Қоғам • 05 Қаңтар, 2026

Атырау облысында жоғалып кеткен отбасы: тың деректер жарияланды

30 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Атырау облысы Қызылқоға ауданына қарасты Жангелдин ауылында бір отбасының түсініксіз жағдайда жоғалып кеткеніне алты айға жуық уақыт өтті. Қазіргі таңда республика көлемінде іздестіру шаралары жалғасуда, деп жазады Egemen.kz.

Атырау облысында жоғалып кеткен отбасы: тың деректер жарияланды

Алғаш болып 2025 жылдың жазында 32 жастағы Наурыз Мұқанғалиев жоғалған. Ол Ақтау қаласына жұмыс іздеп кеткеннен кейін байланысқа шықпай қалған. Туыстарының айтуынша, оның WhatsApp мессенджері ұзақ уақыт бойы белсенді болып тұрған, алайда полиция бұл қосылулардың телефон арқылы емес, компьютер арқылы жүзеге асқанын анықтаған.

Кейінірек Наурыздың ата-анасы мен әпкесінің де хабарсыз кеткені белгілі болды. Үйінде жарық сөніп тұрған, ұялы телефондар табылмаған. Ауладағы малдың бір бөлігі WhatsApp арқылы сатылып, түскен қаражат әкесінің Kaspi Bank-тегі есепшотына аударылған. Алайда бұл қаражат кейін пайдаланылмаған.

2025 жылдың қараша айында тағы бір дерек тіркеліп, отбасының тағы екі мүшесі – Ақбаян және оның күйеуі Сұлтанның да жоғалып кеткені анықталды. Ерлі-зайыпты сол күні жолға шығып, содан бері үйлеріне оралмаған. Қазіргі уақытта олардың кәмелетке толмаған бес баласы туыстарының қолында.

Ресми мәліметке сәйкес, аталған дерек бойынша қылмыстық іс тіркеліп, жедел-тергеу тобы құрылған. Іздестіру шараларына Ішкі істер министрлігінің қызметкерлері де тартылған. Барлық медициналық мекемелер, соның ішінде жекеменшік клиникалар тексерілген. Сонымен қатар ұялы телефон сигналдары Қазақстан аумағында бірнеше рет тіркеліп, соңғысы Шымкент қаласында анықталған.

Құқық қорғау органдары республика бойынша бағдарлар таратып, іздестіру жұмыстарын жалғастыруда.

Қазіргі уақытта бір әулеттің алты адамының қайда екені әлі белгісіз. Құзырлы органдар олардың аман-есен табылуы үшін барлық қажетті шараларды қабылдап жатыр.

Бұған дейін Атырау облысында бір отбасы жұмбақ жағдайда жоғалып кеткені хабарланды.

Соңғы жаңалықтар