06 Тамыз, 2010

Мемлекеттік тіл – ұлт бірлігінің басты факторы

2321 рет
көрсетілді
31 мин
оқу үшін
Тіл бағдарламасының жобасын талқылаймыз ТІЛІМІЗБЕН КӨГЕРЕР КӨСЕГЕМІЗ Иә, көсегеміз көгерсе, тілі­міз­бен бірге көгереді. Тілсіз дәулет те орта, бақыт та орта. Ана тіліміз жетімсіреп жүргенде, тамағымыз тоқ, көйлегіміз көк болса да, жетім баланың күйін кешкенбіз. Жүрегіме шаншу боп қада­лады, Бір ұлың ұмытса егер ана тілін, – деп зар шеккенбіз бәрі­міз. Бір ұл емес, жүз мыңдаған ұл-қыздарымыз ана тілінен ажырап, ұлттық қасиеттерін жо­ғалтып, ол аз болғандай жаста­ры­мыз жат діндерге жаппай кіріп жатқанда, сан соғып, аһ ұрған­быз. Бұдан 21 жыл бұрын Алма­тыда М.Әуезов атындағы драма театрында Ана тілінің тұңғыш құрылтайы өткізіліп, “Қазақ тілі” қоғамы құрылғанда, қуаныштан жас домалаған. Сол құрылтайда Шығыс Қазақстаннан келіп, сөз сөйлеген делегат мынадай бір сұмдықты айтып берген. Ауылдан қалаға келген бір кейуана ауыл адамының аңқылдақтығына ба­сып, сатушыдан “Қызым, мына заттардың бағасы қанша?” деп қа­зақша сұрақ қойса, сатушы: “Го­вори человеческим языком” деп ұрсып тастапты. Міне, бір кезде Ленин “ұлы державалық орыс шовинизмі” деп анықтама берген кеңестік шовинистердің бізге жасаған өктемдіктері мен қорлық-зорлықтарының бір со­рақы көрінісі. Қазақ тілін, басқа да ұлттар тілін адам тіліне сана­маған ғой. Неткен шектен шық­қан өктемдік десейші. Амал жоқ, сол зорлық-зомбылықтарға ті­лімі­з­­­­­ді тістей жүріп шыдадық, төздік. Көп ұзамай тәуелсіздікке жол жеткізіп, көзіміз ашылды. Қазақ тілі мемлекеттік тіл болып жа­­рия­ланып, мәртебесі жоғарылап, оған қоса өзіміздің де езілген ең­семіз жазылып көтеріліп қалды. Қазақ тілінің қолданыс аясы да кеңейіп келеді десем, “Тілдерді қолдану мен дамытудың 2011-2020 жылдарға арналған мемле­кеттік бағдарламасының” жобасы жариялануы және оның Үкімет­тің кеңейтілген мәжілісінде жа­рия­ланып, талқылануы қазақ тілінің тынысын ашып, жаңа тың сер­піліс тудыратыны айдан анық. Өз тізгініміз өзімізде бола тұ­ра, қазақ тілінің қолданыс аясын ойдағыдай кеңіте алмай, мимырт жүріспен шабандап қалғанымыз өзіміз түгіл өзге алыс елдердің адамдарын да таңдандыруда. Италияндық жиһанкез кәсіпкер Ренальдо Гаспарини: “Мен әлем­нің 141 елін аралаған адаммын. Солардың ішінде өз мемлекетінде өз тілінде өмір сүре алмай отыр­ған бейшара халықты көрдім. Ол – Қазақстан халқы екен”, – депті. Жанға бататын, намыста­на­тын сөз. Бағдарлама бойынша арқаны кеңге салып, өз тілімізде – мемлекеттік тілде толық өмір сүруді тағы он жылға созып отыр­мыз. Бағдарлама туралы ал­ғашқы пікір айтушылар онсыз да бақандай жиырма жылға созыл­ған тілді одан әрі сағыздай соза түсу деп сынға алуда. Шынында, намысқа тырысып, осы ұзақ мерзімді аз да болса қысқартып, тым болмаса, сегіз жылға түсірсек дөп болар еді. Бұл бағдарлама зиялылардың ғана емес, жалпы халықтың талқылауына ұсынылып отыр. Демек, ол қарапайым халықтың түсінуіне лайықталып дайында­луы керек еді. Бағдарламаның алдымен орыс тілінде даярланып, сосын қазақ тіліне аударылғаны көзге ұрып тұр. Мәтіндердің тү­сі­нікті болуына мән берілмеген. Үкі­меттің көптеген заңдарын жал­­пы жұрт оқып жатпайды. Олар­дың әрқайсысы тиісті ор­таға, мекемелерге арналған. Ал аталмыш бағдарламаны әр қазақ, әр отбасы мүшелері оқып, түсі­ніп, оны өмірде басшылыққа алу­лары керек. Бұл іс сол үшін қолға алынып отыр емес пе. “Бағдар­ла­маның мақсаттары” атты ба­ғанда “Мемлекеттік тіл – ұлт бір­лігінің негізгі факторы” де­лін­ген. Бір кезде “адам факторы” де­ген тіркесті Горбачев пайда­ла­нып, қолданысқа қосып жібер­ген. Горбачевтің өзі кетсе де, сол сөзі қалып, оны көрінген жерге тықпа­лай береміз. Жоғарыда ол сөз маңызды сөздің маңызын ке­тіріп тұр. Ол жолды: “Мемле­кет­тік тіл – ұлт бірлігінің негізгі ұй­ытқысы” деп қазақ ұғымына лай­ықтап жазу керек. Әдетте, бірлігі жарас­қан отбасын, көршілерді немесе тату-тәтті тұрмыс түзеп жат­қан ауылды көргенде “сүттей ұйып” деген әдемі сөзді қол­данамыз. “Бағдарламаның басты мақ­сат­тары” бағанында “... ұлт бір­лігін нығайтудың маңызды фак­торы” дегендегі фактордың ор­нына “тетігі” деген түсінікті сөзі­міз өз-өзінен сұранып тұр. Те­гін­де “фактор” – кісі қызығарлық сөз емес, кезінде орыстардың өзі “адам факторы” дегенге оңған сөз емес деп іш тартпаған. Сол сияқты “... креативті ше­шімдер орталығын құру”, “қазақ тілінің ұлттық корпусын жасау”, “элективтік қосымша курстарда оқытып” дегендерді қарапайым оқырманға ұғынықты етіп, қа­зақша мағынасын беретін сөздер­мен түзеу керек емес пе. Басқа да түсініп болмастай тіркестер то­лып жатыр. Мысалы: “Мақсатты аудиториялардың ерекшеліктерін ескере отырып, әр тұрғыдан алынған жағымды бейнелерді әзірлеу”, – деген сөйлемнен не ұғуға болады? Жағымды бейне – әдеби тілде ұнамды образ. Сонда сол ұнамды образды әр тұрғыдан қалай алып әзірлемекпіз? Алды­мен, әр тұрғымыз – қай тұрғы? Мұндағы жағымды бейне деп отырғандары тірі адам ба, әлде әдеби кейіпкерлер ме? Сонымен бірге, мына қалпында қалдыруға мүлдем болмайтын төмендегі сөйлемдерді арнайы көрсетуге тура келеді. Олар №4 тарауда: “Алдағы он жылда – 2011-2020 жылдар­дағы кезеңде тіл құры­лы­сының логикасы еліміздегі қо­ғамдық-саяси ахуалдың тұрақ­ты­лығына елеулі қауіп-қатер әкелуі мүмкін бірқатар проблемалық аспектілер­дің болуынан туын­дайды”. “Сонымен қатар мемлекеттік тілді қолданудың беделін арт­тыру, оны отбасы құндылығы ре­тінде танытып, кеңінен тарату мәселе­лерінің маңызды тізбесі, сондай-ақ тіл саласындағы келең­сіз дақпырттардың және таптау­рын ұғымдардың орын алуы про­бле­­малық жағдай болып табылады”. Екі абзацтағы құрмалас сөй­лемдердің құрылысы дұрыс құ­рылмаған, мағыналары қайшы­лыққа толы. Не айтып тұрғаны түсініксіз. Сосын тіл саласындағы келеңсіз дақпырттар деген не дақпырт? Оны бұл жерге неге тықпалаған. Аспект деген шет терминді де әр жерде орынды қолдана берген. “Мемлекеттік тілді қолдануды көпшілікке тарату” тақыры­бы­ның 4-тарауы “Мемлекеттік тілді қолдану мәселелеріндегі келеңсіз таптаурын ұғымдарды жою” деп аталады. Осындағы төрт баптың төртеуі де мүлдем келісуге бол­май­тын қайшылыққа толы мә­селе. Мемлекет аяусыз күресіп әрі алдын алып, жоймақшы бо­лып отырған келеңсіз таптаурын ұғымдар дегені не ұғымдар? Бұл баптар арнайы түсінік беруді, талдауды керек етеді. Мемлекет осы бағдарламаны жасай отырып, соны жүзеге асыру барысында әлденеден қауіптенетін және сол қауіппен күресу үшін өзін-өзі алдын ала сақтандырып, осы баптарды енгізіп отырған сыңай танытады. Мағынасы бұлдыр баптар деуге толық негіз бар. Ал жалпы бағдарламаға келер болсақ, мемлекеттік тілді қолдану мен дамытуда оның зор рөл атқарары сөзсіз. Бағдарлама сөзінің сол рөлін жақсы атқаруы үшін алдымен оның мәтініндегі көптеген келеңсіз, түсініксіз, ұғымсыз орашалақ құрылған сөйлемдерді, сөздерді түзеп, өңдеп қазақшалау қажет. “Мемлекеттік тілдің жағымды бейнесін қалыптастыру” деген тіркес бар. Жағымды сөзі тілі­мізге жарасып тұрған жоқ. Оны “көркем бейнесін” деп өзгерткен ләзім. Өйткені, қазақ тілі әлем­де­гі әрі шешен, әрі көркем тіл­дердің біріне жатады. Ендеше, оны бұрын жағымсыз болғандай, ендігі қолдан жағымды етіп әрекет етіп жатқандай болуымыз­дың жөні қайсы. Келесі түзейтін тіркес: – “Мем­­лекеттік тілде сөйлеуші адам­­ның жағымды бейнесін қа­лыптастыру”, “Түйенің танығаны жантақ” дегендей тағы да жа­ғым­ды сөзіне жармасқан. Бұл жө­нінде айтарымыз, “жағымды” да “беделді” де емес, білікті бей­не­сін деу керек. Білікті сөзінің ма­ғынасы жағымдыдан да, бедел­діден де, білімдіден де терең әрі биік, мәнді. Бұларға қосарымыз, бұдан да бұрын тілдерді дамытудың 2001-2010 жылдарға арналған бағдар­ламасы болған. Сол бойынша біраз жұмыстар атқарылған, бірақ ол көздеген мақсатқа қол жет­кізбеді. Бүгінге дейін мемлекеттік тілге көше алмай отырмыз. Сол кемшіліктердің бәрін үкіметке жаба беретініміз бар. Қазақтар өзіміз не істеп, не тындырып отыр­мыз деп өзімізге-өзіміз сұрақ қоялықшы. Президентіміз Н.На­зарбаевтың “Қазақ қазақпен қа­зақша сөйлессін!” деп сөз тастап, жар салғаны қашан! Соны ұран етіп әрі қарай алып кете алдық па? Жоқ. Бір-бірімізден, бала­ла­рымыз бен немерелерімізден соны табандылықпен талап етіп жүрміз бе? Жоқ. Әр ауданда, әр қалада, Алма­ты мен Астанада қазақ тілі қо­ғам­дары мен тіл комитеттері, де­пар­таменттер бар. Солардың тым болмаса біреуі жоғарыдағы сөзді ұран етіп көшелердің көрікті жерлеріне жазып қойды ма екен? Жоқ. Бұл – шайнап бергенді жұта алмай отырмыз деген сөз. Неге оны автобустар мен басқа да көпшілік көліктерінің ішіне жазып, іліп, не жапсырып қой­мас­­қа деген сұрақ туады. Орысша сөйлесіп бара жатқан өз жастарымызға “Қарақтарым-ау, қазақша неге сөйлес­пей­сің­дер, неге үйренбейсіңдер” деп ескерту жасап не ақыл айтып көр­дік пе? Жоқ. Бірдеңе деп өзі­мізге сөйлеп жүрер деп жасқа­на­мыз. Қорқақпыз, намыссызбыз, ынжықпыз. Елбасымыз, міне, тағы да: “... Қазақ тілінің одан әрі дамуы үшін барлық күш-жігерімізді са­луымыз керек”, – деп ұран тас­тап отыр. Енді осыны іліп әкетіп, көрінетін жердің бәріне неге ілмеске, неге оны қару етпеске. Со­ны тілге тиек ете отырып, ти­істі жерлерде талап етейік. Қазақ тілін білуді алдымен қазақтардың өздерінен қатаң талап етейік. Сөзге келетін жерде тайсақта­майық. Мемлекеттік рәміздерімізді қорлағандарды жазалайтын заң баптары бар. Талқыланып отыр­ған бағдарламаға мемлекеттік тіл – қазақ тілін қорлаған немесе оған тіл тигізгендерге жаза қол­дану жөнінде арнайы бап енгізу керек деп ұсыныс айтамын. Өт­кен жылы “Время” газетінде (16.04.2009 ж.) өлеңдерін орыс тілінде жазатын Ербол Жұма­ғұ­лов деген “Хана тілі” деген ма­қала жариялап, қазақ тілін мазақ еткен. Сонда ол қазақ тілін құ­рыған, құритын тіл деп тіл ти­гізіп, қорлап отыр емес пе. Өзбек не чешендер болса, ондай іштен шыққан шұбар жыланды тәубе­сіне келтірер еді, немесе елден аластар еді. Бұдан кейін бізді жат та, жақын да басымызға шығып басынбағанда қайтеді. Өз тілімізді өзіміз құрметтемей отырып, өзгелерден қалай талап етеміз. Демек, алдымен шала қазақ­та­­­ры­мызды таза қазақтар қата­рына қосу үшін күш салайық, сол үшін күресейік. Сөйтіп, жалаң сөзден нақты іске көшейік де­мек­пін. Ол үшін ұлттық намысты оятпай бол­майды. Парламент Мәжілі­сі­нің депутаты Бекболат Тілеуханов осы мақсатпен “Оян, Намыс!” атты журнал шығарып жатыр. Міне, азамат! Қолдайық оны. Қазақтардың қай-қайсысы­ның да жүректерінде намыс отының сөнбеген қоламтасы бар. Соны үрлеп, қайта жандырайық. Сонда мемлекеттік тіл – қазақ тілінің қолдану аясы да қарқын­ды түрде кеңи түседі. Сонда осынау “Тілдерді қол­да­ну мен дамытудың 2011-2020 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасын да әлі он жылға созбай, одан ертерек жүзеге асы­руға қол жеткізуге болады. Көсегеміз көгерер тілімізбен, Тіліміз тең көктегі күнімізбен. Туған тіл тұғырында нық  тұрғанда, Жарқын сөз – жыр төгілер  үнімізден. Жұма-Назар СОМЖҮРЕК,  Қазақстан Жазушылар  одағының мүшесі, сыншы. ОНОМАСТИКА – ЕЛІМІЗДІҢ АЙНАСЫ Ұсынылып отырған он жылдық бағдарлама жобасы негізінен кей­інгі өткен он жылдағы қол жеткен жетістіктердің қорытындысы мен алдағы атқарылар істердің бағыт-бағдары шеңберінде туындап отыр. Алдымен жобада айқындалған міндеттер құрылғанына бес жыл толған тілдерді дамыту басқарма­ларының тәжірибелік ұсыныстары негізінде жасалған. Біздің еліміздің ономастикалық бедеріне үлкен ақау түскені аян. Ұлттық, тарихи сананы өшіру үшін елді мекен атауларын орысшаға отарлау саясатының идеологиясы өзгертті. Енді қазақ жанын тірілту үшін ономастика комиссиясының жұмысын жеделдету керек. Жаңа қарқын керек. Демография, түсінік, моральдық-психологиялық жағдай өзгерді. Тарихи сананы қалыптас­ты­ру жедел жүруі қажет. Сондық­тан жобадағы Қазақстан Респуб­ли­касының “Қазақстан Республика­сы­ның әкімшілік-аумақтық құры­лысы туралы” Заңына түбегейлі өзгерістер енгізу қажет етіледі. Өйт­кені, заңның қабылданған уақы­тының өзі он жеті жылды қамтиды. Сол кездің үні, уақыт өлшемі, жағ­дайы қазір мықтап өзгерді. Қазірде елімізде өз тіліне деген патриоттық сезім өсті. Жобадағы қазақ тілінің лингвистикалық кеңістігін одан әрі кеңейту жөніндегі шараларындағы қоғамдық пікірді білу, БАҚ-ты ке­ңінен пайдалану жөніндегі ұсыныс дұрыс. Алайда, заңдағы елді мекен­дерге атау беруде өкілді және атқа­рушы органдардың тиісті аумақ халқының пікірін ескере отырып шешім алуы үлкен қиыншылықтар алып келуде. Неге? Өйткені, жер­гілікті тұрғындар саны өзге ұлтты басым құрайтын елді мекендердегі халықтың тарихи атаулары дәлел­деніп отырса да, олар қайта атауға қарсы шығатын жағдайлар аз емес. Мәселен, біздің облыстың Мәртөк ауданының Горноводск атауы зерт­теушілердің пайымдауы бойынша, Байнассай ауылымен бір уақытта құрылып, Бұлақтысай болған. Осы аудандағы Вознесеновка селосы Аққұдық деп аталған. Бұл да тарихи дәлел. Картадағы Вознесеновка атауы 1899-1914 жылдарда түскен. Украинаның 14 губерниясынан қоныстанушылардың легі 1914 жылы келе бастаған. Полтава, Ки­ев, Херсон, Чернигов губерния­ла­рынан көшіп келгендердің әсерімен қазақ атаулары ығыстырылып жі­берілген. Екінші нұсқада зерт­теу­шілер ауылдың атауын “Вознесе­ния господня” мейрамымен байла­ныстырады. “Покровка” атауы да осыған саяды. Яғни, бірінші қар­дың жұқа түсуінен ырымдық жору мақсатындағы атау. Діни негіз. Оның тарихи атауы бар. Тіпті, та­рихи атауы табылмаса да сол маңайдағы жердің табаны қазақ тілінде аталып, пайда болғаны рас. Осындай атаулары дәлелденген немесе сол жердің қасындағы жер-су атауларымен негізделген болса да іс ілгері баспай тұр. Осындай мысалдар көп. Қазақстан Респуб­ли­касының “Қазақстан Республи­ка­сының әкімшілік-аумақтық құ­рылысы туралы” Заңының бапта­рына өзгеріс енгізілуі керек екендігі жөнінде әңгіме қозғалғанына да біраз болды. Егер ауылдың тарихи атауы дәлелденген жағдайда оны жергілікті тұрғындар талқысына салудың қажеті қанша? Сол себепті өзгерту құзыреті жергілікті ономас­тикалық комиссияның саралауынан кейін, алдымен аудандық, одан соң облыстық атқарушы және өкілді органға берілсе, мәселенің түйіні шешілер еді. Елді мекен, мектеп, көше басқа да объектілерді адам атымен атау жөнінде арнайы ереже, реестр жасалып, онда ұлы адамдардың ғана есімдерін ұлықтау жөнінде кри­терий болғаны жөн. Үкімет қаулысымен бекітілген ережеде ол нақты көрсе­тілгені дұрыс болар еді. Еліміздің тарихында аты қалған қайраткер адамдарға берілуі керек. Ал қазір ау­ыл аумағында ғана белгілі азамат­тарға “ауылдың аты атама, көшенің аты көкеме” деген үрдіспен билігі мен ақшасы жет­кен­дер өз жақын­да­рына атау алып беріп, тарихтың тө­рінен оларға да орын беріліп жатыр. Олар кезеңдік адамдар есімдері, тарихи тұлғалар емес, ауыл, аудан көлеміндегі жақ­сы қызмет жасаған қызметкерлер. Олардың есімдерін есте сақтаудың басқа жолдары бар. Екінші өткір мәселе – кісі есімі атауларын және көрнекі ақпаратты сәйкестендіруді жүзеге асыру. Ұлты қазақ азаматтарының есімдерінің жазылу қалпын әзірлеу керек деп түсінеміз. Отаршылық психология­дан арылу керек. Оның қоғамдық саяси, адами, ұлттық менталитеттік мәні, құжаттық маңызы бар. Әң­гіме тектегі “ов”, “ева” туралы бо­луы керек. Мәселенің басын ашып алған жөн. Аты-жөнді қазақ тілі нормаларына сәйкестендіруді заң­дас­тыруды құптаймыз. Алдымен адам есімі, содан соң тегі немесе әке­сінің аты жазылғаны жөн. Ер­теде фамилия деген болмаған, есімі мен әкесінің аты, тіпті туған же­рінің атауы келтірілген. Меніңше, туған жерді есімге қосып жазу дұрыс емес. Неге десеңіз, айталық, Тарази деген атаумен Жамбыл облысында туған он мыңдаған адам біртектес болып кетер еді. Сол се­бепті “қазаншының еркі бар, қайдан құлақ шығарса” принци­пі­нен ауытқып, есім мен тегін заңдастырғанды қалаймыз. Ал, көрнекі ақпараттарды екі тілде, оның өзінде қазақ тіліне каль­ка ретінде аударма қылып пайдалану нәтиже әкеліп жүрген жоқ. Қазақстан көп ұлтты мемле­кет. Ондағы барлық ұлт өкілдері тең құқылы. Олай болса, мемле­кеттік тілде және орыс тілінде жа­зылу қажеттігі жөніндегі тәртіп өз­гертілуге жатады. Жарнамалардың кез келгені бір ғана мемлекеттік тіл­де жазылып ілінгені ешкімді рен­жіте қоймайды. Қайта мемле­кет­­тік тілге деген құрмет артып, оның беделі мен қолданыс аясы ке­ңейеді. Ал, көркем безендіру бөлек әңгіме және онда ұлттық мента­ли­тетті басымдықпен көрсету қажет. Еркін ҚҰРМАНБЕК, Ақтөбе облыстық қоғамдық саяси кеңес төрағасының орынбасары, облыстық ономастика комиссиясының мүшесі. ҚАЗАҚ ТІЛІ ЕСЕБІНЕН БОЛМАСЫН Тілдерді қолдану мен дамытуға байланысты мемлекеттік бағдарла­мамен толық танысып шықтық. Онда бағдарламаның басты мақ­са­ты ретінде Қазақстанда тұратын бар­лық этностар тілдерінің сақта­луы жағдайында ұлт бірлігін ны­ғайту жайлы көрсетілген екен. Осы тұсты оқығанда, сонау бодандық дәуірден келе жатқан жасқаншақ­тық екі иықтан басып тұрғандай көрінді. Бағдарламадағы орыс тілінің функциясын сақтау деген осыны байқатады. Мемлекеттік тіл – қазақ тілі де­ге­німізбен орыс тілінің қолданылуы аясы өте үлкен екендігі өзімізге бел­гілі. Мемлекеттік жиындар әлі күнге дейін көрші мемлекеттің тілінде жүргізіледі. Ата-бабасында өзге ұлттың бір қасық қаны жоқ қазақ шенеуніктерінің өз ана ті­лін­­де сөйлеуді қорсынып, орыс тілінде жосылтатынын күнде көріп жүрміз. Оңтүстік Қазақстан облысы –қазақы облыс саналады. Соның өз­інде кейде басқа мемлекетте жүр­гендей сезінетін уақыттар болады. Астанадан келген шенеуніктер залдан басы сарғайып отырған екі-үш адамды көрсе “арамызда өзге ұлт өкілдері отыр екен, енді жал­пыға ортақ түсінікті тілде сөйлейік” дейді де орысшаға ойысады. Сонда түсініксіз тілі мемлекеттік тіл – қазақ тілі ме?! Бұл ұлтты – қорлау. Өз тарихи отанынан тысқары тұратын басқа этностар бір халыққа ренжімесе ол – қазақтар болар. Кав­каз халықтарын репрессияда бір күнде мал қамайтын вагондарға тиеп, су, тамақ бермей Қазақстанға әкеліп төкті. Қазақ қоржын тамы­ның жартысын бөліп беріп, жеп отырған тамағының жартысын ба­ла-шағасының аузынан жырып ал­дына қойды. Аштан қырылудан аман алып қалды. Қазақтардың жақ­сылығын ұмытып, тіліне қарсы шығып жүрген бүгінгі кейбіреулері болмаса аға буыны еш ұмытқан емес. Сақалдарынан жас тамып, әлі күнге рахмет айтып отырады. Саха­линнан Қазақстанға жер аударыл­ған корейлер де қазақ дәмінің ар­қа­­сында іргесі бүтінделді, иығын­да­ғы жыртығын жапты. Осы халықтардың барлығы өз тағдырында соққыны көп көрген қазақ халқы тілін түзеймін десе қарсы болмаса керек. Осындайда еске түседі, қазақ­тың жақсылығын көрген, төріне шыққан, қисапсыз байлыққа ие болған оңтүстіктегілер өз баламыз деп еркелететін сол Терещенко со­нау бір кездері “Менің Мұхтар Ша­ханов досым дүниеге келген Қы­зыл­құм өңірінде орыс тілі ұмы­ты­лып бара жатыр” деп зілденіп дабыл қаққаны бар. Міне, осы аза­мат Солтүстік Қазақстан, Орталық Қазақстан, Қостанай мен Шығыста Өскеменде қазақ тілі есік көзінде қалып келе жатқанын жақсы біле­тін еді. Соны неге айтпады?!. Әсілі, бәрі жиналып келіп бір Асылы Османова апамызға жет­пей­ді. Қазақ құрмет көрсетсе осы кісіге көрсету керек. Ескерткіш орнат­саң бір кездердегідей қолдан жа­са­ған батырларға емес, қазақ жерінің, ті­лінің тұтастығына қызмет етіп жүр­ген осындай азаматтарға орнатайық. Мемлекеттік бағдарлама – маз­мұны жағынан мықты, оған дауы­мыз жоқ. Әрі тарт пен бері тартқа салсақ, қазақ тілінің көсегесі кө­гер­мейтіндіктен кейбір жайттарды ащы айттық. Қазақстанда тұратын барша эт­нос­тардың өздерінің тарихи Отан­дары бар. Олар мемлекеттік тілін ешкімге кеудеден бастырмайды. Ұлтаралық қатынас, ынтымақ тұрғысынан басқа этностардың ті­лін дамытуға көмектесуге болады, бі­рақ ол – қазақ тілінің есебінен бол­мауы керек. Себебі, қазақ тілінің басқа жерде көгеретін Отаны жоқ. Қанатбек ДОСАЛИЕВ, ОҚО құқық және салалық технологиялар колледжінің директоры, облыстық мәслихаттың депутаты.Шымкент. ЕНДІ ШЕГІНЕТІН ЖОЛ ЖОҚ Еліміз егемендікке қол жет­кізгеннен бергі жерде мемлекет­тік тіл мәселесі туралы айтылу­дай-ақ айтылып, соған орай қа­былданған қаулы-қарарлардан кен­де емеспіз. Осы орайда, ауыз­ды құрғақ шөппен сүрткеніміз жөн болмас. Өткен жиырма жыл­ға жуық уақыт ішінде қазақ ті­ліндегі мектептер мен балалар бақшалардың, газеттер мен теле­каналдардың, театрлардың тағы басқалардың көптеп ашылғанын кім жоққа шығарады. Бұрын­ғы­дай емес, ағайындарымыз көше­де, көлік ішінде бір-бірімен еш­кімнен қымсынбай өз тілінде сөйлесетін болды. Оған, әрине тәубе дейсің. Сонымен бірге тілдерді да­мыту туралы бұрынғы бағдар­ламаларымыздың жартылай ғана орындалып келгенін кімнен, несіне жасырарсың! Елбасымыз­дың айтқанына орай қазақ қа­зақпен қазақша сөйлесе бастаған­мен, билік басындағы ағайындар арасында тілге байланысты сон­ша­лықты серпіліс бола қойма­ғаны шындық. Мемлекеттік ме­­кемелерде іс қағаздарын жүргізуді пәлен пайыз мемлекеттік тілге көшірдік деп жатамыз. Ал шын­дығында соның бәрі сондағы ау­дармашылардың “арқасы”. Яғни, мекеме, ұйымдарға келетін, ке­те­тін хат-құжаттарды ретке келтіріп жататын солар. Мұның соңы көзбояушылыққа ұласып жата­тынын кім білмейді. Сон­дық­тан ендігі жерде аудармашы­лардың мұндай жартыкеш көме­гіне сүйенудің қажеті жоқ деп білемін. Айғайлай-айғайлай қасқырдан ұят болды демекші, қазіргі күні елімізге ағылып келіп жатқан шет­елдіктерден ұят-ақ болды. Олардың бәрі демесек те, көбі біздің елге келерде қазақ тілін меңгеру мақсатымен бір жылдай дайындалатын көрінеді. Өкінішке қарай, олар Қазақстанға келген соң тілге байланысты нақты жағдайды көріп, білгеннен кейін басқаша шешім қабылдайтыны да өтірік емес. Тілдерді қолдану мен дамы­ту­дың 2011-2020 жылдарға арнал­ған бұл жолғы мемлекеттік бағ­дарламасында халықаралық кез­десулерді өткізу, халықаралық шарт­тарды, келісімдерді және бас­қа да халықаралық актілерді ре­сімдеу кезінде мемлекеттік тіл­дің қолдануын кеңейту қажет­ті­лігі атап көрсетілген. Осы орайда бағдарламада еліміздің Үкіметі, Сенаты мен Мәжілісі халық­аралық кездесулерін мемлекеттік тілде өткізулері керек деп атап көрсетілуі тиіс. Қатты кетті десеңіздер, өздеріңіз біліңіздер, ендігі жерде бұрынғы отаршы елдің тілінде келіссөз жүргізу – елдігімізге сын. Тағы бір айтайын дегенім, бағдарламаны іске асыруға тиісті жауапты мемлекеттік органдар­дан жаңағы үш ең құзырлы ор­гандар неге сырт қалуы керек? Сон­соң бұл шаруа жекелеген емес, барлық министрліктердің аб­зал борышына айналуы қажет деп білемін. Өйткені, енді ше­гінетін жер қалған жоқ. Ал әр он жыл сайын қаулы-қарар қабыл­дағаннан ештеңе өзгермейді. Сон­дықтан басшымыз бар, қосшымыз бар осы соңғы мүмкіндікті мей­лінше тиімді пайдаланғанымыз жөн. Рас, бұл жолғы бағдарламада тіл­ді дамытуға байланысты көп­теген келелі мәселелер қамтылған. Тек солардың қай жылы нақтылы жүзеге асатыны дәйектелмеген. Ай­талық, мемлекеттік тілге сұра­ныс­ты арттыру деген тармақта мемлекеттік тілде хабар тарататын телеарна құру қажеттілігі сөз бол­ғанмен, оның мерзімі көрсетіл­ме­ген. Ал ондай жерде бәрін кейінге сырғыта беретін жаман әдетіміз бар ғой. Сондықтан жаңа бағдар­­ламада белгіленген игі шараларды кейінге сырғытпай, бірден іске кірісіп кеткеніміз жөн болар еді. Сонсоң жаңа бағдарламада тіл тазалығы туралы айтылмапты. Ал қазірде таралымы аз болғанмен газет, журналдар, кітаптар көбейіп келеді. Солардың көбінің тілі еш сын көтермейді. Мемле­кет­тік тілді дамыту барысында тіл тазалығын ойламаса болмайды. Сонау за­манда жасы отызға кел­мей жатып опат болған Сұлтан­мах­мұттың өзі тіліміздің шұбар­ла­нып бара жатқанын ойлап қа­мыққан. Сол себептен де, бастан сирақ жасап жатқандарға тосқау­ыл қоятын кез жетті деп білемін. Тіл тазалығы дегенде оның өл­ше­мі Абай тілі болуы керек. Болмаса біздің ау­ылда осылай сөйлейді деп жүре бермекшіміз бе? Сөзімнің соңында жоғары оқу орнының маманы ретінде тағы бір ұсыныс айта кетсем деймін. Еге­мендікке қол жеткізгеннен бергі жерде бұл салада да оңды өзге­ріс­тер аз емес. Яғни, қай жоғары оқу орнында болсын, қазақ топтары ашылуда. Бірақ оған бөлінген сағат әлі де аз. Қазақ тілін оқы­туда бір жылмен шектеліп қалып жүрміз. Өз басым болашақ ма­ман­дар бір жыл ішінде мемле­кет­тік тілде сайрап кетеді дегенге сен­беймін. Сондықтан жаңа бағ­дар­ламада жоғары оқу орында­рын­да мемлекеттік тілді оқыту жайы өз көрінісін тапса деймін. Сонда бала бақша, мектептен бас­тал­ған тілге деген құрмет әрі қа­рай да заңды жалғасын табар еді. Иә, сонымен енді шегінер жер жоқ. Ал мұндай мүмкіндікті пай­­далана алмай қалсақ, кімге өкпе­ле­гендейміз. Ендеше, бұл мәсе­ле­де белді бекем буып, етек-жеңі­міз­ді қымтамасақ болмайды! Арап ЕСПЕНБЕТОВ,  Шәкәрім атындағы Семей мемлекеттік университеті гуманитарлық факультетінің деканы, филология ғылымдарының докторы, профессор. Семей. БӘРІ ӨЗ ҚОЛЫМЫЗДА Қазақ тілінің мемлекеттік тіл ретінде биік тұғырға көтерілуіне таяуда әзірленген тілдерді қолдану мен дамытудың 2011-2020 жыл­дарға арналған бағдарламасының жобасы маған көп әсер берді. Мен өзім қызмет етіп отырған мәдени-сауық орталығында іс қағаздарының көбін қазақ тілінде жазуға бағыттап жүрмін. Келесі жылы толықтай мемлекеттік тілге көшетініме сенімдімін. Бұл жоба әрбір адамға ой сала­тыны сөзсіз. Әр адам қазақ тілін шұ­барламай, таза сөйлеуге осы он жылда толық қол жеткізеді деген ойдамын. Осы он жылда тілімізді нақты, таза үйреніп, бүкіл әлемге қазақ тілінің кеңдігін, кереметтігін шұбарламай жеткізсек екен деген шынайы тілегім бар. Сөйлеп қана қоймай, барлық құжаттар тек қана бір-ақ тілде, мемлекеттік тіліміз – қазақ тілінде болса деймін. Оған жету өз қолымызда. Т.СТРАДАЕВА, Евгеньевка ауылындағы мәдени-сауық орталығының ұйымдастырушысы. Павлодар облысы, Ақсу қаласы.