(Сауытбек Абдрахмановтың сұрақтарына жауап)
– Осыдан төрт жыл бұрын газетімізде Сіздің мерейтойыңызға байланысты “Менің досым Олжас туралы сөз” деп аталған құттықтау жарияланды. Құттықтауға ешқандай лауазымсыз, жай ғана “Нұрсұлтан Назарбаев” деп қол қойылған болатын. Сол құттықтау авторының өзі де енді мерейтойлық жасқа келіп қалды. Сіз өз құттықтауыңызға қандай тақырып қоясыз?
– Құттықтауымды “Қымбатты досым!..” деп бастаймын. Біздің өзара қарым-қатынастарымызды жұрт жиі айтатындай мағынада достық деу қиын болғанымен, қырық жылдан астам таныстығымыз маған сөзімді осылай бастауға мүмкіндік береді. Нұрсұлтан Әбішұлы билікте жүргелі талай жыл. Бұл биіктегі кісілерде кәдуілгі адамдық сезімдердің өзі мемлекеттік сипатқа ие болып кетеді. Ал мемлекетте достар болмайтыны, тек мүдделер болатыны белгілі. Мен мұны баяғыда-ақ түсінгенмін, соның арқасында біздің қарым-қатынастарымыз салиқалы, біркелкі қалыптасқан. Біз жылына бір немесе екі рет, көзбе-көз әңгімелесу қажет болғанда кездесіп тұрамыз. Көбіне жазбаша тілдесеміз. Қызмет бабындағы қабылданған тәртіп тіке жазуды көтере қоймайды, егер кейінге қалдырмайтындай мәселелер болса менің жазған хаттарым өзінің жөнімен жүріп, Сыртқы істер министрлігіне, Мемлекеттік хатшыға жетеді де, Президент кеңсесіне түседі. Кейде ой-ұсыныстарым менің баспасөздегі жарияланымдарым арқылы тиісті жеріне барады. Ең керек дегендері Президент үстеліне де қойылады. Оларға қайтарылған жауаптарды, әдетте, қоғамдық өмірде жүзеге асқанынан біліп жатамын.
– Біз жақында өзіңізбен көлемді сұхбат жасап, осы газетте жарияладық қой. Сол сұхбаттан кейін көп ұзамай Сіз Президент қабылдауында болдыңыз. Әңгіме барысында Елбасы сұхбатты есіне алған жоқ па?
– Нұрсұлтан Әбішұлы сіз жасаған ол сұхбатты оқығанын айтты. Жақсы пікір білдірді.
– Сіздер алғаш рет қашан кездескен едіңіздер?
– Жадым жаңылыстырмаса, 1967 жылдың қарашасында, Мәскеуде. БЛКЖО Орталық Комитетінің октябрь революциясының елу жылдығына арналған пленумы болды ғой деймін. Пленумға біздің комсомолдың бірінші хатшысы Өзбекәлі Жәнібеков бастаған Қазақ КСР делегациясы да қатысқан. Оған Мәскеуде сол мерейтойға байланысты КОКП Орталық Комитетінің бюросы мәртебесі мен материалдық мазмұны Мемсыйлықпен тең түсетін жаңа сыйлық – Ленин комсомолы сыйлығын белгілегенін хабарлапты. БЛКЖО Орталық Комитеті бюросының шешімі бойынша лауреат атағын алған алғашқы совет ақыны О.Сүлейменов болыпты. Сыйлық екі күннен кейін, салтанатты жағдайда тапсырылып, бүкіл Одаққа телетрансляция жасалады екен. Енді лауреатты табу керек. Алматыға телефондайды, мұндағылар өзінің жазушылық жұмысының жайымен Мәскеуге кеткен дейді. Жәнібеков Нұрсұлтан Назарбаевқа тапсырма береді – “табу керек, осы жерге жеткізу керек”. Сан миллион адам тұратын Мәскеуде, ақын адам үшін сайран құратын жер жетіп жатқан алып қалада Теміртаудан келген іскер делегат мені тауып алды, сөйтіп біз сыйлық тапсыру рәсіміне үлгердік. Өзбекәлі Жәнібеков кейін сол жағдайды талай рет еске алды, “Лауреат сыйлық тапсыруға үлгермегенде Қазақстанның жақсы атына нұқсан келер еді”, дейтін. Менің ойымша, сол бір қатардағы жағдайдың өзінде жас Назарбаевтың қарым-қабілеті, кейін басқа да қасиеттеріне қосыла келіп, оның қызмет бабында өсуіне көмектескен жауапкершілікті сезінуі мен ширақтығы көрініп тұрды. Әрине, кейіннен ол қасиеттер басқаша ауқымда көрінді.
– Нұрсұлтан Әбішұлы кеңес кезеңінде Қазақстанның саяси элитасында несімен ерекшеленетін?
– 1979 жылы ол Орталық Комитеттің өнеркәсіп жөніндегі хатшысы, Бюро мүшесі болып сайланды. 1984 жылы Бәйкен Әшімұлын Министрлер Кеңесінің Төрағасы қызметінде ауыстырды. Содан 1989 жылға дейін, бес жылдың ішінде республика шаруашылығын басқарудың үлкен тәжірибесіне ие болды, мұндай тәжірибе жаңа мемлекеттердің партиялық жұмыс стажынан басқа ештеңесі жоқ болашақ президенттерінің кейбіріне жетіспей жатты. Революцияшыл тобыр ғылыми институттар кабинеттерінен суырып шығарған жаңа жетекшілер жөнінде тіпті айтар сөз жоқ. Жетекшілердің басқару тәжірибесінің болмауы республикалар мен халықтар тағдырына қатты әсер етті. Біздің Президентіміз хатшылық қызметке дейін металлургия комбинатында қайнаған цехтағы жұмысшыдан бастап, сол кездегі КСРО-да болатын мансап баспалдақтарының бәрінен өтті. Комсомолдық жұмысты қалалық ұйымда, партиялық жұмысты Қарағанды облысында танып-білді.
Кадрлар даярлаудың кеңестік жүйесінен көп пайдалы нәрсе алуға болады. Әйтеуір, өз басым жүйенің баспалдақтығын жүрдек лифтімен алмастыра салу жөнсіз деп білемін. Мансап баспалдағымен жайлап жоғары өрлейтін мамандардың орнына “жас менеджерлерді” аспандата көтеру әуелгі бетте, бәлкім, орынды да болған шығар, бірақ қазір ондай қажеттілік жоқ деп сенгім келеді.
– Қай деңгейдегі бастық болса да өзіне басы бүтін берілген қызметкерлерді бағалайды. Кейбір қызметшілердің мансапта мызғымай тұрып алатынының бір себебі осы шығар?
– Қызметкердің басшыға адалдығының басты дәлелі оның кәсіби деңгейі. Ал егер ол сөз жүзінде ғана адал болып, іс жүзінде өзінің негізгі шаруасын нашар орындаса, онда, шынтуайтында, өз басшысын сатып кеткендігі.
– Сіздің ойыңызша, мемлекеттік қызметкерге жауапкершілік пен ширақтықтан, әрине, оған қоса кәсіби білімнен басқа, қандай қасиеттер қажет?
– Міндеттілік. Бір кезде міндеттілік индексі деген термин енгізіліп, ол индекс кадрларды жоғарылату кезінде ескеріледі ғой деп ойлаймын. Егер сенің жеке ісіңдегі “міндеттілік индексі” бағанында бестіктен гөрі нөлге жақындау сан тұрса, онда өсемін деп өңмеңдемейсің. Міндеттілік – уәдені орындаушылық, сөзге беріктік. Бұл – мемлекеттік қызметкердің кәсібилігінің негізгі белгілерінің бірі. Біріншісі, әрине, өз мамандығын тамаша меңгеруі. Міндеттілік депутаттарға керек: олар сайлаушыларға көп уәде беруге тиіс қой. Міндеттілік әкімдерге тіпті керек: олар, депутаттардай емес, көздегендерін орындауға міндетті. Ал Президенттің міндеттілігінің жөні тіпті бөлекше. 2030, 2020 бағдарламалары, одан берідегі басқа да бағдарламалар – бұлар экономикасы дамыған, осы заманғы мәдениеті бар мықты мемлекет орнату жөніндегі оның өзінің жеке және жалпыұлттық міндеттемелер. Ант берерліктей мұндай уәделер егер оны жауапты, белсенді, талантты және өте міндеттілікті сезінетін адамдар атқарса ғана орындалады. Президент мерейтойы – мұны жұрттың бәрінің есіне салып қоюға жақсы ілік.
– Тақырыпты жалғастырайық. Сіз әртүрлі елдерде көптеген басшылармен кездескенсіз, сондықтан салыстыруға мүмкіндігіңіз бар. Президентіміздің тұлғасынан тағы қандай қасиетті бөле айта алар едіңіз?
– “Саясат – мәміле өнері” деген белгілі әрі дәл нақыл Президент Назарбаевты сипаттауға өте дөп келеді.
Менің ойымша, бұл өнерді дәл ондай жете меңгерген саясаткерлер аз кездеседі. Оның алғашқы кітабының “Без правых и левых” деп аталуында (қазақшасында “Әділеттің ақ жолы” деп жарияланған – С.А.) центризм философиясы бейнеленген, ол бұл ұстанымына қазір де адал. Большевиктік “не әрі, не бері!” деген қағидаттан бойын аулақ ұстауы елімізге бір қиырдан бір қиырға шығандап кетпеуге көмектесті.
“Не әрі, не бері!” идеологиясы халықтардың арасына, қоғамның өз ішіне, таптар арасына сына қақты, біз мұндай тарихи мұрадан атымен бас тарттық, сонымен бірге кеңестік басқару жүйесінен кейбір пайдалы нәрселерді сақтап та қалдық. Мысалы, бұрын демократиялық централизм, кейіннен билік көлбеуі деп аталғаннан бас тартпадық. 1990 жылдың наурызында КСРО халық депутаттарының ІІІ съезі КОКП монополизмімен күресе жүріп, Конституциядан партияның басқарушы және бағыттаушы рөлі туралы бапты алып тастады. Оның орнына тең түсетін, уақыт рухына сәйкес келетін ештеңе таппады, содан барып шын мәнінде биліксіз, иесіз қалу, халық депутаттарының съездері туындатқан шектен шыққан парламентаризм айлар бойы баса-көктеді. Ақыр аяғы анархияға, елдің ыдырауына әкеліп соқтырды.
Көше демократиясы сақталып қалған жаңа мемлекеттерде – Грузияда, Молдовада, Әзірбайжанда ыдырау үдерісі жалғасып жатты, тіпті Ресейдің өзінде де федерализм дағдарысы басталды: Чешенстан бой көрсетті, Қиыр Шығыс республикасы дегенді айта бастады, кейбір өңірлерде сепаратизм температурасы қатты көтеріліп кетті.
Мен салған беттен-ақ оппозициядағы біздің қайраткерлерімізге (олардың арасында Қозғалыста бірге жұмыс істеген невадалықтар аз емес) олар қайта-қайта үндеп жүрген әкімдерді сайлау Қазақстандай көп этносты мемлекеттің тұтастығына зиян дегенді айтып түсіндірумен болдым. Батыс Еуропадағы мемлекеттердің барлығында бірдей мұндай институт орныққан деуге болмайтынын дәлелдедім. Мысалы, демократиялылығына күмән келтіру қиын Францияда префекттерді Республика Президенті тағайындайды. Бәлкім, сондықтан да біздің Конституциямыздың негізіне француздық нұсқа алынған болар.
Мұндағы айтайын дегенім, Назарбаев облыстар жетекшілерінің сайлауына жол бермеу арқылы жас мемлекетті сақтап қалды. Ресей бірнеше жылдан кейін Қазақстан үлгісіне ден қойды да өзін-өзі талқандаудан аман қалды.
Нұрсұлтан Назарбаевтың жаппай сайлаушылыққа жол бермеуі, сөйтіп қатерлі жар жағасына жібермеуі оның саяси кемелділігінің алғашқы айқын дәлелі болды. Ол президенттік жұмысқа дайын тұрған еді. Көптеген замандастары, солардың ішінде Горбачев пен Ельцин туралы бұлай дей алмаймын.
Біздің тәжірибемізді көршілеріміз, мысалы, сәтсіз президент Бакиевпен күресе жүріп, президенттік институтын толық жоюды, оның орнын парламентаризммен алмастыруды жөн көрген қырғыздар зерттесе теріс болмас еді. “Шектен шыққан парламентаризм” осы елдің түбіне жетеріне күмәнданудың керегі жоқ. Көршілерге бұл жайында референдум алдында Назарбаев ашық ескертті. Медведев те дәл соған жуық сөздер айтты. Бүгінде бүкіл әлем неге Қырғызстандағы оқиғаларға алаңдап отыр? Өйткені, бұл берекесіздік Орталық Азияның талай жеріне тарауы мүмкін.
“Толық тәуелсіздік!”, “Демократияны дереу бер!” дегендей революциялық ұрандар көптеген дайындықсыз қоғамдарды сазға отырғызған. Шала туған баланың бәрі бірдей шапқылап кете бермейді. Егер халық бұлдыр болашаққа ұмтылса, әрі ойқы-шойқы жолмен жүрсе, онда асықпаған жөн. Одан да кешігіп барған жақсы. Айқын мақсат анықталғанша, жүрер жолдың барлық бағыттары пысықталғанша, ең қауіпсіз жол табылғанша күте тұрған дұрыс. Бұл орайда маған Түркіменстанның аптықпауы ұнайды. Гуманитарлық көмек Қырғызстанды сақтап қала алмайды. Оны осындай өтпелі кезеңде мемлекет ретінде тек күшті президенттік билік қана сақтап қала алады. Парламент өзінің шаруасымен шұғылдансын – мақсаттың, маршруттың нұсқаларын талқыласын, билік құруға әрекет етпесін.
Назарбаевтың мемлекет құрушы ретіндегі кемелділігінің тағы бір даусыз дәлелін айтайын. Елбасы осы жиырма жылдың ішінде көпэтносты ұлттың бірлігін сақтай білді. Егер біз алдағы кезде де “тауларды тұқыртпай, даланы асқақтата” алсақ, Қазақстан мығымданады және бейбіт, тыныш өмірдің ең үздік модельдерінің біріне айналады. Осылай еткенде қазақ мәдениетінің халықаралық абыройы артады, ұлттық тіл нығайып, жалпымемлекеттік тілге айналады. Тілдің дамуы үшін уақыт керек, ол уақытты тілге Қазақ Республикасы халқының құрамына кіретін басқа этностармен қазақтардың өзара тәуелді қатар өмір сүруі береді. Мемлекетіміз аман болса, тіліміз де сақталып, дамиды.
– Қазақстандағы, елден тыс жерлердегі оқырмандар Сізді өз сеніміне адал, нанымын өзгертпейтін адам деп біледі. Мұның өзі жұрттың бәріне бірдей ұнай да бермейді. Кейбір БАҚ-тарда авторлар Сіздің сөздеріңіздің риясыздығына күмән келтіріп жүр. Бүгінгі әңгімемізді де олар назардан тыс қалдыра қоймас деймін.
– Бұл қалыпты жай. Мамыр айында Алматыдағы студенттермен кездесулердің бірінде залдан қол қойылмаған жазба түсті. “Билікті қорғау арқылы сіз өз байлығыңызды қорғайды деседі. Бұл рас па?”, деп жазыпты. Мен оны жұртқа оқып бердім. Сөз арасында өз өлеңдерімдегі “Кочую по черно-белому свету, мне дом двухэтажный построить советуют...” деген жолдарды келтірдім. Қай жылы жазғанымды айттым. 1968 жылы жазған едім. Екі қабатты үйді әлі салмағанымды айттым. Қазақстанда да, шетелде де. Еш жерде банкте миллиондық шотым жоқ. Алайда мен расында да бай адаммын. Менің байлығым – менің Отанымның алғаш рет қол жеткізген мемлекеттілігі. Егер алданушылардың кесірінен сол мемлекеттіліктен бір айырылсақ, ол қайтадан орнамайды. Сондықтан, Тұңғыш Президентті қорғау арқылы мен Қазақстан мемлекетін қорғаймын, біздің ортақ байлығымызды қорғаймын.
– Біздің Президентімізге жақында Анкарада ескерткіш қойылды, кейбіреулер бұл шешімді Астанада Ататүрікке ескерткіш қойылғанына сыпайы жауап қайтару ғана деуге бейім. Бірақ, бұл қадам Түркияның Назарбаевқа бүгінгі Ататүрік ретінде қарайтынын анық көрсетіп тұр. Жалпы, Сіз көшбасшыларға ескерткіш орнатуға қалай қарайсыз?
– Қалыпты қараймын. Мұндай ескерткіштердің уақыт кеңістігіндегі орнықтылығына қарап түпбейне ұлылығының деңгейін өлшеуге болады. Ататүрік тұлғасы өзінен кейінгі режімдердің бәрінің тұсында өз орнында қала алды, оның ескерткіштері түркі әлемінің барлық мемлекеттерінің астаналарында қойылып жатыр. Бұл – үйренерлік үлгі. Дегенмен, мемлекет құрушылардың ең жақсы ескерткіштері – олардың өздері орнатқан мемлекеттер. Оған қосып айтарым – қалалар. Әмір Темірдің мүсіндік бейнелерін кездестірмеппін. Кездестірсем де олардың дәлдігіне сенбес едім, өйткені оның суретке салынған бейнелері сақталмаған. Алайда, оның ескерткіштері асқақтап тұр, олар – өзі тұрғызған Самарқан, Бұқара... Тамаша ғимарат – Қожа Ахмет Ясауи мешіті де Әмір Темір ескерткіші. Олар ғасырлар бойы тұра береді. Ескерткіштерде адамдар өмір сүріп, туып, ғашық болып жатса, нағыз ескерткіш сол. Мұндай ескерткіштер ұмытылмайды.
КСРО ыдырағаннан кейін тек бір елде ғана жаңа қала пайда болды. Қала болғанда қандай! Менің ойымша, Астана – планетада ХХІ ғасырда пайда болған алғашқы қала. Осы әлемдік мәртебесіне сәйкес ол Еуропа мен Азия сәулетшілерінің ең соны ойларын жинақтап жеткізіп тұр. Астана он жылдан астам уақыттың ішінде бойын тіктеп алды, енді тағы бір он жыл осылайша қарқынды дамып берсе, қала әбден кемеліне келеді. Елорда – біздің мемлекеттілігіміздің символы. Астанадан барлық облыс орталықтары үлгі алып отыр. Мен өткен жылы, биылғы мамыр айында бірнеше облыстарда болдым. Біздің қалаларымыз қандай бой түзеп, асқақтап, сәулеттеніп кетті десеңізші! Далалық өлкедегі қала құрылысының мұндайлық ауқымы мен қарқыны – әлі де көшпелі өмір салтымен толық қоштаса қоймаған халықтың өркениеттік дамуының ең елеулі дәлелі. Сондықтан да урбанизация қарқыны билік тарапынан қолдау тауып отыр.
Ежелгі данагөйлердің бірі ер кісінің өмірде жолы болғанының белгісі ағаш отырғызғаны, бала өсіргені, үй тұрғызғаны деп айқындаған еді. Президент Назарбаев асқақ аманат арқалады, ол аманат – мемлекет құру, елорда тұрғызу, даланы жасыл желекке бөлеу, халықтың санын да, сапасын да арттыру. Ол қазірдің өзінде көп нәрсеге қол жеткізді, Жаратқан Иеміз жар болып, оған осы аманатты орындай беруіне көмектессін. Әумин.
2010 жылғы 1 шілде, Париж.