Қоғам • Бүгін, 12:45

Депутат: «Такси жүргізушісі» ұғымын заңнамалық тұрғыда бекіткен жөн

40 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

AMANAT» партиясы фракциясының Мәжілістегі жетекшісі Елнұр Бейсенбаев бүгін Мәжілістің жалпы отырысында депутаттық сауалын Көлік министрі Нұрлан Сауранбаевқа жолдады. Депутат такси жүргізушілері туралы мәселелерді көтерді, деп жазады Egemen.kz.

Депутат: «Такси жүргізушісі» ұғымын заңнамалық тұрғыда бекіткен жөн

Фото: Мәжіліс

Депутаттың айтуынша, Қазақстанда азаматтарды тасымалдау қызметі саласында 500 мыңнан астам такси жүргізушісі еңбек етеді. Алайда бұл көрсеткіш әлі күнге дейін ресми түрде нақтыланбаған. Платформалық сервистердің ешқайсысы такси жүргізушілерінің нақты саны туралы толық дерек ұсына алмай отыр.

«Бұл – қазіргі цифрлық қоғам жағдайында ақылға қонымсыз жағдай. Әсіресе Мемлекет басшысы цифрландыруға нақты міндеттер қойып отырған кезеңде бұл мәселе аса өзекті.

Агрегаторлар арқылы платформалық жұмыспен қамту бүгінде халықтың күнделікті өмірінің ажырамас бөлігіне айналды. Олар жыл сайын 150 миллионнан астам сапарды жүзеге асырады. Бұл – адамдардың өмірі мен денсаулығы. Біз оларды заңнамалық деңгейде қорғауға міндеттіміз», деді Е.Бейсенбаев.

Мәжілісменнің сөзінше, әртүрлі деректер бойынша көлемі 500 млрд теңгеге дейін жететін бұл нарықтағы құқықтық және заңнамалық «ойын ережелерімен» ең алдымен салалық министрлік пен агрегаторлардың өздері айналысуы тиіс. Қолданыстағы заңнамада әлі күнге дейін агрегаторлардың (Yandex, InDriver, Aparu және басқалар) негізгі процестерін көрсетпейтін советтік кезеңнің ұғымдары қолданылып келеді.

«Нәтижесінде олардың қызметі іс жүзінде «сұр аймақта» қалып отыр.
Жауапкершілік, қауіпсіздік стандарттары, алгоритмдердің ашықтығы, сақтандыру, жолаушылар мен жүргізушілердің құқықтарын қорғау мәселелері құқықтық алаңнан тыс қалған.

«Такси жүргізушісі» ұғымының өзі нақты айқындалмаған. Жүргізуші, таксопарк және агрегатор арасындағы жауапкершілік, құқықтар мен міндеттер бөлінбеген, бұл таксистердің әлеуметтік қорғалмауына алып келіп отыр», деді ол.

Елнұр Сабыржанұлының пікірінше, такси жүргізушілерінің күнделікті медициналық тексеруден өту талабы формалды сипатқа ие болып, іс жүзінде орындалып жатқан жоқ. Сонымен қоса, сапарлар сақтандырылмайтындықтан, жолаушылар мен жүргізушілердің қауіпсіздігі мәселесі де түсініксіз күйде қалып отыр. Сондай-ақ, таксистер ұсынатын мәліметтердің – жүргізуші куәлігінің, көліктің техникалық тексеруден өткені туралы және техникалық паспорттарының дұрыстығы тексерілмейді.

«Нәтижесінде тапсырыстарды жүргізуші куәлігі жоқ адамдардың, тіпті ең қауіптісі – оң рульді көліктермен жоғары жылдамдықпен қалааралық жолдарда жүретіндердің орындауына жол беріліп отыр.

Кейбір агрегаторлар сапардың нақты құны туралы ақпарат бермейді, қолма-қол ақшасыз төлем жасау мүмкіндігі жоқ.

Технологиялық мүмкіндіктер бола тұра, агрегаторлар көліктің жылдамдығын, қозғалысын, маршруттан ауытқуын бақыламайды. Бұл да жолаушылардың қауіпсіздігіне қатер төндіреді», деді Е.Сабыржанұлы.

Депутат сондай-ақ кейбір сервистердің қосымшаларында жедел қызметтерді шақыру жүйесі мен клиентпен тәулік бойы байланыс орнату мүмкіндігі қарастырылмағанын айтты.

«Осылайша, такси қызметін күнделікті пайдаланатын миллиондаған азамат әлеуетті қауіп-қатерге ұшырап отыр, ал жүргізушілер әлеуметтік тұрғыда қорғалмаған күйде қалып отыр», деді ол.

Осы мәселелерге байланысты Е.Бейсенбаев мынадай шешімдер қабылдауды қажет деп санайтынын айтты.

«Біріншіден, қайталануды болдырмау үшін ақпараттық-диспетчерлік қызмет пен цифрлық сервистердің функцияларын нақты ажырату.

Екіншіден, «Такси жүргізушісі» ұғымын заңнамалық тұрғыда бекітіп, оның мәртебесін, құқықтары мен міндеттерін айқындау. Такси жүргізушілерін тапсырысты үшінші тұлғаларға бермей, жеке өзі орындауға міндеттеу, сондай-ақ ең төменгі санитарлық талаптарды сақтау.

Үшіншіден, формалды күнделікті тексерулердің орнына міндетті тұрақты медициналық тексеру енгізу және медициналық бақылауды Денсаулық сақтау министрлігінің ақпараттық жүйелерімен интеграциялау арқылы автоматтандыру.

Төртіншіден, әрбір сапар бойынша жолаушылар мен жүргізушілердің өмірі мен денсаулығын сақтандыруды агрегаторларға міндеттеу.

Бесіншіден, жолаушыларды сапардың нақты құны туралы хабардар ету, жылдамдықты, қозғалысты, маршруттан ауытқуды бақылау, жүргізуші мен көлік деректерінің мемлекеттік дерекқорлар арқылы сәйкестігін тексеру», деді депутат.

Елнұр Бейсенбаев депутаттық сауалының соңында, «AMANAT» партиясы фракциясының депутаттары тиісті заңнамалық өзгерістерді әзірлеуге жан-жақты қолдау көрсетуге дайын екенін жеткізді.

Соңғы жаңалықтар