15 Қазан, 2010

Картограф

735 рет
көрсетілді
7 мин
оқу үшін
Айтары жоқ, қазақ үшін бұл өте сирек мамандық. Ілуде біреу. Біз өзі қашаннан уысымызға оңайшылықпен түсе қоймайтын кәсіптің ауадай қажеттілігін айтып, іштей тамсанып, ары кетсе бір-екі ай ойлана жүріп, ақыры ұмытып кететін, не қолды бір сілтей салатын жұрттың өкіліміз ғой. Елдің шекарасы, мемлекеттің шекарасы және олардың өзгенің пайдасына шешілмей біздің пе­шенемізге жазылуы да, дәл, нақ­ты бөліске түсуі де осы маман­дық иелерінің шеберліктері мен жауап­кершіліктеріне бай­ланысты. Бай­ланысты дейтініміз, осы кісі­лердің саусақтарының ізімен ақ қағазға түскен жалғыз-жарым ноқаттың өзі аса маңызды рөл атқарады, ке­рек десеңіз оның жүгін атан түйе көтере алмайды. Сондай салмақ­ты. Қалай болғанда да картогра­фиядан біздің анық ұтысқа шыққан тұстарымыз шамалы еді ғой, тек тәуелсіздік алғалы бері ғана шекара бойындағы біраз қисық түскен “сызықтарымызды” түзетіп алған секілдіміз. Икемге келмей жатқандары қаншама. Ал біз бүгін сөз еткелі отырған кейіпкеріміз–Түгелбай Бек­бер­генов осы саланың маманы. Рес­публика территориясындағы әлі адам ізі түспеген тау-тасты, бұй­рат-бұйрат шағыл құмдарды, суы тартылған батпақты көлдерді, өзен­­дерді жылдың төрт мезгілінде табанынан таусыла түгел аралаған азамат. Бір жағынан романтика, бір жағынан тұңғиықтың сырын ашу. Туризм. Бұл саланың тұнып тұрған байлық екендігіне енді-енді ғана көзіміз жетіп, енді-енді ғана тіліміз икемге келе бастағандай. Туризмнің арқасында байлыққа бел­шесінен батып, мейманасы тасып, өркениетті дамудың даңғыл жолына түскен елдер туралы тау­сыла айтқанда да аузымыздың суы құриды, тамсанғанда да түкірігі­мізді әзер жұтамыз. Сондай, сон­дайлық жауһар жерлер, табиғат­тың тамылжыған көріністері бізде де жетерлік. Игере алмай жатқан­дығымыз тіпті шашетек. Ішкі туризмді дамыту–мемлекеттік ма­ңызды мәселе деңгейіне көтеріліп отыр бүгінде. Бұл тақырып айту­дан, жазудан кемшін соғып жат­қан жоқ. Бірақ... сол баяғы үйрен­шікті “жарапазан”, анау жетпейді, мынау жетпейді, шеттен келген туристерді ұялмай-қызармай сая­хатқа алып шығайын десеңіз, алды­ңыздан қаптаған тосқауылдар жамырап шыға келеді. Бірінен құ­тыл­саңыз, етегіңізге екіншісі жар­ма­сады, сұлу жорғадай көсіліп кетуге мүмкіндік бермейді. Түйін­деп айтқанда, біздің туристік база­мыз әлі күнге дейін қарапайым инфрақұрылымдар ауылынан да алыс жатыр. Жетісу жері, Алакөл, Балқаш, Шығыс Қазақстандағы Ал­тай өңірі, Кендірлі, Ақсу-Жаба­ғылы, Сыр бойындағы тарихи жәді­герлер, Байқоңыр кос­модро­мы, Қорқыт кесенесі... айтып тауы­са алармысың. Жарнамасыз, әлдекімдердің қолдау-қолпаш­тауынсыз өзінен-өзі сұранып тұрған тарихи табиғат көріністері­мен әдіптелген әдемі өңірлер. Оның үстіне қазір Ұлы Жібек жолы­ның баяғы ата-бабамыз ба­сып өткен сүрлеулері қайтадан жаңғырып жатыр, қайтадан қал­пына келіп жатыр. Батыс Еуро­па мен Батыс Қытайды жалғастыра­тын ұлы жол да тура біздің ірге­мізді басып өтеді. Иә, былайша айтқанда карта дегеніңіз болмашы ғана дүние. Туризм ин­дуст­риясына жүктелер ке­зек күттірмес мін­деттердің бірі ға­на. Бірақ Түкең секілді осы шар­уа­­ның ыстық-суы­ғына бірдей көн­ді­гіп, атқарған шар­уа­­сына әл­де­кім­дерден ал­ғыс, ма­ра­пат дә­мет­­пестен, өз мін­­де­тін мінсіз орын­да­ған­дығына тәу етіп, тым-ты­рыс жүре беретін кісі­лер ғана біледі карта жасаудың қиямет-қайым қиын­­дығын. Әң­гімеміздің басын­да айтып өткені­міз­дей, картаға жа­ңылыс түскен бір ноқат, болма­шы ғана бір сы­зық артық бейне­ленбеуге тиіс. “Алматы облысы­ның туристік картасы”, “Жетісу” картасы”, “Қазақстан туристік кар­та-схемасы”, “Қазақ­стан тер­ри­ториясы: “Ұлы Жібек жолы­ның” туристік карта-схемасы” сынды карта-схемалар Түгелбай Бекбер­геновтің тікелей араласуы­ның арқасында дүниеге келген-ді. Ту­рис­тер үшін бұл карталар нағыз бүгінгінің бағдаршамы. Қазақстан территориясындағы елді-мекен­дер­дің тарихи атауларын шатыс­тырмай, өзен-көлдер ағатын өңір­лерді, өндірісті қалаларды сонша дәлдікпен картаға түсіру–карто­графияның қыр-сырын өмір бойы үйреніп, тек осы саламен өмір бо­йы машықтанған адам ғана толық­қанды жүзеге асыра алады. Артық-кемі жоқ, Түкең осы санат­тағы білікті маман, картография мен туризм–өмірлік стихиясы. Әрине, бұл салаға құлай берілу үшін Түкеңнің де талай-талай өмір белестерінен сүрінбей өткен­дігі белгілі. Алдымен алпысыншы жылдардың аяғында Семей типо­графия техникумының әскери кафедра бөлімін ойдағыдай тә­мам­дады. Бұл оқу орнының тағы бір ерекшелігі – бар тірлігі темір­дей әскери тәртіпке негіздел­ген­дігі. Бекбергеновтің уәдеге, сөз­­­­ге бе­­­рік­тігі сондай, ол әлі күнге дейін техникум директоры Б.Агро­скин мен сызудан дәріс бер­ген мұғалімі С.Павлованы жадынан шығар­майды. Алматыдағы КСРО Ми­нистрлер кабинетіне қарайтын геодезия-картография бас басқар­масынан алғашқы еңбек жолын бастады. Жетпісінші жылдардың басында Қазақстан энцикло­педия­сына ғылыми редактор-картограф болып қызметке ауысты. Бұл үл­кен өмірлік мектеп еді. Соның ара­сында қызметтен қол үзбей, Ұлт­тық университеттің биология-география факультетін бітіріп ал­ды. Әрбір үйдің қымбат жиһа­зын­дай төрінде тұратын, энцикло­педияның ондаған томдарын ел аузында жүрген өнегелі ұжыммен бірге шығарысты. Қазақ әдебиеті мен мәдениетінің маңдайына біткен арыстары М. Қаратаев, М. Қозыбаев, Р. Нұрғалиевтермен бірге қызмет істеу және сол кісі­лердің ағалық ақыл-кеңестерін тыңдау–Түгелбай үшін баға жет­пес қазына еді. Картогра­фиялық мамандықтағы шеберлігін шыңдау үшін талай мәрте Мәскеуге, Ленин­градқа, Киевке іссапармен барғаны да есте. Сондай-ақ, ол Қазақстан кәсіп­одақтары ұйымында, Алматы облыстық туризм комитетінде, республика мәдениет қызметкер­лері кәсіподағында, “Жібек жо­лы”–Қазақстан” ұлттық компа­ния­сында, Туризм және спорт жөніндегі агенттікте абыройлы да жауапты қызметтердің тізгінін ұстады. Қазір Туризм және спорт министрлігінің жауапты қызмет­кері. Тың, жігерлі. Үлкен отбасы­ның тәлім-тәрбиесін көрген Түкең бұл күндері өзі де үлкен ша­ңы­рақтың ұйытқысы, жары Гауһар екеуі ұлын ұяға, қызын қияға қон­дырған отағасы. Немерелері– Дәмелі, Данель, Жәңгір, Аянат – олардың көз қуаныштары, алданыштары. Картография мамандығының қаны жерге тамбайтындығын, оның қолға оп-оңай түспейтіндігін шамамыз жеткенше айтуға тырыс­тық. Мүмкіндік болса әлі де ай­тар­мыз. Тек соған жеткізетін абы­ройлы өмір, денсаулық берсін деп тілейік. Бекбергеновтің бүгінгі алға қойған мақсат-мұраты–осы сала бойынша көрген-білгенін, көңілге түйгенін кейінгілерге үй­рету, жүрген жолынан із қалдыру. Бір күнін босқа өткізбей, үнемі ізденіс үстінде жүретін Түкең өзге іні-қарындастарынан да, әріптес­терінен де жинақылық пен епті­лікті, ізгі ниетті адамгершілікті, ынтымақты күтеді. Лайым осы жол ұзаққа созыл­ғай, игілікті бастамаларға жал­ғасқай! Аққұм ТЕҢІЗБАЙ. _________________ Суретте: Т.Бекбергенов шәкір­ті­мен бірге.