09 Шілде, 2010

“КЕНЕСАРЫ-КҮНІМЖАН”

1622 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін
Басқыншыға бас имей, халқым­ның қайтсем азаттығын қорғап қаламын деп бүкіл өмірін бәйгеге тік­кен ардақты хан, жаужүрек ба­тыр Кенесарының тағдыры кімнің де болса жүрегін шымырлатпай қой­майды. Елім деп еңіреудің, жұр­тым деп тебіренудің үлгісі жайлы бір замандары Мұхтар Әуезов қа­лам тартса, сол үрдісті қазір та­лант­ты жазушы Думан Рамазан әр жа­нырда жалғастырып келеді. Оның “Кенесары-Күнімжан” драмасы ел­орда мерекесіне орай Қ.Қуаныш­ба­ев атындағы қазақ музыкалық дра­ма театрында алғаш рет қойылды. Драманы сахналаған – Қазақ­стан­ның еңбек сіңірген қайраткері Болат Ұзақов. Мұндағы басты оқиға азаттық үшін күрескен Кенесары мен Кү­німжан арасындағы шынайы сүйіс­пеншіліктен басталып, арты бітіс­пес дауға жалғасады. Күнімжан көр­кіне ақылы сай, қазақтың ерге бергісіз қызы еді. Ақмоланың аға сұл­таны Қоңырқұлжа дәулетін пұл­дап, қызметін құндап Күнімжанға үш үйір жылқы беріп, үшінші әйел­дікке өзіне атастырады. Осы тұста­ғы Кенесары мен Қоңыр­құл­жа арасындағы келіспеушілікті патша үкіметінің қазақ жеріндегі жан­дайшаптары тиімді пайда­ла­нып, “жабайыларды” бір-біріне ай­дап салып, қырғынға ұшыратуды көз­дейді. Бірақ әділдік, әділеттілік жеңіске жетеді. Патшаның өкілдері мен Қоңырқұлжа соңында халық­тың қаһарына ұшырап, бірін-бірі құрбандыққа шалады. Осындай трагедиялық көрініс­тер­ді театр әртістері әдемі ойнады. Тәу­елсіздікке жету жолының оңай болмағанын, қаншама арыстардың, аяулылардың шейіт болғанын баян­дап, сол жылдағы қайыспас қайрат­керлердің аузымен айтылатын ұлт­тық рухты жанитын сөздер көрер­мендерді серпілтіп қана қоймай, сер­гітіп, елдіктің алтын діңгегін тең­селтпей сақтағанда ғана мынан­дай қияметті күндерден аулақ бо­латынын сезіп отырды. Кенесары бейнесін сомдаған Сы­рым Қашқабаевтың, інісі Нау­рызбайды бейнелеген Жанат Оспа­нов­тың бойларындағы жігер мен қуат сол дәуірдің қилы кезеңін, кү­рес­керлер тұлғасын көз алдыңа әкелді. Ал Күнімжан – Айнұр Жетпісбаева қазақтың қызына тән ізет пен инабат, сұлулық пен сым­бат тең тү­суімен ерекше есте қал­ды. Қоңыр­құлжаны бейнелеген Жан­қалдыбек Төленбаевтың пат­шаның “оң көзі” саналатындарға жа­йылып төсек, иіліп жастық бо­лып, сұлтандық жолда халқын қан­сы­ратуға дейін баратын сәті, Кү­німжанды көрген кезде табанға тап­талуға әзір екен­ді­гі – оның бүкіл бол­мысын айна­дағыдай айқын­дай­ды. Сол секілді Горчаков, Карбы­шев секілді отар­лау­­шылардың жен­­дет­терін бейне­леу­де тың қадам жаса­лыпты. Бұрын мұндай бейнелер көп жағдайда қазақтан асып, сөзі тасып тұратын. Бұл жолы ондай асқақтық көп бай­қалмайды. Есесіне ұлтымыздың бет бейнесі, батыр тұлғалар алға шық­қан. Бұл пьеса­ның құндылығы да, жетістігі де осында жатқан тәрізді. Сүлеймен МӘМЕТ.