15 Қазан, 2010

Жеткіншектер ертеңі алаңдатады

635 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін
Мәжіліс Төрағасы Орал Мұхамеджановтың жетекшілігімен өткен палатаның кезекті жалпы отырысының күн тәртібінде алты мәселе қаралса, соның бесеуі қорытынды әзірлеуге қатысты болды. Бұл жолғы депутаттық сауалдар балалар болашағы мен қазіргі жағдайына қатысты аландаушылықпен ұласып жатты. Премьер-Министр атына жол­да­ған сауалында Сағынбек Тұрсынов баршаға ортақ орта білім алуға құ­қық берілген Ата Заңның нормасы сақтала бермейтіндігіне назар аударт­ты. Депутат мектеп табал­дыры­ғын аттамаған балалар саны­ның арта бастағандығына алаңдау­шылық біл­дірді. Ол келтірген ресми деректерге қарағанда, қазір Алматы қаласында 1100 бала, Шығыс Қазақстан облысында – 64, Ақмола облысында – 50, Тараз қаласында 23 бала мек­теп партасына отыр­маған. Бұл әзірге тек ресми мәлімет қана, ал бейресми ақпарат көздері мектепке бармайтын балалар саны­ның бұдан да көп екендігін көрсетіп отыр. Екінші сауалында депутат телеарналарда көр­сетіліп жататын эротикалық және зорлық-зомбы­лыққа құрылған фильмдердің ба­лалар санасын улап жатқанына қынжылыс білдірді. Темекі мен ішімдікті жарнамалауға заңмен бізде тыйым салынғанымен, ол өзге елдер телеарналарын ретран­цля­циялау арқылы ашық көрсетілуде. Сондықтан заңның орындалуын бақылайтын қоғамдық комиссия қажет, деп санайды депутат.  Гүл­мира Исімбаева “Бала­пан” бағ­дарламасы бойынша бюд­жетте қарастырылуы тиіс нысандар құ­рылысының саны қысқарып қал­ғанын ортаға салды. Депутаттың мәліметінше, 2011 жылға арналған рес­публикалық бюджетте 55 нысан­ның, кейбір дерек көздерінде құны 36,5 миллиард теңге болатын 88 нысанның құрылысына қаржы бөлінуі тиіс екен. Алайда келесі жыл бюджетінде тек құны 9 мил­лиард теңге болатын 33 нысан құ­ры­лысына ғана қаржы қарас­тырылған. Отырыс барысында депутаттар Қазақстан мен Ресей арасындағы дипломатиялық өкілдіктер мен консулдық мекемелерді орна­лас­ты­ру және оларға қызмет көрсету шарт­та­ры туралы келісімге өзгеріс­тер ен­гізуді көздейтін хаттаманы рати­фикациялау туралы заң жо­ба­сын қарады. Ол бойынша Сыртқы істер министрлігінің жауапты хат­шысы Рәпіл Жошыбеков баяндама жасады. Белгілі болғандай, еліміз­дегі Ресей Елшісінің резиден­ция­сын салуға арналған жер телімінің орналасқан жерінің, сондай-ақ РФ диплома­тия­лық өкілдігі алып жат­қан алаңның өзгеруіне байланысты хаттамаға 2008 жылдың 22 мамы­рында Астана қала­сында қол қойылған. Бұл құжат жақын көршіміздің елімізде дипло­матиялық өкілдігінің болуын және  жұмыс істеуін тиісті жағдайда қамта­масыз етеді. Депутаттар сұрағына орай жауабында жауапты хатшысы Қазақстан елшілігіне қажетті жер телімі Мәскеу әкімшілігі тарапынан әлі шешімін таппағандығын, алайда бұл мәселенің көтеріліп отырған­дығын ортаға салды. Заң жобасы депутаттар тарапынан қолдауға ие болып, бірауыздан мақұлданды. Асқар ТҰРАПБАЙҰЛЫ.