02 Қазан, 2010

Ертең — Мұғалім күні

1479 рет
көрсетілді
30 мин
оқу үшін
“Нұр Отан” халықтық-демократиялық партиясының Саяси кеңесі барлық білім саласы қызметкерлерін төл мерекесі – Мұғалім күнімен құттықтайды! Сіздердің мамандықтарыңыз елдегі ең қадірлі, ең мерейлі әрі аса жауапты мереке. Себебі, Қаза­қ­­станның болашағы сіздердің қолдарыңызда. Баланың болашағы, оқуда қандай жетістікке жететіні, өмірде қаншалықты табысты, іскер болатыны тіке­лей тәлімгерлерге байланысты.  Сонымен қатар Қа­зақстан ұстаздарының Елбасы, “Нұр Отан” пар­тиясының Көшбасшысы Нұрсұлтан Әбішұлы На­зарбаевтың бастамасы бойынша жүргізіліп жатқан реформаларды іске асыруда да қосар үлесі көп. Елбасының айрықша көңіл бөлуі нәтижесінде білім мекемелерін көбейту және олардың материалдық-техникалық базасын заманауи қондырғылармен жабдықтау арқылы білім саласын дамытуға барлық жағдай жасалып келеді.  Оның барлығы білім сапасын арттыруға, кәсіби шеберлікті нығайтуға, мұғалімдердің әлеуметтік мәртебесін жоғарлатуға ықпал ететіні сөзсіз. Біз сіздердің Қазақстан азаматтарын өз елінің патриоты және тәрбиелі әрі жауапты адам етіп тәрбиелеп шығатындарыңызға сенімдіміз. Құрметті ұстаздар және білім саласының ар­дагерлері! Сіздерді мерейлі мерекелеріңізбен шын жү­рек­тен құттықтай отырып, мықты денсаулық, шы­ғармашылық табыстар, ізгі  махаббат пен мейірім тілейміз!

Ұстаз – ұлы ұғым

Ұлт ұстазы, қазақтың өткен ға­сырдағы руханияты­ның көш бас­шысы Ахмет Байтұрсынұлы: “Мек­тептің жаны  – мұғалім. Мұғалім қандай болса, мектебі һәм сондай болмақшы, яғни мұғалім білімді болса, білген білі­мін басқаға үйрете білетін болса, ол мектептен балалар көбірек білім біліп шықпақшы. Солай болған соң, ең әуелі, мек­тепке керегі – білімді, педагогика, методикадан хабардар, оқыта біле­тін мұғалім”, – депті. Арада бір ға­сыр өтсе де Алаш арысының бұл сөзі әлі күн тәртібімен түскен жоқ. Бұ­лай деуімізге себеп, Отанымыз­дағы милли­он­­даған балаға білім үйретіп, тәрбие тағылымын дары­тып келе жатқан мыңдаған мұға­лімдер күніне арналған салтанатты жиын “жүрек қалауы” деген атпен елор­дадағы Конгресс-холл сарай­ында өткен еді. Оған мем­ле­кеті­міз­дің барлық өңірінен үздіктердің үздігі жиналып, еліміздің астана­сымен танысқан болатын. Алқалы басқосуда олар ұстаз қауымының бүгіні мен ертеңі ту­ралы ой бөліскен болса, алғашқы сөзді Білім және ғылым министрі Бақытжан Жұмағұлов алып, ең алдымен ұстаз өзінің ісімен, өзінің сөзімен егемен еліміздің болашағын ойлайтын, тәуелсіздігін қорғайтын білімді ұрпақтың тәлімгері екенін еске салып, ұстаздардың кәсіби мерекесімен құттықтаған болатын. Ұрпақ тәрбиесі ұлы жолында қызмет етіп келе жатқан мұғалімдердің ата-анадан кейінгі атқарар рөлі ерекше, тәуелсіз мемлекетіміздің басты құндылығы – білімді адам. Осы­ны елдіктің туын тіккен күннен бастап, бір сәт те на­зар­­­дан шығармаған Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың  сая­сатының нәтижесінде білім ор­ындары мүмкіндігінше базасын жетілдіріп келеді. Тек өз Отаны­мыздағы білім үрдісі­­мен шектеліп қалмай, әлемдік білім кеңістігіне шығу жолындағы қадамдарымыз­дың өзі бәсекелестіктің бағын аша­ды, деген министр тәрбие мә­се­лесіне көңіл аударып, Әл-Фараби бабамыздың тәрбиесіз берген білім­нің нәтижесіз болатынын көре­ген­дікпен айтқанын, тәрбие мен білім беру ісін таразының басындай тең ұстау қажеттігін атап өтті. Сол жиында еліміздің барлық облыстарынан келген жүзден жүй­­­ріктер Қазақстан Республикасы Бі­лім Беру ісінің құрметті қызмет­кері және Ыбырай Алтынсарин төс бел­гілерімен марапатталған еді. Со­лар­дың қата­рында Әлия Тұма­бе­кова, Темірғали  Әбілмәжинов, Свет­­лана Зубарева, тағы басқалар бар. “Алты алаштың баласы бас қос­­қанда, қадірлі орын – мұға­лімдікі” деп аяулы ақын Мағжан Жұмабаев айт­қандай, жылында бір рет келе­тін Мұғалім күніне орай, олар­­­дың айтқан ой бай­ламдарын, ұла­ғатты ұстаз­­­дар­дың жақсы жұмысы жайлы жазылған топтама­лар­ды оқ­ыр­ман қауымға ұсынып отырмыз. Жақсы ұстаз —  шамшырақ Ағартушы атамыз Ы.Ал­тын­сарин “Мұғалім маған бәрінен де қымбат, өйткені, ол – мектептің жү­регі” десе, орыстың көр­нек­ті педагогы К.Д.Ушин­ский “Мұғалім – зор тұлға. Ол күннің құдыретті сәу­лесі сияқты” деп елжі­рейді. Ал біздер өз тарапы­мыз­дан “Текті тұлға бол­мы­сың да болы­мың, Жал­ға­сысың Алтынсарин жо­лының. Есіміңе барша ха­лық бас иген, әз-ұстазым, төрде сенің оры­ның”, деп өз жүрек­жарды ние­тімізді білдіріп, “мың тағзым сізге, ұстаз!” – дейміз. Мен талай-талай талантты шә­кірт­тер тәрбиелеуге тер төккен, ұс­таздықтың қиын да күрделі күн­де­рін кеш­кен, өздерінің ал­ғау­сыз қызметтерімен елге тұтқа да тұлға, өне­гелі өнерімен шә­кірттеріне ұлағат та үлгі бола білген, үл­кен жү­ректі, өресі кең, бұл күндері өмір­де біразы жоқ Е.Жо­лаев, Ж.Әуезов, К.Әб­нә­сіров, Ө.Ерке­шов, И.Дәу­летов, Б.Ер­мұ­қанов және зейнеткер Т.Меде­та­лиев сияқ­ты ардақты ұстаз­дарым­ды, өткенсіз бүгін болмайды деп, олардың кәсіби мерекесі кезінде еске түсіріп отырмын. Нарықтың қаң­бағы болмай, халық­тың қай­мағы бола біл­ген, адам­ның май­да­сы болмай, заман­ның айнасы бола біл­ген, ұлтының ұлы­ла­рын ұлықтап, тектіле­рін ту ғып көтере біл­ген, тентектерін тезге салып, ұлы істерде ұйымдастырушы ретінде көпшілікке үлгі көрсеткен елдің елдігін, ұлыстардың бірлігін сақтауда өлшеусіз үлес қосып елдің риясыз алғысына бөленіп, ұстаз атты ұлы есімге ие бола білген жандарға қандай ілтипатты сөз айтсақ да жарасады. Рухани дүниесінің асқақтығын әрқашан туған халқының алдында паш етіп, елдің еңсе­­­сінің биік бо­­луына, бірліктің іргесі сөгілмеуіне, ырыстың шалқып, ынтымақтың біріге түсуіне зор үлес қосып жүрген осы ұс­таздар қауымы. Өздерінің көрегендік­терінен жаңылмай, асқар таудай би­іктерінен төмендемей жүргендер де мұғалімдер. Бес қол бірдей емес деп, ала-құла туралы әңгімені мереке тұсында ұмыта тұруды жөн көрдім. Педагогтар қауымының халқына айтар ал­ғыс, ризашылығы да, билік басындағыларға ай­тар өкпе, назы да жетерлік екені даусыз. Ал ме­­нің айтарым: мектептерде тәрбие беруге баса на­зар аударылса, “Адамгершілік пәні” енгізілсе деймін. Мектеп пен дін орындары тәр­бие мәселесінде тізе қосып тірлік ет­се тиімді болар еді. “Мектеп­­­тің мақ­саты тәрбиелеу, тек қана тәрбиелеу” депті көрнекті педагог И.Пестал­­­лоций. Ал Әл-Фараби бабамыз айт­қан тәрбие туралы қанатты сөз әр мұғалімнің есінде жүруі тиіс. Тағы бір арман-тілек мұғалімдер ең жоғары жалақы алатын мамандық санатына қосылса, мәр­тебесі шенеу­ніктерден кем болма­са, мемлекеттік қызметші дәрежесіне  жетсе, Қазақ елінің мұғалім­дері-ай деген биікке көте­рілсе... Қане! Сонда ұстаздар қауымы алаңсыз шығармашылықпен айналысып, өз істеріне жауапкершілікпен қарайтын болады. Әрине, бұл арада мұғалім­дерге жағдай жасалмады деуден аулақпын. Ел­басы қамқорлығы көп. Көріп те, пай­­­­даланып та отырмыз. Дегенмен, ұр­­пақ тәрбиешісіне жағдай бірте-бірте әл­­­­­емдік деңгейде жасалса деген үміт қой. Ұлы Абай бабамыз “Адамның адамшылығы ең алдымен жақсы ұстаздан” демеді ме?! Мен әріптес­те­ріме ыстық ілтипатымды: Кемел тәрбие берілмей, келісті ұрпақ өспейді, Жақсы ұстаз – шамшырақ, шырағы жаққан өшпейді, – деген нық сеніммен аяқтағанды жөн көріп отырмын. Оразбай ҚОСАНОВ, ҚР білім беру ісінің үздігі, ардагер ұстаз. Қызылорда. Күлжан ТӨКЕНОВА, Солтүстік Қазақстан облыстық дарынды балалардың мамандандырылған қазақ гимназия мектеп-интернатының директоры:

БАЛА ЖАНЫ АҚ ҰЛПА, ҰҚСАҢ, ҰТЫЛМАЙСЫҢ”

Әуел баста ауыл балалары үшін ашылған мектеп-интернатымыз тәуелсіздіктің арайлы таңы атқан­нан кейін де біраз жылдар бойы Петро­павл қаласында ұлттық кадр­лар даярлайтын жалғыз шаңырақ болып келді. Оның қабырғасынан 10 мыңға жуық түлек қанат қағып, еліміздің әр түкпірінде жемісті ең­бек етіп жүр. Мәлік Фазылов, Мақ­тай Сағдиев, Жақсылық Ысқақов, Мекеш Утин, Қайырбек Оразов, Жа­расбай Сүлей­менов, Аяған Шәжімбаев, Ерік Тай­жанов секілді ел ағалары, тұлғалы азаматтар – мақтанышымыз. Есіл өзенінің жағасында, ну тоғайдың арасында орналасқан мек­тептің “Балауса” лагерінде оқу­шы­ларымыз жаз бойы тынығып, жаңа оқу жылына үлкен құлшы­ныс­пен кірісті. Оқу құралдары, ма­мандар жеткілікті. Әдеттегідей шал­ғайдағы елді мекен, көп балалы, аз қамтыл­ған отбасылардың балала­рын бірінші кезекте қабылдадық. Жұртшылықты бастауыш мектептің жоқтығы қатты алаңдататын. Соның салдарынан ұл-қыздарын орысша оқытуға мәжбүр болатын. Былтыр бірінші сынып ашып, мәселе шешімін тапты. Биыл 25 бүлдіршін партаға отырды. Жылдар бойы қалыптасқан игі дәстүрлер өз жалғасын тауып ке­­­ле­ді. Бес жыл бойы еліміздегі ең үздік 100 мектеп қатарынан көрініп ке­­леміз. Оның ешқандай құпиясы жоқ. Біз алдымен білікті де тәжі­ри­белі ұстаздар қауымына арқа сүй­ейміз. Мектепте 58 мұғалім мен тәрбиеші еңбек етеді. Түгелге жуық жоғары білімді. Әлия Малдыбаева, Айжан Шермұқанқызы, Маржан Оспанова, Айнаш Қожахметова, Әлия Ғайсақызы, Светлана Мұқа­тайқызы, Ирина Қанайқызы, Сара Мұқанова, тағы басқаларының ес­ім­дері құрметпен аталады. Мек­тебіміздің материалдық-техникалық деңгейі жақсарды. Кабинеттер ин­терактивті тақталармен, компью­тер­лермен, оқу-әдістемелік, дидак­тикалық құралдармен жабдықтал­ған. 2003 жылдан бері мектеп Да­­рын мәр­тебесімен жұмыс істеп жа­тыр екен. Қолдағыны місе тұтпай, аты­­на заты сай оқу отауын қалып­тас­­ты­ру жолдарын жан-жақты ойлас­тыруға, әрі қарай жетілдіруге тура кел­ді. М. Қозыбаев атындағы СҚМУ-дың профессор-оқушы­ла­рымен тығыз қарым-қатынас ор­натудың арқасында оқушыларымыз республикалық, халықаралық ғы­лыми байқауларда, пәндік олим­пиадаларда жақсы қырынан таныла бастады. Баланың ойлау логикасын дамыту атты жаңа технологияны оқу бағдарламасына енгіздік. 9 пән бойынша шеберханалар құрылып, жұмыс істеуге көшті. Бұған дейін оқушылар мектепке жалпы тәртіп бойынша алынып кел­се, енді қабылдау заманға қарай өзгерді. Былтыр бір орынға он үм­іт­кер таласса, биыл да одан кем бол­мады. Талапкерлер тестілеуден және әңгімелесуден өтеді. Биыл пси­хологиялық-логикалық тестіні ен­гіздік. Өйткені, талапты да да­рын­ды балаларды іріктеу, жазбай тану оңай емес. Оның үстіне сынақ жалпы білім беретін мектеп бағдар­­ламасы бойынша өтеді. Ал “Да­рын” бағдарламасы 8-ші сыныптан бастап қана енгізіледі. Оқушының танылуы, сабаққа зеректігі, пәнге бейімділігі, ой-өрісінің кеңдігі осы тұста айқын аңғарылады. Олардан осы қасиеттермен қоса ғылымға, зерделеу жұмыстарын бейімдеу, түрлі деңгейдегі пән байқаулары мен олимпиадаларға қатысу жағы ойластырылады. Әрине, бұған аз уақыт кетпейді. Кей ата-аналардың “балам жақсы оқитын еді, енді үлгірімінің нашарлап кетуі қалай?” деп реніш білдіріп жататыны сон­­дықтан. Бір мысал келтіре кетейін. Өткен оқу жылында 49 оқушы бағ­дарламаны игере алмағандықтан, өз еріктерімен басқа мектептерге ауы­суларына тура келді. Тоқсан сайын білім сапасына мониторинг жүргі­зіліп, оқушыларға, ата-аналарға ескертіледі. Біз мектептен шығару­­ды мақсат тұтпаймыз. Қолдан кел­­генше білімін көтерудің, озаттарға теңелудің түрлі амалдарын қарас­тырамыз. Жеке пәндер бойынша ар­найы мұғалімдер бекітіліп, сы­нып­тан тыс сабақтар ұйымдас­ты­рылады. Бұл мәселе мектеп, ата-ана жә­не оқушы арасындағы үш жақты келісім арқылы реттеліп отырады. Дарын мәртебесін иеленген мек­­теп­­­тердің бәрінде осы әдіс қол­­данылады. Бұрын мектепте бірде-бір оқу­шы “Алтын белгі” иегері атан­бап­ты. 2005 жылдан бастап қоржы­ны­мыз толыға түсті. “Алтын белгі” ие­­­­герлері 25-ке жетті. Биыл 7 түле­­­гіміз абыройымызды асырды. Орта­­­ша балл 111,8-ге көтерілді. 48 оқ­у­­­шы­ның 36-сы мемлекеттік грант ұт­­ып алды. Мамырова Азат деген оқу­­­­шымыз 125 балл жинап, ел кө­ле­мінде алдыңғы орыннан көрінді. Жұртшылықтың талқылауына ұсынылған білім беруді дамытудың 2011-2020 жылдарға арналған мем­лекеттік бағдарламасының жобасы ұстаз­дар қауымы арасында тың серпіліс тудырып, шығармашылық ізденіс­терге ұмтылдырып отыр. Онда ай­тылған білім беру жүйесінің бәс­е­­келік қарымын арттыру, адам ка­питалын дамыту үшін түбегейлі жаң­ғырту түпкі мақсат болып та­былатыны кеңінен түсіндірілді. Шынында да, оқу-тәрбие қыз­ме­тінің сапалық мазмұнын, материал­­дық-техникалық базасын жақсарту, педагог мәртебесін арттыру – күн тәртібінен түспейтін іргелі мәсе­ле­лер. Осыған орай, алдағы он жыл­ды қамтитын құжатта жаңа талап­­­тарды орындаудың жолдары жан-жақты қарастырылғаны қуантады. Бәрінен де әлемдік тәжірибеден үй­рену үрдістері, білімді мемлекетті, “ақылды” экономиканы және жо­ғары білікті жұмыс күшін бірікті­ре­тін ұлттық көзқарастың ұсыны­луы көкейге қонады. Мектепке дей­­­інгі тәрбие мен оқыту, орта бі­лімге қатысты өзекті жайлардың ке­ңінен қамтылуы құптарлық. Де­сек те, тал­­қылау барысында Үкімет, министр­лік ескеретін мәселелер жоқ емес. Жыл өткен сайын шағын жинақты мектептердің қатары артып келеді. Бұл көрсеткіш Қызылжар өңі­рінде 88-90 пайыз төңірегінде. Ал­ыс елді мекендерге жоғары білімді жастар бара бермейді. Өйткені, қа­­­лыпты әлеуметтік-тұрмыстық жағ­­дайлары төмен. Сондықтан дип­ломды мамандарға берілетін көтер­меақы көлемін әлі де ұлғайтқан жөн. Басқадай да ынталандыру ша­ра­ларын қарастырған абзал. Мұға­лімдердің негізгі күнкөрісін жалақы құрайтындықтан, норма­тив­тік став­­калар мөлшері көбейтіл­се деген тілек айтқымыз келеді. Сол сияқты техникалық-кәсіптік бі­­­лім беру ор­ындарының мате­ри­алдық-техник­а­­­лық, оқу-әдістемелік базала­ры да жақсартуды, қаржылық де­меу­ді қажет етеді. Еліміз жоғары бі­лімді мамандар әзірлеуден алға шыққа­ны­­­мен, қазақстандық білім беру сапасы бәсекелік қабілетке ие бола алмай отырғаны жасырын емес. Бағдарлама осы олқылық­тар­дың орнын толтырады деген үміттеміз. Елбасының халыққа Жолдау­ында атап өтілгеніндей, 12 жылдық білім алуға ауысу аса маңызды қа­дамдардың бірі болып табылады. Аталмыш жүйеге көшу осы за­ман­ғы білім беру және білікті кадрлар даярлау мәселесіне айрықша мән беріліп отырғанын көрсетсе керек. Осындай реформалық өзгерістерге мектептер мен ұстаздар қауымы дай­­­ын ба, білім сапасы өз деңгей­ін­де ме, деген сауалдар туындаса, не деп жауап берерімізді білмей мү­діріп қаламыз. Оның бір ұшығы та­ғы да ұстаздардың тұрмыстық, бі­лім ұяларының материалдық, әл­еуметтік әлеуетінің әлсіздігіне келіп тіреледі. Статистикаға жүгінейік. Әрбір 5-ші мұғалім 50 және одан үл­кен жаста. Жыл сайынғы жас кадр­лар есебінен толығу 2,6 пайыз ғана төңірегінде десем, төмен жа­ла­қы да мұғалімдерге тиесілі. Жаңа үлгідегі физика, биология, химия кабинеттері тапшы. Бұл көріністер негізінен ауылдық жерлерге тән. Бұл – мәселенің бір жағы. Ал жас ұрпақ бойына сапалы білім, саналы тәрбие сіңіріп, еркін елдің азат ойлы кемел тұлғаларын қалыптас­тырудың орнына сандық есептерді ғана місе тұтып, білімді үстірт ба­ғалау әдісінен арыла алмай жүрген кей әріптестеріміздің іс-әрекетін қалай бағаларыңды білмейсің. Мені ұстаз ретінде мереке тұ­сын­да да өзімді толғандыратын мә­селелерді іркілмей айтуды парыз са­­надым. Тағы бір ойымды ха­лық­аралық “Болашақ” бағдарламасына қатысты қозғасам деймін. Маған “Бәй­генің алдын бермейсіздер. Бі­рақ “Болашақта” оқитын түлек­те­ріңіз санаулы ғой” деген сауал жиі қойылады. Жанашырлықпен ай­тыл­­­ған игі тілектерге алғыстан бас­қа айтарымыз жоқ. Иә, 9 түлегіміз ғана білімдерін шетелдерде жал­ғастыруда. Ынта білдірушілер жетіп-артылады. Оқушыларымыздың басым көпшілігі ауылдық жерлер­ден шыққандықтан, мыңдаған дол­ларға бағаланған мөлшерде кепіл қою талабын орындауға шамалары жете бермейді. Соның салдарынан талайларының бағы байланып жүр­ген сияқты. Осыған тиісті ве­до­­м­­­стволар көңіл бөлсе екен дейміз. Лев Толстой: “Егер мұғалім тек өз жұмысын сүйсе, оны жақсылар санатына қосуға болады. Егер оқу­шыны өз баласындай көрсе, барлық кітаптарды оқып бітірген, бірақ не оқушыға, не жұмысына еш жылы­лығы жоқ мұғалімнен артық. Егер жұмыс пен оқушыны қатар қадір­лесе, нағыз ұстаз – осы!” де­ген екен. Ұлы жазушының осы бір та­маша сөзінен білім мен тәр­бие нәрін себетін бағбан мәртебелі ма­­ма­н­дықты иеленумен қатар жү­регіңмен баланың ұлпа жанын ұғып, тұла­бойын баурай білсең, ұтылмайсың. Солтүстік Қазақстан облысы. Біз оны сағынып жүреміз Бастауышты аяқтап, орта бу­ынға өткенде, біздің сынып жетек­шіміз болып Ақмарал Аманқызы бекітілді. Он бірінші сыныпқа дей­ін қазақ тілі мен әдебиеті пәнінен сабақ берумен қатар, бізге жетек­шілік жасаған ұста­зымыздың бей­несі әлі күнге жады­мыз­да. Апай­­дың сабақ беру тәсілі мен үй тап­сыр­масын сұрау әдісінің өзі ешкім­ге ұқсамайтын. Көптеген пән мұға­лім­дерінің кімнен сұрайтынын ал­дын-ала біліп, “барлау” жасай­тын болсақ, Ақмарал Аманқызына кел­генде ол жорамалымыз пайдаға ас­пайтын. Ұстазымыздың сабақ сұрауы өте түсініксіз еді. Мысалы, бүгін сұраған оқушыдан ертеңіне, оның ертесіне де демалтпастан та­ғы сұрай береді. Телміріп журнал қа­­рап оты­ратын бізге еш мән бер­мес­тен жур­нал­ды тастай салып, са­бақ бастап кететін де, түсіндіріп тұ­рып, кез келгенімізді тұрғызып, өт­кен сабаққа қатысты сұрақ қойып, жауабын алмаса, әрмен қарай оқу­шыларды тұрғыза береді (жауап бе­ре алмасақ отыра алмай, тұрып тұ­рамыз) жауабын алған сәтте түгел отырғызып, кеш­е­гіні бүгінгімен, бү­гінгіні одан бұ­рын­ғы тақырып­тар­мен байланыстыра сұрап, отыр­­­ғызып-тұрғызып, “өзің­мен-өзің” қалуға еш мүмкіндік бермеуші еді. Ұстазымыздың талабы қашанда қатал. Әртүрлі байқауларға қаты­сып, жүлделі оралатын Ақмарал Аман­­қызы аудан, облыс, кей кез­де­рі Алматыға дейін іссапармен ба­рып, баяндама­ларын сәтті қорғап келетінін өз мек­тебіме келіп, еңбек жолымды бас­та­ғанда ғана көз жет­кіздім. Қазір ойлап қарасам, от жағып, күл шығарып, құ­дық­тан су тасып (ол жылдары ауылға газ да, су да келмеген болатын), сиыр сау­ып, көктемде бақша егіп, мек­теп­тегі жұмысына да үлгеріп жүрген апайымыздың еңбекқорлығы көп­ші­лікке үлгі боларлықтай-ақ екен.  Аз ұйықтап, көп еңбектенетін ұс­тазы­мыз­бен кешкілік  спорт залға ба­рып, бас­кетбол ойнау немесе жа­ңа би үй­рену ең бір сәулелі шақ­тарымыз екен-ау! 1981 жылдан бері педагогика са­ласында отыз жыл еңбек етіп келе жат­қан Ақмарал Сапарованың ба­ғындырған биігі жетерлік. Өмір­­дің сан тараулы жолдарында еңбек етіп жүрген шәкірттері кездескен сәтте ұстазы­мыз­ды сағынышпен еске алып жатамыз. Отағасы, ау­данға та­нымал, кәсіпкер азамат, халық қа­лаулысы Ақболат Сапа­ровпен бірге қызда­рының алдын қияға қон­ды­рып, ұл өсіріп отырған Ақмарал Аман­­­қызын біз әрдайым мақтан етеміз. Айгүл САПАРҒАЛИҚЫЗЫ, С.МЕҢДЕШЕВ,  ЖОББМ мұғалімі. Батыс Қазақстан облысы, Жаңақала ауданы. Ұрпақтың ұлы жолында жүргендер Құрметті әріптестер, құрметті ұстаздар! Сіздерді Мұғалім күнімен шын жүректен құттық­­­таймын! Әрине, бұл мерекенің күзде аталып өтуі кездейсоқ жағдай емес. Бұл адам ру­хының көтеріліп, жыл бойы сі­ңірген еңбегінің жемісін жинайтын кез. Егер де диқан өзінің маңдай те­рімен өсірген алтын дәнін жи­наса, мұғалім өзінің шәкірттеріне жүрек жылуымен білім нәрін себе бастайды. Мұғалім күнделікті қызметінде рухани бай­­лық­ты, ұлттық құнды­лық­тарды көздің қарашығындай сақтауға, адамгершілік қасиеттерді бойға дарытып, баға ұялатуға, оны қалыптастыруға бар күш-жігерін жұмсайды. Ең алдымен ұстаз өзінің ісімен, өзінің сөзімен тәуелсіз еліміздің болашағын ойлайтын, Отан беріктігін қорғайтын білімді ұрпақ тәрбие­лейді. Бүгінде заман өзгеруде, соған сәйкес мектеп өмірі де өзгеруде. Әр кезеңде қоғам біздің алдымызға уа­қыт талабына сай болуы үшін жал­пыұлттық деңгей­дегі жаңа да күр­делі міндеттер қоюда. Егер де әрбір педагогикалық ұжым ең жоғары талаптарға жауап бе­ретін білім беру модельдері мен технологияларды қол­данып, мақсатты түрде жұмыс істесе, онда біз дәуірдің ағымынан қалмайтын боламыз. Сонда ғана қазақ­стан­дық білімді жоғары сапалық деңгейге көтереміз. Мұғалім еңбегі адамзат қыз­ме­тінің өте маңызды да күрделі түрі екені даусыз, ол терең білім мен үлкен шеберлікті, жүрек жылуы мен күш-жігерді, тіпті уақытпен санаспай еңбек етуді қажет етеді. Сіздерге шын жүректен ден­сау­лық пен барлық жақсылықты ті­лей­мін! Алға қойған мақсаттарыңыз орындалып, ой-жоспарларыңыздың жүзеге асуына тілектеспін. Ұрпақ­ тәрбиесі жолында жүрген құрметті әріптестер, мерекелеріңізбен! Бақытжан ЖҰМАҒҰЛОВ, Білім және ғылым министрі. Бала жанының бағбаны Алуан түрлі мамандық ара­сындағы адам өміріне ерекше әсер ететіні, жол нұсқайтыны мұғалім десек, қателеспейміз. Оған әлі де оң-солын танымайтын бүлдіршін­дердің осы ізгі жандардың алдынан білім нәрінен сусындайтынын, әке-шешесінен кейінгі өмір тағылымын алатынын қосыңыз. Сонда оларға жүктелетін міндеттің ауырлығы ан­ық аңғарылады. Сабақ барысында әр бала ұстаздың айтқанын ғана қабылдамай, қимыл-қозғалысына да еліктейді. Бар болмысымен бала жүрегіне жол тапқан жанның ғана еңбегі ақталып, шәкірт пен мұғалім арасындағы сыйластықтың жібек жібі жалғана түседі. Міне, өз мамандығын сүйетін, оқушыларының құрметіне бөленген Сүйінбай атындағы орта мектептің мұғалімі Нәзипа Тілеуқұлова 1980 жылдан Жамбыл ауданында жас ұр­­паққа сапалы білім, саналы тәр­бие беріп, еңбегінің зейнетін көруде. Өткен оқу жылында ұстаздар із­де­нісі жемісін беріп, олар рес­пуб­лика көлеміндегі “Үздік жүз мек­теп” қатарынан көрініп, облыстағы “Үздік ауыл мектебі-2009” бай­қауы­ның бас бәйгесін жеңіп алды. Он­да Нәзипа Жүнісқызының қос­қан еңбегі зор екенін әріптестері мақтанышпен айтады. Өмірімізге лайықты өрендер тәр­биелеуде инновациялық-тех­но­логиялық әдіс-тәсілдері, М.Жан­пейі­сованың модульдік оқыту, В.Ф.Ша­таловтың тірек-сызба нұс­қа­л­ары, Н.Оразақынованың са­ты­лай кешенді талдау технологиясы, рөлді ойын сабақтарын пайдалану өз нәтижесін беруде. Мәселен, гео­графия пәнінен өткен республи­ка­лық олимпиадада аталған пән бой­ынша үздік білімін көрсеткен Г.Айт­жанова жүлделі бірінші орын алып, Нәзипаның жыл бойғы еңбе­гі­нің жемісін дәлелдеді. “Дарын” ғылы­­ми-практикалық жоба жары­сында Надира Балбаева “Ежелгі қазақ тұрмысындағы метал маңы­зы”, Ақбота Сәпиева “Ауылым – ал­­тын бесігім”, Әсем Рахимова “Жер­гілікті жерде өсетін астық дақыл­дары” тақырыбында жүлделі бірінші, екінші орындарды иелен­ге­ні де зор мәртебе. Мұндай орт­а­­­сынан озған шәкірттері ондап са­на­­­­лады. Тіпті, оның жолын қу­ғандар да көп. Тәжірибелі ұстаз педагогикалық оқуларға қатысып, “12 жылдық бі­лім беру жүйесіне көшу” тақыры­бы­на атсалысып жүр. Осындай іргелі істерден шет қал­­­маған Нәзипа Тілеуқұлова “Кар­­тография” пәні бойынша ав­тор­лық бағдарлама және әдіст­е­ме­лік нұсқау жазып, облыс көлемінде тәжірбиесін таратып, сабақ берудегі жаңа ақпараттық технологияларды пайдалану ісіне екпін беруде. Ол жақында ғана “Қазақстан Рес­публикасы Білім беру ісінің құр­мет­­ті қызметкері” белгісіне ие болды. Ұстаз еңбегіне деген құрмет пен қамқорлықты жақсарту үшін “Білім туралы” Заңды қайта қарағанда, мұ­ғалім біліктілігін арттыруға бай­ла­нысты бап енгізу көтерілуде. Егер ол жүзеге асса, білім шаңырағында оқу сапасы жақсарады,– дейді біз­бен әңгіме арасында ұлағатты ұстаз. Облыста мұғалімдерге бірнеше жыл қатарынан коммуналдық көмек көрсетілуде. Дегенмен бүгінгі күні жаңа бітірген мұғалімдер 25-30 мың теңгеге еңбек етеді. Жас маман­дар­дың осындай жалақымен жүре бе­руі екіталай. Сондықтан әлі де бол­са, білім саласында еңбек еткен ұс­таздар қауымына көбірек көңіл бөлінсе, нұр үстіне нұр болар еді деген Нәзипаның пікірі де орынды. Күмісжан БАЙЖАН. Суретте: Н.Тілеуқұловаға “Қа­зақстан Республикасы Білім беру ісінің құрметті қызметкері” белгісін аудандық білім беру бөлімінің бас­тығы Л.Бакирова салтанатты түрде тапсырса, шәкірті гүл сыйлап тұр. Батырдан алар тағылым – батылдық Қазір мектеп оқушыларын от­ан­шылдық рухта тәрбиелеу, ба­тыр­лық пен батылдыққа баулу мәселесі аз қозғалып жүрген жоқ. Мен ос­ындай тәрбиенің бастау басы – бүкіл еліміз таяуда ғана 100 жылды­­ғын атап өтіп жатқан Бауыржан Мо­мышұлының артында қалған бай мұраларында жатыр дер едім. Хас батырдың қай шығармасын алып қарасаң да, адалдық, азамат­тық, батырлық, батылдық туралы баяндалады. Отанды шын сүю, от­ан­шылдық рухты қастерлеп, ту­ған жердің, өзіңді алақанда аялаған мемлекеттің мәртебесін асқақтату секілді алтын арқаулы ойды оқып қана қоймай, біз оқушылардың бойына соны дарытуды мақсат ете­міз. Әсіресе батыр бабамыздың “На­­мыс ерлікке жеткізеді, ерлік елдікке жеткізеді”, “Таяқтан тай­салмасаң, семсерден сескенбесең – жеңдім дей бер”, “Отан үшін отқа түс – күймейсің”, “Ана тілін біл­­­меген – ана сүтін татпаған”, “Ана үшін аянба – ант ұрады, бала үшін аянба – бетің күйеді. Ел үшін аянба – ерлігіңе сын, жұрт үшін аян­ба – жігіттігіңе сын”, “Сабыр­лының алдында дұшпан сасады, Сабырсыз­дан береке қашады”, “Тәр­тіп тән үшін, ынтымақ жан үшін керек”, “Тәртіпке бас иген құл болмайды, тәртіпсіз ел бол­май­ды” сияқты және т.б. қанатты сөздерін сабақ үс­тінде пайдаланып отырсаң, оқу­шы­лар ол сөзден үлкен тәлім алады. Мұндай рухыңды оятып, жігеріңді жанитын, астарын­да небір мықты ой, ерекше серпін жататын қысқа да нұсқа өміршең рухани құн­ды­лық­тарды айтып қана қоймай, көр­­некілік ре­­тінде пайда­ланып, тіпті сынып қа­быр­ғасына жазып қойсаң, оқушы­лардың ойлануына, қаһар­ман ата­ла­рын танып-білуіне аз септігін ти­гіз­бейді. Егер айбыны адам жас­қар су­рет­тері мен шығармаларын астасты­ра отырып, тәрбие сағатта­рында әң­гіме жүр­гізсең, әшейінде қимылы көп, са­баққа ынтасы жоқ оқушы­лар­дың өзі ойланып қалады. Кейде мен бұ­ған қарап отырып, ұлы тұлғаның бойы мен ойында, жалпы болмы­сын­­­да бір көріпкелдік қасиет бар ма деп қаламын. Мұны ол кісінің ар­тында қалып, жария­ланып жатқан жа­ңа мұраларын оқығанда көз жет­кізіп жүрмін. Мен ғана емес, оқушы­лар­дың өзі батыр бабаларының еңбек­терін оқыған кезде айрандай ұйып отыратыны бар. Осыған қарап тағылымның бастауы хас батырдың қазақ халқымен бірге жасайтын еңбектерінде  жатыр деп білемін. Дәрия НҮСІПОВА, О. Жандосов атындағы қазақ  орта мектебінің мұғалімі. Еңбекшіқазақ ауданы, Алматы облысы.