15 Қазан, 2010

Дүбірге толы дүние

465 рет
көрсетілді
8 мин
оқу үшін
САЙЛАУДАН КЕЙІНГІ СЫН ДА ЖЕҢІЛ ЕМЕС Қырғызстанда көптен күткен сайлау өтті. Біраз адам сол науқан қарсаңында қақтығыстар болмағанына қуанды. Енді жұрттың көңілі сайлаудан кейін не болар екен деген оймен күпті. Бұл ел парла­ментаризмді қа­лады. Парламент атқарушы би­лікті тағайын­дайды. Сол үкі­мет елде ты­ныш­­тық ор­на­тып, күйзелген халықты ы­нты­маққа бастай ала ма – жұрт соған жауап күтіп отыр. Осынау шағын елде 150 партия тіркеліп, сайлауға оның 29-ы қатысқаны да жұрттың саяси белсенділігін аңғартқандай. Сол белсенділікті біреу демо­кратияның көрінісі деп шаттанса, сол демократияң күйзелістен басқа не әкелді деп күйінетіндер де бар. Қалай десек те, бұл сай­лауға елдегі саяси күштер толық қатысып, парламентке бес партия өтті – “Атажұрт”, ҚСДП, “Ар-намыс”, “Республ­ика” және “Ата­­мекен”. Жалпы алғанда, бұл тізім ел­дегі саяси күштердің ара сал­мағын көрсетеді. Рас, осыдан біраз бұрын бұрынғы президент Құрманбек Бакиевтің жақтас­тарын біріктіреді дейтін “Ата- жұрт” партиясы жетекші орынға шығады дегенге біраз адам сенбес те еді, тіпті оны сайлауға қатыс­тырмас деп те ойлаған. Бірақ пар­­­тия көсемі Қамшыбек Тә­шиевтің Бакиевті қайтаруға уәде беруі де жұртты дүр сілкіндірген. Ашынған халық, сәуір револю­циясы кезінде туыстары қаза болғандар бұл партияның кең­сесін өртеуге дейін барды. “Атажұрт” сөйтсе де бірінші орында. Оның енді парламентте 28 орны бар. Бұл да қырғыз ағайын­дардың ерекшелігі. Сайлау алдын­да бұрынғы премьер-министр Алмазбек Атамбаевтың социал-демократиялық партиясы үкімет құру құқына ие болар деген пікір көбірек айтылған. Қазіргі прези­дент те сол пар­тияның мүшесі. Бірақ олар бар-жоғы екінші орында, 26 мандаты бар. Кешегі сәуір революция­сын­да көсем бо­лып көрінген, бұрын­нан билікпен текетіресте жүрген Өмірбек Теке­баевтың “Атаме­кен” пар­тиясына бәс қойған­дар бар­шылық еді. Сірә, олардың пар­ламентке өт­кен партия­лар­дың соң­ғысы бол­­­­ға­нын жеңіс деу де қиын-ау. Олар­ға бар-жо­ғы 19 орын ғана бұйы­рып отыр. Феликс Ку­лов­тың “Ар-на­мыс” партия­сы­ның ойып тұрып үшінші орынға шығуын олар үшін үлкен жеңіс деп бағалауға болар. Мәскеуге барып, қолдау көріп қайтқан пар­тия көсемі сол қадамымен елдегі орыс тілді сай­лаушы­лардың ықы­ласын аудар­ды. Тіпті ел ішінде оның Мәс­кеу­ге арқа сүйегенін, сондай-ақ РФ-нің Қырғызстан­дағы сайлауға ықпал еткенін айып­таған әңгі­мелер де айтылды. Бизнесмен Өмірбек Бабанов­тың “Республика” партиясының 23 мандатқа ие болуы да көп адам кү­те қоймаған жетістік. Оның есе­сіне көптен бері ауызға ілініп жүр­ген Темір Сариевтің “Ақ шұм­қар” пар­тиясының бес пайыздық белес­тен өте алмағаны да партия­ның бағ­дарламасынан емес, сірә, нау­қан кезіндегі бел­сенділігінің жет­пе­гені­нен болды-ау деген ой келеді. Сайлау негізінен таза өтті, орынсыз бұрмалаушылық болған жоқ деген пікір қалыптасып отыр. Сайлаудың негізгі жетістігі де осы шығар. Енді үкіметті құру кезекке ке­ліп тұр. Осы мәселе, сірә, қиынға соғар. Жеке-дара алға шыққан партия жоқ. Бәрі деңгейлес. Коалицияға бірікпей іс бітпейді. Біріккенде де кемінде үш партия бірігуі керек. Біріге ала ма? Пар­тия көсемдерінің әрқайсысы – бір қошқар. Бастары бір қа­зан­ға сыя алмас. Осы жерде Молдавия парламенті ойға оралады. Онда қайта-қайта сайлау өтіп жатады. Егер мұнда да коалицияға бірігіп, көпшілік орны бар блок құрыл­маса, жаңа сайлау өтуге тиіс. Қырғыз ағайындар үлкен бір сыннан өтті деуге негіз бар. Ал алда күтіп тұрған сындар да көп. Биліктің жаңа түріне көшу қа­шан­да оңай болмаған. * * * ПАЛЕСТИНА МӘСЕЛЕСІН ИЗРАИЛЬСІЗ ШЕШУГЕ БОЛМАЙ МА? Таяу Шығыстағы жағдай әрқашан әлем назарында. Ондағы шиеленіс жарты ғасырдан астам созылып келеді. Жұрт әркез Палестина-Израиль келіссөзіне үміт артады. Үміт ақталмайды. Биыл да ол Израильдің Палестина аумағындағы қоныс құрылысын тоқтатпағандықтан үзіліп қалды. Бұл сұрақ бұ­рын да қойылып жүрген. Бірақ шие­­леністі бей­біт жолмен шешу жөніндегі пара­сатты ой әрқа­шан бірінші ке­зек­ке шығатын да халықаралық қауымдастық қар­­сыластарды келіссөзге жете­лер еді. Сол келіссөздер кейде үміт отын да жағатын. Сонда жұрт екі жақтың келісімімен шиеленіс шешіліп жатса, дұрысы сол ғой дер еді. Бірақ екі жақта да келісімге қарсы күш бар. Жеме-жемге келгенде, солар ара­ласып кетеді де, үмітке жетелеген келісім үзіліп қала береді. Қарсы күштер дегенде, Палестина жағында соңғы кезге дейін Израиль мемлекетін жою басты мақсат саналып келді. Палестинаны азат ету ұйымы да, оның көсемі Ясир Арафат та көп уақыт осынау жүзеге аспайтын бағдарламаны ұстанды. Тек ха­лық­аралық қауымдастық пен қо­ғамдық пікірдің белсенді ықпалы арқасында өз бағдарлама­ларынан бұл талапты алып тастаса да, палестиналықтардың бір бөлігі, атап айтқанда, ХАМАС тобы райларынан қайтпаған. Израиль жағында да жағдайды өзгертуге, арабтардың мемлекетін құруға қарсылар жеткілікті. Жоғарыдағы сұрақ осындай жағдайда туындаған. Оны ресми түрде араағайындық сапармен қазір Израильде жүрген Франция сыртқы істер министрі Бернар Кушнер айтса, оның испандық әріптесі Мигель Анхель Мора­тинос қолдады. Айтты дегенде, Кушнер Палестина мемлекетін құру туралы тікелей БҰҰ Қауіп­сіздік Кеңесі шешім қабылдауы мүмкіндігін білдірді. Бұл әзірге ұсыныс қана, Из­раиль жағына ескерту ғана. Бұл ұсынысты Кушнер мырза жақсы негіздеді: “Палестина мемлекетін құру – бейбіт болашақтың кепілі” деді ол. Бұл жө­ніндегі келіс­сөздер тұ­йыққа тіреле бе­рер бол­­­са, мәсе­ле БҰҰ-да қара­луы мүм­кін. Мә­­се­ленің бұ­лай қо­йылуы Израиль жағын мықтап ойлан­ды­ратыны анық, соған орай оларды келіс­сөзде басқаша бағыт ұстауға мәжбүр­лейді. Араағайындыққа жүретін АҚШ-ты да ойлан­дырады. Жағдайды сауықтыруға қыз­мет ететін бұл ұсынысты Куш­нерге таңа салуға болмайды, әрине. Ол өз елінің басшылығы­мен келіспей, мұндай қадамға бармайды. Мұнда Франция президенті Николя Саркозидің пікірі жатқанын да аңғарасың. Бұл елде бес миллиондай мұсыл­ман өмір сүреді. Солардың да тілек-ойы жатыр. Бір бұл елде ғана емес, палес­тиналықтардың тағдыры толған­дыратындар Еуропаның басқа елдерінде де бар. Біраз жердегі исламдық терроризмнің ұшы палес­тиналықтардың күйкі жағ­дайына барып тіреледі. Сондық­тан Палестина мемлекетін құру мәселесінің маңызы айрықша. Ол халықаралық ахуалды мықтап сауықтырар еді. Жалпы жаңа мемлекеттердің құрылуы, оларды БҰҰ-ның та­нуы таңсық емес қой. Оған мы­­сал­ды алыстан іздемейміз. КСРО-ның, Югославияның күйреулерінен кейін пайда бол­ған мемлекеттер қаншама! Олар екінші жақтың келісімін сұраған жоқ, өздерінің тәуелсіз­дігін жариялап, онан соң олар БҰҰ қатарына қабылданды. Әрине, Палестина автоно­миясының ерекшелігі бар. Бірақ сол ерекшелікті ескергенде де, па­лестина халқының өз мемле­кеттігіне ие болатын кезі әлдеқа­шан жеткен. Сірә, халықаралық қауымдастық та бұған енді басқаша қарайтын болар. Мамадияр ЖАҚЫП.