Тіл бағдарламасының жобасын талқылаймыз
ТІЛІМІЗБЕН КӨГЕРЕР КӨСЕГЕМІЗ
Иә, көсегеміз көгерсе, тілімізбен бірге көгереді. Тілсіз дәулет те орта, бақыт та орта. Ана тіліміз жетімсіреп жүргенде, тамағымыз тоқ, көйлегіміз көк болса да, жетім баланың күйін кешкенбіз.
Жүрегіме шаншу боп қадалады, Бір ұлың ұмытса егер ана тілін, – деп зар шеккенбіз бәріміз. Бір ұл емес, жүз мыңдаған ұл-қыздарымыз ана тілінен ажырап, ұлттық қасиеттерін жоғалтып, ол аз болғандай жастарымыз жат діндерге жаппай кіріп жатқанда, сан соғып, аһ ұрғанбыз. Бұдан 21 жыл бұрын Алматыда М.Әуезов атындағы драма театрында Ана тілінің тұңғыш құрылтайы өткізіліп, “Қазақ тілі” қоғамы құрылғанда, қуаныштан жас домалаған. Сол құрылтайда Шығыс Қазақстаннан келіп, сөз сөйлеген делегат мынадай бір сұмдықты айтып берген. Ауылдан қалаға келген бір кейуана ауыл адамының аңқылдақтығына басып, сатушыдан “Қызым, мына заттардың бағасы қанша?” деп қазақша сұрақ қойса, сатушы: “Говори человеческим языком” деп ұрсып тастапты. Міне, бір кезде Ленин “ұлы державалық орыс шовинизмі” деп анықтама берген кеңестік шовинистердің бізге жасаған өктемдіктері мен қорлық-зорлықтарының бір сорақы көрінісі. Қазақ тілін, басқа да ұлттар тілін адам тіліне санамаған ғой. Неткен шектен шыққан өктемдік десейші. Амал жоқ, сол зорлық-зомбылықтарға тілімізді тістей жүріп шыдадық, төздік.
Көп ұзамай тәуелсіздікке жол жеткізіп, көзіміз ашылды. Қазақ тілі мемлекеттік тіл болып жарияланып, мәртебесі жоғарылап, оған қоса өзіміздің де езілген еңсеміз жазылып көтеріліп қалды. Қазақ тілінің қолданыс аясы да кеңейіп келеді десем, “Тілдерді қолдану мен дамытудың 2011-2020 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасының” жобасы жариялануы және оның Үкіметтің кеңейтілген мәжілісінде жарияланып, талқылануы қазақ тілінің тынысын ашып, жаңа тың серпіліс тудыратыны айдан анық.
Өз тізгініміз өзімізде бола тұра, қазақ тілінің қолданыс аясын ойдағыдай кеңіте алмай, мимырт жүріспен шабандап қалғанымыз өзіміз түгіл өзге алыс елдердің адамдарын да таңдандыруда. Италияндық жиһанкез кәсіпкер Ренальдо Гаспарини: “Мен әлемнің 141 елін аралаған адаммын. Солардың ішінде өз мемлекетінде өз тілінде өмір сүре алмай отырған бейшара халықты көрдім. Ол – Қазақстан халқы екен”, – депті. Жанға бататын, намыстанатын сөз. Бағдарлама бойынша арқаны кеңге салып, өз тілімізде – мемлекеттік тілде толық өмір сүруді тағы он жылға созып отырмыз. Бағдарлама туралы алғашқы пікір айтушылар онсыз да бақандай жиырма жылға созылған тілді одан әрі сағыздай соза түсу деп сынға алуда. Шынында, намысқа тырысып, осы ұзақ мерзімді аз да болса қысқартып, тым болмаса, сегіз жылға түсірсек дөп болар еді.
Бұл бағдарлама зиялылардың ғана емес, жалпы халықтың талқылауына ұсынылып отыр. Демек, ол қарапайым халықтың түсінуіне лайықталып дайындалуы керек еді. Бағдарламаның алдымен орыс тілінде даярланып, сосын қазақ тіліне аударылғаны көзге ұрып тұр. Мәтіндердің түсінікті болуына мән берілмеген. Үкіметтің көптеген заңдарын жалпы жұрт оқып жатпайды. Олардың әрқайсысы тиісті ортаға, мекемелерге арналған. Ал аталмыш бағдарламаны әр қазақ, әр отбасы мүшелері оқып, түсініп, оны өмірде басшылыққа алулары керек. Бұл іс сол үшін қолға алынып отыр емес пе. “Бағдарламаның мақсаттары” атты бағанда “Мемлекеттік тіл – ұлт бірлігінің негізгі факторы” делінген. Бір кезде “адам факторы” деген тіркесті Горбачев пайдаланып, қолданысқа қосып жіберген. Горбачевтің өзі кетсе де, сол сөзі қалып, оны көрінген жерге тықпалай береміз. Жоғарыда ол сөз маңызды сөздің маңызын кетіріп тұр. Ол жолды: “Мемлекеттік тіл – ұлт бірлігінің негізгі ұйытқысы” деп қазақ ұғымына лайықтап жазу керек. Әдетте, бірлігі жарасқан отбасын, көршілерді немесе тату-тәтті тұрмыс түзеп жатқан ауылды көргенде “сүттей ұйып” деген әдемі сөзді қолданамыз.
“Бағдарламаның басты мақсаттары” бағанында “... ұлт бірлігін нығайтудың маңызды факторы” дегендегі фактордың орнына “тетігі” деген түсінікті сөзіміз өз-өзінен сұранып тұр. Тегінде “фактор” – кісі қызығарлық сөз емес, кезінде орыстардың өзі “адам факторы” дегенге оңған сөз емес деп іш тартпаған.
Сол сияқты “... креативті шешімдер орталығын құру”, “қазақ тілінің ұлттық корпусын жасау”, “элективтік қосымша курстарда оқытып” дегендерді қарапайым оқырманға ұғынықты етіп, қазақша мағынасын беретін сөздермен түзеу керек емес пе. Басқа да түсініп болмастай тіркестер толып жатыр. Мысалы: “Мақсатты аудиториялардың ерекшеліктерін ескере отырып, әр тұрғыдан алынған жағымды бейнелерді әзірлеу”, – деген сөйлемнен не ұғуға болады? Жағымды бейне – әдеби тілде ұнамды образ. Сонда сол ұнамды образды әр тұрғыдан қалай алып әзірлемекпіз? Алдымен, әр тұрғымыз – қай тұрғы? Мұндағы жағымды бейне деп отырғандары тірі адам ба, әлде әдеби кейіпкерлер ме? Сонымен бірге, мына қалпында қалдыруға мүлдем болмайтын төмендегі сөйлемдерді арнайы көрсетуге тура келеді. Олар №4 тарауда: “Алдағы он жылда – 2011-2020 жылдардағы кезеңде тіл құрылысының логикасы еліміздегі қоғамдық-саяси ахуалдың тұрақтылығына елеулі қауіп-қатер әкелуі мүмкін бірқатар проблемалық аспектілердің болуынан туындайды”.
“Сонымен қатар мемлекеттік тілді қолданудың беделін арттыру, оны отбасы құндылығы ретінде танытып, кеңінен тарату мәселелерінің маңызды тізбесі, сондай-ақ тіл саласындағы келеңсіз дақпырттардың және таптаурын ұғымдардың орын алуы проблемалық жағдай болып табылады”.
Екі абзацтағы құрмалас сөйлемдердің құрылысы дұрыс құрылмаған, мағыналары қайшылыққа толы. Не айтып тұрғаны түсініксіз. Сосын тіл саласындағы келеңсіз дақпырттар деген не дақпырт? Оны бұл жерге неге тықпалаған. Аспект деген шет терминді де әр жерде орынды қолдана берген.
“Мемлекеттік тілді қолдануды көпшілікке тарату” тақырыбының 4-тарауы “Мемлекеттік тілді қолдану мәселелеріндегі келеңсіз таптаурын ұғымдарды жою” деп аталады. Осындағы төрт баптың төртеуі де мүлдем келісуге болмайтын қайшылыққа толы мәселе. Мемлекет аяусыз күресіп әрі алдын алып, жоймақшы болып отырған келеңсіз таптаурын ұғымдар дегені не ұғымдар? Бұл баптар арнайы түсінік беруді, талдауды керек етеді. Мемлекет осы бағдарламаны жасай отырып, соны жүзеге асыру барысында әлденеден қауіптенетін және сол қауіппен күресу үшін өзін-өзі алдын ала сақтандырып, осы баптарды енгізіп отырған сыңай танытады. Мағынасы бұлдыр баптар деуге толық негіз бар.
Ал жалпы бағдарламаға келер болсақ, мемлекеттік тілді қолдану мен дамытуда оның зор рөл атқарары сөзсіз. Бағдарлама сөзінің сол рөлін жақсы атқаруы үшін алдымен оның мәтініндегі көптеген келеңсіз, түсініксіз, ұғымсыз орашалақ құрылған сөйлемдерді, сөздерді түзеп, өңдеп қазақшалау қажет.
“Мемлекеттік тілдің жағымды бейнесін қалыптастыру” деген тіркес бар. Жағымды сөзі тілімізге жарасып тұрған жоқ. Оны “көркем бейнесін” деп өзгерткен ләзім. Өйткені, қазақ тілі әлемдегі әрі шешен, әрі көркем тілдердің біріне жатады. Ендеше, оны бұрын жағымсыз болғандай, ендігі қолдан жағымды етіп әрекет етіп жатқандай болуымыздың жөні қайсы.
Келесі түзейтін тіркес: – “Мемлекеттік тілде сөйлеуші адамның жағымды бейнесін қалыптастыру”, “Түйенің танығаны жантақ” дегендей тағы да жағымды сөзіне жармасқан. Бұл жөнінде айтарымыз, “жағымды” да “беделді” де емес, білікті бейнесін деу керек. Білікті сөзінің мағынасы жағымдыдан да, беделдіден де, білімдіден де терең әрі биік, мәнді.
Бұларға қосарымыз, бұдан да бұрын тілдерді дамытудың 2001-2010 жылдарға арналған бағдарламасы болған. Сол бойынша біраз жұмыстар атқарылған, бірақ ол көздеген мақсатқа қол жеткізбеді. Бүгінге дейін мемлекеттік тілге көше алмай отырмыз. Сол кемшіліктердің бәрін үкіметке жаба беретініміз бар. Қазақтар өзіміз не істеп, не тындырып отырмыз деп өзімізге-өзіміз сұрақ қоялықшы. Президентіміз Н.Назарбаевтың “Қазақ қазақпен қазақша сөйлессін!” деп сөз тастап, жар салғаны қашан! Соны ұран етіп әрі қарай алып кете алдық па? Жоқ. Бір-бірімізден, балаларымыз бен немерелерімізден соны табандылықпен талап етіп жүрміз бе? Жоқ.
Әр ауданда, әр қалада, Алматы мен Астанада қазақ тілі қоғамдары мен тіл комитеттері, департаменттер бар. Солардың тым болмаса біреуі жоғарыдағы сөзді ұран етіп көшелердің көрікті жерлеріне жазып қойды ма екен? Жоқ. Бұл – шайнап бергенді жұта алмай отырмыз деген сөз. Неге оны автобустар мен басқа да көпшілік көліктерінің ішіне жазып, іліп, не жапсырып қоймасқа деген сұрақ туады.
Орысша сөйлесіп бара жатқан өз жастарымызға “Қарақтарым-ау, қазақша неге сөйлеспейсіңдер, неге үйренбейсіңдер” деп ескерту жасап не ақыл айтып көрдік пе? Жоқ. Бірдеңе деп өзімізге сөйлеп жүрер деп жасқанамыз. Қорқақпыз, намыссызбыз, ынжықпыз.
Елбасымыз, міне, тағы да: “... Қазақ тілінің одан әрі дамуы үшін барлық күш-жігерімізді салуымыз керек”, – деп ұран тастап отыр. Енді осыны іліп әкетіп, көрінетін жердің бәріне неге ілмеске, неге оны қару етпеске. Соны тілге тиек ете отырып, тиісті жерлерде талап етейік. Қазақ тілін білуді алдымен қазақтардың өздерінен қатаң талап етейік. Сөзге келетін жерде тайсақтамайық.
Мемлекеттік рәміздерімізді қорлағандарды жазалайтын заң баптары бар. Талқыланып отырған бағдарламаға мемлекеттік тіл – қазақ тілін қорлаған немесе оған тіл тигізгендерге жаза қолдану жөнінде арнайы бап енгізу керек деп ұсыныс айтамын. Өткен жылы “Время” газетінде (16.04.2009 ж.) өлеңдерін орыс тілінде жазатын Ербол Жұмағұлов деген “Хана тілі” деген мақала жариялап, қазақ тілін мазақ еткен. Сонда ол қазақ тілін құрыған, құритын тіл деп тіл тигізіп, қорлап отыр емес пе. Өзбек не чешендер болса, ондай іштен шыққан шұбар жыланды тәубесіне келтірер еді, немесе елден аластар еді. Бұдан кейін бізді жат та, жақын да басымызға шығып басынбағанда қайтеді. Өз тілімізді өзіміз құрметтемей отырып, өзгелерден қалай талап етеміз.
Демек, алдымен шала қазақтарымызды таза қазақтар қатарына қосу үшін күш салайық, сол үшін күресейік. Сөйтіп, жалаң сөзден нақты іске көшейік демекпін. Ол үшін ұлттық намысты оятпай болмайды. Парламент Мәжілісінің депутаты Бекболат Тілеуханов осы мақсатпен “Оян, Намыс!” атты журнал шығарып жатыр. Міне, азамат! Қолдайық оны.
Қазақтардың қай-қайсысының да жүректерінде намыс отының сөнбеген қоламтасы бар. Соны үрлеп, қайта жандырайық. Сонда мемлекеттік тіл – қазақ тілінің қолдану аясы да қарқынды түрде кеңи түседі.
Сонда осынау “Тілдерді қолдану мен дамытудың 2011-2020 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасын да әлі он жылға созбай, одан ертерек жүзеге асыруға қол жеткізуге болады.
Көсегеміз көгерер тілімізбен,
Тіліміз тең көктегі күнімізбен.
Туған тіл тұғырында нық тұрғанда,
Жарқын сөз – жыр төгілер үнімізден.
Жұма-Назар СОМЖҮРЕК, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі, сыншы.
ОНОМАСТИКА – ЕЛІМІЗДІҢ АЙНАСЫ
Ұсынылып отырған он жылдық бағдарлама жобасы негізінен кейінгі өткен он жылдағы қол жеткен жетістіктердің қорытындысы мен алдағы атқарылар істердің бағыт-бағдары шеңберінде туындап отыр. Алдымен жобада айқындалған міндеттер құрылғанына бес жыл толған тілдерді дамыту басқармаларының тәжірибелік ұсыныстары негізінде жасалған.
Біздің еліміздің ономастикалық бедеріне үлкен ақау түскені аян. Ұлттық, тарихи сананы өшіру үшін елді мекен атауларын орысшаға отарлау саясатының идеологиясы өзгертті. Енді қазақ жанын тірілту үшін ономастика комиссиясының жұмысын жеделдету керек. Жаңа қарқын керек. Демография, түсінік, моральдық-психологиялық жағдай өзгерді. Тарихи сананы қалыптастыру жедел жүруі қажет. Сондықтан жобадағы Қазақстан Республикасының “Қазақстан Республикасының әкімшілік-аумақтық құрылысы туралы” Заңына түбегейлі өзгерістер енгізу қажет етіледі. Өйткені, заңның қабылданған уақытының өзі он жеті жылды қамтиды. Сол кездің үні, уақыт өлшемі, жағдайы қазір мықтап өзгерді. Қазірде елімізде өз тіліне деген патриоттық сезім өсті. Жобадағы қазақ тілінің лингвистикалық кеңістігін одан әрі кеңейту жөніндегі шараларындағы қоғамдық пікірді білу, БАҚ-ты кеңінен пайдалану жөніндегі ұсыныс дұрыс. Алайда, заңдағы елді мекендерге атау беруде өкілді және атқарушы органдардың тиісті аумақ халқының пікірін ескере отырып шешім алуы үлкен қиыншылықтар алып келуде. Неге? Өйткені, жергілікті тұрғындар саны өзге ұлтты басым құрайтын елді мекендердегі халықтың тарихи атаулары дәлелденіп отырса да, олар қайта атауға қарсы шығатын жағдайлар аз емес. Мәселен, біздің облыстың Мәртөк ауданының Горноводск атауы зерттеушілердің пайымдауы бойынша, Байнассай ауылымен бір уақытта құрылып, Бұлақтысай болған. Осы аудандағы Вознесеновка селосы Аққұдық деп аталған. Бұл да тарихи дәлел. Картадағы Вознесеновка атауы 1899-1914 жылдарда түскен. Украинаның 14 губерниясынан қоныстанушылардың легі 1914 жылы келе бастаған. Полтава, Киев, Херсон, Чернигов губернияларынан көшіп келгендердің әсерімен қазақ атаулары ығыстырылып жіберілген. Екінші нұсқада зерттеушілер ауылдың атауын “Вознесения господня” мейрамымен байланыстырады. “Покровка” атауы да осыған саяды. Яғни, бірінші қардың жұқа түсуінен ырымдық жору мақсатындағы атау. Діни негіз. Оның тарихи атауы бар. Тіпті, тарихи атауы табылмаса да сол маңайдағы жердің табаны қазақ тілінде аталып, пайда болғаны рас. Осындай атаулары дәлелденген немесе сол жердің қасындағы жер-су атауларымен негізделген болса да іс ілгері баспай тұр. Осындай мысалдар көп. Қазақстан Республикасының “Қазақстан Республикасының әкімшілік-аумақтық құрылысы туралы” Заңының баптарына өзгеріс енгізілуі керек екендігі жөнінде әңгіме қозғалғанына да біраз болды. Егер ауылдың тарихи атауы дәлелденген жағдайда оны жергілікті тұрғындар талқысына салудың қажеті қанша? Сол себепті өзгерту құзыреті жергілікті ономастикалық комиссияның саралауынан кейін, алдымен аудандық, одан соң облыстық атқарушы және өкілді органға берілсе, мәселенің түйіні шешілер еді.
Елді мекен, мектеп, көше басқа да объектілерді адам атымен атау жөнінде арнайы ереже, реестр жасалып, онда ұлы адамдардың ғана есімдерін ұлықтау жөнінде критерий болғаны жөн. Үкімет қаулысымен бекітілген ережеде ол нақты көрсетілгені дұрыс болар еді. Еліміздің тарихында аты қалған қайраткер адамдарға берілуі керек. Ал қазір ауыл аумағында ғана белгілі азаматтарға “ауылдың аты атама, көшенің аты көкеме” деген үрдіспен билігі мен ақшасы жеткендер өз жақындарына атау алып беріп, тарихтың төрінен оларға да орын беріліп жатыр. Олар кезеңдік адамдар есімдері, тарихи тұлғалар емес, ауыл, аудан көлеміндегі жақсы қызмет жасаған қызметкерлер. Олардың есімдерін есте сақтаудың басқа жолдары бар.
Екінші өткір мәселе – кісі есімі атауларын және көрнекі ақпаратты сәйкестендіруді жүзеге асыру. Ұлты қазақ азаматтарының есімдерінің жазылу қалпын әзірлеу керек деп түсінеміз. Отаршылық психологиядан арылу керек. Оның қоғамдық саяси, адами, ұлттық менталитеттік мәні, құжаттық маңызы бар. Әңгіме тектегі “ов”, “ева” туралы болуы керек. Мәселенің басын ашып алған жөн. Аты-жөнді қазақ тілі нормаларына сәйкестендіруді заңдастыруды құптаймыз. Алдымен адам есімі, содан соң тегі немесе әкесінің аты жазылғаны жөн. Ертеде фамилия деген болмаған, есімі мен әкесінің аты, тіпті туған жерінің атауы келтірілген. Меніңше, туған жерді есімге қосып жазу дұрыс емес. Неге десеңіз, айталық, Тарази деген атаумен Жамбыл облысында туған он мыңдаған адам біртектес болып кетер еді. Сол себепті “қазаншының еркі бар, қайдан құлақ шығарса” принципінен ауытқып, есім мен тегін заңдастырғанды қалаймыз.
Ал, көрнекі ақпараттарды екі тілде, оның өзінде қазақ тіліне калька ретінде аударма қылып пайдалану нәтиже әкеліп жүрген жоқ. Қазақстан көп ұлтты мемлекет. Ондағы барлық ұлт өкілдері тең құқылы. Олай болса, мемлекеттік тілде және орыс тілінде жазылу қажеттігі жөніндегі тәртіп өзгертілуге жатады. Жарнамалардың кез келгені бір ғана мемлекеттік тілде жазылып ілінгені ешкімді ренжіте қоймайды. Қайта мемлекеттік тілге деген құрмет артып, оның беделі мен қолданыс аясы кеңейеді. Ал, көркем безендіру бөлек әңгіме және онда ұлттық менталитетті басымдықпен көрсету қажет.
Еркін ҚҰРМАНБЕК, Ақтөбе облыстық қоғамдық саяси кеңес төрағасының орынбасары, облыстық ономастика комиссиясының мүшесі.
ҚАЗАҚ ТІЛІ ЕСЕБІНЕН БОЛМАСЫН
Тілдерді қолдану мен дамытуға байланысты мемлекеттік бағдарламамен толық танысып шықтық. Онда бағдарламаның басты мақсаты ретінде Қазақстанда тұратын барлық этностар тілдерінің сақталуы жағдайында ұлт бірлігін нығайту жайлы көрсетілген екен. Осы тұсты оқығанда, сонау бодандық дәуірден келе жатқан жасқаншақтық екі иықтан басып тұрғандай көрінді.
Бағдарламадағы орыс тілінің функциясын сақтау деген осыны байқатады.
Мемлекеттік тіл – қазақ тілі дегенімізбен орыс тілінің қолданылуы аясы өте үлкен екендігі өзімізге белгілі. Мемлекеттік жиындар әлі күнге дейін көрші мемлекеттің тілінде жүргізіледі. Ата-бабасында өзге ұлттың бір қасық қаны жоқ қазақ шенеуніктерінің өз ана тілінде сөйлеуді қорсынып, орыс тілінде жосылтатынын күнде көріп жүрміз.
Оңтүстік Қазақстан облысы –қазақы облыс саналады. Соның өзінде кейде басқа мемлекетте жүргендей сезінетін уақыттар болады.
Астанадан келген шенеуніктер залдан басы сарғайып отырған екі-үш адамды көрсе “арамызда өзге ұлт өкілдері отыр екен, енді жалпыға ортақ түсінікті тілде сөйлейік” дейді де орысшаға ойысады. Сонда түсініксіз тілі мемлекеттік тіл – қазақ тілі ме?! Бұл ұлтты – қорлау.
Өз тарихи отанынан тысқары тұратын басқа этностар бір халыққа ренжімесе ол – қазақтар болар. Кавказ халықтарын репрессияда бір күнде мал қамайтын вагондарға тиеп, су, тамақ бермей Қазақстанға әкеліп төкті. Қазақ қоржын тамының жартысын бөліп беріп, жеп отырған тамағының жартысын бала-шағасының аузынан жырып алдына қойды. Аштан қырылудан аман алып қалды. Қазақтардың жақсылығын ұмытып, тіліне қарсы шығып жүрген бүгінгі кейбіреулері болмаса аға буыны еш ұмытқан емес. Сақалдарынан жас тамып, әлі күнге рахмет айтып отырады. Сахалиннан Қазақстанға жер аударылған корейлер де қазақ дәмінің арқасында іргесі бүтінделді, иығындағы жыртығын жапты.
Осы халықтардың барлығы өз тағдырында соққыны көп көрген қазақ халқы тілін түзеймін десе қарсы болмаса керек.
Осындайда еске түседі, қазақтың жақсылығын көрген, төріне шыққан, қисапсыз байлыққа ие болған оңтүстіктегілер өз баламыз деп еркелететін сол Терещенко сонау бір кездері “Менің Мұхтар Шаханов досым дүниеге келген Қызылқұм өңірінде орыс тілі ұмытылып бара жатыр” деп зілденіп дабыл қаққаны бар. Міне, осы азамат Солтүстік Қазақстан, Орталық Қазақстан, Қостанай мен Шығыста Өскеменде қазақ тілі есік көзінде қалып келе жатқанын жақсы білетін еді. Соны неге айтпады?!.
Әсілі, бәрі жиналып келіп бір Асылы Османова апамызға жетпейді. Қазақ құрмет көрсетсе осы кісіге көрсету керек. Ескерткіш орнатсаң бір кездердегідей қолдан жасаған батырларға емес, қазақ жерінің, тілінің тұтастығына қызмет етіп жүрген осындай азаматтарға орнатайық.
Мемлекеттік бағдарлама – мазмұны жағынан мықты, оған дауымыз жоқ. Әрі тарт пен бері тартқа салсақ, қазақ тілінің көсегесі көгермейтіндіктен кейбір жайттарды ащы айттық.
Қазақстанда тұратын барша этностардың өздерінің тарихи Отандары бар. Олар мемлекеттік тілін ешкімге кеудеден бастырмайды.
Ұлтаралық қатынас, ынтымақ тұрғысынан басқа этностардың тілін дамытуға көмектесуге болады, бірақ ол – қазақ тілінің есебінен болмауы керек. Себебі, қазақ тілінің басқа жерде көгеретін Отаны жоқ.
Қанатбек ДОСАЛИЕВ, ОҚО құқық және салалық технологиялар колледжінің директоры, облыстық мәслихаттың депутаты.Шымкент.
ЕНДІ ШЕГІНЕТІН ЖОЛ ЖОҚ
Еліміз егемендікке қол жеткізгеннен бергі жерде мемлекеттік тіл мәселесі туралы айтылудай-ақ айтылып, соған орай қабылданған қаулы-қарарлардан кенде емеспіз. Осы орайда, ауызды құрғақ шөппен сүрткеніміз жөн болмас. Өткен жиырма жылға жуық уақыт ішінде қазақ тіліндегі мектептер мен балалар бақшалардың, газеттер мен телеканалдардың, театрлардың тағы басқалардың көптеп ашылғанын кім жоққа шығарады. Бұрынғыдай емес, ағайындарымыз көшеде, көлік ішінде бір-бірімен ешкімнен қымсынбай өз тілінде сөйлесетін болды. Оған, әрине тәубе дейсің.
Сонымен бірге тілдерді дамыту туралы бұрынғы бағдарламаларымыздың жартылай ғана орындалып келгенін кімнен, несіне жасырарсың! Елбасымыздың айтқанына орай қазақ қазақпен қазақша сөйлесе бастағанмен, билік басындағы ағайындар арасында тілге байланысты соншалықты серпіліс бола қоймағаны шындық. Мемлекеттік мекемелерде іс қағаздарын жүргізуді пәлен пайыз мемлекеттік тілге көшірдік деп жатамыз. Ал шындығында соның бәрі сондағы аудармашылардың “арқасы”. Яғни, мекеме, ұйымдарға келетін, кететін хат-құжаттарды ретке келтіріп жататын солар. Мұның соңы көзбояушылыққа ұласып жататынын кім білмейді. Сондықтан ендігі жерде аудармашылардың мұндай жартыкеш көмегіне сүйенудің қажеті жоқ деп білемін.
Айғайлай-айғайлай қасқырдан ұят болды демекші, қазіргі күні елімізге ағылып келіп жатқан шетелдіктерден ұят-ақ болды. Олардың бәрі демесек те, көбі біздің елге келерде қазақ тілін меңгеру мақсатымен бір жылдай дайындалатын көрінеді. Өкінішке қарай, олар Қазақстанға келген соң тілге байланысты нақты жағдайды көріп, білгеннен кейін басқаша шешім қабылдайтыны да өтірік емес.
Тілдерді қолдану мен дамытудың 2011-2020 жылдарға арналған бұл жолғы мемлекеттік бағдарламасында халықаралық кездесулерді өткізу, халықаралық шарттарды, келісімдерді және басқа да халықаралық актілерді ресімдеу кезінде мемлекеттік тілдің қолдануын кеңейту қажеттілігі атап көрсетілген. Осы орайда бағдарламада еліміздің Үкіметі, Сенаты мен Мәжілісі халықаралық кездесулерін мемлекеттік тілде өткізулері керек деп атап көрсетілуі тиіс. Қатты кетті десеңіздер, өздеріңіз біліңіздер, ендігі жерде бұрынғы отаршы елдің тілінде келіссөз жүргізу – елдігімізге сын.
Тағы бір айтайын дегенім, бағдарламаны іске асыруға тиісті жауапты мемлекеттік органдардан жаңағы үш ең құзырлы органдар неге сырт қалуы керек? Сонсоң бұл шаруа жекелеген емес, барлық министрліктердің абзал борышына айналуы қажет деп білемін. Өйткені, енді шегінетін жер қалған жоқ. Ал әр он жыл сайын қаулы-қарар қабылдағаннан ештеңе өзгермейді. Сондықтан басшымыз бар, қосшымыз бар осы соңғы мүмкіндікті мейлінше тиімді пайдаланғанымыз жөн.
Рас, бұл жолғы бағдарламада тілді дамытуға байланысты көптеген келелі мәселелер қамтылған. Тек солардың қай жылы нақтылы жүзеге асатыны дәйектелмеген. Айталық, мемлекеттік тілге сұранысты арттыру деген тармақта мемлекеттік тілде хабар тарататын телеарна құру қажеттілігі сөз болғанмен, оның мерзімі көрсетілмеген. Ал ондай жерде бәрін кейінге сырғыта беретін жаман әдетіміз бар ғой. Сондықтан жаңа бағдарламада белгіленген игі шараларды кейінге сырғытпай, бірден іске кірісіп кеткеніміз жөн болар еді.
Сонсоң жаңа бағдарламада тіл тазалығы туралы айтылмапты. Ал қазірде таралымы аз болғанмен газет, журналдар, кітаптар көбейіп келеді. Солардың көбінің тілі еш сын көтермейді. Мемлекеттік тілді дамыту барысында тіл тазалығын ойламаса болмайды. Сонау заманда жасы отызға келмей жатып опат болған Сұлтанмахмұттың өзі тіліміздің шұбарланып бара жатқанын ойлап қамыққан. Сол себептен де, бастан сирақ жасап жатқандарға тосқауыл қоятын кез жетті деп білемін. Тіл тазалығы дегенде оның өлшемі Абай тілі болуы керек. Болмаса біздің ауылда осылай сөйлейді деп жүре бермекшіміз бе?
Сөзімнің соңында жоғары оқу орнының маманы ретінде тағы бір ұсыныс айта кетсем деймін. Егемендікке қол жеткізгеннен бергі жерде бұл салада да оңды өзгерістер аз емес. Яғни, қай жоғары оқу орнында болсын, қазақ топтары ашылуда. Бірақ оған бөлінген сағат әлі де аз. Қазақ тілін оқытуда бір жылмен шектеліп қалып жүрміз. Өз басым болашақ мамандар бір жыл ішінде мемлекеттік тілде сайрап кетеді дегенге сенбеймін. Сондықтан жаңа бағдарламада жоғары оқу орындарында мемлекеттік тілді оқыту жайы өз көрінісін тапса деймін. Сонда бала бақша, мектептен басталған тілге деген құрмет әрі қарай да заңды жалғасын табар еді.
Иә, сонымен енді шегінер жер жоқ. Ал мұндай мүмкіндікті пайдалана алмай қалсақ, кімге өкпелегендейміз. Ендеше, бұл мәселеде белді бекем буып, етек-жеңімізді қымтамасақ болмайды!
Арап ЕСПЕНБЕТОВ, Шәкәрім атындағы Семей мемлекеттік университеті гуманитарлық факультетінің деканы, филология ғылымдарының докторы, профессор. Семей.
БӘРІ ӨЗ ҚОЛЫМЫЗДА
Қазақ тілінің мемлекеттік тіл ретінде биік тұғырға көтерілуіне таяуда әзірленген тілдерді қолдану мен дамытудың 2011-2020 жылдарға арналған бағдарламасының жобасы маған көп әсер берді.
Мен өзім қызмет етіп отырған мәдени-сауық орталығында іс қағаздарының көбін қазақ тілінде жазуға бағыттап жүрмін. Келесі жылы толықтай мемлекеттік тілге көшетініме сенімдімін.
Бұл жоба әрбір адамға ой салатыны сөзсіз. Әр адам қазақ тілін шұбарламай, таза сөйлеуге осы он жылда толық қол жеткізеді деген ойдамын. Осы он жылда тілімізді нақты, таза үйреніп, бүкіл әлемге қазақ тілінің кеңдігін, кереметтігін шұбарламай жеткізсек екен деген шынайы тілегім бар. Сөйлеп қана қоймай, барлық құжаттар тек қана бір-ақ тілде, мемлекеттік тіліміз – қазақ тілінде болса деймін. Оған жету өз қолымызда.
Т.СТРАДАЕВА, Евгеньевка ауылындағы мәдени-сауық орталығының ұйымдастырушысы.
Павлодар облысы, Ақсу қаласы.