Жуырда еліміз Үкіметі мен Дүниежүзілік банк өкілдерінің қатысуымен Технологияларды коммерцияландыру жобасы ресми түрде іске қосылды. Жобаны іске асыруға арналған дөңгелек үстел еліміздің Алматы, Астана, Қарағанды, Өскемен қалаларында өткізілді.
Еліміздің негізгі ғылыми және академиялық орталықтарында қолданбалы ғылыми-зерттеулерді қаржыландыру мен технологияларды коммерцияландыруға арналған жобаның міндеттерін және қызметін таныстыру мақсатында дөңгелек үстелдер ұйымдастырылды. Оған Дүниежүзілік банк пен Қазақстанның Білім және ғылым министрлігі мұрындық болды. Ел Үкіметімен құрылған Халықаралық ғылым және коммерцияландыру жөніндегі кеңес (ХҒКК) мүшелерінің қатысуымен өткен интерактивті жұмыстар дөңгелек үстелдер тізбегінің басты ерекшелігі болып табылады. Аталған кеңес келешекте Қазақстанды жаһандық ғылым жүйесімен байланыстыруға үлкен үлес қосатын әлемдік көрнекті ғалымдардан тұрады. Жоба туралы Білім және ғылым министрі Бақытжан Жұмағұловтың айтуынша, аталмыш мемлекеттік жоба көмегімен Қазақстан бәсекеге қабілетті, халықаралық сарапшылардың жоғары бағасына ие жаңа ғылымды дамытып, сүйікті ісімен шұғылданатын және өз еліне пайда әкелетін талантты ғалымдар буынын тәрбиелеу мүмкіндігіне қол жеткізбек. Бұл жоба еліміздің ғылыми-зерттеу нәтижелерін әлемдік нарыққа шығару бойынша ел Үкіметінің Дүниежүзілік банкпен бірлескен әріптестігі уақыт талабына сай әрі тиімді екендігіне кәміл сенімдіміз деп атап өтті.
“Технологияларды коммерцияландыру” жобасы дизайнының инновациялық ерекшеліктері ғылыми-зерттеулер мен жеке сектор арасындағы маңызды өндірістік байланыстарды тиімді тұрғыда қалпына келтіруге ықпал етіп, инновациялық қызмет пен оның нәтижелерін коммерцияландыруды жақсартуға септігін тигізеді.
Кездесу барысында Дүниежүзілік банктің Қазақстандағы тұрақты өкілі Шебнем Аккая “Ғылым мен технология жаһандық сұраныстармен сәйкестенгенде және халықаралық технологиялар нарығымен үзіліссіз байланыста болғанда өте тиімді болатынын, сонымен қатар бұл жоба қазақстандық ғалымдардың ғылыми-зерттеулерінің сапасын жетілдіруді қалыптастыратын қаржыландырудың сынақтық моделін ұсынатынын және күрделі нарыққа өту үшін технологияларды коммерцияландыруға қолдау көрсетеді” деп атап өтті.
Технологияларды коммерцияландыру жобасының негізіне ғылыми-зерттеулердің өзектілігі мен коммерциялық құндылығын едәуір арттыру қажеттілігі басшылыққа алынған. Мұндай зерттеулерді ашық байқау барысында іріктелген ғалымдар тобы озық халықаралық тәжірибеге сәйкес жүргізбек. Жобаның жалпы құны 75 млн. АҚШ долларын құрайды. Оның 61,6 млн. доллары еліміз Үкіметінің есебінен бөлінсе, қалған 13,4 млн-ы Дүниежүзілік банктің қарызымен қаржыландырылады. Жоба екі құрамдас бөліктен тұрады. Оның біріншісі еліміздің ғылыми негізін нығайту болып табылады. Жоғары сапалы, коммерцияға бағытталған 20 ғылыми-зерттеуді жүргізуді қаржыландыру үшін жоба шеңберінде жалпы есеппен 21 млн. АҚШ доллары көлемінде грант түрінде қаржы бөлінеді. Бұл зерттеулерді аға ғылыми қызметкерлер тобы және жас ғалымдар тобы жүргізеді. Алғашқы топқа 3 жыл мерзімге созылатын жобалары үшін 1,5 млн. АҚШ доллары берілсе, жас ғалымдар жобасы үшін 600 мың АҚШ доллары көлемінде қаржы бөлінеді. Жобаның 2 бөлігі қазақстандық ғылымның нарықпен байланысын орнату және нығайтуға арналған. Оның шеңберінде ғылыми әзірлемелерді коммерциялық ортаға табысты ендіруге қажетті қызметтердің толық ауқымын ғалымдарға ұсыну, сондай-ақ оған коммерцияландыру саласында қызмет ететін халықаралық компанияны тарту ұйғарылып отыр. Оған қоса Қазақстандағы ғылым жағдайы мен оның даму болашағына технологиялық аудит жүргізіліп, қолданыстағы құқықтық және реттеуші ортаға талдау жасалып, қорытындылар бойынша Үкіметке ұсыныстар берілетін болады. Дөңгелек үстел жұмыстарына еліміздегі ғылыми-зерттеу институттары мен университеттерінің 500-ден астам ғалым, ғылым докторы, аға және кіші ғылыми қызметкері қатысты. Пікірталасқа қатысушылар ХҒКК мүшелерімен бірлесе отырып, технологияларды және ғылыми-зерттеу жұмыстарын коммерцияландыру және ел ғылымын жаһандық өзгеріс бағыттарына ықпалдастыру және ғылыми-зерттеу жұмыстарының нәтижелерін коммерцияландыру, жаһандық нарықпен байланысты жақсарту мәселелерін талқылады. Алдағы уақытта бұл мемлекеттік жобаның нәтижелері ауқымды болады деп күтілуде. Аға ғылыми қызметкерлер тобы мен кіші ғылыми қызметкер тобын құру, PhD докторларын, магистранттарды және студенттерді жобаның жұмысына тарту, сатылған лицензиялар санын арттыру секілді елеулі көрсеткіштер жоба табыстылығының жоғары болатындығын айқындап отыр.
Венера ТҮГЕЛБАЙ.