29 Қыркүйек, 2010

Кардивтегі Хакан кім?

522 рет
көрсетілді
9 мин
оқу үшін
Осыдан біраз уақыт бұрын Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің кафедра меңгерушісі Қайрат СаҚ іссапармен Еуропаның біраз елдерін аралап қайтқан болатын. Сонда Ұлыбританиядағы “Қазақ” қоғамының жетекшісі Хакан Отыншы деген кісімен жолығып, оны Қазақстанға арнайы қонақ болып қайтуға шақырыпты. Ыстық ілтипатты жылы қабылдаған қандасымыз көп ұзамай Елордаға келіп, Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетіне арнайы ат басын бұрды. “Ұлыбританияда тұратын электрондық-инженерия ғылымының докторы бұл қазақ кім?” – дейсіздер ғой. Оған төмендегі сұхбат арқылы жауап беруге тырысып көрелік, құрметті оқырман. – Халық арасында: “Қазақ айға ұшып барса да туысын іздейді”, деген әзіл-шыны аралас сөз бар. Тәуелсіздікті алып, жеке-дара мемлекет болғаннан кейін біздер шетелдерден аяқ алмайтын болдық. Қан­дас­тарымыздың біреуі оқу-білім алуға жол тартса, екіншісі демалуға барып жатады. Ал үшіншісі сауда-саттықпен шекара асады. Осының бәрі егемендіктің арқасы ғой. Ал сіз қалайша Ұлыбританияға тап болдыңыз? – Өмірде түрлі қиындықтар бар ғой. Сондай ауыртпашылық менің әулетіме оңай тимеді. Атам кезінде қуғындалып, Қытайға көшіп кеткен екен. Ол жерден де таршылық көрген болу керек, Гималайды бетке алып Пәкстанға қоныс аударады. Содан араға тағы біраз уақыт өткізіп, Түркияға табан тірейді. Сөйтіп, мен Ыстамбұлда дүниеге келгем. Білімімнің негізі міне, сонда қаланды. Қазақстандағы “Болашақ” сияқты Түркияда да осындай бағдарлама бар еді. Соған құжаттар тап­сырып, 1990 жылы Манчестер универ­ситетіне электрондық инженерия маман­дығы бойынша оқуға түстім. Магистра­тураны тәмәмдағаннан кейін, Лондоннан 200 шақырым жердегі Кардиф қаласына қоныс аударып, сондағы Гламорган университетінде 3-4 жыл докторантурада болдым. Зерттеу жұмыстарына кірістім. Мамандығым бойынша электрондық құрылғылардың медициналық жағын зерттеймін. Ғылыми негізі мен тәжірибесі бір-бірімен үнемі астасып жататындықтан, онда зерттеу жұмыстарына аса зор назар аударылады. Сол себепті, докторантураны бітіргеннен кейін, Кардиф қаласындағы электрондық фирмада инженер қызметін атқарып, біраз тәжірибелер жинақтадым. Содан Түркияға оралып осы елдің Ұлттық медицина орталығында қызмет атқардым. Арада біраз уақытты тастап, Англиядағы Гламорган университетіне қайта оралып, оқытушылық пен ғылым жолын қатар алып жүруге тура келді. – Әлемге танымал университеттің бірінде сабақ бересіз, Еуропа халқымен етене араласасыз. Олардың қазақтарға деген көзқарастары қандай? – Готхольд Пессингтің: “Дүниеде ешбір халықтың басқа халықтардан артық болып жаралмағанына мен кәміл сене­мін”, – деп айтқан жақсы сөзі бар. Демократиялық қоғамдағы адамдар ұлттық нәсілдік жіктерге көп бөлінбейді. Еуропа халқы міне, дәл солай. Ондағы білім ор­да­ларында оқытушыға және оқыту пәніне баға беру жүйесі жұмыс істейді. Егер студенттер ұстазына немесе оның пәні­не төмен баға берсе, онда білім беру бағдар­ламасынан сол пән түсіп қалады. Ал оқытушы төмен балдық ұпай алғаны үшін жұмыстан шығып кетуі әбден ықтимал. Мінеки, осындай жүйемен жұмыс істейміз. Мені қазақ екен деп, сабағымды тыңдамайтын немесе жүргізетін пәніме қатыспайтын жағдайлар болған емес. Болашақта да болмайды деп нық сеніммен айта аламын. Ұлттық жіктелу ғылым жолында, ағарту­шылық алаңында атымен жоқ. Енді шетелдіктердің Қазақстанға деген пікірі дегенге келсек, осы бертіннен бастап атажұртқа байланысты ойлардың объективті тұрғыда айтылғандығын құлағымыз жиі шалуда. Олар бізді бұрынғы Ауғанстан, Пәкстан деңгейінде қарамайтын болды. Бірақ, Борат секілді сайқымазақтардың өз кезінде жаңсақ пікірлер туғызғаны анық. Дегенмен де еуропалықтар Қазақстанды дамып келе жатқан жас мемлекет ретінде, осы елдегі саяси жүйені реттілікпен басқарып отырған Нұрсұлтан Назарбаев сынды саясаткердің бар екендігін де жақсы біледі, таниды. Сөз ретіне қарай Қазақстанның биылғы Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымына төрағалық етуі Батыста өмір сүріп жатқан барлық қазақ­тарға үлкен абырой алып келгенін атап айта кеткім келеді. – Байқап отырмын, әңгіменің өзі: “Еуропадағы қазақтардың жағдайы қандай?” деген сұраққа икемделіп бара жатқан сияқты. Енді осыған тоқталсаңыз. – Жалпы тарихқа үңілсек, кезінде Қы­тайға, одан кейін Түркияға қоныстанған қазақтардың кейбірі 1980 жылдардан бастап Ұлыбритания, Швейцария, Германия, Дания сияқты елдерге күн көру үшін, жұмыс істеу үшін барған. Мәселен, ол кезде Ұлыбританияға келгендердің бәрі бүгінде Лондонда өмір сүреді. Бұл қалада қазір 35-40 қазақ отбасы, 300-400-дей адам бар. Олардың дені кезінде Түркияның эконо­микалық жағдайы нашарлаған кезде көшіп келгендер. Қазіргі таңда сол аға буын өкіл­дері өскелең ұрпаққа барынша ұлттық салт-дәстүрлерді, әдет-ғұрыптарды үйретуге атсалысып келе жатыр. Ассимиляция болмау үшін не істеу керек дегенде, біздің ойға бірден қоғамдық ұйым құру керек екендігі еске түсті. Сөйтіп, құзырлы органдарға тіркеліп, Ұлыбританиядағы “Қазақ” қоға­мын құрдық. Осы арқылы Лондондағы қазақ балаларына өз ана тілдерін үйретуге, ұлттық сананы, салт-дәстүрді бойларына сіңіру үшін бәрін істеп жатырмыз. Ал енді Еуропа ауқымына келсек, жыл сайын онда дәстүрлі кіші құрылтай өткізіліп тұрады. 2-3 күнге ұласқан осындай жиын­дар түрлі мәдени іс-шара­лармен, қазақ жастарының арасындағы футбол тур­нирімен аяқталады. Еуропадағы қазақ қоғамдары федерациясының жұмыс бағыты Дания, Германия, Швейцария сияқты Еуропа елдерінде атқарылады. Батыстағы қазақтардың көпшілігі сауда-саттық саласында жұмыс істейді. Алайда компьютер инженері, мұғалім сынды мамандық иелері де кездеседі. – “Тіл”, “дәстүр”, “мәдениет”, “ұлт” деп жатырмыз. Осылардың бәрін Еуропадағы қазақтар, әсіресе балалар қаншалықты дәрежеде қадір тұтады? – Сіз айтып отырған сөздердің әрқай­сысында терең мән-мағына жатқандығын жақсы білем. Олар бір ұлттың негізгі менталитетін құрайды ғой. Бізде аға буын қазақша сөйлейді. Мәселен, менің ата-әжем, әке-шешем қазақша сөйлеген. Осындай жоғарғы буыннан тәлім-тәрбие алған қазіргі орта буындағылар да қазақ тілін жақсы біледі. Салт-дәстүрге де ұқыпты. Ал жазу-сызуға келгенде, жеке өз басым кириллицаны оқи аламын, бірақ жазғанда қиналамын. Ал латын әрпіндегі кітаптарды оқу оңайға түскенімен, ондағы көп сөздерді түсіне бермейміз. Балалар болса, олар көбінде ағылшын тілінде сөйлеседі. Оларға мейлінше осы ұғым­дарды түсіндіруге тырысамыз. Ұлттық мәдениетімізді, салт-дәстүрлерді айтып түсіндіруді Еуропадағы әрбір қазақ ата-аналар өз мойындарына алды. Өз ұрпақ­тарын ұлттық мәдениетпен сусындату үшін көптеген отбасылар үйінде арнайы бір бөлмені қазақша етіп жасайды. – Жастардың некелесіп, отбасын құру жөнінде не айта аласыз? Ағылшын күйеу бала, неміс келін сияқты отбасы мүшелері бар әулет кездесе ма? – Ол жағын енді үзілді-кесілді не бар, не жоқ деп айту қиын. Жастардың ара­сында бұлар бар. Бірақ, көп емес. Біз Еуропа қазақтарының кіші құрылтайын әр жылы әр қалада ұйымдастырып отырған себебіміз де сол. Бір жағынан қоғамдағы өз-өзімізді рухани, мәдени, қарым-қаты­нас тұрғысынан дамытқанымыз болса, ендігі бір жағы осы жастарды бір-бірімен таныстырайық, табыстырайық деген ой. Германияда тұратын қазақ жігіті Лон­дондағы құрылтайға келіп, сондағы қазақ қызына ғашық болса, одан барып үйленсе жақсы ғой. Құда түсу, қыз ұзату, үйлену тойлары, шілдехана, бесік тойлар, тұсау кесу, сүндетке отырғызу сияқты жоралғы­лар қазақи дәстүрмен орындалып отырады. – “Өзге елде сұлтан болғанша өз еліңде ұлтан бол”, дегендей... – Кім болса да өз елінде болуды, не көрсе де елімен бірге көруді қалайды ғой. Қарлығаштың өзі салған ұясына жетуге асығады. Біз де тарихи Отанымыз – Қазақстанға оралуды жоспарлап отырмыз. Алдағы уақытта, шаруалардың икемін тапқанда міндетті түрде қайтамыз. Бәрі уақыт еншісіндегі жағдай. Әңгімелескен  Арай ҮЙРЕНІШБЕКҚЫЗЫ.