15 Қазан, 2010

Қасым-Жомарт ТОҚАЕВ: Еліміздің қоғамдық-саяси өміріндегі оқиғалық құбылыс

555 рет
көрсетілді
11 мин
оқу үшін
“Қаламгерлік, қайраткерлік сапарлармен әлемнің елуден астам елін ара­лаған, көптеген оқиғаларға куә болған көрнекті публицист Сауытбек Абдрахмановтың бұл жинағына 2001-2010 жылдар аралығындағы шетелдік репортаждары, мемлекеттер басшыларымен, көрнекті қайраткерлермен халықаралық саясатқа қатысты сұхбаттары топтастырылған. Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымының төрағасы биігіне көтерілген, 2010 жылы Ұйымның Саммитін өз елімізде өткізуге қол жеткізіп, әлемге әйгілі мемлекетке айналған Қазақстанның халық­ара­лық аренадағы алар орнын айшықты ашып көрсететін кітапта ресми са­парлардың жай-жапсары баяндалып қана қоймайды, сол елдер туралы та­ғылымды жайлар да айтылады, тәуелсіздігіміз жөнінде ордалы ойлар ортаға салынады”, делінген “Елорда” баспасынан жуыр­да ғана шыққан “Қашаған құрықтаған Қазақстан” атты кітаптың аннотациясында. Біз бүгін кітапқа көрнекті мемлекет және қоғам қайраткері, Қа­зақ­стан Республикасы Парламенті Сенатының Төрағасы Қасым-Жомарт То­қаев жазған алғысөзді оқырман назарына ұсынуды жөн көрдік. Қазақ журналистикасының танымал тарланы, белгілі ғалым және көркем әдебиеттің зерттеушісі Сауытбек Абдрахмановтың қала­мынан шыққан әрбір туынды – бұл, ақиқатын айтқанда, біздің елі­міз­­дің қоғамдық-саяси өміріндегі оқиғалық құбылыс. Сіздің наза­ры­ңызға ұсы­нылып отырған С.Аб­драх­­мановтың жаңа кітабы да сол қатардан екендігі анық. Кәсіби халықаралық дипломат мен үшін бұл кітап ерекше қызығу­шылық туғызды, өйткені онда С.Аб­драх­мановтың әр кездері “Еге­мен Қазақстан” газетінде жария­ла­нып, негізінен біздің мемлекеттің сыртқы саяси қызметіндегі ірі оқи­ға­ларға арналған мақалалары мен сұхбаттары жинақталған екен. Жіті көзқарасқа, жан-жақты дүние­пайым­ға, тал­дамашылық ой сарап­тауға және, әлбетте, ұшқыр қаламға ие ол кәнігі жолбасшы секілді бізді аса күрделі проблематикаға толы халықаралық қатынастардың ну жынысы арасына нық сеніммен бастай жөнеледі. С.Абдрахманов­тың кітабын оқыған оқырман, мейлі ол студент, ғалым немесе мем­лекеттік қызметші болсын, біз­дің қарама-қайшылықты әлеміміз немен тыныстап, қандай қиындық­тарды еңсеруге жұмылып жатқаны­нан, қай тұрғыдағы сы­нақ­тарды жеңу­ге ұмтылыс таныт­қа­нынан то­лық түсінік алады. Және ең бас­тысы – оқырманның көз ал­дында біздің мемлекеттің көш­бас­шысы Нұрсұлтан Әбішұлы Назар­баев бас­таған оның халық­ара­лық қыз­ме­ті­нің тұтас бір картинасы пайда болады. Жинақта Елбасымыздың әлем­дік саясаттың саңлағы ретіндегі биік бейнесі сомдалған. Автордың қай оқиғаны жазса да оның тарихи мән-маңызын жеріне жеткізе айтатынына, сол істің бастауында тұрған адамның қадір-қасиетін ай­қара ашатынына бір мысал ретінде еліміздің ЕҚЫҰ төрағалығына сай­ланғанына орай жазылған “ЕҚЫҰ” деген мақала­сынан үзінді кел­тірейін: “Ол күні кешегі кеңестік кеңістіктен шыққан мемлекеттердің еуропалық үлгі-қалыптарға да сай келетін демократия құруға шындап кіріскендігі, сол жолда толымды табыстарға қол жеткізгендігі алғаш рет ресми мойындалды, құжат тү­рінде танылды. Ол күні Қазақ елі жаңа сапалық белеске ауысты – біздің мемлекетіміз ендігі жерде әлемдік саясаттың бұрынғыдай сырттай бақылаушысы, қазіргідей қа­ты­сушысы қалпынан сол сая­сат­ты қалыптастырушы, айқындаушы мемлекеттердің қатарына қосылды. Ол күні Нұрсұлтан Назарбаевтың адамзат тарихынан ойып тұрып орын алатын тұлғалар тобынан табылатыны айдай әлемге айқын танылды – айналасы 16 жылдың ішінде қирандыдан, құландыдан мем­лекет құру, қоғамды бір фор­мациядан екінші формацияға ауыс­тыру, өтпелі кезеңдегі қиын­шы­лықтардан есеңгірей жаздаған халықты тар жол, тайғақ кешуден аман-есен алып өту, елдің еңсесін көтеру, аяғынан тік тұрғызу, алыс та, жақын да, Батыс та, Шығыс та мойындайтын, санасатын, құрмет­тейтін елге айналдыру, сан түрлі себептерге байланысты бірнеше ғасыр бойында дүниежүзілік өркениеттен шеттетіліп қалған елді жер-жаһанға таныту тек шынайы ре­форматордың, ұлттың ұлы перзен­ті­нің ғана қолынан келеді”. С.Аб­драхманов Президенттің халықара­лық қызметін жан-жақты, келісті­ріп көрсету арқылы еліміздің ЕҚЫҰ төраға­лығына сайлануы да, 11 жыл бойы шақы­рылмай келген Ұйым Сам­ми­тінің Қазақстан төр­ағалығы тұ­сында, Астанада өткізілуі де ең алдымен Елбасы еңбегінің жемісі екендігін көз жеткізе дәлелдеп шыға алған. Кітаптың өн бойында автордың заман, қоғам, адам, ел, халық ту­ралы ойлары өріліп беріліп оты­рады. Ол қашанда мемлекетшіл қай­раткер ретінде сөйлейді, қай нәр­сеге де мемлекет мүддесі тұр­ғы­сынан қарайды. “Махаббат қуа­ны­шы, бала-шағаның қызығы, табыс­қа қол жеткізу, алға қойған мақ­саттың орындалуы... бұлардың бәрі де бақыттың белгілері. Осылар бір басыңнан түгелдей табылып жатса жақсы. Түгелдей табылмаса ше? Өмірде не болмайды? Басыңа не түспейді? Тағдырдың алдан не т­о­са­рын жалғыз Жаратқан Иеміз ғана біледі. Асылы, бір басыңның ба­қы­тын еліңнің бақытымен байла­ныс­тыра, біртұтас қарай алсаң ғана кемел кісілікке беттей білген боласың. Ең баянды бақыт – еліңнің бақыты. Ең биік мәртебе де, ең мәнді, ең мәңгі мәртебе де – мемлекетіңнің мәрте­бесі”, деп жазады С.Абдрахманов. Кітап авторы шынайылықпен және бейнелі суреттеген көптеген оқиғалар маған таныс, өйткені мен оларға тікелей қатыстым. Сон­дық­тан да С.Абдрахмановтың қолынан турашыл да әділ шежіреші болу миссиясы келгенін толық жауап­кершілікпен айта аламын. Аса күр­де­лі бұл жұмыстың маңызын бас­қаша бағалау қиын. Күндер, айлар мен жылдар өтеді. Біз басымыздан кешуге тура келгендердің көбі ұмы­тылады, өткенге сіңіп жоқ болады. Біз тәуелсіз Қазақстанды құрудың шие­ле­ністі оқиғаларынан қанша­лық­ты алыстаған сайын оларды ха­лықтың жадында сақтау қажеттілігі сонша­лықты күшейе түседі. Мем­ле­ке­тіміздің негізін салушының бей­нелеп айтуы бойынша, Қазақ­станның мемлекеттік құрылы­сы­ның алғашқы кезеңін өзінің күр­делілігі мен шиеленістілігі жағынан тұтас жүзжылдықпен салыстыруға болады. Және С.Абдрахмановтың кітабы бұл тезисті қуаттайды. Кітаптың елеулі бөлігін сұх­бат­тар құрайды. КСРО-ның бұрынғы сыртқы істер министрі әрі Грузия­ның бұрынғы президенті Э.Шевар­д­надземен кітап авторының сұх­ба­тын мен өте қызыға оқыдым. Бы­лай қарағанда бұрынғы саясатшы­ның, оның үстіне қазіргі Ресейде ғана емес, сонымен бірге тарихи отаны – Грузияда да қатқыл сын нысанасына айналған бұрынғы саясатшының ашық әңгімесінен не пайда дерсің. Бірақ та С.Абдрах­манов Э.Шевард­надземен әңгімесін бізге, оқырмандарға, қайта құру дәуірінің аса қызғылықты жәйттері белгілі болатындай етіп құра алған екен. “Жаңаша ойлаудың” алғы шебінде болған адамнан шыққан бұл мәліметтердің орнықты маңы­зы бар, өйткені оның аузымен Та­рих­тың өзі сөйлеп отыр. Қайта құрудың артық ауыз сыншылары не айтсадағы, КСРО-ның бірінші және соңғы президенті М.Гор­бачевке Э.Шевард­надземен және “жаңаша ойлаудың” басқа да жақтастарымен бірге үлкен тұрғыда айтқанда бүкіл әлемді өзгерту мүмкін болды. Нақтылап айтайын: жақсы жағына қарай өзгер­ту мүмкін болды. Әлем бұрынғыға қарағанда қауіпсіз бола қоймаса да, идеологиялық бұғауынан босанып, жаппай текетірестен арыла алды. Менің Э.Шеварднадземен ті­келей қатынаста болған өз тәжі­ри­бем бар. 1989 жылдың ақпанында ол ресми сапармен Қытайда болып, барлық дипломаттарды келіссөз жүргізудің мүлдем басқаша әдісімен таңдан­дырғаны бар. Сарапшылар әзірлеген материалдарды ысырып қойған ол өз әріптесіне, ҚХР сырт­қы істер министрі Цянь Цичэнюге былай деп қайырылған еді. – Кеңес Одағының Қытаймен қатынастары туралы ойлағанда менің жүрегім шаншиды. Айты­ңызшы: мәселе неде, неліктен біздің қатынас­тарымыз нашар? Э.Шеварднадземен Ұлы Қытай қорғанына жолбасшы болып бар­ғанымда мен одан грузин фами­лияларындағы “дзе” қосымшасы нені білдіретінін сұраған едім. Министр: “ұл” деп қысқа жауап қай­тарды. Сосын, біраз үнсіздіктен кейін былай деп қосты: Шевар­днадзе “сұңқардың ұлы” дегенді білдіреді. 1993 жылы Э.Шеварднадзе Грузияға басшы болып жүргенде, мен одан неге мемуар жазбай­ты­нын сұрағанмын, өйткені бұл жанрда көптеген саясатшылар мен ди­пломаттар “төбе көрсетті ғой”. – Уақыт жоқ. Содан кейін аспанға қарап, әзіл-шыны аралас былай деді: бәлкім, ол жақта бастан кешкендер туралы еске алуға уақыт болар. Солай болсадағы “сұңқардың ұлы” демократияландыру мен қайта құру идеялары нақтылыққа ай­на­луы үшін өзінің қалай өмір сүріп, қалай жұмыс істегені туралы айтып беруге уақыт тапты. Көптеген ел­дер­де бес­тсел­лерге айналған оның мемуарлары жарыққа шықты. С.Аб­драхмановқа сұхбатында да ол ешқандай күмәнсіз бі­регей жәйт­терге жатқызуға бо­латын мәселелер туралы айтып беріпті. С.Абдрахмановтың қызықты, түрлі фактілерге толы кітабына қай­та оралар болсақ, оның өзекті де дер уақытында шығып отырған туынды екенін атап көрсеткім келе­ді. Қазақстанның Еуропадағы қауіп­сіздік және ынтымақтастық ұйымына төрағалығы тұсында, елор­дамыздағы Ұйым Саммиті жылында еліміздің сыртқы саяса­тының мұндайлық салтанаты әрі зандылық, әрі әділет­тілік екенін көрсететін, әрбір қазақстандықты елі, Елбасы үшін мақтаныш сезі­мі­не бөлейтін, оқыр­манның отан­шыл­­дығын арттыра түсетін осын­дай кі­тап жариялануға тиіс еді. С.Аб­драхма­новтың отандық саяси әдебиеттің бүгінгі биігін танытатын бұл кітабы сөзсіз құндылық болып табылады, ол қан­дай деңгейде де лайықты бағасын алады деген ойдамын. Соншалықты көп оқитын адамның өзіне де қайсыбір газетте не жарияланғанын ұмыту тән нәр­се. Жедел өзгерістегі, интернеттік уа­қыттың заңы осындай. Алайда кі­тап авторы біздің жуырдағы тари­хы­мыздың басты оқиғаларын жа­ды­мызда жаңғыртудың сирек мүм­кін­дігін беріп отыр. Және мұны ше­берлікпен, жоғары кәсіби дең­гейде жасаған.