06 Шілде, 2010

ЕЛІНІҢ ЖІГЕРІ, ҚОҒАМНЫҢ ТІРЕГІ

1082 рет
көрсетілді
28 мин
оқу үшін
Қазақ халқы, барша қазақстандықтар рухани биіктен танылып, қиын кезеңде қайраттандырған, құлшынар тұста айбат­тандырған тұлғамен бірге толысып келеді. “ХХІ ғасыр қазақ халқының жұлдызы жанатын ғасыр болатынына сенемін”, деп бағын жандырған қай­рат­кердің демеуімен рухани тұтасудың жаңа жарқын кезеңіне қа­дам басты: ұлт қадірлеген Көш­ба­с­шы­мен, заман сомдаған Елбасымен. Бұл – бүгініне алаңдамауды, ертеңіне елеңдемеуді көксеген елдің орындалған ті­легі. Толысқан ұлттың, жаңғырған жұрт­тың күрмеуге келмейтін қысқа мерзімде алған асуы. Елбасының қанатты сөзі бар: “Баба­ларымыз тірі болу үшін бір болды, біз ірі болу үшін бір болуымыз керек”. Алты Алаш ардақтаған Абылай да, Абылайдан бұрынғы Әз Тәуке де, данагөй Бұқар мен киелі үш би де – бәрі бірлікті аңсады. Ұлы Абай осы арман-аңсауды ұранды мұратқа айналдырды – “Біріңді қазақ бірің дос, көрмесең істің бәрі бос”. Қазақ халқының ой-мақсатын жаһан­мен жарыстырған дәуірлік тұлғаның көк­сегені де осы еді: адам мен адамды, халық пен халықты, ел мен елді жақын­дас­ты­ратын мүдде бірлігі болатын. Осы ортақ мүддеге ұйыта жүріп ортақ жетістіктерге жігерлендірді. Тағдырлы ғасыр­ларда тасада қалған қазақты жаңа ғасырда заман биігіне талпындырды. Қазіргі Қазақ­стан кешегі Кеңестер Одағы атанған, бүгінде ТМД, ШЫҰ, ЕурАзЭҚ, ЕҚЫҰ делінетін жарты әлемнің танымалы да, саңлағы да. Танымал болуы – бірлі­гінен, саңлақ болуы – көшбасшының көрегендігінен. Абылай да, Абылайға дейінгі аумалы-төкпелі ғасырларды қайратымен қайнатқан айбындылар да елдің көш соңында тозуын емес, суырылып алға озуын тіледі. “Кеуде бір жерді жол қылып, шөлең бір жерді көл қылып” төрдегімен теңдессем деді. “Құрап жанды көп қылып, өз алдына ел қылып” өрдегімен кеңессем деді. Бағзыдан бар байырғы жұрттың жаңа мыңжылдықта көш-керуенін бастаған қай­раткер де соған құлшынды. “Алға қарай­тын кез келді, іске кірісетін кез келді, ерік-жі­герімізді танытатын кез келді, өмірді өзгер­тетін кез келді”, деді. Заманға биіктен қа­ратты. Қазақтың атын шартарапқа та­ратты. Құлшындырып құрлықтармен жа­рыстырды, қиын жылдарда үзілген үмітімен табыстырды. Жұтаң ғасырларда жұқарған ұлттық беделін қайтарып берді. Халықтардың ұлы қоныс аударуын туғызған айбатты Ғұндардан соң Алаш есім­ді елдің ғаламға серпіліп қайырылғаны осы еді. Ата-бабаларымыз жаһанға тегеу­рін­мен тепсініп жетті. Бүгінгі қазақ дана­лар мен даралардың кемеңгерлігі қонған тұлғаның тәлімімен тербеліп жетті. Сол тұл­ғаның өз сөзімен айтсақ, бүгінде: “Тәуел­сіз Қазақ елі бар. Әлемде егемен Қазақстан бар. Оның көп ұлтты тату халқы бар. Қуатты экономикасы, сенімді саяси жүйесі бар. Ең бастысы – бүгіннен нұрлы, бүгіннен кемел болашағы бар. Сол күнге берік сенім бар”. Абылай да, Абылайдан арғы ардақтылар да заман елге емес, ел заманға үкім айтса деп еді. Төрінде төбедей болып, төрге жарасар төредей болып төрт құбыласы теңелсе деп еді. Тек әлемнің төрі туралы толғанған жоқ-ты. Әлемнің төрі туралы әлем таныған қайраткер ойлады. 2010-шы қайырлы жыл қазақтың ғалам төріне шыққан қайратты жылы болды. Қазақстан Еуропа өрінен адамзатқа кешелі ойын, көсем сөзін жет­кізді. Тарихында бар көсемдігін, табиға­тында бар парасатын танытты. Қиырлар мен қияндарға төркүл дүниенің терезесі тең болсын деген сарабдал саясатын таратты. Шартарапты аузына қаратты. Абылай сынды айбындылар мен айдындылардың арман-аңсауы орындалды деген осы емес пе?! Бұқар дидарлы тегеурінділер мен теле­гей­лердің рухы риза болды деген осы емес пе?! Туған жердің бағы жанды деген осы емес пе?! Халық таныған көшбасшының ғана қолынан келер іс емес пе?! *  *  * Славянофильдік идеяның түйіні – Ресейді анаңды сүйгендей сүю. Батыс идеясының түйіні – өркениеттерді үндестіру. Абай адамзаттың бәрін бауырыңдай сүюге шақырды. Елбасы адамды құтқарғың келсе, адам­зат­ты құтқар деп отыр. Жаңа әлемдік үй­лесімді жүйе бұрын ұдайы болып кел­ген­дей, жаһандық әскери қақтығыстардан соң емес, бейбіт түрде – үнқатысу және өзара қолайлы ұстанымдарды әзірлеу жолымен жасалуы керек. Енді адамзаттық адам­гер­шілік, әлемдік имандылықтар туралы тол­ғанатын кез туды. Сондықтан да “Ізгілік, рақым, имандылық секілді мәңгілік ұғымдарды санаға дарыту арқылы адамды, адам арқылы адамзатты тазарту қажет”. Президент әлемге ұсынған түбегейлі жаңару жоспарының бір тұғыры осы болса, тағы бір діңгегі – мәдениеттердің өзара баюының шексіз мүмкіндіктерін барынша тиімді пайдалану. Осы пайымын дамыта келіп, рухани саладағы иннова­ция­лар ұғымын туғызды. Оның негізгі түйіні – адамзаттың қазіргі кемелденген өрке­ниет­ке ұлттар мен ұлыстардың өзара ру­хани ұдайы толысуы арқылы жеткенін, бүгінде дара мәдениет жоқ екенін, жаһан тарихы тамырлас екенін әлемдік қарым-қатынас барлық салада қарқын алған шақта тағы да еске алу еді. Грек ойшылы Августин көне ғасыр­лар­дың өзінде адамзатты Құдайдың патшалы­ғына бірте-бірте енуге шақырған болатын. Кейін ғалам халқын бұған немістің көр­некті философы Гегель де үндеді. Ал Ж.Кондорсэ: “Құдай патшалығы – адам­заттың тіл табысуы” деп нақтылады. Осы байламдар уақыт өте келе Германияда саяси-философиялық холизм ағымын туғызды. Бұл ағым әлемде бәрі өзара байланыста, дүние біртұтас деп уағыздады. Аталған түйіндердің әр қоғамда әрқилы баға алғаны белгілі. Мүдде ортақтығы әлем­ді былай қойғанда, жекелеген құрлық­тың өзінде жоқ. Бұған әр кезеңнің ұлт­шыл­дық пиғылдағы саясатшылары мен фи­лософтары ықпал жасауда. ХІХ ғасыр­дың соңында Германия гоеграфы Фридрих Ратцель (1844-1904) бастап, ХХ ғасырдың бас кезінде геосаясатшы Карл Хаусгофер (1869-1946) қостаған әлді мемлекеттердің әлсіз елдерге экспансиясының прогресшіл әсері жайлы идея саяси айналымнан біржола алынып тасталған жоқ. Мұндай экспансия кенжелеп қалғандарды қатарға күшпен қосу деген әуенмен әлі де айтылып жүр. Осы кесірлі байлам кезінде Гитлердің нәсілшіл-фашистік агрессиясын асқындырғаны ұмытылып кеткендей. Өзге ұлттар мен ұлыстарға Америка Құрама Штаттарының президенттері де әркелкі қарады. Үндістер отанында ту көтергеннен ғаламға демократия идеясын насихаттаумен келе жатқан осы алпауыт мемлекеттің басшылары ұстанған қағида кейде адамзаттық идеалдарға қабыспай жатады. АҚШ президентінің бірі Вудруф Вильсон бір ұлт – бір мемлекет идеясын ұсынды. Мұны Америкадан бәсеңдер өзде­рін АҚШ-тың қосып алуына бағытталған ұйғарым деп түсінді. Сол кезде әлемдік үкімет туралы сөз қозғалып, бұл жаһандық құрылымға АҚШ лайық деген пайымдар кеңінен талқыланғанына қарағанда, олар­дың күдігі ақиқаттан алшақ кетпегендей. Джорж Вашингтон болса, ұлттар ара­сын­дағы қарым-қатынаста салқынқан­ды­лықты қалады. “Бір ұлт екінші ұлтқа тым жек көріп те, тым елжірей де қарамауы керек. Егер солай істесе, құлдық сана жетегінде жүреді. Яғни ол не қатыгездіктің, не сезімнің құлы болып шығады. Бұл екі сипат адамды борыш пен мүддеден тыс­қары алып кетеді” деген болатын. “Қош­тасу өсиетінде” осы ойын тарата келіп, басқа ұлттық мемлекеттермен тұрақты саяси одақ құрудан сақтандырады. Ал Рузвельт әлемге халықаралық капиталдың диктатурасы арқылы үстемдік етуге шақырды. Бұл мақсатына ішінара жетті де. “Доллар дипломатиясы” деген атпен жүргізілген осы саясат әлі күнге күшінде. Шындығын айтайық, әлемдік делінетін державалар адамзат топтасуы төңірегінде осы тектес идеялардан басқа ой-байламдар туғыза қойған жоқ. Тас-түйін жабылған шекараларды ашып тастаған ХХІ ғасырда да дүние тұтас ұйыйтын ұсыныс-пікірлер ес­тілмей келеді. Ал құрлықтар экономи­калық мүдделердің дүмпуімен бір-біріне ұмтылуда. Жаһандасу деп аталатын бұл үрдіс саяси көзқарастардың жеке мемле­кеттік мұраттармен бірге адамзаттық сипат алуын талап ете бастады. Осы тұста төрт­күл дүниенің арман-аңсауын Еуразия кіндігінен Қазақстан Президенті жеткізді. Елбасының Астанада өткен Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерінің ІІІ съезінде сөйлеген сөзі жаңа дүние тәртібі туралы тың ойларға толы. “Жаңа дүние құрылысының негіздері қандай? – деді Нұрсұлтан Әбішұлы. – Біріншіден, бұл әділ экономикалық мо­дель. Ол адал да әділ әлемдік қаржылық, валюта жүйесіне негізделуге тиіс, онда алдау мен ысырапқорлыққа орын бол­майды. Онда адам жасайтын игілік әрбір адамның жасампаздығы мен прогресіне, оның рухани өсуі мен жетілуіне бағыт­тала­тын болады. Екіншіден, бұл мемлекеттер арасындағы өзара қатынастардың әділ саяси моделі. Мұнда басты орынға жеке­леген мемлекет­тер­дің емес, бүкіл әлемнің мүдделері қойылуға тиіс. Халықаралық қатынастардың жаңарған жүйесінде үлкен және шағын елдерге, “жақсы” және “жаман” халықтарға бөлу болмауға тиіс. Осынау жаңа дүние баршаға ортақ сенім мен құрметтің, әріп­тестік пен үнқатысудың дүниесі болуға тиіс”. Елбасы әлем назарына ұсынып отыр­ған үшінші бағыт – жаһандық қауіпсіздікті қамтамасыз етуге арналған жаңа көзқарас. Нақтырақ айтсақ, ядролық қарусыз дү­ниеге қарай жаһандық қозғалыста күш-қуатты біріктіру. Президент осы ұстанымын Вашингтон­да өткен Ядролық қауіпсіздік жөніндегі жаһандық саммитте одан әрі байыта түсті. Ядролық қарусыз әлем жөніндегі жалпыға ортақ декларациясын қабылдау және Бірік­кен Ұлттар Ұйымы аясында ядролық қа­руға толық тыйым салатын жалпыға ортақ жаңа Жаһандық шартқа қол қоюды ұсынды. Төртіншіден, осындай ғаламдық мұрат­тар жоғары адамгершілік пен рухани­лық­сыз мүмкін емес. Жаңа дүние материалдық игіліктің санымен өлшенбейді, сонымен бірге жоғары адамгершілікпен және адамдардың жауапкершілігімен өлшенетін қоғамдастық болады. Ғасырлар тоғысында Қазақ елін әлем сахнасына алып шыққан Елбасы жаһанға жаққан осындай ғаламдық тың ойларымен адамзаттық үйлесімділікке жол салып бер­ді. Түркия Президенті Абдулла Гүл Нұр­сұлтан Әбішұлын түркі әлемінің дуайені дегенде халықаралық кеңдіктегі осындай қайраткерлігін жоғары бағалаған еді. Қазақ халқының Елбасын кең байтақ түркі дүниесі көшбасшы деп таныса, ұлттың мерейі, жұрттың абыройы емес пе?! Қазақ елімен жаһан санасып, саясаты сабыр таппаған, экономикасы сынаптай тол­қыған ғалам Қазақстан көшбасшы­сы­ның аузына қараса, дүниемен төрт аяғын тең басқаны емес пе?! *  *  * Алаш елі, міне, алдиярымызды ардақ­тай алатынымызды, данамызды даралай алатынымызды, қадір-қасиетті бағалай алатынымызды көрсетті. Сол ұлағатты алдымен ел басшысы танытқан. Заман көшсе де есімдері өшпеген ұлт абзалдарын айрықша құрметтеуден танбаған. Күрмеуі қиын күрделі жылдардың өзінде: “Рухы еркін халық қана ұлы істерді атқара ала­ды”, – деп ұлттық қайнарларға қайы­рылды. “Ұлылардың ұлағатын ұмытпау – ел боламыз деген халықтың тарих алдын­дағы парызы”, – деп ұлттық қасиетке ай­налған тұлғалардың ұлағатына ұйытты. Қа­зақтың қамал қорғаны атанған дарабоз­дар рухын туған елімен қайта қауыштырды. Қазақ қазақ болғалы Абылай сынды хандар да, Төле сынды билер де, Бөгенбай тұл­ғалы батырлар да, Бұқар сынды дүл­дүлдер де дәл бүгінгідей ардақталған емес. Ел ел болғалы халық үшін қарманған, бар ғұмырын ата жұртына арнаған Алаш асылдары – Ахмет Байтұрсынов пен Әлихан Бөкейханов, Мағжан Жұмабаев пен Міржақып Дулатов, Тұрар Рысқұлов пен Жүсіпбек Аймауытов секілді қай­рат­керлер де дәл қазіргідей құрметтелген емес. Халықтың төл тарихына сұрау салын­ды, жылдардан жыр теріліп, ғасырлардан сыр сауылды. Өткенді қадірлеудің өзгеде жоқ өзгеше үлгісі де бізде. Президент ұйытқы болған “Мәдени мұра” бағдар­ламасы арқылы өшкенімізді жандырдық, көнергенді жаңғырттық. Ұлттық құнды­лықтарды әлемдік тарихпен ұштастыра зерттедік. Ұлы даланы жайлаған байырғы ел өз аясында ғана шыр айналмаған, жаһандық өркениетке сүбелі үлес қосқан, жұмыр жермен сырласқан, зеңгір көкпен тілдескен өрелі жұрт болғанын дәлелдедік. Аз ғана уақыттың ішінде халық ауыз әдебиетінің 100 томдығы, шетелдер мұра­ғат­тарындағы Қазақстан тарихына қатысты тарихи деректердің көп томдығы жарияла­нып үлгерді. 44 тарихи және мәдени ескерткіш қалпына келтірілді. 32 көне қала мен қорғандар археологиялық зерттеу жұмыстары жүргізілді. Мұның сыртында қайта жасақталған және жаңадан салынған театрлар қаншама?! Елбасы осынау көл-көсір шаруаны да қанағат тұтып отырған жоқ. Тарихқа да, мәдениетке де жаңаша көзқарас қажет екендігіне назар аудартып отыр. “Мәселе жаңа тарих толқынында жаңа ұлттық мәде­ниетті қалыптастыру. Ұлтты осы заманғы магистралға ескі тәсілмен жасап жөнелтуге болмайды”, – деді. “Дәстүрлікті ту еткен қоғамнан қазіргі заманғы қоғамға бет бұрдық. Сол себепті, біз үшін әр түрлі мәдениеттердің өзара қақтығысына жол бермей, ұлттық дәстүрлер мен модер­ни­зациялық қағидалардың үйлесім табуын қам­тамасыз етудің маңызы зор” екенін атап көрсетті. Шығармашылық қауымға нақ­ты міндет жүктеді: “Біз саясат, эко­номика саласында халықаралық деңгейге көтерілдік, енді рухани қазынамызды әлемге танытуымыз керек. Ол үшін өнерді, әдебиетті биік дәрежеге көтеруіміз керек”. Өнерді биік дәрежеге көтеру мәдениет­ті халықаралық байланыста дамытуды қа­жет ететін еді. Мұның түйінін де Елбасы­ның өзі шешті. Ұлттық рухани әлемді бүкіл түркі өркениетімен ұштастыруды ұсынды. 2009 жылғы 3 қазанда Әзірбайжанның Нахчыван қаласында өткен Түркітілдес мемлекеттер басшыларының саммитінде тарих пен мәдениетті ортақ танудың жолдарын айқындап берді. Түбі бір тарихымыз бен өнеріміздің жауһарларын жаһанға таныту үшін әуелі өзіміз байыптап алуға тиіс екенімізді ескертті. Осы мақ­сатқа қызмет ететін Түркі академиясын құру туралы ойларын ортаға салды. Осы ғылым ошағының жанынан түркі кітапханасы мен түркі тарихының музейін құру жөніндегі ұсыныс та аса бағалы еді. Бұл өміршең идеялар сол саммитте қолдау тапты. Түркі әлемінің бай рухани мұраларын сақтап қалу, талдап-зерттеуге арналған ТҮРКСОЙ қорын құру туралы шешім қабылданды. Ғылыми ұйымдар мен ғылым қайраткерлері арасындағы іскерлік қатынасты қалыптастырып, тарихи зерт­теу­лер мен жобаларды үйлес­тіру келісілді. Осы маңызды ұйғарымдар­дың астарында Қазақстан Президентінің түркі тілдес елдер дәуірлер бойы жасаған мәдениет және өнер туындыларының біртұтас антология­сын әзірлеу туралы идеясы жатыр. Біз Ел­басының “Еуропаға жол” бағдарламасы ар­қы­лы осындай мәдениет алмасуды Батыс­тың дамыған елдерімен де өрістетпекпіз. Нұрсұлтан Әбішұлының өнер, тарих, рухани құндылықтар жайлы ойларымен таныса жүріп ұстанған мұраты ата-бабала­ры­мыз Еуразияның ұлан-байтақ кеңіс­ті­гінде құрған он алты Дала империясының: Батыс пен Шығыста бағзыда танымал болған Құшан патшалағының, даңқы төрткүл дүниеге жайылған Еуропадағы Ғұн империясының, жаңғырығы бүгінге дейін естілетін Египеттегі мамлюктердің, Алтын орда мен Моғол мемлекетінің – бәрінің тарихын түгендеу екенін аңғарасың. Түпкі мұрат – мәдениеттер үндесуі арқылы алыстап кеткендерді жақындастыру, жатсынып кеткендерді табыстыру. Қазақ халқы ұлттық баянымен бірге арғы тарихи қайнарларына шөлін қандыра бастады деген осы емес пе?! Қазақ мәдениеті жаһан өркениетінің аламанына тұмарлап тұлпар қосты деген осы емес пе?! *  *  * Президент бәрін де кезегінде, толғағы жеткенде атқарып келеді. Өзі атап көрсет­кеніндей: “Саясатта ертеңгі істің ертең атқарылғаны жөн”. Асығудың да, іркілудің де жөні бар. Елбасының: “Жай жүрсең қасірет қуып жетеді, асықсаң қасіретті қуып жетуің мүмкін” деген нақылынан салмақты өмірлік тәлім танылады. Ғасыр­лардың жоғалтқанын жылдар тауып бере алмайды. Қазақтың тәуелсіз кезеңдерін зерделесең, кешегі Кеңестер одағына енген елдердің ішінде отарлаудың дертіне соның көп шалдыққанын көресің. 1989 жылғы санақ бойынша байырғы халықтардың атамекеніндегі үлесі төмендегідей болыпты: Арменияда – 93,3; Әзірбайжанда – 86,2; Түркіменстанда – 71,8; Өзбекстанда – 68,7; Тәжікстанда – 62,2; Қырғызстанда – 52,4; Белоруссияда – 78,1; Украинада – 72,8; Грузияда – 70,2; Молдавияда – 64,4; Эстонияда – 61,7; Латвияда – 52,1, Қа­зақстанда – 39,7%. Осы республика­лардағы төл ұлттарға орыс тілінің ықпалы халық санының пайыздық көрсеткішімен анықталады. 1979 жылы орыс тілін грузин­дердің 26,7; армяндардың – 38,6; өзбек­тердің – 49,3; әзірбайжандардың – 29,5; қырғыздардың – 29,4; тәжіктердің – 29,6; түркімендердің – 25,4; қазақтардың – 65,6 пайызы білген. Бұл деректерден бізден басқа ұлттардың басым бөлігі ана тілінде сөйлегенін, соған орай мемлекеттің тілі іс жүзінде туған тілдері болғанын аңғарамыз. Едәуір бөлігі өзге тілді ана тіліндей қа­былдаған қазақ халқының жағдайы мүлде басқаша еді. Дербестенген республикалар ұлт тіліне алаңсыз жүргенде, біз қазақ ті­лінде ашылған әр бала бақша мен мектепті тарихи жеңіске баладық. Ең қиыны – тілге басқалардан бұрын өзімізді бейімдеу қажет еді. Сол тұста іс басына келген тол­қын туған тіл­ден қара үзіп қалған-ды. Ал жетпіс жыл дәуірлеген өзге ұлттың қазақ мәселесі туралы ес­тігісі де келмейтін. Дәл мұндай рухани то­қырау бізден басқа ешбір елде кездескен емес. Осындай жағдайда халықтың тағдыры қолында тұрған Президент қандай жол таңдар еді? Елбасы жаңылдырмайтын жалғыз жолға тоқтады. Қазақ халқын мемлекет­құраушы ұлт ретінде саяси шыңдап, республикадағы этностардың үйлестіруші ұйытқысына айналдыру арқылы тілдің мәртебесін өсіру бағытын ұстанды. “Ел болу үшін ұлттық рух, ұлттық қасиет және ұлтқа деген сенім болу керек”, – деп өзін қайта тануға, өзін-өзі қадірлеуге, күш-қайратына сенуге шақырды. “Егер біз мемлекет болып тұрғымыз келсе, мемле­кеттігімізді ұзақ уақытқа меңзеп құрғымыз келсе, онда халықтың руханиятының бас­тау­ларын түсінгеніміз жөн”, – деп тегінде бар тектілігін аңсатты. “Мемлекетіміздің дің­гегі – қазақ халқы. Ел де, жер де қазақ­ті­кі. Ел болудың ұяты да біздің жұрттың мойнында”, – деп туған елін бүгінгі және ертеңгі тағдырын ұлттық жауапкершілікпен қолына алуға үндеді. “Қазақ та енді үлкен ұлтқа тән төзім мен сабырлы мінез көрсетуі керек” – деп парасат-пайымға бас­тады. “Ұлттық сана ұлттық тілмен қалыптасады”, – деп төл тілін төрге шығаруға жігерлендірді. Өзін-өзі тарихи таныған, ұлттық намыспен құрметтеген халық тілін де, дінін де, ділін де қадірлейді. Мемлекет басшысы халықтың осылай тұлғаланып шыңдалуына қажетті саяси-экономикалық мүмкіндіктерді туғызуға қаншалықты міндетті болса, ұлт сол мүмкіндікті тілі мен ділін асқақтату үшін сарқа пайдалануға соншалықты жауапты. Елбасы сол міндетін көп этносты мемлекеттің ішкі бірлігін нығайта отырып, ерекше құлшыныспен орындап шықты. Ұлттық рухани сілкініс шағы туды. “Толыққанды тілсіз – толыққанды ұлт жоқ”, – деген Президент ұлағатын халық болып, оның саяси-шығармашылық элитасы болып тұтас ұғынатын кез келді. “Мемлекеттік тілдің артықшылығына еш­кім таласа алмайтынын” сендіре айтқан қай­раткермен бірге серпіліп, тілді көп қыр­лы өмірдің барлық саласына ұлттық жауап­кершілікпен сіңіретін, көп болып жұмылатын күн жетті. “Өзге өркениетті ел­дерде мемлекеттік тілдің мәртебесі қандай болса, бізде де сондай болатындығына” иландырған, соның барлық алғышарт­та­рын жасап жатқан тұлғамен бірге ана тілі­нің дәрежесі уақыт өткен сайын заңғарла­на беретіндігіне қылаусыз сенетін сәт те осы. Ана тілін ардақтаудың, сабырмен және парасатпен ардақтаудың, сезімге бө­леп, жүрекпен тербеп қадірлеудің, мем­лекеттің рухани негізіне, ел бірлігінің кепіліне айналдырудың өркениетті жолын таңдаған Елбасы мен халықтың қалауы тоғысқан кезеңде тұрмыз. Қазақ тілі бұдан былай қарай біздің әрқайсымыздың, он миллион қазақтың баршасының айрықша құрметімен ажарланады. Қоғамда мемле­кет­тік тілге деген ілтипат бар. Қазақстанды отаным деп таныған этностардың бәрі бүгінде Президенттің: “осы заманғы әлемде ортақ мемлекетті бірлесіп құру, толеранттылық, азаматтық және осы елдің мемлекеттік тілін міндетті түрде білу секілді шарттармен анықталады” деген пайым-талабына тұтаса ұйыған. Сол көпті ірілігімен, тарихи тұғырларына адалдығы­мен, қанаттасқа кеңдігімен өзінің төңірегіне топтастыра жүріп, тілін ту етіп көтеру қазақ ұлтының киелі мұраты. ХХ ғасырдың орта тұсында Батыста туып қалыптасқан шизотасқын филосо­фиялық ұғымы бар. Талап-тілекті ғана өндіретін, тек сұрауды білетін, сол мазасыз және көбіне орынсыз сұрауларына саяси астар беріп, патриоттық құлшыныс түрінде көрсететін тұтыну қоғамына қолданылады. Ол орта ешқашан да ештеңеге риза болмайды. Ретіне қарай ескіні жаңаға, жаңаны ескіге оп-оңай қарсы қояды. Түрлі елдерде түрлі жағдайда туған ой-идеяларды өз еліне талғаусыз телуге бейім тұрады. Қоғамды дамытуға арналған тың идеялар көтере алмайтындықтан бар идеяларды сынауды дәстүрге айналдырған. Осындай шизотасқын тұрпаттағылар­дың мемлекеттік мән беруге тырысқан сарындарына қарасақ, қазақ халқы саяси бостандық алуға дайын болмағандай, тәуелсіздік алған соң ел зиялылары жайбарақат жатқандай, ұлттың тарихи дәстүрлері үзіліп қалғандай. Кезінде осындай құрғақ күдіктерді күздің ызғырық желіндей дамылсыз ызыңдатқан шизотасқын тақылеттестерден мезі болған француз элитасы жай жатпай, қаракетке көшкен еді. Өткен ғасырдың 70-жылдары француз философы Ж.Делоз бен психоаналитик Ф.Гватари шизоанализ ұғымын туғызды. Бұл уақыт өте келе фран­цуз мәдениетіндегі интеллектуалдық бағыт­қа айналды. Осы бағыттың негізін қалау­шы­лар әлгіндей шизотасқын сарындағы­ларға шизоанализ жүргізуді ұсынды. Ұлттың қарапайым өкілдерін сарсаңға салудан құтқарып қалу үшін сондай қадамға бару қажет деп тапты. Мұндай сарын бізде де болды және оның күні өтіп барады. Халық, Президент тауып айтқандай: “ұлт мәселесін шешудің әмбебап әдістері болмайтынын білді”. Елбасының бірден бір дұрыс бағытымен саяси-әлеуметтік бірліктен тіл бірлігіне бара жатқанымызды ұғынды. Халықтың жігері, қоғамның тірегі болған қайраткер мең­зегендей, адам уақытты таңдамай­ты­нына, онда өмір сүретініне”, “өз халқын сүйген адам ғана оның тағдыры үшін күйе алатынына” көз жеткізді. Біз әрқайсымыздың рухани болмысы­мыз­дың алдында ерекше жауапты екені­мізді терең сезінетін деңгейге көтеріл­генімізді, Елбасы ұлтты саяси-экономи­калық жағынан ұдайы жетілдіру арқылы көтерілгенімізді тарихи жеңіс ретінде жоғары бағалай отырып, Шығысқа тән иман­дылықпен, Батысқа тән жасампаз­дықпен төл мүддемізге қызмет етуге тиіспіз. Нақ осындай өрелі ұлт қана өзінің тағдырына төреші болады. Желдей ескен желмая ғасырдың екпініне төтеп береді. Президент: “Енді біздің ел атқа қонды, дүйім дүниенің қандай дүбірлі додасына да тайсалмай түсіп, кім кіммен де жалтақсыз жарысатын болады” дегенде ұлттың өрден, көңілі төрден табылғанына, соған ұйытқы болғанына мерейленген. Үнді мәдениетінің Каутилья жазды делінетін көне ескерткіші бар, “Артха­шас­тра” деп аталады. Онда достықтың үш түрі көр­сетілген: үнемі көмектесетін, тең дәре­же­де көмектесетін, бар жанымен көмектесетін. Қазаққа бар жанымен көмектесетін қазақ қана. Осы даналық жазбаларында билеушінің де екі түрі айтылады: жоқтықта басқара алатын, тоқтықта басқара алатын. Қазақты жоқтықтан алып шыққан, тоқтыққа жол салып шыққан Елбасы ғана. Заратуштраның “Ақұра Маздағы Ән­ұра­нында” халықтың екі сипаты көрсе­тіледі: тегінен адаспаған, басқаның бағына таласпаған. Басынан не бір қиямет-қайым өтсе де тектілігінен жаңылмаған, өзгенің барына ынтығып сабылмаған қазақ қана. Сол Әнұранда әміршінің де екі түрі таратылады: төбені таумен тең қылатын, бұлақты дариядай кең қылатын. Ғалам үшін жоқ қазақты сол ғаламмен тең қылған, жер-жаһанмен табыстырып, етек-жеңін кең қылған да Елбасы. Осы қайраткер баршаға қағида ретінде ұсынған төрт қасиет: сенім, дәстүр, ашықтық пен төзімділік әлем тұлғалы адамзаттың да, Алаш тұлғалы қазақтың да адастырмас төрт құбыласы. Құбыласын тапқан елдің жүзі жарқын. Алдан СМАЙЫЛ, Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің депутаты.