Ішкі істер министрлігі елімізде жол қауіпсіздігін арттыру мақсатында жүйелі жұмысты жалғастырып келеді. Жол-көлік оқиғаларының алдын алу – басым міндет. Осы орайда қолға алынған тиімді шараның бірі – автокөлік жолдарында көлік құралдарының орташа жылдамдығын бақылау.
ІІМ өкілінің айтуынша, бұл қауіпті маневрлердің, жылдамдықты күрт арттырудың алдын алып, жүргізушілердің бүкіл жол бойында белгіленген жылдамдық режімін сақтауына ықпал етеді.
«2025 жылғы 17 наурыздан бері республикалық маңызы бар, ақылы автожолдардың шамамен екі мың шақырымды құрайтын сегіз учаскесінде орташа жылдамдықты бақылау жүзеге асырылып келеді. Биыл 10 шілдеден бастап бұл жүйе 525 шақырым болатын тағы бес учаскеде іске қосылды. Олар – Ақтөбе – Қандыағаш, Алматы – Қорғас, Көкшетау – Петропавл, Астана – Теміртау және Астана – Щучинск автожолдарының қосымша учаскелері. Сонымен қатар қазіргі уақытта жалпы ұзындығы шамамен 2,5 мың шақырым болатын тағы 14 ақылы жол учаскесін кезең-кезеңмен осы жүйеге қосу мәселесі қарастырылып жатыр», деді А.Боранова.
Оның айтуынша, орташа жылдамдықты бақылау жүйесін енгізудегі басты мақсат – жүргізушілерді жазалау емес, адам өмірін сақтау. Статистикаға сәйкес, жылдамдықты шамадан тыс арттыру ауыр зардаптарға әкелетін жол-көлік оқиғаларының негізгі себептерінің бірі болып қалып отыр.
«Барлық жүргізушіні белгіленген жылдамдық режімін сақтауға, жолда мұқият әрі жауапты болуға шақырамыз. Жылдам жүремін деп үнемделген бірнеше минут адам өмірінен қымбат емес. Жол қауіпсіздігі әрқайсымыздың сана-сезімімізге байланысты. Өздеріңізді және жақындарыңызды сақтаңыздар!», деді ІІМ өкілі.