Өткен жылдың жаз ортасында ауыл жаққа барып қайтудың сәті түсті. Ауыл болғанда сонау ерте заманда ағылшындар ашып, қазақтар ұзақ жылдар бойы еңбек етіп, нәпақа тапқан, талай қазақты кешегі ашаршылық нәубетінен аман алып қалған көмірлі – Байқоңыр. Бұл Ұлы Отан соғысы жылдары Қарсақбай мыс қорыту зауытын, осы маңдағы елді мекендерді көмірмен қамтамасыз еткен жанқиярлық еңбегімен еліне танылған талай-талай еңбек озаттарын шыңдап шығарған – Байқоңыр. Шикізат қоры таусылып, өткен ғасырдың елуінші жылдарының басында көмір кеніші жабылғанымен бұл өңірден ел кете қоймады. Бұл енді кешегі кеншілер ұрпақтары ақтылы қой өргізген құт мекенге айналды. Мыңғыртып мал айдаған “Байқоңыр” кеңшары еңбеккерлерінің тындырымды еңбегінің нәтижесінде социалистік шаруашылық есімі облыс, республиканы қойып, Одаққа таныла бастады. Миллионер шаруашылық атанды. Сән-салтанаты жарасып, дәуірлеп тұрған шаруашылықтың бүгінде тұралап қалған жайы бар. Ақшаңқан үйлер қоңырқай тартып, көбі иесіз қалғандықтан шатырлары ортасына түсіп, есік-терезесі үңірейген, қабырғалары құлаған. Кеңсе, мәшине-трактор стансасының үйлерінің орнына тау-тау болып үйілген топырақ қалған. Екі жүзге тарта отбасына құт мекен болған ауылдың әр жерінде төрт-бес үйдің мұржасынан түтін шығады. Ауылдың осындай күйін көріп күйзеліп келе жатқанда бұрынғы “Қарсақбай” кеңшарының “Пионер” бөлімшесі тұсынан өте бергенде “Қыпшақбай” деп жазылған тақтайша көзіме түсті.
Қыпшақбайды көрмесем де кім екенін, еліне қандай еңбегі сіңген азамат болғанын естіп өскен жанбыз ғой. “Е, қарапайым еңбек адамының еңбегі жанған екен, елі есінен шығармаған екен, осы елді мекеннің бұрынғы “Пионер” атын өзгертіп, ел азаматтары дұрыс істеген екен – деп қуанып, бей-жай болып келе жатқан көңілім бір сергіп қалды.
Жуырда ауылға тағы жолым түсті. Баяғы май бораны күндіз-түні толассыз соғып, жүргінші өткізбейтін атақты Майтөбе алыстан менмұндалап көрінеді. Ол да биыл қарсыз, сондықтан болса керек, бұрынғы айбарынан айырылып қалған сыңайлы. Оны мазақ қылғандай көтерме жолмен әрі-бері шетелдік жеңіл мәшинелер зулап өтіп жатыр. Майтөбеден біз де қаймықпай өтіп, Қыпшақбай ауылының тұсынан өте бергенде жазда тақтайшаға жазылып, бір ағашқа қазылған “Қыпшақбай ауылы” деген жазуды көре алмадым.
– Е, тағы не болып қалды. Жүргіншілер құлатып кетті ме екен? – деп мәшинеден түсе қалып “Қыпшақбай ауылы” жазуын олай-бұлай іздеп, таппадым.
Содан қалаға келгесін заманында үш жүзге аты мәлім болған атақты Уәйіс бидің ұрпақтарының бірінен сұрастырсам, “Пионер” ауылында диқан Қыпшақбайдың есімін беру мәселесі үлкен дауға айналып тұр екен. Кешегі заманда осы ауылдағы бөгетті салуды ұйымдастырған Қыпшақбайдың көзін көргендер “Пионерді” өзгертіп, “Қыпшақбай ауылы” атауды жөн көрсе, енді бір топ қиырда жатқан шап-шағын ауылға жоғарыда аты аталған Уәйіс бидің есімін беруді жөн көреді екен. Осындай тай-таластың нәтижесінде әлгінде мен көрдім деген жазудың бірде жол бойында пайда болып, енді бірде жоғалып кету себебі осы екен. Оу, халайық сонда не болғанымыз, шағын ауылға ел есінде қалған, еңбегі сіңген ардақты азаматтың есімін беруді осыншама дау-дамайға айналдырғанымыз? Бұл жерде “Пионерді” өзгертіп “Уәйіс ауылы” қояйық деушілер өте қателеседі. Уәйіс Байжанұлы өз заманында еліне танымал болып, өз атын тарихқа алтын әріппен қалдырған жан. Ол киелі Түркістанда жерленген. Оның атымен қиырдағы бес-алты үйі бар ауылды атау тіпті қисынсыз, би-бабамыздың аруағын қорлағандық болып табылады. Мүмкіндік болса оның атымен ірі елді мекенді немесе Жезқазған қаласының үлкен көшелерінің бірін атаған жөн. Ал Қыпшақбайға келетін болсақ, “Пионер” ауылына оның атын беру орынды. Бұл сөзімді дәлелдеу мақсатында осы ардақты азаматтың есіміне байланысты соңғы кездерде баспасөз бетіне шыққан Өмірбек Мұқановтың, Сапар Кентаевтың, Саят Дәулетиярдың және басқа да азаматтардың мақалаларын оқып шықтым. Олардың ойлары да менің ойыммен тоқайласып жатыр. Осы мақаланы дайындау барысында Қыпшақбай Баймағамбетұлының жасы сексеннен асып кеткен қызы Базынаушамен, сол кезде Ұлы Отан соғысының ардагері Қапанұлы Талғатбек қариямен кездесіп, біраз сұхбаттасудың сәті түсті.
Дүниені дүр сілкіндіре келген қазан төңкерісінен кейін де қазақтың соры ашылмай байларды кәмпескелеу, ашаршылық секілді батқан нәубет – ашаршылық болды. Бейбіт жатқан ел соның салдарынан тоз-тоз болып кетті.
Міне, осы қиын-қыстау кезеңде жоғарыда аталған рулардың бас көтерер азаматтары елдік танытып, халықты ашаршылықтан аман алып қалудың жолдарын іздейді. Сол кезде бүкіл қазақ жұртына танымал дуалы ауыз Уәйіс бидің ұрпағы Баймағамбеттің баласы Қыпшақбай көрегендік танытып, елдің басын қосып, мына Сарысайды бөгеп, егін салуға халықты үгіттейді Оның бұл бастамасы жерлестері тарапынан қолдау тапты. Сөйтіп, Байқоңыр өзенінің “Сарысай” тармағы қазіргі бөгет тұрған жерден бөгелді. Оған осы төңіректегі елдің бас көтерер барлық халқы, бала-шағасына дейін қатысып, атсалысты. Ол кезде мұндай жұмыстың бұл өңірде тұңғыш рет қолға алынғандығы елеңді ме, әлде бөгеттің құрылысына балалар да қатысқасын олардың да көңілін қалдырмау мақсатын көздеген саясат болды ма басшылар осы жерге “Пионер” деп ат қойып, айдар тақты.
Базынаушы кейуана бізбен әңгімесін әріден бастады.
– Негізі біз найманның бабас руына жатамыз. Жеріміз мына Байқоңыр өзенінің жоғары жағы болады. Қазіргі “Пионер” деп аталатын ауыл отырған жер Ресей тұсында бос болатын. Оны бабас, бадана, жәлмендер қатар жайлады. Осы өзен бойынан қыстақтар салып, азын-аулақ малын бағып күн көрді. Менің әкем Қыпшақбай ағылшындар Байқоңырда көмір қорын тауып, соны игеру үшін кәсіпорын ашпақ болып, жан-жақтан адам жинап жатқанда барыпты. Өзі жас. Көмір өндірудің қияметін ауылдастары жыр қылып айтуынан хабары бар ол құрылысқа барады. Байқоңыр өзені бойында қаңқасы ғана қалған үйлерді салуға қатысып едім деп отыратын.
Мен ес білгенде ауыл адамдарының күздің қара суығына қарамастан, тоған саламыз, бөгетке жұмысқа барамыз, деп елең-алаңнан кетпен-күректерін иықтарына салып алып топ-топ болып кетіп бара жатқанын көруші едік. Бала үшін бәрі қызық. Бір күні бөгетін де көрдік. Ауылдың үлкендері, әйелдер, ересек балаларға дейін бөгет жұмысына қатысқаны, үлкендерінің арбамен, қаппен, балалардың шелекпен топырақ тасығандары бүгінгідей көз алдымда. Қай жылдары екенін мен білмеймін ғой, әйтеуір көп ұзамай соғыс басталды. Ауылдағы талай туысқандарыммен бірге өз бауырым Мақсұтбек те соғысқа аттанды. Ел бөгеттің қызығын соғыс кезінде көрді. Көктем шыға ен даланы жыртып тұқым себеді. Жаз бойы үш-төрт рет су береді. Жазда самал желмен жайқалып, теңіз толқыны секілді шайқалып тұрған, о шеті мен бұ шетіне көз жеткізсіз егіс алқабын көрудің өзі бір ғанибет еді. Ауылдың іргесіндегі биік төбелердің басына шығып, осы құрылысты ауыл балалары болып қызықтайтынбыз. Балалар үшін осындай бір жаймашуақ күнде колхоз бастығы бізді жинап алып: “Сендер улап-шулап текке жүрмеңдер, әке-шешелерің еккен мына егінді шегіртке мен торғайдан қорғау керек, міне, сендерге жауынгерлік тапсырма”, – деді. Жауынгерлік тапсырма дегесін не жанымыз қалады, содан былай қарай бізге жұмыс табылып, егінді жинап алғанша торғай-шегіртке қуып дамыл таппайтын болдық.
Әкем егінде бригадир болды. Құдайдың бергені шығар әрі мол судың арқасы болар, соғыс уақытында егіннен мол өнім алып отырды. Іргедегі Қарсақбай онда аудан орталығы, күзде сонда арбамен күндіз-түні бидай, картоп, қауын-қарбыз жөнелтілетін. Пионерлік диқандардың жанқиярлық еңбегі жоғары бағаланды. Сол кездің өзінде талай адамға орден, медальдар табыс етілді. Соғыстың беті әрі қарағанда біздің ауылдан әкем Қыпшақбай және тағы басқа да озаттар Мәскеуде Бүкілодақтық Халық шаруашылығы жетістіктері көрмесіне барып қайтты. Мәскеуліктердің өздерін қалай құрметтегенін, Бүкілодақтық староста М.И.Калининді көргендерін жыр қылып айтып отыратын. Сонда алған марапаттары, толып жатқан құжаттары, суреттері салынған қобдиша, үй мүліктерін елуінші жылдардың басында көктемде қар еріп, су тасығанда суға кетті. Әкемнің бір суреті қалмағаны өкінішті-ақ.
Ол “Пионер” бөгетін ғана салып қойған жоқ, осы Ұлытау өңірінде бірнеше жерде тоған салуға қатысты. Әкем 1974 жылы қайтыс болды. Көзі тірісінде елі қатты сыйлады, құрметтеді. Менің арманым – елі үшін аянбай еңбек еткен, артына өшпестей із қалдырған әкемнің әруағы риза болуы үшін ең болмағанда мына “Пионер” ауылына Қыпшақбайдың есімі берілсе екен.
– Мен Ұлы Отан соғысының майдан даласынан елге аман-есен оралғаннан кейін Байқоңырда еңбек еттім, – деп бастады әңгімесін Талғатбек қария. – Кейін “Пионер” ұжымшарына көшіп бардық. Егін шаруашылығында 16 жыл бригадир болып еңбек еткен жылдарымда Қыпшақбай қарияны көзім көрді. Еңбекте ысылған, ұзын бойлы, талдырмаш келген кісі еді. Су маманы қызметін атқарды. Ұжымшар басқармасының басқарма мүшесі болды. Қатты су тасқыны жарып кетпесін деп көктемде бөгетке қойылған күзетшіге де сенбей, келіп жатқан судың жайын күніне екі-үш рет барып көріп тұратын. “Судың да сұрауы бар, тегін келіп жатқан су деп қалай болса солай пайдаланбаңдар”, – деп отыратын. Өзі салдырған бөгетке әрқашан жанашырлықпен қарайтын. Оның кеңесімен су тасқыны шайып кетпесін деп жанқұлақтың алдына рельстен тоспа да тұрғызылды. Сол кездің өзінде облыстық су шаруашылығы басқармасына хат жолдап, бөгетті жыл сайын жөндеп отыру керек, оны биіктету қажет деп өтініш еткен еді. Біз “Пионердің” іргесінен Айпара шоқысына дейінгі жазыққа 500 гектардан астам жерге бидай, арпа, жүгері, бақша өнімдерін, картоп отырғыздық. Ол уақытта жоспар деген болады, жоспарды асыра орындап жүрдік. Осыншама жерге егілген көкөністі суаруға бөгет суы толығымен жететін.
Жоғары жақтан келген су шаруашылығы мамандары бөгеттің салыну әдісіне еш шәк келтірмейтін. – Мұны кімнің жобасымен салдыңдар, кім басқарды, кім салса да оқыған инженеріңнен артық іс атқарған деп отыратын.
Тың және тыңайған жерлерді игеруге байланысты “Пионерге” қаладан 87 комсомол мүшесі жіберілді. Ферманың басқарушысы Юрий Бубнов деген орыс болды. Совхоз орталығы Ақтөбеге көшірілсін деген жоғары жақтан келіп түскен ұсынысқа байланысты бөгеттің іргесіне алты екібасты коттедж үй салынды. Комсомолдардың күшімен ағаш отырғызылды. Бірақ, “Пионерді” кеңшардың орталығы жасау жөніндегі ұсыныс іске аспай қалды. Кеңестік дәуірде бөгет үлкен елді мекенге айналды, ферма орталығы болды.
Негізінен Ақмола, Майтөбе, 71-ші станса маңайындағы шоқылар мен жоталардан аққан су “Сарысай”, “Аққоян” сайларымен ағып Байқоңыр өзеніне құяды. Бөгет құрылысын салуды ұйымдастырған Қыпшақбай ағамыз бөгет салатын жерді таңдағанда көрегендік танытқан. Аққоян мен Сарысай сайларының құяр жеріндегі тар қолтықты бөгеткен. Соның нәтижесінде бөгетке су мол жиналады. Бұл бөгеттің халыққа қызмет еткеніне де жетпіс жылдан асып кетті. Бөгеттің құрылысында Жақыпбек, Әубәкір, Әбшүкір, Қожабай, Байнияз, Әлібай, Әлібек, Батырбек, Әбірез, Бөлеген, Мүсілім, Рахмет, Тапал, Сейдаха, Мұсағұл, Тәжібай, Мұқан, Сұлтанғазы секілді ағаларымыздың қолтаңбалары қалды. Олардың жанқиярлық еңбегінің арқасында қаншама халық ашаршылықтан аман қалды десеңізші.
Бөгеттің Ұлы Отан соғысы жылдарында халыққа тигізген пайдасы өз алдына бір төбе. Батыста қиян-кескі құрыстар жүріп жатқанда тыл еңбеккерлері де қарап қалмады. Қолына қару ұстауға жарайтындар майданға аттанса, күрек ұстауға жарайтындары осы өңірдегі алғашқы өндіріс орны Қарсақбай мыс қорыту зауытына броньмен қалдырылды. Ауылда егін егумен, мал шаруашылығымен айналысатындар кәрі-құртаң, шал-кемпір, бала-шаға болып қалды. Соған қарамастан “Пионерде” еңбек дүбірі бір толастамады. Егістік жердің көлемі ұлғайды. Суармалы жерден алынатын өнім мөлшері де артты. Соғыс қажетіне арналған мыс өнімдерін толассыз жөнелтіп жатқан Қарсақбай зауытының металлургтеріне бақша өнімдері тұрақты жөнелтіліп тұрды. Сол сұрапыл соғыс жылдарында егіс даласында Күлзағира Қолқанатова тракторшы болды, Ниязғали Бекмұрзин звено басқарды, звено жетекшісі Құрманкүл Молдабергенова аудандық Советтің депутаты болды, майдан даласынан бір аяғынан айырылып келген Сейтмағанбет Өтегенов бригадир, бір қолынан жараланған майдангер Әбдіғали Қозыкенов күзетші болды. Міне, шағын ғана ауылдың сол кездегі тыныс-тіршілігі осындай еді.
Сулы жер – нулы деп тегін айтпайды. Су болған соң елді мекеннің басы да көкорай шалғынға оранды. Әр үйдің жанына бау-бақша егіліп, ағаш отырғызылды. Бұл тіршіліктің бәрі де Қыпшақбай салдырған тоғанның арқасында мүмкін болған шаруалар. Елуінші жылдары бір көктемде Қыпшақбайдың үйінің дүние-мүлкі суға кеткен еді. Сонда Қыпшекең: дүниені қайтейін жиналар, менің жалғыз баламның майдан даласынан жіберген хаттары кетті-ау топан суға – деп өкініп отыратын. Расында сол жолы дүние-мүлікпен бірге оның барлық құжаттары, Мәскеуден алған марапаттары да кетті.
Сондықтан еліне айтарлықтай еңбегі сіңген асыл ағамыздың есімі мәңгі есте қалу үшін ол туған ауылға есімін беру жөн. Ауыл іргесіндегі төбеде мәңгі тыныштық тапқан Қыпшақбайдың әруағы сонда ғана кейінгі ұрпақтарына риза болар деп ойлаймын.
– Мен әскерге ақ финдермен болған соғыстан бұрын алынып, содан елге 1945 жылы немісті өз ордасына тұншықтырғаннан кейін және шығыстағы жапон самурайларын талқандағаннан кейін оралған жанмын. Осы бөгетті Қыпшақбай салдырғанда басы-қасында болдым. Оған менің де еңбегім сіңді. Жас кезіміз, халыққа керек дегесін жатпай-тұрмай еңбек еттік. “Пионер” бөгетінің дүниеге келуінде Қыпшақбай Баймағанбетұлының еңбегі ұшан-теңіз. Одан басқа жан “мен салдым немесе мен оны салуды басқардым” деп айта алмайды. Оған ешкімнің де таласы жоқ, деп ойлаймын, сондықтан қазақта “Өлі риза болмай, тірі байымайды” деген жақсы бір нақыл сөз бар. Қыпшақбайдың аруағы риза болсын десек, “Пионер” ауылына Қыпшақбайдың атын беру керек. Бұл кейінгі ұрпаққа үлгі-өнеге боларлық іс болады деп ойлаймын, – дейді “Пионер” ауылының тұрғыны және еңбек ардагері Мұқамбедия Іскендірұлы.
Сонау бір қиын да қытымыр заманда өзінің ұйымдастыру қабілетімен, көрегендігімен, іскерлігімен Ұлытау өңірінің елді мекендерін суландырып, аштықтан өлгелі отырған елдің аузын нанға тигізген Қыпшақбай секілді ардақты ағаның есімі ел есінде. Оның қолтаңбасы осы өңірде салынған басқа да бөгеттерде әлі күнге дейін сайрап жатыр. Халық айтса, қалт айтпайды емес пе, олай болса еңбек ардагерлерінің, ауыл қарттарының орынды айтқан ұсынысына облыстық ономастика бөлімінің, сол секілді осы мәселені шешуге қатысатын басқа да тиісті органдардың басшылары назар аударып, халықтың өтінішін екі етпеуге үлес қосады деп ойлаймыз.
Шамқан РАХМЕТОВ, Қазақстан Журналистер одағының мүшесі. Жезқазған.