15 Қазан, 2010

Иса-Досан батырлар

8280 рет
көрсетілді
20 мин
оқу үшін
Тарих толқынында Маңғыстаудағы шаруалар көтерілісіне биыл 140 жыл толып отыр Иә, Иса-Досан бастаған Маңғыстаудағы шаруалар көтерілісіне биыл 140 жыл толып отыр. Сондағы көтерілісшілер ұрпақ­тары­ның алды бес-алты атаға ұласты. Қоғамдық фор­мация үш дүркін эволюциялық дамуын ба­сынан өткерді. Ресей империясын билеген пат­шалық режім өзегіне құрт түскен терек­тей құлады. Оның орнын Кеңес Одағы бас­ты. Араға 70 жыл салып Кеңес Одағы тара­ды. Қазақ халқы 1991 жылы ата тари­хында тұң­ғыш рет тәуелсіз мемлекет құрғанын жа­рия етті. Исі қазақтың, соның ішінде Маң­ғыс­тау шаруаларының да 1870 жылы жалау­латып ту көтеріп, ұрандатқан қасиетті кө­те­рі­лісінің түп мақсаты да осы тәуелсіздік еді. М.Тұрсынова өз кітабында өзінен бұ­рынғы ғалымдардың зерттеулеріне сүйеніп, осы шаруалар көтерілісіне әділ баға беруге сәтті талпыныс жасаған. Мысалы, 1869 жыл­ғы патша әкімшілігінің ұлы даладағы басқару­дың жаңа формасын енгізуі қазақ халқының өз тәуелсіздігі жолындағы күресі­нің маңызды кезеңі болды, ал 70-ші жыл­дар­­дағы Маңғыс­таудағы көтеріліс өзінің қуат-күші жөнінен бұған дейін болмаған жаппай халық көтерілісіне айналған еді. (М. П. Вяткин “Очерк и по истории Казахской ССР, Москва, “Политиздат”, 1941 ж. Москва). Ал, ғалым М. Г. Глаузо Маңғыстаудағы халықтың 1870 жылғы көтерілісін бірінші орынға қойды және оның халықтың шын мәніндегі азаттық күресі деп бағалады. (П. Г. Глаузо, “Революция в Средней Азии”, Ташкент, 1929 ж.). Рас, Иса-Досан бастаған халық көтерілісі жеңіліс тапты. Бірақ, шаруалар жеңіле отырып, жауын жеңді. Озбыр, отаршыл саясатты өздерімен санасуға мәжбүр етті. Ендеше, бұл көтерілісті халқымыздың тәуелсіз ел болуының рухани нұрлары, сана-сезім қалғытпай, әрдайым жоғары ұстауы­мыздың сарқылмас қайнары деген жөн. Ата-бабаларымыз өткен қастерлі жолдың тәр­биелік тағылым күш-қуатын жас ұрпақ­тың бойына сіңіру – бүгінде баршамыздың пары­­зымыз. Солай істегенде ел тәуелсізді­гінің халқымызға ешқашан оңайға түспе­геніне кейінгі толқын ұрпақтың жете зерде­леріне сенеміз. Иса-Досан бастаған халық көтерілісінің 140 жылдығын атап өтудегі негізгі мақсат та осы болатын. 1868 жылы Ресейде патша үкіметінің “Жаңа низам” саясаты жарияланса, ол Маңғыстау қазақтары үшін 1870 жылы қолданыла бастайды. Адайларға салық салы­нады, ол өзге елдерге қарағанда көп болады және екі жылдың салығын бірге төлеу мін­деті қойылады. Оған көпшілік отбасы­лардың мүмкіндігі келмейді. Тіпті мүмкіндігі барлар да бұл салықты төлей қоюға ниет етпейді. Билер мен ел бас­қарушылардың талай рет бастары қосылып, кеңес құрса да, ол салықтан төлемей құтылудың басқа жолын таба алмайды. Билер кеңесі Маяның ұлы Бәймембетті Петербургқа барып, жарлық шығарушымен тікелей кездесіп, 1731 жылғы Әбілхайыр мен Ресей патшасы Анна Иоа­нов­наның жасасқан шарты бойынша мына шешімнің заңсыз екендігіне көзін жеткізіп қайтуға жұмсайды. Әбілхайыр мен Анна Иоановнаның 1831 жылы қол қойған шарты бойынша кіші жүз қазақ­тарынан солдатқа адам алынбауы керек, салық салынбауы тиіс. Бәймембеттің бұл сапары­нан ел күт­кендей нәтиже шықпайды. Керісінше, Ресей патша­лығы­ның жергілікті орындары бас­шыларының адайларға көзқарасы шие­ленісе түседі. Соның ызғарлы боранындай 1870 жылы март айында Форт-Александровскіден Рукин бастаған жазалау отряды шы­ғарылады. Бұл отрядтың шыққалы жатқаны старшина Гафур Кал­бинге белгілі болады, ол Исаға хабар береді. Иса Форттағы Құнан­орыс Шабай­дың баласы Сүгірге, Бозжігітке, Қаратаудағы Бәубек Айназар мергенге, Қатқылтүптегі Дәулеталы Досан мен Алғиға, Ауызорпадағы Тоқтамыс Ораққа және тағы да басқа адайдың сол кездегі белгілі батыр­лары мен тұлғалы азаматтарына хабар бергі­зіп, шақыртады. Соның нәтижесінде үлкен қол жиналады. Сан жағынан бұл қолдың көлемі жазалаушы отрядтан бірнеше есе көп болған. Қол құрамында Жәдігерден Өтенұлы Ділман, Жаманғара Мұсаұлы Мошандар бар. Қолды Иса, Досан басқарады. Жаза­лаушы отряд Форттан шығып көлікпен Түбіжік, Қаңға, Борлы, Суат, Құнансу, Сартас арқы­лы Бозашыға бет алатын болып, Ұшауызға орналасады. Бұл кезде Исалар аласа Ақтың астына бірнеше ақбоз үй тіктіріп, қонақ етуге дайындық жүргізеді. Отряд Шығанақ теңіз-айналмадан өтеді. Ояз Рукин жан-жаққа қарауыл қойып, отрядына демалыс береді. Бұлардың мақ­саты, бағыты адайларға толық белгілі емес, сондықтан отрядтың бір адамын қолға түсіріп, құпияны ашу қажет. Қарауылда тұрған бір солдат шылым тұтату үшін от жағады, осы сәтті пайдаланған тіл алуға шыққан Өтенұлы Ділман бір жолдасымен әлгіні дыбысын шығармастан алып кетеді. Ол орыс екен, Форттан келген Құнанорыс руының жігіттерін тілмаш ету арқылы тұт­қынмен сөйлеседі. Сөйтіп, жазалаушы отрядтың бағыты Бозашы түбегін аралау, мақсаты елден салық жинау, төлемесе қару­лы күшпен жазалау екендігін анықтайды. Қару, көлік, адам саны жөніндегі мәлі­мет­терге қанығады. Осыған сәйкес тактик­алық шаралар жасақталады. Осындай дайындықтан кейін, яғни 1870 жылғы Маңғыстау шаруаларының Ресей патшасы үкіметіне қарсы көтерілісі басталады. Халық жасақтары жазалаушы отрядтың көліктерінің көпшілігін айдап кетіп, отрядты жаяу қалдырады, жаяу отрядты қамауға алады. Олар теңізге беттегенде теңіз жағы бөгеді. Көліксіз, ас-сусыз қалған жаза­лаушы отрядтың басшысы Рукин 24 наурыз күні түнде Маяұлы Бәймембетті адайларды үгіттеуге жұмсайды. Ол өз лагерінен шыға бергенде атылған мылтық оғынан қаза табады. 25 наурыз күні таңда Рукин адай­лармен келісім жүргізуге өзі шығады да, көліктерін қайтарып беруді сұрайды, Фортқа қайтып кетеміз деп уәде етеді. Оның бұл өтінішін орындауға көтерілісшілер келісім береді де, өз талаптарын жеткізеді: казактар атуын тоқтатсын, үш офицер кепілдікке (заложник) берілсін, жазалаушы отряд көліктерін алуға адай отрядының қосына келсін деп шарт қояды. Рукин казактарын ертіп келеді. Сол кезде Иса казактар қару­ларын тастасын деп талап қояды. Рукин казактардың қарсылық етуіне қарамастан, қаруларын тастауға бұйрық береді. Казактар қылыштарын кең шалбардың ішіне байлап алады, қалған қаруларын тастайды. Осы сәтте Исаның белгісі бойынша жасырынып дайын тұрған адай қолы қимыл жасап, отрядты талқандайды. Бұл соғыс 4 күнге созылады. Осы ұрыста жүзбасы (сотник) қашып кетеді, оны Мошан қуып жетіп, басын шауып, жүзбасының өзінің қызыл көйлегіне орап алып келеді. Отряд тілмашы Қосым Мырзабаев қашып құтылып, Фортқа барып хабар береді. Көтерілісшілер Форт­тағы қамалды қоршап ала алмайды. Зең­бірек, от қаруы маңына жолатпайды. Көтерілісшілер Хиуа бетіне ойысады. Хиуадағы жағдайдың қиындауынан Иса мен Досан өз жасақтарымен бөлініп, Досан қырға шығып кетеді де, Иса Хорезм ойында қалып қояды. 1873 жыл Хиуа хандығын Ресей патшалығы өзіне көндіріп алған кез. Иса өз ауылдастарымен бір тоғайдың ішінде ерулеп отырған. Бір кезде ақ есекке мінген ақсақал қосқа жақындап тоқтайды. Оған Исаның әйелі Сарығыз сәлем етеді. Иса анадай жерде мылтығын кезеп тұрғанда әлгі ақсақал: “Иса, жат жерде шығандама, елге қайт”-дейді де, көмескіленіп, елес болып көрінбей кетеді. Ертеңіне Иса Маңғыстауға бағыт ұстап жүріп кетеді. Иса сол бетінде Фортқа келеді. 1874 жылы Қарағантүп болысының басқарушысы болып тағайындалады. Исаның осы қызметі 1909 жылы өзі қайтыс болғанға дейін жалғасады. Бұдан бірнеше күн бұрын “Иса-Досан” көтерілісінің 140 жылдығы қарсаңында Ақтауда шығатын “Лада-ТВ плюс” “Гибель отряда Рукина в 1870 году” деген мақала-очерк жариялады. Бұл очерк бұдан бақандай 110 жыл бұрын, Мәскеуде шығатын “Исторический вестник” журналында нақ осы тақырыппен жарық көріпті. Очерк авторы патша әскерінің генерал-лейтенанты Василий Александрович Потто делінеді. Осы В. А. Потто қазақ даласын шаруалар көтерілісінің от-жалыны шар­пыған тұста майор шенінде Орынбор казак училищесінің директоры болып қызмет істеген екен. Өмірінің соңғы жылдарында Кавказ әскери округінің штабы жанындағы әскери-тарихи бөлімді басқарған. Очерк былай басталады. “Мне случилось путешествовать в 1871 г. по казахский степи ... Из сопоставления рас­сказов со сведениями, добытимы мною от очевидцев, с рассказами казаков, вер­нув­шихся из пленов, с теми немногими све­де­ниями, которые хранятся еще под толс­тым слоем пыли оренбургских архивов, вос­соз­дается ясная картина того, что прои­схо­дило в степи в роковое время 1869 и 1870 годов”. Осыдан кейін очерк авторы В. А. Потто қазақ жеріне енгізіле бастаған уақытша “Жаңа низамның” мақсат-мәніне, оған жергілікті тұрғындардың неге наразы болға­нына сипаттама береді. “И вот в исходе 1868 года появилось так называемое”, “Вре­менное положение” об управлении в об­ластях Тургайской и Уральской”. Султаны – правители с их кочевыми ставками были упразднены, и отошли в область преданий. Их заменили губернаторы со всеми губерн­скими атрибутами: присутственными места­ми, вице-губернаторами, прокурорами, судьями, уездными начальниками и т. д. Естественно, что такое выборное начало, легщее краеугольным камнем в основу нового положения, вконец подрывало зна­чение и власть степной аристократии. Вот почему новая реформа встретила силь­ней­шее противодействие со стороны приви­ле­гированных сословий. Но и простой народ отнесся к ней весьма недоверчиво. Новое по­ло­жение, обявлявшие что земли, зани­маемые казахскими кочевьями, становятся землями государственными, предоставлен­ные киргизам лишь в общественное поль­зование, что права самих киргизов прира­вниваются к правам обыкновенных сельских обывателей, свалилось на них, как снег на голову. И народ, игнорируя те хорошие стороны “положения” которые в нем заключалось, понял только одно, что подать ему придется с кибитки вместо полутора рубля два рубля семьдесят копеек. Вооруженный мятеж в Уральской об­ласти подавлен был чрезвычайно быстро, но он долго еще продолжался в соседнем Мангышлакском приставстве где небольшой казачий отряд подполковника Рукина был истреблен самым изменическим образом. Надо сказать что, “новое положение”, вво­див­ших среди Оренбургской степи, на первых порах совсем не коснулось адаев­цев... Они жили слишком далеко, кочевали в соседстве с Хивой и Туркменией. Зато ког­да вооруженный мятеж в степи был подавлен, военный губернатор Уральской области тот час потребовал к себе, в Уральск, Мангышлакских начальников, Маяева и Калбина. Им дали инструкции и отправили обратно уже с подполковником Рукиным, которому на правах уездного на­чаль­ника подчинялось все Мангышлакское пространство”. Бұдан әрі очерктегі Рукиннің өлімі, өрбіген қарулы қақтығыстар бұдан бұрын келтірілген күйінде дерлік баяндалған. Біздіңше, В. А. Поттоның бұл тарихи очеркі өз зерттеушілерін күтуде. Ата-баба аруағы алдындағы парызымыз әлі мойнымыздан түсіп болған жоқ. Соның бірі – ел мен жер тарихын зерделеуде орын алып келе жатқан “ақтаңдақтар” сырының ашылмай келуі болып табылады. Өткеннің қасиетті киесін, сөздің жүйесін терең білетін дүлдүлдердің өзіне тұзақ салынып, тосқауыл қойылды. Мәселен, тегеуріні бөлек тұлпар ақын Сәттіғұл атамыздың 1939 жылы жазылған “Досан батыр” дастанын сол кездегі аудандық партия комитеті қарап, қырық жыл болыстық қызмет атқарған Исаны дәріптеп, қаһармен тұлға етіп көр­сетудің социалистік реализм әдісіне мүлдем қайшы келетіндігін ескерткен. Сөйтіп, өмір шындығын қапысыз жеткізген құнарлы шығарма ажарынан айрылып, жұқарған, жүдеген күйінде 1940 жылы оқырмандар тал­ғамына ұсынылған. Бірер сөз “Иса-Досан” дастаны жайында айта кетсек, оны Сәттіғұл Нұржанов ақсақал өз естелігінде былайша әңгімелейді. “Мен сияқты сөз шығаратындар артына атаулы еңбек қалдырып жатыр, мен де сөйтсем қайтеді деп, біраз ойландым. Менің әкем Жанғабыл Иса-Досан көтерілісіне бастан-аяқ, Досанның жерленуіне дейін қатысқан адам еді. Сондағы көрген- білгендерін бірнеше рет түгелдей айтып отыратын. Халық үшін болған үлкен оқиға ғой, осыны жыр қылып қалдырайын деп шештім де “Иса-Досан” деген еңбегімді шығарып, қағазға түсірдім. Біраздан кейін райком шақырады, “Иса-Досан” дастанын ала келсін, деген хабар келді. Келдім. Бір­неше адамдар отырып, менің дастанымды талқылады. Біраз жерден Исаны алып тастады. Маған “40 жыл болыс болған адамды соншалықты дәріптеуіңіз қате, олай етуге болмайды”, – деп ескертті. Біраздан кейін тағы шақыртты. Исаға байланысты біраз жерін тағы өзгертті. Енді менің еңбекті шығарудағы мақсатым өзгеріп кетті. Сөйтіп жүргенде Гурьевте ақындар айтысы болады деп шақырды. Оған “Иса-Досанды” ала бару тапсырылды. Гурьевке келдім. Қарсы алды. Оспанов Жәмек деген жас жігіттің үйіне орналастырды. Жақсылап әңгіме айтатын шалы бар үй екен, өте жақсы болды. Бір күннен кейін обкомге шақырып жатыр, жырыңызды ала жүріңіз деп Жәмек мені обкомге алып келді. Бұнда да обкомы бар, КГБ-сы бар оншақты адам отырып, менің жырымды талқылап, Исаны жырдан мүлдем алып тастады. Мен қайтерімді білмей қиналып шықтым. Әрі ойлап, бері ойлап, не де болса өз еңбегім ғой, ізсіз қалмасын деп, “Досан батыр” деп өзгертуіме тура келді. Көтерілістегі негізгі тұлға Исекем атаусыз қалды. Менің де уақытым жақындап қалды. Қабірге түскеннен кейін Исекем мені қайтер екен деген уәйім ойымнан кетпейді”. Обкомдағы соңғы Иса-Досанды талқы­лаудағы адамдардың ішінде газет қызмет­керлері С. Хайдаров, Ж. Оспанов та (мар­құм) болған екен. Хайдаров айтады: дастан-жырдан Иса сызылып, талқылау аяқталғанда Сәтекеңнің өңі өзгеріп кетті дейді. Ал Жә­мек Оспанов айтады: талқылау бітіп, адам­дар тарай бастағанда мен де Сәтекеме жа­қын­дап келіп, “жүрелік” десем, үнде­мейді. Өзі орнына қозғала алмай отырған сияқты. Әрең дегенде тұрғызып, қолтығы­ның асты­нан тірей, құшағыма алып, зорға далаға шық­тық. “Кішкене отырайықшы” деді, бі­раз отырдық. Әрі-беріден кейін біраз дема­лып алғасын менің әкеме мұңын шаққандай болып болған жайтты айтып берді. Досан Форт абақтысында қайтыс бол­ғанда да сол шаруаның бас-аяғында Жан­ғабыл болған. Досанды елге апарып жер­леуге бер­мегенде Жанғабыл Исаға хабар беріп, Исаның келіп араласуымен Досанның мүрдесін берген. Мүрдені арбамен Қара­төбеге әкеліп жерлегеннен кейін Жанғабыл Досан­ның туған ағасын үйіне қонаққа ша­қы­рады. Келсе, Жанғабылдың әйелі жас босанып отыр екен. Ұл балалы болыпты. “Ал мына­дай жақсы­лықтың үстіне келдің, маған құрдас, дос болғандықтан сен де бұл бала­ның әкесісің ғой, енді атын қою саған міндет”, дейді Жан­ғабыл. Сонда қонағы: “Біздің бұған дейінгі ісіміз сәтсіз болды ғой, ендігі ісіміз сәтті болар ма екен. Ұлыңның есімі Сәттіғұл болсын”, – деп ақ батасын берген екен. Бұны да Сәтекеңнің өз аузынан естідік. М.Тұрсынова аталған еңбектерінде: До­сан Тәжиев өмірінің соңғы деміне дейін патша әкімшілігіне және жергілікті феодал­дарға қарсы күресті. Көтерілістің бел орта­сынан көрінді. Көтерілістің табанды басшы­лары мал­шы Досан батыр Тәжіұлы, Алғи Жал­маған­бетов, Ержан және Ермәмбет Құ­лов­тар еді деген бағасы ешқашан ескір­мек емес. Міне, жергілікті, көзі тірі шежіреші аталардың әңгімелерінің, басқа да дерек көздерінің ұзын-ырғасы осындай. “Иса-Досан” көтерілісін тарихи сомдауда Әбіш Кекілбаев, Қабиболла Сыдиықов, Хисмет Табылдиев, Есбол Өмірбаев, Естерек Жаман­баев, Сайын Әділханов, Әбілхайыр Спанов, т. б. тарихшылар мен қаламгерлер айтулы еңбектерімен дараланды. “Ел тәуелсіздігі үшін күрестегі Иса-До­сан көтерілісінің тарихи маңызы” атты ғылыми-теориялық конференцияға қатыс­қан зиялы қауым өкілдері бұл тарихи проблемаға тың серпін, соны леп қосарына сенеміз. Өйткені, бұл мәртебелі форум шаруалар көтерілісінің бесігі болған 360 әулиелі Маңғыстау өлкесінде өтіп отыр. Иса-Досан батырлар қашанда халқы­мыздың есінде десек, ақиық ақынымыз Сәттіғұл Жанғабылов “Досан батыр” жыр дастанымен өшпес із қалдырды. Сондай-ақ Иса мен Досанға арналған монументті ескерткіш кешені дайындалып, Форт-Шевченко қаласы іргесінде орнатылды. Әйтсе де “Иса-Досан” көтерілісін біз әлі толық танып болған жоқпыз. Олай болса, бүгінгі ғылыми-теориялық конференция “Иса-Досан” көтерілісін танудың бір белесі болар деп ойлаймыз. Өмірзақ ОЗҒАНБАЕВ, Маңғыстау облысы әкімі жанындағы ардагерлер кеңесінің төрағасы.