07 Тамыз, 2010

Шалқар көлін жүзіп өтті

533 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін
Суға жүзу саламатты өмір салтын қалыптастыруға септігін тигізе алатын спорттың тамаша түрлерінің бірі. Су спортын серік еткендер көбіне алпыс, жүз метрлік қысқа қашықтықтарда бір-бірімен жарыса жүзіп жатады. Мұның бәрі, әрине, рұқсат етілген арнайы орындарда, жабық жүзу бассейндерінде жүзеге асырылады. Жүзудің де жүзуі бар. Ұзындығы он­да­ған, жүздеген ша­қы­рым­дарға созылатын ашық су айдындары мен көл­дер­ге шығып оны жүзіп кесіп өтуге екінің бірінің тәуе­келі жете бермесе керек. Батыс Қазақ­стан облысы бойынша ке­дендік бақылау департаментінің бастығы Ә.Мауқұловты осындай жүрегінің түгі бар азамат деп айта аламыз. Ол кәсіби жүзгіш емес. Тіпті керек десеңіз Әмірхан өзен-көлі жоқ жерде туып-өсіпті. Суға жү­зу­ді беріректе, он тоғыз жа­сында үйреніпті. Оның бір бақыты Якутияда қызмет істеп жүрген кезінде суда балықша жүзетін кәнігі спортшылардан тәлім-тәрбие алғандығы. Біздің бүгінгі кейіпкеріміз алғаш рет Саха Республика­сын­дағы Яна өзенінің 8 шақырым­дық деңгейін жүзіп өтіпті. Сон­дай-ақ, қызмет бабымен Көк­ше­тау өңіріне ауысқан кезде осы аймақтағы бірі 4, екіншісі 6 шақырым болатын кіші Шаба­шы және үлкен Шабашы өзендерін бағындырыпты. Ал оның Батыс Қазақстан облысы аумағындағы Шалқар көлін бір деммен жүзіп өткеніне тікелей өзіміз куә болдық. Шал­қар көлінің бұған дейінгі ұзын­дығы 17, ені 14 шақырым делі­нетін. Соңғы жылдары көлдің суы әжептәуір тартылып қалды. Соның өзінде де оның ең алшақ жағалауы 12 шақырымға жетіп жығылатынын арнайы өлшеуіш құрал – навигатор арқылы анық­таудың сәті түсті. Шалқар көлінде жел жиі со­ғып тұрады. Ә.Мауқұлов оны кесіп өтпек болған күні де желдің күштілігінен толқындар көл жағалауына екілене соғып жатты. Қарсы беттен соққан қат­ты желдің басылатын түрі байқалмайды. Желге қарсы жүзу – кім кімге де оңай соқ­пайтыны белгілі. Сондықтан Әмірхан да оның басылғанын күте тұратын шығар деп ойла­ғанбыз. Жоқ, олай болмады. Ол бұл ойымызды мүлдем теріске шығарып: – Ағалар, сіздер яхтамен алға кете беріңіздер. 2-3 шақы­рымнан кейін күтіп аларсыздар. Мен жүзуді бастай берейін, – деді де толқындары тайдай ту­лап жатқан үлкен көлге қойып кетті. Міне, осылайша ол алғашқы 2600 метр қашықтықты тұп-тура үш сағат 22 минөтте жүзіп өтті. Яхтаға көтеріліп көзілдірігін ауыс­тырып су ішті. Екі минөт­тен кейін қайтадан суға күмп бер­ді. Содан кейін жүрек жұтқан жігіт бір деммен тағы да 3 шақырымды артқа тастады. Бұл жолы Әмірханның үзілісі үш минөтке созылды. Осы қысқа уақыттың ішінде үш дана өрік жеп, су ішті. ...Міне, марафоншы 9-шы шақырымға да шаршамай жетті. Қуырылған картоп пен ет жеп, сәл жүрегін жалғап алған соң суға қайта секірді. “Ағалар, ма­ған енді алаңдамай-ақ қойы­ңыз­дар. Көлдің арғы жағалауынан бір-ақ күтіңіздер”, – деді ол бізге өзіне-өзі сенімді түрде. Ініміздің айтқанын орын­дауға тура келді. Соңғы үлгідегі “Аква­лайн” яхтасымен Шалқар көлінің қарсы жағалауына зыр етпей, сыр етіп жетіп бардық. Көлдің арғы беті өте терең екен. Жағасы сыңсыған қа­мыс пен қоғадан көрінбейді. Апыр­май, Әмірхан, шаршап қал­мас па екен? Аман-есен жағалауға жет­се жарар еді, – деп іштей алаң­дап отырмыз. Таңертеңгілік екі­лене соққан жел саябыр тапқан. Айдын бетінде білінер-білінбес майда толқындар ғана жүгіреді. Бір кезде жолбасшымыздың: “Әне, Әбекең де көрінді. Қол соғып қарсы алайық”, – деп саң­қылдай шыққан дауысы ай­на­ланы жаңғыртып жіберді. Міне, осылайша облыстың бас кеденшісі ұзындығы 12 шақы­рымға жуық Шалқар көлін 9 сағат 3 минөтте жүзіп өтті. Тұ­щы сумен салыстыра қара­ғанда, тұзды суда жүзу әлдеқайда ауыр соғатыны су спорты тә­жірибесінде дәлелденген. Шал­қар көлінің суы тұзды екені бел­гілі. Бұл жүрек жұтқан жігітке әжеп­тәуір салмақ түсіріп, кедер­гі келтіргенін, сондықтан да оған күш-жігерді екі есе артық жұмсауға тура келгенін де айт­қан жөн. Әйтсе де тәуекелі тас­тай азамат бұл ауыртпашылыққа мойымады. Соған бола жігерін жасытпады. Шалқар көлінен біз осыған куә болып оралдық. Әмірхан Мауқұловтың ендігі жерде алға қойып отырған мақ­сатының бірі – Алматы мен Шығыс Қазақстан облыстары аумағындағы әйгілі Алакөлді жү­зіп өту. Ал оның ұзындығы 108, ең жалпақ ені 52 километр, ең терең тұсы 54, орташа тереңдігі 22 метр екенін ескерсек – бұл мақсаттың іске асуы оңайға соқпайтыны бірден көрінеді. Дегенмен, табанды мінезінен таймай келе жатқан жүзгіш жі­гіт­тің бұл қашықты да бағын­ды­ра алатынына сенім мол. Темір ҚҰСАЙЫН, Батыс Қазақстан облысы. Суреттерде: Әмірхан Мауқұ­лов Шалқар көлін осылайша жү­зіп өтті.