Алматы • Кеше

Алматыда LRT қашан іске қосылады?

2 мин
оқу үшін

Алматыда жеңіл рельсті көлік (LRT) желісінің алғашқы бағытын салу мерзімі белгілі болды. Қазіргі уақытта жоба мемлекеттік сараптамадан өтіп жатыр. Сонымен қатар қала әкімдігі құрылысқа қажетті жер телімдері мен жылжымайтын мүліктерді сатып алу жұмыстарын бастаған, деп хабарлайды Egemen.kz.

Алматыда LRT қашан іске қосылады?

фото: Алматы әкімдігі

Алматы қалалық жолаушылар көлігі мен жол қозғалысын ұйымдастыру басқармасының басшысы Ержан Диханбаевтың мәліметінше, жобаның техникалық-экономикалық негіздемесіне қатысты мемлекеттік сараптаманың қорытындысы 2026 жылдың шілде айында дайын болады деп күтіледі. Осыдан кейін құрылыс жұмыстарының белсенді кезеңі басталады.

Жоспар бойынша LRT құрылысы 2027 жылдың екінші тоқсанында басталып, 2029 жылдың екінші тоқсанында аяқталуы тиіс. Жоба аясында LRT желісімен қатар депо да салынады.

Бір билетпен екі адам өтуге болмайды: LRT басшылығы жолаушыларға ескерту жасады

Алғашқы желінің ұзындығы 18,3 шақырымды құрайды. Бағыт Төле би көшесімен өтіп, кейін Абылай хан даңғылы арқылы Алматы-2 вокзалына дейін жалғасады. Одан әрі Момышұлы көшесімен Алатау ауданындағы индустриялық аймаққа дейін барады.

Қазіргі таңда Төле би көшесінде ескі трамвай рельстерін бөлшектеу жұмыстары жүргізіліп жатыр. 

Жобаға сәйкес, желі екі бағытты болады. Барлығы 34 жолаушылар платформасы салынып, аялдамалардың арақашықтығы орта есеппен 700 метрді құрайды.

LRT құрылысына байланысты Алматы әкімдігі 270 жер телімі мен нысанды мемлекет қажетіне алу туралы қаулы шығарды. Оның ішінде тұрғын үйлер, коммерциялық нысандар және қала құрылымдарының балансындағы ғимараттар бар.

Жер телімдерін сатып алу жұмыстары Алмалы, Әуезов, Алатау және Жетісу аудандарын қамтиды. Сатып алу мерзімі 2028 жылдың 31 желтоқсанына дейін жалғасады.

Қосшыдағы LRT құрылысына байланысты 2 мыңнан астам ағаш көшіріледі

Жылжымайтын мүлік иелеріне нарықтық баға бойынша өтемақы төленеді. Егер меншік иесі ұсынылған сомамен келіспесе, мәселе сот арқылы шешіледі.

Соңғы жаңалықтар