15 Қазан, 2010

ҮКІМЕТ «Егемен Қазақстанның» апталық қосымшасы

565 рет
көрсетілді
42 мин
оқу үшін
ЕУРАЗИЯЛЫҚ ЭНЕРГЕТИКАЛЫҚ ҚАУІПСІЗДІК ЖӘНЕ ҚАЗАҚСТАННЫҢ ӘЛЕУЕТІ V Еуразиялық энергетикалық форумнан кейінгі ой Табиғат-ана тақырлана бастады. Жаһанды энергетикалық тапшылық қаупі буып тұр. Бүгінде өркениет әлемін энергетикалық қауіпсіздік атты ғаламдық проблема қатты толғандырып отыр. Жер-ана қойнауындағы мұнай қорының алғашқы триллион баррелі сарқылып бітті. Енді, адамзат соңғы, екінші триллионға ауыз сала бастады. Жер қойнауында қалған ендігі мұнай қоры тұтыну рыногынан едәуір қашықтықта, географиялық және геологиялық жағынан игеруге өте қиын жағдайда орналасқан. Яғни, бүгінгі таңда оңай игерілетін, өзіндік құны арзан мұнай заманы өткен. Мәселен, мамандардың айтуынша, қазір барынша тереңдіктен алынатын әрбір 200 мың баррель мұнай үшін қосымша 7-10 млрд. доллар инвестиция құю керек. Ал адамзаттың таяу болашақта мұнайға тәуелділіктен құтыла алмайтындығы және ақиқат. 2010 жылы әлемдік мұнай тұтыну мөлшері 2009 жылмен салыстырғанда, күн сайын 1,05 млн. барелльге артып, күніне 85,50 млн. баррельге жетіп отыр. Болжам бойынша, 2011 жылы мұнайға деген әлемдік сұраныс биылғы жылмен салыстырғанда күн сайын тағы 1,06 млн. баррельге көбейіп, күніне 86,56 млн. баррельді құрамақ. Ендеше, жұмыр басты пенденің энергетикалық шикізатқа тәуелділігі барған сайын артпаса, кемімек емес. Сондықтан энергетикалық шикізатқа деген жаһандық сұраныс сахнасында Қазақстанның рөлі күннен-күнге айқын басымдыққа ие болып келеді. Қасиетіңнен айналайын, ата-баба қалдырған асыл мұра қойнауы құт атамекеннің арқасында еліміз бүгін энергетикалық қауіпсіздік проблемалары шешілетін көкейкесті басқосулардың төрелік айтар төбе биіне де айналып келеді. Оған қазан айының басында Астанада “Еуразияның энергетикалық картасы: тәуекел тепе-теңдігі және жаңа мүмкіндіктер” тақырыбымен өткен V Еуразиялық энергетикалық форумы дәлел. Дүниежүзілік мұнай саясаты саласының небір саңлақтары қатысқан форумды қазақстандық KAZENERGY ассоциа­циясы негізгі құрылтайшы ретінде өткізді. Бүгінде Қазақстандағы анықталған мұнай қоры 5 млрд. тоннадан асады. Бұл әлемдегі қазірге дейін анықталған барлық мұнай қорының 3 пайызына тең. Ал әзірге толық зерттелген табиғи газ қоры 3,7 трлн. текше метрден асады деп белгіленіп отыр. 2010 жылы Қазақстан 81 млн. тоннадан астам мұнай өндіріп, оның 68 млн. тоннасын экспортқа шығармақ. Мұнай және газ министрі Сауат Мыңбаевтың айтуынша, еліміз мұнай өндіру деңгейін 2020 жылы 130 млн. тоннаға жеткізуді көздеп отыр. Бұл дегеніңіз, Қазақстан алдағы 40-50 жыл бойы жылына 80-100 млн. тонна қара алтын экспорттайды деген сөз. Салыстырмалы деректерге сүйеніп айтатын болсақ, Fіtch Ratіngc рейтинг агенттігінің болжамы бойынша, Қазақстанда мұнай өндіру деңгейі 2015 жылы тәулігіне 2,2 млн. баррельге дейін артса, дәл осы мерзімде Әзірбай­жанда мұнай шығару мөлшері тәулігіне 1,2 млн. баррельге жетпек. Яғни, бұл ғасырда Қазақстан әлемдік энергетикалық қауіпсіздік мәселесінде шешуші ойыншылардың бірі де бірегейі болады. Бұл жерде энергетикалық шикізат көздерінің мол қоры ғана емес, сонымен бірге оны тасымалдаудағы еліміздің стратегиялық бағдарламалары, мемле­кетіміздің тұтынушыларға шикізат жеткізуде ұстанып отырған ашық та сенімді саясаты Қазақстанның Еуразия кеңістігінде энергетикалық қауіпсіздікті қамтамасыз етудегі баламасыз басымдығын төрткүл дүниеге айқындап үлгерді. Мұны әлемнің дуалы ауыз сарапшылары да, қазақстандық энергетикалық шикізат қорын тұтынушылар да мойындайды. Қазақстан ТМД мемлекеттерінің ішінде мұнай өндіру көлемі жағынан Ресейден кейінгі екінші орында тұр. Нақты деректерге сүйенер болсақ, еліміздің қазірге дейін зерттелген мұнай қоры жоғарыда айтқанымыздай 39,8 млрд. баррель ( 5 млрд. тонна) болса, Әзірбайжан мемлекетінің бүгінге дейін зерттелген мұнай қоры 7 млрд. баррель мөлшерінде, Түркіменстан болса, мұнайға бай ел емес. Бұл елдегі бүгінгі күнге дейін анықталған мұнай қоры 0,6 млрд. баррель деп есептеледі. Оның есесіне Түркіменстанның газ қоры 7,94 трлн. текше метр көлемінде, ол табиғи газ қоры жағынан әлемде Ресей, Иран және Катар мемлекеттерінен кейінгі төртінші орынды алады. Анықталған табиғи газ қоры жағынан да еліміз ТМД мемлекеттерінің ішінде Ресей мен Түркімен­станнан кейінгі үшінші орынды иеленеді. Жер қойнауындағы мол энергетикалық шикізат қоры әрине, ел әлеуетін паш ететін таразының бір басы, ал оны тиімді де сапалы игеру мәселесі, одан маңызы бір де кем емес тарызының екінші басы. Сондықтан еліміздің мұнай-газ саласына инвес­тиция тарту жағдайы да еуразиялық құрлықтың энергетикалық қауіпсіздігінің тұрақтылығын айқындайтын шешуші факторлардың бірінен саналады. Егемендік алып, өз қолымыз өз аузы­мызға жеткен кезеңнен бері, яғни 1995 жылдан 2010 жылдар аралығындағы мерзімде Қазақстанның көмірсутегі саласын игеруге 104 млрд. АҚШ долларына жуық инвестиция құйылыпты. Еліміздің үдемелі индустриялық-инновациялық даму бағдарламасына бөлінген 43 млрд. доллар қаржының 7 млрд. доллары энергетика саласына, 13 млрд. доллары мұнай-газ саласына арналып отыр. Осыдан-ақ еліміздің болашағы үшін энергетикалық қуат көздерінің қаншалықты салмақты екендігін болжауға болады. Үкіметтің пайымдауынша, алдағы 10-20 жыл көлемінде мұнай-газ саласы еліміздің эко­номикалық дамуының локомотиві болып қала бермек. Қара алтынның құт қамбалары Қазақстан үшін Каспий теңізінің маңыздылығы ерекше. Мұнай – байлық, мұнай – саясат. Олай болса еліміз үшін бүгінгі даму үрдісінде, болашақ гүлдену кезеңінде Каспий теңізінің жағалауындағы зерттелген және әлі де зерттелетін мұнай қорының өмірлік өлшеусіз мәні бар. Қазақстандағы мұнай кен орындарының көшбасшысы Теңіз кен орны болып табылады. 1979 жылы ашылған бұл кен орны әлемдегі ең ірі әрі мұнай қоры тым тереңде орналасқан ерекше кен орындарының бірінен саналады. Қазір Теңіз коллекторындағы анықталған мұнай қоры 3 млрд. тонна (26 млрд. баррель) деп есептелінеді. Сонымен бірге оған жақын орналасқан Королевский кен орнында 190 миллион тонна (1,5 млрд. баррель) мұнай қоры бар. Бұл кен орнын игеру мақсатында Қазақстан мен Chevron компаниясының арасында жасалған келісімге байланысты 1993 жылғы 6 сәуірде “Теңізшевройл БК” ЖШС (ТШО) құрылды. Бүгінгі таңда Теңіз кен орнында 50 пайыз үлесі бар ChevronTexaco Overseas, 20 пайыз үлесі бар “ҚазМұнайГаз” ҰК, 25 пайыз үлесі бар ExxonMobіl KazakhstanVentures Іnc және 5 пайыз үлесі бар “ЛукАрко” БК-лары ТШО-ның серіктестері болып табылады. Үстіміздегі жылдың бірінші жартысында компания Теңіз кен орнынан 12,5 миллион тонна шикі мұнай өндірді. Осы мерзімде компания 12,8 миллион тонна мұнай экспортқа шығарды. Экспортқа шығарылған мұнайдың 8 миллион тоннасы КТК құбыр жолы арқылы жөнелтілсе, қалған бөлігі темір жол арқылы тұтынушыларға жеткізілді. 1978 жылы ашылған Қарашығанақ мұнай-газ конденсатының кен орны еліміздегі Теңізден кейінгі ең ірі мұнай-газ қоры шоғырланған жер болып табылады. Бұл кен орны 1984 жылдан бастап игеріле бастады. Қарашығанақта 1,2 млрд. тонна мұнай және 1,35 трлн. текше метр газ конденсаты шоғырланған. Кеңес Одағы ыдырағаннан кейін еліміз осы кен орнын игеру жөнінде тендер жариялап, оны 1992 жылы британдық Brіtіsh Gas және италиялық Agіp компаниялары жеңіп алған болатын. Тоқсаныншы жылдардың соңына таман британ және италиялық компанияларға ресейлік “ЛУКОЙЛ” және америкалық Texaco компаниялары қосылды. Жасалған келісім бойынша бұл консорциум Қарашығанақ жобасын 2038 жылға дейін игеретін болады. Қазір бұл жобаның екінші деңгейі жүзеге асырылуда. Осының нәтижесінде ілеспе газды қайтадан жер қойнауына кіргізу әдісі қолданылуда. Қазір мұнда жылына 12 миллион тонна мұнай және 14-15 млрд. текше метр газ өндіріледі. Сонымен бірге Ақтау қаласынан 240 шақырым қашықтықта орналасқан, 1976 жылы ашылған Жалғызтөбе, Маңғыстау облысында 1980 жылы ашылған Қолтық кен орындары еліміздің мұнай-газ өндіру саласына өзіндік үлестерін қосуда. Еліміздің экономикасын дамытуға, мұнай-газ саласының әлеуетін көтеруге ерекше үлес қосатын тағы бір қара алтынның құт қамбасы  Қашаған кен орны болып табылады. Солтүстік Каспий аумағындағы Қашаған кен орнын игеруге тек еліміздің бюджетінен 38,6 млрд. доллар қаржы жұмсалып отыр. Қашаған кен орнынан мұнай өндіру мерзімі бірнеше рет кейінге қалдырылды. Италиялық ENІ компаниясы бастаған шетелдік компаниялар консорциумы алғашқыда бұл жерден мұнай шығаруды 2008 жылға белгілесе, кейіннен 2011 жылға шегерді. Қазақстан Үкіметі консорциуммен ұзақ та күрделі келіссөздер жүргізіп, Қашаған кен орнында өндірістік мұнай шығарудың соңғы мерзімін 2013 жыл деп бекітті. Сондай-ақ ел Үкіметі осы күрделі келіссөздер барысында бұл болашағы зор кен орнындағы Қазақстанның алғашқы 8 пайыз үлесін 16,8 пайызға дейін жеткізді. Міне, осыдан-ақ көрініп отырғанындай, Қазақстан Еуразия континентінде энергетикалық қауіпсіздіктің ұзақ мерзімді тұрақтылығын сақтауға ықпал ететін басты ойыншылардың бірі болып табылады. Қазіргі кезде Еуразия кеңістігіндегі ең ірі мұнай импорттаушылар Еуроодақ – 571 миллион тонна, Қытай – 200 миллион тонна болып отыр. Бұл аса ауқымды сұраныс мына мұнай экспорттаушы мемлекеттердің есебінен қанағаттандарылады: Ресей – 248 миллион тонна, Иран – 118 миллион тонна, Ирак – 90 миллион тонна, Қазақстан – 68 миллион тонна, Әзірбайжан 44 миллион тонна мұнай экспорттайды. Жоғарыда атап көрсеткеніміздей, Қазақстан биылғы жылы мұнай экспортының мөлшерін 81 миллион тоннаға дейін жеткізгелі отыр. Экспорттық әлеуетті әртараптандыру Қазақстанның географиялық жағдайы екі ең ірі тұтыну рыногы – Еуропа мен Қытайдың сұранысын қанағаттандыруға мүмкіндік береді. Сонымен бірге еліміздің энергетикалық шикізатына Қырғызстан, Тәжікстан, Ауғанстан сияқты көрші елдердің де сұранысы жылдан-жылға артып келеді. Алдағы уақытта біздің еліміз энергетикалық шикізат экспорттау жолдарын әртараптандыру мақсатында жан-жақты шаралар ойластыруда. Мәселен, 2010 жылдың соңына дейін КТК құбыр жолын кеңейту жөнінде нақты инвестициялық шешім қабылданатын болады. Бұл инвестициялық жоба бойынша құрылыс жұмыстары 2011 жылы басталады деп күтілуде. Бұл жоба Қазақстанның КТК құбырымен мұнай экспорттау мүмкіндігін қазіргі 27 миллион тоннадан жылына 52,5 миллион тоннаға дейін арттырады. Қазақстан мұнайын Қытай бағытында экспорттау деңгейі қазірдің өзінде жылына 10 миллион тонна көлемінде болып отыр. Жақында екі мемлекет арасында бұл бағыттағы мұнай құбырының әлеуетін болашақта 20 миллион тоннаға дейін арттыру жөнінде келісімге қол қойылды. Қазіргі болжамдар бойынша 2011 жылы бұл мұнай құбырының қуаты 12 миллион тоннаға жетеді деп күтілуде. Бүгінде елімізде өндірілген әрбір 10 тонна мұнайдың 9 тоннасы экспортқа шығарылады. 2009 жылы елімізде 76,5 миллион тонна мұнай және газ конденсаты шығарылса, оның 68,1 миллион тоннасы шетелге сатылды. Қазақстан үшін ең басты экспорт­тық жол Теңіз – Новороссийск (Каспий құбыр желісі консорциумы) мұнай құбыры болып отыр. Сондай-ақ еліміздегі мұнай экспорты тасымалында Атырау – Самара, Қазақстан – Қытай құбыр жолдарының да алатын орны ерекше. Мәселен, өткен жылы КТК бойынша 27,5 миллион тонна, Атырау – Самара құбырымен 17,5 миллион, Қытай бағытында 6 миллион тонна мұнай экспортталса, Ақтау порты арқылы теңізбен 11,1 миллион тонна мұнай шетелге жөнелтілді. Экспортқа шығарылатын 4 миллион тонна көлеміндегі шикі мұнай темір жол арқылы тұтынушыларға жөнелтілді. Сонымен бірге 2 миллион тоннаға жуық шикі мұнай ресейлік Орынбор мұнай өңдеу зауытына жеткізілді. “ҚазМұнайГаз” ҰК мен Қытай ұлттық мұнай корпорациясы арасындағы ынтымақтастық нәти­жесінде 2006 жылы шілдеде Атасу – Алашанқай құбыры пайдаланылуға беріліп, Қытайдың ауқымды рыногына алғашқы қазақстандық энергетикалық шикізаттың тікелей жеткізілуіне жол ашылды. Таяу болашақта бұл құбыр қуаты жылына 20 миллион газ жөнелтуге мүмкіндік бермек. Қазақстан және Қытай арасындағы мұнай тасымалдау тұрғысындағы өзара тиімді әріптестік мұнымен шектелмек емес. Өткен жылы екі мемлекет арасында тағы бір үлкен келісімге қол жеткізіліп, Кеңқияқ – Құмкөл құбыр желісі іске қосылды. Қарағанды, Қызылорда және Ақтөбе облыстарының аумағымен өтетін бұл ірі құбыр желісінің әлеуеті жылына 10 миллион тонна мұнай жөнелтуге негізделген. Қажеттілік туса бұл құбыр желісінің қуатын да жылына 20 миллион тоннаға дейін арттыруға болады. Яғни, жақын болашақта Қазақстан мұнайын экспорттайтын мұнай құбырларының әлеуеті еліміздің талаптарын толық қанағаттандырады. 2018-2020 жылдарға таман, яғни Қашаған жобасының екінші кезеңі пайдалануға берілген кезде Баку – Тбилиси – Жейхан халықаралық мұнай экспорттау құбырына қосылу мүмкіндігі де ойластырылуда. Газ экспорттау мәселесінде сенімді бір бағыт бойынша ғана жұмыс жүргізіліп келеді. Негізінен батысқазақстандық газ Ресей арқылы экспортталуда. 2009 жылы біздің еліміз үшін транзиттік газ құбыры болып табылатын Түркіменстан – Қытай газ құбыры іске қосылды. Оның қуаты жылына 30 млрд. текше метр газ айдауға негізделген. Біздің еліміз бұл транзиттік газ құбырына Бейнеу – Шымкент өңіраралық газ құбырын салу арқылы қосылмақ. Бұл құбырдың қуаты 10 млрд. текше метр газ жөнелтуге арналған. Бірақ негізінен оның жылына 5 млрд. текше метр көлеміндегі мүмкіндігі пайдаланылмақ. Осы орайдағы ең басты мақсат – еліміздің оңтүстік өңірлерін отандық табиғи газбен қамтамасыз ету. Қазір еліміздің оңтүстік өңірі 3 млрд. текше метр көлеміндегі өзбек мұнайын тұтынып отыр. Аймақ экологиясы алаңдатады V Еуразиялық энергетикалық форумға қатысушылардың айрықша назар аударған мәселесі Каспий бассейнінің экологиялық қауіпсіздігін қамтамасыз ету жағдайы болды. Форумға жиналған беделді қоғам қайраткерлері мен халықаралық сарапшыларды Каспий теңізінің экологиялық апат аймағына айналып кету қаупі ерекше алаңдатып отыр. Халықаралық форумға қатысушылардың алдында сөз сөйлеген Премьер-Министр Кәрім Мәсімов Мексика шығанағында болған апаттың бүгінде бүкіл әлемді мұнайдың пайдасы мен зияны хақындағы таңдау алдына қойып отырғандығын атап көрсетті. Ол Каспий теңізі бассейнінің экологиялық нәзік тепе-теңдігін бұзып алмау бүгінде мұнай өндіруші компаниялар мен мемлекеттер алдында тұрған тарихи көкейкесті міндет екендігіне баса назар аударды. 2010 жылдың 20 сәуірінде Мексика шыға­на­ғын­дағы ВР компанияларына қарасты жүзбелі бұрғылау платформасында үлкен апат орын алды. Бірнеше ай бойы бой бермеген мұнай бұрқағы теңіз суына құйылып, бұрын-соңды болмаған апатқа ұрындырды. Осы апат салдарынан АҚШ-тың Луизиана, Алабама, Миссисипи, Флорида штаттарының эконо­ми­ка­лық ахуалына орасан зор шығын келіп, өңір­дің экологиялық жағ­дайына жазылмас жара салынды. Әлемге аты шыққан ірі ком­паниялар бірнеше ай бойы тоқтата алмаған апатты мұнай тасқыны бұған дейін айтулы шетелдік ком­паниялар жар­намалап келген теңіз үстіндегі мұнай-газ өндірісінің “ерекше сенімділігі және ай­рықша қауіпсіздігі” туралы жарапазандарын жоққа шығарды. Форумға қаты­сушылар атап көрсет­кендей, АҚШ-та бол­ған бұл апаттың ши­регіне де жетпейтін оқиға Каспий теңізінде орын алатын болса, ол орны толмас апатқа ұрындырады. Каспий теңізіндегі мұнай бұрғылау қондырғылары істен шығып, бұл жабық су қоймасына мұнай таралатын болса, дүние жүзінде баламасы жоқ Каспий теңізінің фаунасы мен флорасы толық жойылып кетеді. Сонымен бірге бұл теңіз аумағында күкіртті сутегі көп шоғырланған. Апатты оқиға орын алатын болса, бұл улы қосындылар атмосфераға кең таралып, бүкіл өңірге жауатын улы қышқыл жаңбырға айналады. Басқосу барысында Каспий аймағының экологиялық қауіпсіздігін сақтау мақсатында бірқатар кешенді шаралар белгілеу мәселесі қаралды. Жа­ңа­дан тұрғызылатын мұнай қондырғыларының сенімді қауіпсіздігін қамтамасыз ететін озық техно­ло­гияларды барынша кеңінен өндіріске енгізу ша­ра­лары сөз болды. Энергетикалық шикізат көз­де­рін барынша кең пайдалану салдарынан болатын эко­логиялық зардаптарды азайтудың, апаттарды бол­дырмаудың бірден-бір тиімді де сенімді жолы энер­гетикалық қуат көздерінің балама түрлерін тауып, оны кеңінен өндіріске енгізу болып табылады. Болашақ тұғыры – балама энергия Энергетикалық қуат көздерінің балама түрлеріне деген әлемдік сұраныс жылдан-жылға артып келеді. Ғалымдардың болжамы бойынша, үстіміздегі ғасырдың ортасына таман жаһандық энергетикалық баланстағы балама қуат көздерінің үлесі 35 пайызға жететін көрінеді. Еуроодақ балама энергетика үлесін 2020 жылдары 20 пайызға, 2040 жылдары 40 пайызға жеткізуді көздеп отыр. Қазір іс жүзінде барлық дамыған елдерде балама энергетика көздерін қалыптастыру және дамыту бағдарламалары жүзеге асырылуда. Гидроэлектр стансалары шығаратын электр энергиясы әрі арзан, әрі қауіпсіз. Экологиялық жағынан ешқандай зияны да, шығыны да жоқ қуат көзінің тағы бірі жел энергиясы болып табылады. Бұл энергия көздеріне қарағанда игерілуі қымбат, алайда экологиялық қауіпсіз әрі ешқашан сарқылмайтын тағы бір балама энергия көзі – күн энергиясы. Қазақстанның балама энергия көздері бойынша әлеуеті аса зор. Экспорттық бағамдау негізінен алғанда, еліміздің құрамына гидроэнергия, жел және күн энергиясы кіретін ресурстық әлеуеті 1 трлн. кВт/сағ. мөлшеріне тең деп жобалануда. Ақиқатында қазақстандық жел энергиясының қуаты ешқашан сарқылмайды. Бұл ретте Жоңғар қақпасында толассыз соғатын қуатты жел екпінін және Алматы облысындағы Шелек кешеніндегі жел энергиясы көздерін атауға болады. Сонымен бірге Қазақстанның оңтүстік және оңтүстік-батыс өңірлеріндегі сарқылмас жел энергиясы көздерінің қуаты да болашақта балама энергия үшін таптырмас ресурстар болып табылады. Мамандардың пікірінше, республикамыздың бірқатар өңірлеріндегі жел энергиясының қуаты бір шаршы шақырымға 10 МВт-ға тең келеді екен. Еліміздің оңтүстік өңірлеріндегі электр қуатына деген тапшылықты ескерсек, балама энергияға деген сұраныс бүгінде күн тәртібіне өткір қойылып отыр, өкінішке орай, елімізде балама энергия өндіру дәрежесі өте төмен деңгейде. Қазақстанның бір шаршы шақырымға 5 адамнан ғана келетін 2,7 млн. шаршы шақырымға созылатын ұлан-ғайыр даласында орталықтандырылған электр жүйесі арқылы электр қуатымен қамтамасыз ету шығыны өте жоғары. Сондықтан балама энергия көздерін пайдалану еліміздің шалғай өңірлерін электр қуатымен қамтамасыз ету тиімділігін еселей арттырады және қосымша электр қуатын тарату желілерінің құрылысын салу шығынын азайтады. Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың бастамасымен іс жүзіне асырыла бастаған еліміздің 2010-2014 жылдарға арналған үдемелі индустрия­лық-инновациялық даму бағдарламасында бұл кө­кейкесті мәселеге ерекше маңыз берілді. Бағ­дар­ламада еліміздің жалпы энергия тұтыну көлемінде балама энергия көздерінің үлесін бір пайызға дейін жеткізу міндеті қойылған. Қазір Индустрия және жаңа технологиялар министрлігі балама энергия көздерін дамытуға барынша жағдай жасау шараларын қарастыруда. Осы мақсатта биылғы жылы министрлік Korea Electrіc Power Corporatіon және Samsung C&T Corparatіon атты кореялық компаниялармен өзара ынтымақтастық мемо­ран­думына қол қойды. Бұл келісім бойынша Қазақ­стан­ның жел және күн энергиясы саласын дамыту мақсатында өзара стратегиялық ынтымақтастық байланыстарын нығайту көзделген. Кореялық консорциум елімізде қуаты 1 ГВт-ға тең жел және күн электр стансаларының құрылысын салу жөніндегі жобаны жүзеге асырады. Бұл жобаның жалпы құны 2,5-2,8 млрд. доллар мөлшерінде бо­лады деп күтілуде. Бұл ТМД мемлекеттері ара­сында балама энергия көзін өндіріске енгізу жөніндегі ең ірі жоба болып табылады. Қазақстан болашақта балама энергия көздерін қалыптастыру және дамыту мақсатындағы кешенді шараларды жүзеге асырып, бұл мақсатта тиімділік пен жоғары нәтижеге қол жеткізетін өңірдегі бірден-бір ел болмақ. Еуразиялық жарты шарда Қазақстан энергетикалық әлеуетінің қаншалықты салмақты екендігін айқындайтын тағы бір маңызды шара  желтоқсанда өтетін ЕҚЫҰ-ның Астана Саммиті болмақ. Форум делегаты, Австрияның бұрынғы канцлері Альфред Гузенбауэр атап көрсеткендей, соңғы 11 жыл бойы көптеген мемлекеттер Ұйымға мүше елдер басшыларының басын қосуға барынша талпынып көрді, бірақ оған Қазақстаннан басқасының қолы жете алған жоқ. ЕҚЫҰ-ның екпіні бүгінде Орталық Еуропадан Шығысқа ауысты деді ол өз сөзін­де. 70-80-жылдары ЕҚЫҰ-ның негізгі әлеуеті Орталық және Шы­ғыс Еуропада ш­оғыр­ланған болса қазіргі кезде бұл басымдық Шығысқа қарай жыл­жып, Орталық Азияда тұ­ғырланып тұр. ЕҚЫҰ-ға мүше мем­ле­кеттер басшыларының Астана Саммитінде бас қосуы Еуразиялық кеңістіктің эконо­ми­калық-әлеу­меттік әл­еуетін, саяси белсен­ділігін арт­ты­ра­тын, жалпы әлемде қа­уіп­сіздік тұрақ­ты­лығын тұғыр­лан­ды­ратын үлкен тарихи оқиға болмақ. Польшаның бұ­рын­ғы президенті Алек­сандр Квась­невскийдің ай­туынша, еуразиялық ке­ңістікте Қазақстан тұ­рақтылық пен ынты­мақтастықтың се­нім­ді көпіріне ай­налғ­ан. Қуатты да сенімді әріптес ретінде Қа­зақ­станның Еуразия құр­лығында энергетикалық қауіпсіздікті қамтамасыз етудегі рөлі күннен-күнге артып келеді. V Еуразиялық энер­ге­ти­калық фо­румға қатысушылар ерекше атап көрсеткендей, бү­гінде Қазақ­станның эко­но­микалық даму үрдісі, энергетикалық ши­кі­за­тын экс­порттауда ұс­танған ашық та әділ сая­саты бүкіл өңір­­дің таяу бо­ла­шақ­тағы энер­ге­ти­калық қауі­п­сіз­дігін болжау­ға мүмкіндік береді. Жылқыбай ЖАҒЫПАРҰЛЫ. * * * ЖЕР ҚҰНАРЫ КҮТСЕҢ АРТАДЫ Қазақстан тұрғындарының 43 пайызы (6,5 млн. адам) ауылды жерде тұрады. Ауылшаруашылық мақсаттағы жерлер аумағының 70 пайызы шөлейттеніп, жер қыр­тыстарының өзгеріске ұшыр­аған аймақтарындағы егіс айналымын қайта қалпына келтіру үлкен мәселе болып отыр. Осындай жағдай Жамбыл облысында да қалыптасып отыр. Еліміздің ішкі аймағындағы ірі көлемді Бетпақдала мен Мо­йынқұм шөлейтті аймақтарында, солтүстіктен қысы-жазы соғып тұратын желі, жазы мерзімінен тым ыстық, қысы қатал болғандықтан, ауылшаруашылық жайылымдарын өркендету қиындық туғызуда. Аумақтардың шөлейттенуі мен жайылымдардың істен шығуының тағы бір себебі, егістік пен мал шаруашылығын өркендету үшін, мал бастарын есепсіз көбейтіп, жайылымға салмақ салу, құрылыс пен жылу қажеттілігіне ормандар мен тоғайлардың ағаштарын орынсыз қиып, жайылымдықтарды өртке шалдырып істен шығару, суармалы өңірлердің суландыру жүйелері нашарлап, құнарлы жерлердің тұздануының жоға­рылауы болып отыр. Осындай өзгерістердің соңы топырақ құнарлылығының төмендеуіне алып келеді. Сулардың булануы, құрғақ топырақтың шаңдануы, құм көшкіндерінің белсенділіктері артып, аумақ құрғақшылыққа айналып, топырақ құнарлылығы мен биологиялық өнімдері төмендеуі арқылы экологиялық апат қатері төнеді. Қазіргі таңда шөлге айналған аймақтарға қарсы іс-шаралар күшейтілген түрде атқарылуда. Кеткен кемшіліктерді жойып, шөлейтті жерлерден жоғары өнім алу мақсатында жерлерді суландыру жұмыстары нәтижелі болып отыр. Тұздануға бейімделген немесе тұзданған аймақтарды қалпына келтіру үшін көлденең немесе тіктей арықтар қазу, сумен шаю, химиялық немесе биоло­гиялық суландыру жұмыстары жақсы нәтиже беруде. Азған жерлерді тұзсыздандыру шарала­рының бірі жер қыртысын тереңдете қоп­сытып, оған топырақ құрамын құнарландыратын заттар қосып, аражүйелік қадағалауды күшейтіп, суландыру жүйесінің жағдайын бағалау, су мен желдің эрозиялық құбылысын бақылау болып табылады. Мелиорациялық суландыру жүйесін жетілдіру, жоғары өнім беретін, фотосин­тетикалық белсенділігі жоғары, жергілікті жерге бейімді өнім өндіру болып табылады. Кейінгі жылдары суды айтар­лықтай үнемдейтін жоғарыдан тамшылатып суару қолға алынуда. Сонымен қатар тамшылатып суару мен жетілдірілген жаңа технология пайдалану көзделіп отыр. Соңғы 3-4 жыл ішінде аз ғана күрделі шығынмен ауылшаруа­шылық өнімдерін алу үшін қарқын­ды жұмыстар жүргізіліп жатыр. Аймақты шөлейтке айналдырмау үшін, дақыл егілген суармалы жерлерді осы аймаққа жанамалай жақын жүргізіп отыру қажет. Осындай іс-шараларды тұрақты түрде қолға алып отырсақ, құмды игеру жұмыстарын дұрыс жолға түсіре білсек, тек жем-шөп қана емес, құнды ауылшаруашылық дақылда­рын да алуға болады. Суармалы жерлерді ылғалдан­дыру үшін тұщы судың жетіспеуінен жер асты минералды суын, ағынды, қашыртқы, дренажды суларды пайдаланудың маңызы зор. Құмды құрғақ аймақты суландыруда 1 литрден 3-5 грамм ми­не­ралданған су алуға қол жеткізуге бо­лады. Тұзды жерді 8 г/л тұзы алынған ми­нералды сумен шаю керек. Қан­шама ми­­не­рал­данған суды пай­даланғанмен, ол аймақ екінші рет тұздануы мүмкін, сондықтан тік және көлденең арық қазып (дренаж) шаю тәсілін пайдалану тиімді. Облысымызда межеленген ауылшаруашылық өнімдерін алуда, ауа райының қолайсыздығына, құрғақшылық пен қаталдығына қарамай, қауіпсіздік төмендетілуде. Құрғақшылыққа қарсы тағы бір тиімді шара – суландыруды негізге ала отырып, егіс айналасына тал-дарақтар отырғызу. Шөлейтті жерлер мен жайылымдықты тоздырып, құрғақ аймаққа айнал­дырмау үшін құдықтың су қорларын пайдалану кеңінен қолданылып отыр. Осы тәсілдің арқасында сусымалы құмдар бекіп, көгалды жайылым мен бақтар пайда болады. Қазіргі таңда облысымызда егіншілік төңірегінде қыруар ша­руарлар атқарылып жатыр, атап айтқанда, егістік аймақтағы то­пырақты қорғау шараларын жетіл­діруде, әр ауданның ауа райының жағдайына қарай, жер қыртысының бұзылуына қарсы шаралар, жерді аударып тастамай айдау, тал-дарақтар отырғызып ықтасын жасау, то­пырақты шағын (нөлдік) тәсілмен өңдеу шаралары қолданылуда. Жоғарыда атап өткен шараларды қолданудың арқасында облысымызда құрғақшылық белсен­ділігі төмендеп, кең көлемде шөлейттенудің алды алынуда. Сонда да болса жағдай толықтай түзеле қойған жоқ. Құрғақшылыққа, ауа райының күрделі құбылыстарына байланысты ауқымды кеңістіктің шөлейттенуі жиі кездесіп отырады. Әдетте құрғақ­шылықтың арты айтарлықтай экономикалық құлдырауға, яғни ауылшаруашылық дақылдары түсімінің төмендеуіне, мал және тамақ өнімдерінің кемуіне соқ­тырады. Егер жер телімдері өз дәрежесінде пайдаланылмаса, жер құрылымы әлсірейді. Яғни құрғақ­шылықтың салдарынан ауқымды жерлердің шөлейтке айналу қаупі үлкейіп, табиғи өнімдер төмендейді. Әдетте кең көлемді шөлейт­тенудің белгісі ауқымды кеңістікте құм көшкіні пайда болуынан көрініс табады. Бұл жер бетін нығыздауда химиялық әдіспен құм төбелерді полимерлік өңдеуден өткізіп, артынан ағаштар отырғызып және биологиялық фитосуландыру әдістерін пайдалануға болады. Табиғи жайылымды құлдырау қаупінен аман алып қалу үшін көптеген шаралар бар. Мәселен, ауыл шаруашылығын ғылыми жолмен ұйымдастырып, жайылымға түсіп отырған салмақты азайтып, экологиялық тепе-теңдік қалып­тастырып, мал бастарын азайтып немесе жайылымдықты пайдалануды уақытша тоқтатудың маңызы зор. Егер қосымша жемдік дақылдар егіліп, шырпылар мен ағаштар отырғызып және дақылдарды хи­мия­лық, физикалық өңдеулерден өткізіп, жер қыртысын қалпына келтірсе, өсімдіктердің өсуі де жақсарар еді. Шөлейттену – бұл өте күрделі және көп жақты құбылыс. Сондықтан шөлейттенумен күрес ғылыми жолмен жүргізілгенде ғана белгілі бір нәтижелер күтуге болады. Абдолла ӘЛИЕВ, Тұрар БЕРДІҚОЖАЕВ, “Қазақ су шаруашылығы ғылыми-зерттеу институты” ЖШС. * * * БІЛІГІ ОЗЫҚТЫҢ ТІРЛІГІ ДЕ ОЗЫҚ Отандық және шетелдік тиімділігі жоғары технологиялардың негізінде кең ауқымды модернизациялау жұмыстарын жүргізу Қазақ­станда агроөнеркәсіп кешенін дамытудың шешуші бағыты болып табылады. Мемлекет басшысының сала алдына 2014 жылға қарай еңбек өнімділігін 2 есе, 2020 жылға қарай 4 есе арттыру, ал 2014 жылға қарай ішкі рыноктың 80 пайызын отандық азық-түлік тауарлары есебінен қамтамасыз ету жөнінде нақтылы міндеттер қойған “Жаңа онжылдық—жаңа экономикалық өрлеу — Қазақстанның жаңа мүмкіндіктері” атты Қазақстан халқына Жолдауына байланысты агроөнеркәсіп кешенін модернизациялау қажеттілігі айрықша көкейтестілікке ие бола түсті. Сала мамандарының айтуынша, қазіргі таңда Қазақстанның аграрлық ғылымы тиянақталған және айтарлықтай көлемдегі ғылыми әзірлемелерге ие. Тиімділікпен пайдалана білген жағдайда олар бүтіндей алғанда АӨК-тің тиімділігін елеулі түрде арттыруға жағдай жасамақ. Олардың қатарында ауылшаруашылық дақылдарының өнімділігі жоғары және ортаның стресті факторларына төзімді сорттары мен гибридтері, жер өңдеуде қажетті ресурс үнемдеуші технологиялар, өңдеуші және қайта өңдеуші мәшинелер кешендері, малдәрігерлік қауіпсіздікті қамтамасыз ету шараларының әдіс-тәсілдері және басқалар бар. Осы сияқты ғылыми әзірлемелерді өндіріске жеделдете енгізу, сонымен қатар жоғары тиімділікті технологияларды пайдалану тәжірибесін барлық жерлерге де тарату мақсатында Ауыл шаруашылығы министрлігі 2008 жылдан бері Қазақстанда АӨК саласындағы білімдерді тарату жүйесін құру жөніндегі жобаны жүзеге асырып келеді. Қазақстанда АӨК саласындағы білімдерді тарату жүйесін құрудың негізіне әлемнің аграрлық секторлары жақсы дамыған көптеген елдерінде бар “Extensіon system” моделі алынған. Бұл жүйе АӨК мамандарына және фермерлерге оқытушылық және тәжірибелік білім беру іс-шаралары арқылы білімдерін, тәсілдер мен технологияларды жетілдіруге көмектесіп, сол арқылы өндіріс тиім­ділігін арттыруға және шаруашылық жүргізуші субъектілердің табыстарын молайтуға қол жеткізуге жағдай жасайды. Exstensіon жүйесінің әлемдік тәжірибедегі негізгі принциптері ауылшаруашылық қызметіне қатысушылардың барлық топтары үшін осы жүйеге бірдей қолжетімділік, жоғары білікті мамандардың тиімді консультациялық қызметтері, нақтылы міндеттерді шешудегі көзқарастарды теңдестіру, аталмыш жүйенің ҒЗИ-лармен тығыз кооперацияда болуы, ақпараттарды ұйымдасқан түрде алмасу және ноу-хауларды мақсатты түрде беріп отыру, өңірлерде адам капиталы мен әлеуметтік-экономикалық әлеуетті дамыту болып табылады Дамыған елдердің тәжірибелерін зерттеу негізінде қазіргі уақытта Қазақстанда білімдерді таратудың өзіндік жүйесі құрылуда. Оның мис­сиясы — озық әлемдік және отандық тәжіри­белерді кәсіпкерлік секторға енгізу, ал мақсаты Қазақстанның ауылшаруашылық өнімдерінің өнімділігі мен бәсекеге қабілеттілігін арттыру. Білімдерді тарату жөніндегі іс-шаралар респуб­ликалық бюджет есебінен қаржыландырылады. Білімдерді тарату жүйесінің негізгі ұйым­дастырушылық элементтері АӨК саласындағы білімдерді тарату орталықтары (БТО) болып табылады. Қазіргі уақытта “ҚазАгроИнновация” АҚ құрылымында 5 БТО жұмыс істейді. Олар “А.И.Бараев атындағы астық шаруашылығы ғылыми-өндірістік орталығы” ЖШС базасында құрылған “Шортанды” , “Қостанай ауыл шаруашылығы ҒЗИ” ЖШС базасында құрылған “Қостанай”, “Қазақ жер өңдеу және өсімдік тану ҒЗИ” ЖШС базасында құрылған “Үшқоңыр”, “Оңтүстік-Батыс мал және өсімдік шаруашылығы ҒЗИ” ЖШС базасында құрылған “Тассай” және “Қазақ балық шаруашылығы ҒЗИ” ЖШС-ның Балқаш филиалы базасында құрылған “Балқаш” білімдерді тарату орталықтары. Әр БТО-да теориялық білімдер беру үшін қажетті инфрақұрылымдар бар. Тәжірибелік және көрнекілік жұмыстар БТО-мен өзара қызметтестік орнатқан ғылыми-зерттеу ұйымдары немесе ауылшаруашылық кәсіпорындарының базасында жүзеге асырылады. ҒЗҰ-лар сараптамалық қолдау көрсетіп, жұмыс бағдарламларын әзірлейді және аталмыш орталықтар үшін материалдық-техникалық база болып саналады. БТО қызметінің негізгі бағыты — АӨК-тің түрлі бағыттары бойын­ша қысқа мерзімді білім беру семинарларын өткізу. Өткен 2009 жылы АӨК-тің негізгі салалары бойынша 79 оқу бағдарламалары әзірленді. Осы жыл ішінде 79 рет оқыту мақсатындағы ғылыми-тәжірибелік семинарлар өткізіліп, ғылыми жетістіктердің тұсаукесерлері болды. АӨК-тің 1733 маманы семинарларды аяқтағаны туралы сертификаттар алды. Семинарларды өткізуге ғылыми-зерттеу институттарының, жоғары оқу орындарының ғалымдары мен халықаралық сарапшылар атсалысты. Кооперация, бизнес жоспарлау және экстеншн жөнінен әдістемелік құралдар әзірленді, ауыл шаруашылығын жүр­гізудің түрлі бағыттары бойынша 12 электронды нұсқаулықтар шығарылды, экстеншн мен Кооперциялар туралы 2 бейнеролик жасалып, 14 оқу үлгісіндегі бейнефильмдер әзірленді. Оқу нәтижелеріне жасалған талдаулар өткізілген семинарлар мен тыңдаушылар арасында жүргізілген анкеталардың ауылшаруашылық құрылымдары мамандарының осындай семинарларға, сол арқылы ғылыми-зерттеу институттарының ең жаңа талдамаларын алуға мүдделі екендіктерін көрсетіп берген. Ғылыми-зерттеу институттарының жетекші ғалымдары, сарапшылар мен тыңдаушылардың өздері де, яғни ауылшаруашылық тауарларын өндірушілер экстеншн жүйесінің АӨК мамандарының білімдерін жетілдірулеріне, ауыл шаруашылығын жүргізу барысында өндіріс тиімділігін елеулі түрде арттыруға жағдай жасайтындай озық тәсілдері мен технологияларын игеруге көмектесетіндігіне сенімді. Анкеталарға, тыңдаушылардың бағалаулары мен кеңестерінің, сол сияқты өткізілген семинарлардың нәтижелеріне жасалған талдаулар негізінде оқытуды одан әрі дамытудың жаңа бағыттары белгіленді. Бұл орайда оқу бағдарламаларының АӨК субъектілерінің мұқтаждарына қарай бағдарланғанын, алынған білімдердің түпкі нәтижелер бойынша тиімділігіне баға берудің мониторинг жүйесі жетілдірілгендігін, орталықтардың инфра­құ­рылымдарын басқару мен семинарлар ұйым­дастыру саласында мемлекет-жеке меншік әріптестігі тәжірибесінің кеңейтілгендігін, ауыл шаруашылығына қатысы бар шетелдік компаниялар қатарынан стратегиялық әріптестер тарту ісінің жолға қойылғандығын, сол сияқты қолдануға дайын тұрған отандық және шетелдік ғылыми талдамалар мен технология та­сымалдағыштар мәліметтерінің біртұтас базасын құру ісінің жүзеге асырылғандығын атап көрсетуге болады. Ақпараттармен қамтамасыз етіп, өңірлерде оқыту және консультативтік-білім беру бағдарламаларын жүргізу үшін тауар өндірушілер мен мамандарға жақын жерлерде, жергілікті табиғи-климаттық және экологиялық жағ­дайларды ескере отырып, тиісті қаржыландыру жағдайында біртіндеп республиканың түрлі өңірлерінде ғылыми-зерттеу институттары мен тәжірибелік шаруашылықтар базаларында білімдерді тарату орталықтары мен олардың өкілдіктері ашылады деп күтілуде. Сөйтіп 2013 жылы республика бойынша жалпы саны 14 БТО құрылатын болады. Бұл орайда қазірде жұмыс істеп тұрған “Шортанды”, “Қостанай”, “Үшқоңыр” және “Тассай” БТО-лары өңірлік әдістемелік орталықтар міндетін атқарып, жаңадан ашылатын білімдерді тарату жүйесінің өкілдіктері үшін ғылыми-тәжірибелік семи­нарлар өткізуде бағыт-бағдарлар беріп, консуль­тациялық қызметтер көрсетіп отыратын болады. Осындай жұмыстардың нәтижесінде жергілікті жерлерде АӨК субъектілерін әдістемелік қамту мен практикалық оқыту қамтамасыз етіліп, өңірлік ерекшеліктер ескеріле отырып, консультациялық көмектер ұсынылмақ. Ал ол өз кезегінде озық ғылыми-техникалық талдамалардың АӨК саласына жедел түрде енгізілуіне жағдай жасамақ. Білімдерді тарату жүйесі қызметінің нәтижелеріне талдау жасау негізінде, сол сияқты әлемдік озық тәжірибелерге жүргізілген зерттеулерді ескере отырып, акционерлік қоғам білімдерді тарату жүйесінің 2010-2014 жылдарға арналған жаңа тұжырымдамасын дайындап шығарды. Осы тұжырымдамаға сәйкес білімдерді тарату жүйесін екі шешуші бағыт бойынша дамыту жоспарланып отыр. Олардың біріншісі АӨК субъектілерін қазіргі заманғы техно­логияларды қолдану тәжірибесіне үйрету болса, екіншісі АӨК субъектілеріне технологиялық мәселелер бойынша консультациялар беруді ұйымдастыру. Осы аталғандардың алғашқысы әлемдік тәжірибеде кеңінен қолданылады. Қазіргі таңда “Қазақтелеком” АҚ-тың қатысуымен және техникалық мүмкіндіктер ескеріле отырып, телефон арқылы тегін қоңырау шалатын консультациялық орталықтарды ұйымдастыру үшін 9 ҒЗИ іріктеліп алынды. Осы жылдың шілде айынан бастап аталған институттар салалық және өңірлік мамандануға сәйкес АӨК-тің түрлі технологиялық мәселелері бойынша консультациялар беруді бастап та кетті. Үстіміздегі жылы бүгінде жұмыс істеп тұрған “Шортанды”, “Қостанай”, “Тассай” және “Үшқоңыр” білімдерді тарату орталықтарының базасында 4 қанатқақты тікелей консультациялар беру пункттері ұйымдастырылатын болады. Қанатқақты пункттерде 2009 жылы Бүкіләлемдік банктің бағдарламасы бойынша оқып шық­қан­дардың қатарынан алынған 2-3 консультант жұмыс істемек. Консультанттар әзірленген техникалық тапсырмалар бойынша жұмыс істейтін болады.