06 Шілде, 2010

ТАРИХТЫ ТУЫНДАТУШЫ ТҰЛҒА

1234 рет
көрсетілді
27 мин
оқу үшін
Ұлы мемлекеттік қайраткер болу үшін тарихтың беталысын сезіне білу керек. Тарих үдерістері тура даңғыл жол емес, бұралаңы мен ирелеңі көп екені белгілі. Тарихи дамудың шырғалаңға толы жолында кілт бұрылыс пен кедергілер кездесіп отырады. Олардан өтпейінше, алға жылжу мүмкін емес. Дәл осындай кезеңдерде қиындық­тар­дан батыл өте алатын, кедергілерді ең­серетін, әлеуметтік өр­кен­деу мен ж­а­ңару үшін ілгерілеудің жаңа жолын ашу­ға қа­білетті лидерлер жарқырай көрінеді. Бас­қа­ша айтқанда, көрнекті тұлғаларды Тарихтың өзі дү­ниеге әкеледі. Дегенмен, лидерлердің өздері де Тарихты жасайды. Ұлы тұлға болып қалыптасу үшін тарихи фак­тор­лар мен жағдайлардың бо­луы аздық етеді. Ел мен дү­ние­жүзі ал­дын­да тұрған күрделі де жауапты мін­де­т­­терді орындауға қажетті ерекше қа­сиет­терге ие бір­туар тұлға болуы керек. Ондай адам батыл да жігерлі, қайт­пас қайсар және принципті, әділ де өжет болуға тиіс. Әлем тарихындағы ірі тұлғалардың бірі – Нұрсұл­тан Назарбаев осындай адам. Біздің еліміздің ең қиын кезең­­­де­рінде оған Елбасы болу тағдыры бұйыр­ды. Ол барша қазақстандықтардың тағдыры үшін, қазіргі қазақ мемлекеті – Қазақстан Рес­публикасы­ның негізін қалау үшін жауап­кершілік жүгін көте­руде жігерін жаныды, батылдық пен қайсарлық танытты. Көрнекті тұлғаларды ісі мен әре­ке­тіне қарап бағалайды. Ұлы адамдардың басты ерекшелігі – әлеу­­­меттік прогресті ілге­рі­летуге және уақыт алға тарт­қан мін­дет­терді ұтымды шешуге оның қыз­метінің қаншалықты ықпал еткендігімен көрінеді. Қоғам бірлікте болған, ұлттық ортақ идея қа­лыптасқан жағдайда ел де қар­қын­ды дами түсетінін тарих көрсетіп отыр. Сонымен қатар, біріктіру идео­ло­гиясының пайда болуының негізгі шарты – жалпы ұлттық лидердің шығуында екені айқын. Сондықтан, Қазақ­станның ұлттық идеясын дүниеге келтіріп, қалып­тастырып, ілгері­ле­туші Президент Нұр­сұлтан Назар­баев болып отыр. Ол – тәуелсіздік идеясы, бәсекеге қабілеттілік идеясы, көркею идеясы. Оның тұжырымдамасының басты ерекшелігі – қоғамның ұзақ мерзімді тұ­рақтылығы, нарықтық экономика, әлеу­меттік әділеттілік және заң үстемдігі не­гізінде ел тәуелсіздігін және егемендігін нығайту. Қазіргі кезде бүкіл дүние жүзі құр­лық­тың екі бөлігінде – Еуропа мен Азияның, екі өркениеттің – Шығыс пен Батыстың, екі саяси жүйе­нің – тота­ли­таризм мен демо­кра­тияның тоғы­сында пайда болған “Назарбаев құбылысы” туралы жиі айтады. Оның есімі шет ел­дер­дің көрнекті мемлекеттік қайрат­кер­лерінің қатарында аталады. Бұл тегін емес. Өйткені, Қазақстан Президенті өзінің саясатында еуропалық реформашылдықты, прагматизм­ді және демократия үдерістеріне айны­мастықты да, қоғамның негіздерімен тығыз байла­нысқан азиялық дәстүр­шілдікті де үйлестіре алды. Көрнекті мемлекеттік қайрат­кер­лер­мен салыс­ты­ра отырып, Н.На­зарбаев­тың атына қаншама мақтау-ма­дақтаулар ай­ты­лып жатса да, ауқымды кеңес им­перия­­сының күй­реуінен кейінгі тарих тол­қын­дарында өзін таныта алған шы­найы тарихи тұлға – Қазақстан Прези­дентінің бейнесін толық қамти алма­ғандай сезіледі. Бұл жерде Қазақстан лидері туралы Владимир Путиннің сөзін келтіре кету орынды болар еді: “Нұр­­сұлтан Әбішұлы тәуелсіз мемлекетті іргета­сынан бастап тұрғызды. Мұндай міндетті орындау тек біртуар адамның ғана қолынан келеді. Бәрі біткен кезде қай іс те оңай секілді көрінетіні рас. Басынан бастап, дамудың осындай деңгейіне дейін жеткізе алу – Нұрсұлтан Әбішұлы тамаша орын­даған орасан зор міндет”. Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев жоға­рыдан еш­­­кімнің бұйрығынсыз, барша халықтың, қазақ­стан­дықтардың қалауы бойынша шын мәніндегі Елбасы атанып отыр. Мұның өзі көп нәрсені аңғартады. Халық Қазақстанның Тұңғыш Прези­денті тыңнан алғашқы жол салушының ауыр міндетін қолға алды деп санайды. Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев ең­бек­шінің от­ба­сында дүниеге келді, қазақ мек­тебінде оқып, маман­дық игерді, ме­тал­лург болды. Жастық шағында, ал­ға­шында комсомол ұйымында, кейіннен пар­тия ор­ган­дарында саяси және ұй­ым­дас­тыру жұмыста­ры­ның әліппесімен та­нысты. Ерекше қабілеттілігі, жұ­мыс­шы­лар­дың өмірімен етене таныстығы, та­банды еңбекқорлық – жас басшыны бас­­қару ісінің ең ұшар шыңына шығар­ды. 1989 жылғы маусымда ол Қазақ­стан Компар­тия­сы Орталық Комитетінің бір­ін­ші хат­шысы болды, ал 1990 жылғы сәуір­де Жо­ғарғы Кеңес оны Қазақстан Рес­­публи­ка­сының бірінші Президенті етіп сайлады. Сөйтіп, өткен ғасырдың 90-жылдарының басында Нұрсұлтан На­зарбаев бүкіл­одақтық ауқымдағы КСРО-ның лидерлері рейтингінде бірінші орын алған ең танымал саясаткерлердің бірі болды. Ол Кеңес Одағы қалай күйреп жат­қа­­нына куә болды, дегенмен, КСРО-ның сол кездегі басшы­лары­ның ин­тел­лек­туал­дық және саяси мүмкін­дік­терін нақты бағалады және бір кездегі қуатты елдің жұртында пайда болған жаңа мем­лекеттік құры­лым­дарды дүрбелең мен қан төгуге апаратындай айла-шарғыға араласудан өз бойын аулақ ұстап қалды. Сондай күрделі кезеңде интегра­ция­ны жақтап, ТМД-ны құрудың шын мә­ніндегі бастамашысы болған Н.Назар­баев­тың аса көрегендігін уақыт көрсетіп отыр. Ол бір­ден-бір дұрыс жолды таң­да­ды, сол ар­қы­лы бұ­рынғы Одақ рес­пуб­ликалары ара­сындағы теке-тіреске, “югослав сце­нарийі” бойынша қан төгілуіне жол бермеді. Тәуелсіздік алумен бірге Қазақстан алдында жер ша­рының геосаяси кар­та­сында өз орнын айқын­дау­дың күрделі мәселесі тұрды. Президенттің өзі бұл ту­­­ралы былайша еске алады: “...біз әлемде өзіміздің геосаяси стратегиямызды анық­тауға тиіс едік. Қазақ­стан қандай болуы керек? Еуропа мен Азия ара­сын­дағы кө­пір ме? Немесе “Солтүстік пен Оңтүс­тіктің” белағашы ма? Әлде тағы бір “азиялық жолбарыс па?” Мемлекет басшысы жүзеге асырған жаңарулар­­дың тарихи ауқымы мен ұлы­лығын түсіну үшін тәу­ел­сіздігін алғанға дейінгі Қазақстанға ойша оралу жет­­­кі­лік­ті. Еліміз кеңестік жылдардан дағда­рыс­­тағы эко­номиканы, тоқтап қалған кәсіп­орындарды, күй­реген ауыл шаруа­шы­лы­ғын, кедейленген халықты мұраға алып қалған болатын. Мұның бәрі әлеу­меттік шиеленісті туындатып, саяси тұрақ­сыз­дыққа айна­лып кету қаупі төніп тұрды. Сол күндері көптеген саясаткерлер мен сарап­шылар біздің еліміздің келе­шегіне күмән келтіріп, экономика­лық, демо­гра­фиялық және ұлтаралық өткір мәселелер­дің ауыртпалықтарына қоса, Қы­таймен, Ресей, Орта Азия мемлекет­терімен құқық­тық тұрғыда шекарасы ресімделмеген Қа­зақстан әлі ұзақ уақыт бойы шын мәніндегі тәуелсіздікке қол жеткізе алмайды десе-тін. Бірақ, президенттің жігерлі еңбегі, оның көреген саясаты мен алғыр көш­басшылығы барлық сүреңсіз болжам­дарды жоққа шығарды. Егер де Нұрсұлтан Назарбаев елдің басшысы болып тұрмаған болса, бірде-бір реформа табысқа жете алмаушы еді деп нық сеніммен айта аламын. Ол қиын ке­зең­дердің бәрінде – саясатта да, эконо­микада да барлық жаңарулардың үдеткіші мен кепілі ретінде бүкіл жауапкершілікті мойнына алды. Н.Назарбаевтың басшылығымен Қа­зақстанда мем­­лекеттік басқарудың бар­лық салаларында түбе­­­гей­лі өзгерістер жү­зеге асырылды, еліміз жоспарлы эко­но­­микадан нарықты экономикаға бет бұр­ды. Демо­кра­тия мен құқық тәр­­тібінің бе­рік дәстүрлері бол­маған елде, қатаң ор­та­лық­тандырыл­ған әмір­шіл­дік жү­йе­­ден еркін нарыққа кө­шу күр­делі де ауыр және ұзақ болуы мүмкін еді. Пре­зи­дент нар тәуекелге бел буды. Дегенмен, осы арада оның саяси күш-жігері шешуші рөл атқарған болса керек. НАТО-ның Бас хатшысы Дж. Ро­бертсон кейін­нен бұл туралы былай деді: “Ескі көзқарастан ары­лып, ел ішіндегі шынайы реформаларды жалғаст­ы­рудың, жедел өзгеретін халықаралық жағдайға бейім­делудің президент Назарбаевқа оңай болмағанын біз түсінеміз”. Шынында да, сол бір қиын кездерде Президентке еліміздің ішіндегі – жарық­сыз және жылусыз қалған қалалар мен ауылдардың тіршілігін қамтамасыз ету­ден, өмір сүру үшін арпалысқан күрестен бастап – мемлекеттің стратегиялық даму жоспа­рын жасауға дейінгі бір-біріне қарама-қайшы өткір мәселелерді бір мезгілде шешуге тура келді. Бірінші кезекте қатаң билік жүйе­сімен үйлесім тапқан эконо­миканы ырқына жіберу бағыты таңда­лып алынды. Н.Назарбаев жоспарлы жаңаруды жі­герлі және аз шығынмен жүргізудің қажет­тігін, күшті ат­қарушы билік керек­тігін және халық пен тарих ал­­дын­­да жеке өзінің жауапкершілігі тұрғанын жақсы түсінді. Сол жылдары ең қиын әрі ауқымды реформалар жүзеге асырылды. Жекеше­лен­­­діру бірне­ше кезең­дер­ге бөлінді. Нәти­же­сін­де, өнеркәсіп жандана бастады, қаржы және макро­экономикалық тұрақ­тылық ор­нады, бюджет және салық жүйе­лері құ­рылды, адам айтқысыз ин­фля­ция ауыз­дық­талды, халық­тың өмір сү­руінің қанағат­танар­лық деңгейі қамтамасыз етілді. Президент Н.Назарбаевтың орасан зор тарихи ең­бегі оның басшылығымен ұлттық валюта­ның енгі­зі­луінде, дербес қаржы-экономикалық жүйенің түзі­луін­­де, жоғарыдан төмен бірыңғай атқарушы би­лік­тің қалып­тасуында, Қарулы Күштердің құрылуында, мемлекеттің ұлттық қауіп­сіздігінің бекітілуінде кө­рінеді. Сонымен қатар, еліміз­де көппартиялық жүйе қалып­тасып, азаматтық қоғамның негізі құ­рыл­ды, баспасөз еркіндігі қамтамасыз етілді. Қазақстан өркениетті даму жолын таңдады. Қол жеткен нәтижелер мемлекеттік жоспар­лау­дың жаңа деңгейіне шығуға ал­ғы­шарттар жасады, стра­тегиялық сипат­тағы міндеттерді шешуді бағдар­лауға мүм­кіндік берді. Сол кезде Президент Н.На­зар­баевтың тікелей басшылығымен әзір­ленген елі­міз­дің 2030 жылға дейінгі Стратегиялық даму жос­пары дүниеге келді. Бұл құжатта қолда бар ресурстар елі­міздің даму бағыттарына өте дәл бел­гіленіп, шоғырландырылды. Жаһандық дамудың бүгінгі күрделі қиылыстарында Стратегия біздің негізгі жол бағдарымыз болды деп айтсақ артық емес. Сыртқы саясат саласы да елеулі табыстарға толы. Саламатты прагматизм, жетекші мемлекеттер мүдде­лерінің сана­лы тепе-теңдігі бағытын ұстанып, теке-тіреске апаратын қадамдардан бас тарта отырып, Қазақстан дипломатиялық құ­ралдар арқылы өзінің ұлттық қауіпсіздігін қамтамасыз ете алды. Францияның бұрынғы президенті, көр­некті саясаткер Жак Ширак Н.На­зар­баевтың жұмысы ту­ралы: “1991 жылдан басталған өзгерістерді Франция ма­ңызды әрі шешуші оқиғалар деп бағалайды. Тұр­лаусыздық және қиын жағдайда Сіздің еліңіз мем­лекет құру жолына түсті, сөйтіп, өзінің ұлттық құн­ды­лықтары мен тамыры терең тарихына адалды­ғымен қатар, демокра­тия­ның жалпы адамзаттық принциптері мен құ­қық­тық мемлекетке беріктігі туралы мәлімдеді. 15 жыл ішінде Қазақстан тұрақты инс­титуттары және қарқынды экономи­ка­сы бар елге айналды. Сіз­дердің Азия­дағы өзара іс-қимыл және сенім шара­ла­ры ке­ңесін шақыру, діндер және мәде­ниеттер ара­­сын­дағы үнқатысуды дамыту жөніндегі және тағы бас­қа көптеген бастама­ла­ры­ңызға Франция әрқашан тілек­тес болып келеді. Осы қадамдардан аймақтық және халықаралық деңгейдегі жауапкершілікті жете сезінген әлем қоғамдастығының мүшесі екен­дік­теріңіз анық көрініп тұр. Қазақстан мақтан тұта алатын ерекше маңызды әрі мәнді жолдан өтті. Сіздер мұның өзі бір саты ғана екенін айта оты­рып, даналық таныттыңыздар. Өз елде­ріңіздің қазіргі заманға сай орнын бекіту және оның халықаралық аренадағы биік мақсаттар мен ниеттерін қамтамасыз ету үшін қажетті деп табылған реформаларды жалғастыруды Сіздердің берік ұстана­тындарыңызға қуанамын”, деді. Мемлекеттің жаңа әкімшілік орта­лы­ғының Ас­тана қаласына қоныс аударғаны еліміздің саяси және экономикалық өмірі үшін аса маңызды кезең болды. Прези­дент Н.Назарбаевтың бұл шешімі елі­міздің геосаяси келбетін жақсартып, оның қауіп­сіздігін ны­­ғайтты, эконо­ми­каның негізгі салаларын дамытуға қуатты серпін берді және тұрақты көпұлтты мем­лекетті құ­рудағы президенттің бағытын нақтылады. Уақыт өте Астана біздің халқымызды біріктіретін Қазақстанның басты қаласы ғана емес, ол елдің мақтанышы, Прези­дент Н.Назарбаевтың экономи­калық, саяси және әлеуметтік табыстарының сим­волы деп сеніммен айта аламыз. Мемлекеттегі тұрақтылықты сақтау үшін оның басшысына аса жоғары саяси шеберлік керек екені баршаға белгілі. Президент таңдаған эволюциялық даму жолы ішкі саяси тұрақтылықты нығайту­мен бірге, ұлтаралық келісімнің қазақ­стандық үлгісін қа­лыптас­тыруға мүм­кін­дік берді. Қазақстан тәжірибесі шетел­дердегі бірқатар зерттеу орталық­тарының зерделеу нысандарына айналды. Гарвард универ­ситеті “Назарбаев үлгісін” зерт­теуге ар­найы конференцияларының бірін арнады. Америкалық ғалым­дар мен сарап­шылар ел ішіндегі ұлтаралық және дінаралық келі­сімді қамтамасыз ету жө­ніндегі, сондай-ақ толеранттық идеясы мен халықаралық деңгейдегі үн­қатысуды ілгерілетудегі қазақстан­дық саясаттың пай­далы ерекше­ліктерін атап өтті. Аста­нада Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлерінің съездерін өткізу тәжірибесі жоғары бағаланды. Экономикалық реформалар мен әзір­ленген “қау­іпсіздік бел­деуі” Қазақстанға әлемдік дағда­рыстан лайықты шығуға және, тіпті, елдің экономикалық өрлеуін қамтамасыз етуге мүмкіндік берді. Ресейдің бұрынғы экономи­калық даму және сауда министрі Г.Греф мойын­дағандай: “эконо­миканы реформалаудың бірқатар бағыттарында қазақстандық әріптестер біздің алдымызда кетіп барады. Біз Қазақстанның барлық саладағы тәжірибесін ескеруді көздеп отырмыз”. Қазақстанның әлемге кеңінен таны­мал болғаны туралы айтқанда, Прези­денттің Семей полигонын жабу туралы ерекше шешіміне бөлек тоқтала кету керек. Н.На­­­зарбаев жаппай қырып-жою қаруларын таратпау мәселелері бойынша мығым және бірізді бағытты ұстанды. БҰҰ Бас хатшысы Пан Ги Мун Қазақ­станда болған кезде Нұрсұлтан Назар­баевқа былай деген еді: “Ядролық қауіп­сіздік жөніндегі алдағы Жаһандық сам­мит қарсаңында ядролық қарусыз аймақ құру туралы басқадан гөрі Сіздің айтуға моральдық құқыңыз бар және үніңіз басым болуы тиіс. Осы мәселе жөніндегі бұдан да көп нә­тижелерге қол жеткізу үшін біздің тұғырларымызды үйлестіруді ұсынамын. Менің ойымша, ядролық сы­нақ­тарды тоқтату және яд­ро­лық қару­ды жою қажеттігі жайында айтуға Сізден басқа ешкім де лай­ықты емес. Өйткені, Сіздің халқыңыз осы қарудың барлық зардаптарын бастан өткерді, бірақ оны Сіз ғана тоқтата алдыңыз”. Егер БҰҰ Бас хатшысы секілді бедел­ді және көпті көріп-білген саясаткер Нұр­сұлтан Назарбаевқа осындай ұсыныс білдіріп жатса, онда әлемдік қоғамдастық біздің мемлекет тарапынан мұндай баста­маның көтерілуіне зәру деген сөз. Қазіргі кезде ядролық қауіп туралы ойлар түп­кі­лікті өзгерді. Әлем ядролық қарудан ғана емес, ядролық қаруды қолға түсіруді көк­­сеп жүрген террористердің де қауіп төн­діріп отырғанынан үрейленеді. Сон­дықтан, ядро­лық қауіпсіздікті қорғаудың түпкілікті шараларын қабылдайтын уақыт келді. Ең бастысы, Саммит өтердің ал­дын­да Қа­зақ­стан мен АҚШ басшылары стратегиялық әріптестікті нығайту мә­селелері бойынша маңызды келісімдерге қол жеткізгенін атап өткен жөн. Тараптар ядролық қауіпсіздік пен Орта­лық Азия аймағындағы тұрақ­тылықты нығайтудағы ынтымақтастықты белсенді түрде жан­дандыруға ниеттерін нақтылады. Сөйтіп, біздің еліміздің аймақ­тағы жетекші рөлі өз бағасын алды. Президенттің жаһандық және аймақ­тық қауіпсіздікті нығайтудағы маңызды бағыт-бағдары, оның интеграцияны терең­детудегі игі бастамалары ЕурАзЭҚ, Кеден Одағы, Азиядағы өзара іс-қимыл және сенім шаралары кеңесі, Ұжымдық қауіп­сіз­дік шарты ұйымы, Шанхай ын­тымақ­тастық ұйымы аясында табысты жүзеге асырылып келеді. Қазақстанның Дүниежүзілік сауда ұйы­мына кіруі біздің еліміздің интегра­ция жолындағы маңызды қадамы болаты­нына күмән жоқ. Президент Н.Назарбаевтың әлемдік деңгейдегі көрнекті саясаткер ретіндегі жоғары халықаралық беделі мен мәр­те­бесін нақтылайтын тарихи оқиға – Қа­зақ­станның ЕҚЫҰ-ға төрағалық етуі болып табылады. Мемлекет басшысының есімі енді ядро­лық қарусыздану, эконо­микалық интеграция, сенім шаралары және қауіп­сіздік, толеранттық және кон­фессияаралық үнқатысу секілді ерекше маңызды үдерістермен де байланыс­тырылуда. Қазақстан әлеуметтік-экономикалық жаңарулар­дың дағдарыстан кейінгі кезе­ңіне аяқ басты. Реформаларға бай тәжі­ри­белерді иемдене отырып, еліміз келе­шекке жол бастады. Президенттің тікелей ба­қылауы­мен жүзеге асырылған дағда­рыс­қа қарсы бағдарлама индустриялық-инновациялық даму негізіндегі жаңғыру стратегиясына көшуге, ғылыми-техни­калық прогресті қамтамасыз етуге мүм­кіндік берді. Бұл мақсатқа жету үшін Қа­зақстанның 2020 жылға дейінгі Стра­тегиясы әзірленді. Еуропалық және азиялық көш­бас­шы­лардың игі қасиеттерін өз бойына үйле­сімді түрде сіңіре білген Нұрсұлтан На­зар­баев барлық қызметінде мемлекет құ­ры­лысы секілді қажырлы еңбекті талап ететін істе толағай табыстың жаңа тең­деуін шығара алды. Оған оңай болған жоқ. Сондықтан тыңнан түрен салған жолда ол алғашқы болумен бірге, жауап­кер­шіліктің барлық жүгін өзіне алуына тура келді. Оған қиын болғаны да даусыз. Өйткені, беймә­лім жолдарда түсініспеу­ші­ліктер мен сатқындықты да мойымай бастан өткерді. Ылғи ауыр кедергілерден өту, жалған сенім, ескіні аңсау ма, сенім­сіздік немесе қасақана қарсы қимыл жа­сау және тіпті іріткі салуды да ең­серу оның тағдырына жазылғандай. Бірақ, Н.Назарбаев әрқашан көздеген мақсатын анық көре білді және оған жетудегі жолдан еш тайған жоқ. Мұндай қасиетінің арқасында Елба­сы­мыз басқа көптеген мемлекеттердің бас­шыларынан бір саты биік тұр. Сондықтан, біздің Президентімізге тек ниеттес бай­қау­шылар ғана емес, әріп­тес­тері де лайықты баға беруде. Бұл әлемдік саясаттағы сирек кез­десетін құбылыс. Әдетте, мемлекет бас­шы­лары басқа ли­дер­лердің табыстарына қыз­ғанышпен қарай­тыны жасырын емес. Пре­зидент Дж.Буш Н.Назар­баевты “қа­зақ­тың Джордж Вашингтоны” деп атады, ал Вла­димир Путин біздің басшымызды осы за­ман­ның көрнекті саясаткері деп са­най­тынын мойын­дады. Нұрсұлтан Әбіш­ұлы кіммен кездессе де, және кіммен ке­ліссөз жүргізсе де, тіпті сөзге сараң монарх болсын, пре­зи­дент немесе үкімет басшысы болсын, шын жү­ректен шыққан ең жылы сөздерге ие болады. Қазақстан Президентіне адамдармен қарым-қа­тынаста ашықтық пен білімге құмарлық тән. Ол кінә­лаудан басталып, сынауға жалғасатын әңгіме­лерден сырт айналған емес, арнаулы мамандардың пікір­лерін зейін қоя тыңдайды, халық арасынан шыққан адамдар пікіріне де ықылас біл­діреді. Әрине, көп оқиды. Тарихи тақы­рыптарға арналған кітаптар мен көркем әдебиет оның жазу үстелінен үзілмейді. Президент әлемдік және отан тарихында жоғары зияткерлікке қол жет­кізді. Ол қазақ әдебиетін жақсы біледі, кітап әле­мін­дегі жаңалықтарға ұдайы қы­зығу­шы­лық танытады. Н.Назарбаев белгілі эко­номистер еңбектерін де мұқият зерделейді. Біздің Президенттің көңілі де, пейілі де кең. Кез келген, әсіресе, Қазақстан се­­кілді ауқымды және белгілі мемле­кет­тің басшысы ұсақ-түйек пен кекшіл­дік­тен ада, өз пікірінен басқаны мойында­мау­­шылыққа және өзім­шіл­дікке жаны қарсы болуы керек. Мұндай кемші­ліктер Н.На­зарбаев­қа жат. Ол өзге пікірлерге сыйлас­тықпен қарайды, тіпті олар қан­дай да бір мәселе төңірегінде оның көз­қарасына қай­шы келсе де, балама және пікір алуандығы оның бол­мы­сына біт­кен. Осыдан кейін Ор­талық Азия ай­ма­ғында бірінші рет неге Қазақстанда на­рықтық рефор­малар жүзеге асырылғаны, осынау қиын істе бүкіл әлем таныған та­быстарға қол жеткізгені түсінікті болады. Бұл үде­рістермен бірге азаматтық қоғам қалып­тастырылды және тәуелсіз бұқаралық ақпарат құралдары дамыды. Қоғамды саяси тұрғыдан өзгертпейінше, ашық экономика табысты қызмет ете алмайды деп Н.Назарбаев кезінде ашық мәлім­деген болатын. Табиғат Н.Назарбаевқа көптеген ма­ңызды қасиеттерді бере отырып, мырза­лық танытқан. Оның ішінде әртүрлі адам­дармен ортақ тіл табыса білуі де бар. Ол туралы харизмді тұлға ретінде қанша­ма рет айтылды да, жазылды да. Мұндай өте сирек кез­десетін қасиеттер әрқашан таңдаулы адамдардың ғана пешенесіне жа­зылса керек. Бірақ, бұл ретте ұдайы ізде­ніс пен бабында болудың да маңызы зор. Н.Назарбаевтың бірнеше жыл бойғы қызметін бай­қай келіп, оның жұмысқа қабілеттілігіне таңданбасқа шара жоқ. Н.Назарбаевтың тағы бір ұнамды да қайран қалдыратын қасиеті – әзіл сөзді орнымен айта және қабылдай білуі. Кез­десулерде әрқашан үлкен саясат әлеміне жақсы танымал екі-үш әзілі табылады. Ол шетелдік саясаткерлер арасында жо­ға­ры бағала­на­тыны – оның суырып-салма шешендігі де бар. Бірде НАТО Бас хатшысы Джордж Робертсон өзара әңгіме барысында оның отбасындағы бар­­лық ер адамдар, оның ішінде әкесі, нағашысы, ағасы да полиция қызметкері екенін, тек жал­ғыз өзі ғана басқа салаға кеткенін ай­тып, мұңын шаққаны бар. Сонда күлім­сірей түскен Н.Назарбаев іле-шала: “Рен­жімеңіз, Сіз есесіне әлем жандармы бол­ды­ңыз ғой”, деп жұбатты. Барлық бри­тан­дықтар секілді әзілге өте сезімтал Роберт­сон мұндай қалжыңнан соң ұзақ қарқылдап, көпке дейін күлкісін тыя алмады. Бұл салыстыру оған өте ұнады. Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев қандай адам? Қазақстан басшысының сіңірген нақты да басты еңбегі неде? Менің ойым­ша, ол мынандай секілді. Біріншіден, Н.Назарбаев өзінің Жар­лығымен жер жүзінде алғаш рет Се­мей­дегі ядролық тажал полигонын жапты, сөйтіп, жаһандық ядролық қарусыздану үдерісінің басталуына белгі берді. Екіншіден, ол КСРО-ның ядролық мұрасынан бас тартып, Қазақстанды ядро­лық қарусыз ел деп жариялады. Ядролық қаруды таратпау туралы келісімге қосылу және Ядролық қаруды сынауға тыйым салу туралы келісімге қол қою жөнінде шешім қабылдады. Үшіншіден, Н.Назарбаев ядролық клуб­тың барлық мүшелерінен, БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесінің тұрақты мүшелері – АҚШ, Ресей, Қытай, Ұлы­­­­британия, Францияда өз еліне қауіпсіздік кепілдігін алуға қол жеткізе алды. Төртіншіден, Қазақстан Президенті 1992 жылы БҰҰ мінбесінен Азиядағы өзара іс-қимыл және сенім шаралары кеңесін шақыру идеясын жария етіп, оны іске асырды. Он жылдан кейін Алматыда АӨСШК саммиті болып, осы үдерістерді инсти­тут­тандыру туралы маңызды құжаттар қабылданды. Бесіншіден, қазақстандық басшының бұрынғы кеңестік кеңістіктегі интегра­циялық идеялары да ақиқатқа айналды. 2000 жылы Астанада Еуразиялық Эко­но­ми­калық Қоғамдастық құрылды, он жыл­дан кейін – Кеден одағы дүниеге келді. Алтыншыдан, Н.Назарбаев қазақ­тар­дың ұлт ретінде қалыптасқаннан бергі та­рихында алғаш рет Қазақстанның көрші елдермен мемлекеттік шекарасын ресми түрде делимитациялады. Жетіншіден, Н.Назарбаев Ресеймен Достық, ынтымақтастық және өзара кө­мек туралы келісімге, Мәңгілік достық ту­ралы декларацияға, Қытаймен Тату көр­шілестік, достық, және ынтымақ­тас­тық туралы ке­лісімге, Орталық Азия ел­де­рімен Мәңгілік достық туралы келі­сім­ге қол қойды. Сөйтіп, біздің еліміздің бүкіл шекарасы бойында қауіпсіздік аймағы құрылды. Сегізіншіден, Қазақстан Н.Назар­баев­­тың басшылығымен тәуелсіздік жыл­дарында ТМД-дағы ең жоғары әлеу­меттік-экономикалық көрсеткіштерге қол жеткізді. Сөйтіп, халықаралық ор­тада өз орнын елеулі істерімен бекемдеді. Тоғызыншыдан, өткен ғасырдағы қуғын-сүргін жылдарында туған жерден амалсыздан қол үзген біздің көптеген қандастарымыз Қазақстанға оралды. Оныншыдан, Қазақстан ТМД мен Ор­талық Азия елдерінен алғаш рет ЕҚЫҰ секілді бірегей халық­аралық ұйым­ды басқаруға қол жеткізді. Одан басқа Қазақстанға Ислам Кон­фе­рен­­циясы ұйымы секілді беделді ұйымға төрағалық ету құқығы да берілді. Н.Назарбаевтың кон­фес­сияаралық келісім мен бейбітшілік туралы идеясы да өз жемісін берді. Сөйтіп, Астанада Әлем­дік және дәстүрлі діндер лидерлерінің үш форумы өтті. Әлемге танылу жолы – шырғалаңға толы, бірде тайғақ, бірде тұманды да ызғарлы, тос­қауылдары, сынақтары мен қиын­дықтары мол азапты жол. Н.Назар­ба­евтың да­ры­ны, жаңа тәуел­сіз Қа­зақстанды қалып­тас­ты­рудағы оның рөлі күмән туғыз­байды. Ол қазақ ұлты­ның бар­шаға, күллі әлемге танылған Елбасы. Ол осы атпен елі­мізді аймақтық ал­­пауыт мемлекеттер қата­ры­на қос­­қан біртуар тұл­­ға, мем­­­ле­кет қай­рат­­кері мен сая­­­сат­кер ре­­тін­де Та­­рих­қа енді. Қасым-Жомарт ТОҚАЕВ, Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының Төрағасы.