі “Болашақ” бағдарламасы бойынша кейбір саладағы кадрларды шетел университеттерінде емес, өзімізде дайындауға жағдай жасайды.
Денсаулық сақтау саласында Нұрсұлтан Әбішұлының тікелей қамқорлығымен және қатысуымен ашылған медициналық қызмет орталықтары әлемнің дамыған елдерінен еш кем соқпайтын кластердің құрылуына жол ашты. Қазір елордада бұрын бізде ешқашан жасалмаған операциялар жасау мүмкіндігі туды.
Инженерлік инфрақұрылымды дамытуда оларды түбегейлі жаңғырту, жаңа энергия көздерін салу және жөндеу шаралары қолға алынып, сол арқылы елорда энергия тапшылығы проблемасын түбегейлі шешпек. Бұл мақсатқа жету үшін ТЭЦ-1-ді реконструкциялау, ТЭЦ-2-ні кеңейту жалғасып, үшінші жылу-энергия орталығын салу басталады. Соның негізінде коммуналдық шаруашылық нысандары, сумен жабдықтау жүйесі дамитын болады. Тұтынушыларға үздіксіз сапалы су, жылу және электр энергиясын беру қамтамасыз етіліп, олардың шығыны барынша азаяды. Жаңбыр суы канализациясын және тазарту құрылғыларын салу бүкіл қала аумағында басталып, қаланың абаттандырылуы жоғары деңгейге көтерілді.
Елорданың алғашқы кезеңі мен мүшел жасқа қадам басқан қазіргі шағын салыстырар болсақ, қаланың орасан қарқынмен өскендігін байқау қиын емес. Мұндай өскелеңдікке көз сүйсініп, көңіл қуанатындығы анық. Сонымен қатар қала тұрғындары сұранысының толық қанағаттандырылмай отырған кейбір жақтарын да білемін. Техникалық тұрғыдан қарайтын болсақ, солардың ішінде сапалы көлік қызметіне деген сұраныстың барған сайын өсіп отырғаны және оның толық мәнінде өтелмей отырғаны, сонымен қатар адами тұрғыдан келгенде ата-аналардың балабақшаларға, мектептерге деген талап-тілегінің орындалмай келе жатқаны жаныма қатты батады.
Өзіміз де ата-анамыз, сондықтан екінші мәселеден бастайық. Бұрынғы провинциялық қалада мектепке дейінгі тәрбие мекемелерінің жетіспеушілігі байқала бермесе, осы жылдары қала тұрғындары санының 3 еседен астамға көбеюі бұл проблеманы барынша өткір қойғандығы сөзсіз. Былтырғы жылғы Елбасы тапсырмасына дейін де кейбір шаралар қолға алынған болатын. Ал нақты міндет қойылған соң бұл шаруаны қолға мықтап алдық. Шынын айтсам, кейбір тапсырмаларды қуана жүріп орындайтының бар. Дәл сондай жәйт осы балабақшаларды ашуға байланысты болып отыр. Енді бірер жылда жұртшылықтың өтініштері көп ретте қанағаттандырылатынына сенімдімін.
Көлік жүйесін техникалық дамыту мәселесі көшелер мен көлік инфрақұрылымының нысандарын, қаладағы көліктер жай-күйінің жақсарғанын және олардың жүруін, халықтың автомобильденуін ескере отырып, түбегейлі мақсатты шаралар қабылдау арқылы шешілуі тиіс.
Қала көшелеріндегі қозғалысты ұйымдастыру мен басқаруды нағыз өнер деуге болады. Кез келген адам баратын жеріне ең қолайлы маршрутты таңдап, тезірек жетуді ойлайтыны белгілі. Ал енді сол жерге бірнеше маршрутпен барынша аз уақытта жету мүмкіндігі болса тіпті жақсы ғой. Бұл міндетті жүзеге асыру үшін 23 көлік жолайрығын, 156 шақырым автомобиль жолдарын төсеу мен реконструкциялау, 25 жерасты және жерүсті жүргіншілер өткелдерін салу арқылы жүзеге асырмақпыз. Сәулет және қала құрылысы басқармасы мен “Астана қаласының бас жоспары ғылыми-зерттеу жобалау институты” МҚК бірлесіп, Астана қаласының 2040 жылға дейінгі көлік стратегиясын әзірлеуді бастады. Мұнда тіпті ғимараттар мен үйлердің құрылысын қала көшелері желісінің мүмкіндіктерін негізге ала отырып салу айқындалған. Қазірдің өзінде атқарылған шаралар арқылы Астана көшелеріндегі жүрісті реттеу және өткізу қабілетін арттыру мүмкін болды.
Қысы суық, жазы ыстық, жауын-шашыны да аз емес қала көшелерін асфальттаудың да мәселелері жетіп артылады. Қазіргі кезде қиыршық тастар негізгі каркас болып, оның аралығы ұсақталған құммен және целлюлоза минералдық ұнтағымен араластырылған битуммен толтырылады.
Қазір елордада жолаушылар тасымалы көліктің төрт түрімен жүзеге асырылады. Олар – автомобиль, темір жол, әуе және су көліктері. Ал қаланың серпінді дамуы және жол инфрақұрылымы дамуының төмен қарқыны осы заманғы инновациялық жедел жүрісті көлік жүйесінің қажеттігін туындатып отыр. Шаһарды дамытудың бас жоспарына сәйкес “Астана қаласының жаңа көлік жүйесі” жобасын іске асыру қолға алынды. Бұл жобада эстакадалық нұсқадағы жедел жүрісті жеңіл рельсті көлік жүйесін салу көзделіп отыр. Осы мақсатқа сәйкес былтырғы жылы Астана қаласының әкімдігі мен француздың “Альстом” компаниясы арасында жаңа көлік жүйесі жобасын әзірлеу мен қаржыландыруға байланысты меморандумға қол қойылды. Қазіргі кезде Францияның Экономика министрлігінің грантына “Egіs ВСЕОМ Іnternatіonal” компаниясы ұзындығы 27,9 шақырым шеңбер жол жобасының бірінші кезеңінің техникалық-экономикалық негіздемесіне түзету енгізуде.
Елордаға жоғары дәрежедегі басшылар жиі келеді. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев сол мәртебелі меймандардың қала құрылысына қатысты инвестиция салу, нақты мәселелерге сол елдердің компанияларын тарту ісін үнемі назарда ұстайды. Мәселен, былтырғы жылы Астанаға ат басын тіреген Франция Президенті Николя Саркозидің сапары да сондай тұрғыда пайдалы болды. Жоғарыда айтқан шаралар сол негізде жүргізілгені белгілі.
Астанаға сапармен келген Ресей, Қытай, Түркия, араб елдері басшыларының қала құрылысына атсалысқанын мақтанышпен айта аламыз. Бұл тұрғыда Сенат пен Мәжіліс ғимараттарының, орталық мешіттің, басқа да кешендердің тұрғызылғанын атауға болады.
Астананың салынуы және қарыштап дамуы Қазақстанға ғана емес, басқа да шет мемлекеттерге пайдалы болып отырғанын атап өткен жөн. Қазіргі нарық заманында салынған инвестиция оны салған ел үшін пайда келтіретінін ұмытуға болмайды. Бұл орайда Астана инвестициялық форумының да тиімділігі зор. Ал осы жылдың 7 маусымында “Astana Іnvest 2010” халықаралық инвестициялық форум болды. Бұл шара қолайлы инвестициялық ахуалды жақсартуға және Астана экономикасына тартылған отандық және шетелдік инвестициялар ағынын одан әрі ынталандыруға, Қазақстан елордасының әлемдік рыноктағы имиджін ілгерілетуге арналған. Форумға қатысқан әлеуетті инвесторлар Астанада бизнес жүргізудің экономикалық, құқықтық және басқа жағдайларын зерттеп, инвестициялық жобалардың тұсаукесері барысында қаланың инвестициялық әлеуетімен танысу мүмкіндігіне ие болды. Форумда жалпы құны 7 млрд. долларлық 113 жобаның тұсаукесері өтті. Оның 51 жобасы құрылыс нысандары болса, 42 жоба кәсіпорындарға, 20 жоба мемлекеттік-жекеменшік әріптестікке арналған. Қорытындысында жалпы сомасы 2 млрд. долларлық 8 меморандумға қол қойылды, 3 меморандум бойынша қазіргі кезде несиелік келісім-шарт жасалуда. Шетелдік капиталға орасан зор құрылыстар жүргізіп, кәсіпорындарды іске қосу бүкіл әлемде орныққан үрдіс. Астана әкімдігі алдағы кезде де бұл бағыттағы шараларды жалғастыра беретін болады.
Шаһар экономикасын дамытудың бір жолы оның имиджін көтеріп, туристік әлеуетін арттыру деп білеміз. Қазіргі кезде еліміздің барлық өңірлерінен асқақ Астананы тамашалауға келушілер көбейіп отыр. Сол секілді шет елдерден келушілерді көптеп қызықтыру да маңызды саналады. Қаланың мұндай келбетін айшықтай түсуге оның әуежайынан, қонақ үйлерінен бастап барлық қызмет түрлері әсер ететінін жақсы білеміз. Біз үшін қаланың атын әлемге жайып отырған “Астана” велошабандоздарынан, “Барыс” хоккей клубынан, үздік баскетбол клубынан бастап өнер саласындағы майталмандарымызды қоса алғанда бәрі де қызмет ететіндігі сөзсіз.
Өзінің мүшел жасына қадам басқан Астананың қалай өркендеп, қалай даму керектігін жақсы білеміз. Мұны елорданы тұрғызушы, оның бас сәулеткері Нұрсұлтан Әбішұлы әрдайым есімізге салып отырады. Еліміз тәуелсіздік алып, Қазақстанның төрт бұрышындағы облыс атаулары арқылы елдің тұтас аумағын белгілеген кезден бастап Елбасымыздың күндіз ой-санасында, түнде түсінде көретін елордасын сол мақсат-міндеттерге сәйкес өркендете білсек, бұл олжадан келгеніміз. Қазіргі барлық қызметіміз сол мақсатқа бағындырылған.
Елорда мен Елбасы егіз ұғымға айналғалы да талай уақыт болды. Бүгінде халқымыз елорданы Елбасының ерен ерлігі, елінің ертеңін ойлап жасаған ұлы шешімі деп біледі. Сол үшін де құрмет тұтады. Астана ауыстыру туралы шешім кезінде Елбасының туған күнінде қабылданған. Бұл – ұлы күн.
Бұл күн біздің халқымызға ғасырлар бойғы өкінішінің өтеуіндей етіп Нұрсұлтан Назарбаевты сыйлады. Бұл күн біздің халқымызға тәуелсіздіктің тамаша табысына айналған тамаша шешімді сыйлады.
Өркениетті әлемде мұндай даталар бөлекше ардақталады. Мысалы, АҚШ-та елдің тұңғыш президенті Джордж Вашингтон туған күн – 22 ақпан Президент күні — мемлекеттік мереке ретінде аталады. Біздің елімізде де 6 шілденің бүкілхалықтық мереке болып белгіленуінде әрі жарасымды заңдылық, әрі ғажайып тарихи әділеттілік жатыр.
Туған күніңмен, еңсеcі биік Елорда!
Туған күніңізбен, елі сүйген, елін сүйген Елбасы!
Иманғали ТАСМАҒАМБЕТОВ, Астана қаласының әкімі.