Фото: istockphoto.com
Ұлттық статистика бюросының мәліметінше, ең көп арзандаған өнімдер қатарында қызанақ (8,5%), қияр (8,3%), жұмыртқа (1,5%), алма (1,1%), балық (0,4%), күнбағыс майы (0,2%) мен айран (0,1%) бар. Ал күріш, нан және сүт бағасы өзгеріссіз қалды.
Сонымен қатар 21 тауар түрі бойынша бағаның өсуі байқалды. Қырыққабат 7,9%-ға, пияз бен картоп 1,9%-ға, қант 1,6%-ға қымбаттады. Қалған өнімдердің баға өсімі 1%-дан аспады.
ҚҚС өсімі әлеуметтік маңызы бар азық-түлік бағасына әсер етті ме?
Өңірлер бойынша баға төрт облыста өсті. Атап айтқанда, Ақмола облысында баға 0,2%-ға, ал Атырау, Алматы және Солтүстік Қазақстан облыстарында 0,1%-ға артты. Астана мен Алматы қалаларында, сондай-ақ Қарағанды және Жамбыл облыстарында баға деңгейі тұрақты сақталды.
Бағаның төмендеуі 12 өңірде тіркелді. Ең жоғары төмендеу Қызылорда облысында (0,9%) байқалды. Сондай-ақ Ақтөбе, Ұлытау, Қостанай және Түркістан облыстарында баға 0,3%-ға, Маңғыстау, Батыс Қазақстан және Шығыс Қазақстан облыстарында 0,2%-ға, ал Шымкент қаласы, Павлодар, Абай және Жетісу облыстарында 0,1%-ға төмендеген.
Үш аптадан бері әлеуметтік маңызы бар азық-түлік бағалары тұрақтанып тұр
Сауда және интеграция министрлігінің мәліметінше, ішкі нарықты көкөніс өнімдерімен қамтамасыз ету мақсатында «KTZ Express» АҚ арқылы шамамен 28,9 мың тонна картоп, 8,6 мың тонна сәбіз, 4,7 мың тонна пияз және 200 тонна қырыққабат жеткізілген. Сонымен қатар ведомство қызанақ, қияр, жұмыртқа, күнбағыс майы мен сиыр еті бағасын тұрақтандыруға бағытталған меморандумдар өз күшінде екенін хабарлады.
Айта кетейік, елімізде бірінші тоқсан қорытындысы бойынша әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарлары бағасының өсу қарқыны 3 есе төмендеген. Сауда және интеграция бірінші вице-министрі Айжан Бижанова нарықтағы оң өзгерістерді жылыжай шаруашылықтарын қолдау бағдарламасының әсерімен байланыстырды.