Бүкіләлемдік рухани мәдениет форумы қарсаңында
Әлемге танымал тұлғалардың дәл осыншалық кең ауқымда басын қосатын алқалы жиын тарихта тұңғыш рет елордада өткелі отыр десек, әсте асыра айтқандық емес. Сонымен әлемге әйгілі ғалымдар, саясат пен қоғам қайраткерлері, мәдениет пен өнер майталмандары, жалпы бас-аяғы 500-ге жуық рухани көсемдер қатысатын Бүкіләлемдік рухани мәдениет форумы 18-20 қазанда ғаламдық мәселелер жайында ой толғап, адамзат өркениетіндегі дағдарыстар мен рухани-мәдени құндылықтар төңірегіндегі түйінді байламдарды бірлесе байыптамақ. “Мир через культуру”, “Рухани келісім конгресі” сияқты Қазақстан, Ресей және Еуропаның басқа да іргелі елдерінің халықаралық ұйымдары мұрындық болуымен қолға алынған шара барысында пленарлық және бөлімдік мәжілістер, дөңгелек үстелдер, конференциялар, екі және көпжақты кездесулер ұйымдастырылып, шығармашылық тағы да басқа жобалар ұсынылмақ.
Рухани мәдениет мәселесін әркім өз білгенінше танып, өзді-өзімен томаға-тұйық қала беретін кешегі заман қайта айналып келмеске кетті. Бүгінде барша адамзат баласы ортақ қиындықпен бірлесе күреспесе білек талатынын ұғынуда. Ол үшін не істеу керек? Ақыл-ой иелерін алаңдатып отырған негізгі нәрсе не? Өзімшілдік пен өктемшілдікті жоюдың қандай жолдары бар? Қысқасы, ЕҚЫҰ Саммиті қарсаңында өтетін әлемдік форумда өзара кеңесіп, келісіп пішетін іс жетіп артылады.
Жалпы мұсылман үмбеті ешқандай этностық шектермен бөле-жарылмайтын бір бүтін әлеуметтік және мәдени құбылыс. Мұсылмандықты қисапсыз көп ұлттар мен ұлыстарды түрі мен нәсіліне қарамай, бір шаңырақ астына біріктірген бүкіләлемдік бауырмашылдық деп есептеуге де болады. Алайда, бұл ақиқат мұсылман баласы өз ұлтынан бас тартсын, халқынан безсін, отанын құрметтемесін, ұлттық мәдениетінен қол үзсін дегенді білдірмейді. Құран адамзаттық өркениетті байыта отырып, әрбір ұлттың өз болмысын сақтағанын, олардың бір-бірімен тәжірибе мен дәстүр алмастырғанын құптайды.
Құран тәлімі адамдарды кез келген жұмыр басты пендеге, жақын туыстар мен достарға, жолаушыларға, танысқа және бейтанысқа бірдей әділет көзімен қарауға, оларға жақсылық жасауға үйретеді. Тағы бір айта кетерлігі, Исламдағы адам ақысы мәселесін мұқият зерделеп қарасақ, онда мұсылман адамның бәрінен бұрын өз жақын туыстары мен көршілерінің алдында міндеттерінің көп екендігін байқаймыз. Демек, мұсылманның өз туыстарының, жақындарының, халқы мен туған жерінің алдындағы борышын сезінуі, терең түйсінуі Исламдағы отаншылдықтың негізі болып саналады.
Ислам діні ақиқат пен парасаттылық, адамгершілік пен кішіпейілділік секілді кісіге қажет қасиеттерге үгіттейтін ұлы дін болса, Отан сол қасиеттерді жүзеге асыратын, пенделерді өркениетке бастайтын ұлы ұғым. Олардың мүдделері ел игілігі, сол үшін де олар әрқашан бірге болуы, бірге қол ұстаса, иықтаса қызмет етулері тиіс. Дін және діндарлар үшін де Отаннан артық, Отаннан қымбат ештеңе жоқ. Аталарымыз ұзақ ғасырлар бойы армандап, бүгінгі ұрпақ әрең жеткен, талайлар аңсап өткен тәуелсіздік, егемендік үшін жанын қиған азаттықты көздің қарашығындай сақтау жүректе жатталуы тиіс ұғымдар.
Кім-кімнің де жапырақ жаяр жері Отан. Отансыз бақыт жоқ. Сол себепті, әрбір адам туған жерін, Отанын қастерлеуі керек. “Отанды сүю иманнан” деген хазіреті Мұхаммед (с.ғ.с.) пайғамбарымыздың мағынасы терең хадисі бар. Өйткені, иманды адам өз Отанын сыйлап, қастерлей алады. Имансыз адам Отанның қадір-қасиетін білмейді.
Отанымыз – тәуелсіз Қазақстан. Қазақстан біреу-ақ. Екі Қазақстан жоқ. Отанды ешкім сатып та ала алмайды. Сол себептен де еліміз, жұртымыз біз үшін өте қымбат. Сондықтан қашан да Жаратқан Иемізден ары тарт та бері тарт, яғни, фитнаға, алауыздыққа жол бермей, Отанның амандығын, халқымыздың ынтымағы мен бірлігін тілейміз. Ал ынтымақты, иманды елді жау ала алмайтыны белгілі.
Данышпан, дана, ойшыл әз Төле би:
Бұл қазақтың баласы
Тегінде нені көрмеген.
Неше бір жайсаң данасы,
Шешен де болған сөзбенен.
Көсем де болған ойменен,
Бірақ соның бәрі де.
Ыдырап жатқан қазақтың
Қоса алмады бастарын.
Мен боламын дегендер
Ақтамады сенімді.
Көкірек қаққан хандарың
Лауазымға таласып,
Быт-шыт қылды елімді.
Береке-бітім келместен,
Аз дұшпаннан жеңіліп,
Қайыстырды белімді.
– деп, аһ ұрып өтті дүниеден. Одан кейінгі Абылай хан да, басқалар да қазақтың басын қоса алмай зарлап кетті. Қазақ алауыздықтан езілген, жаншылған, тапталған, көрмегені жоқ халық. Талай рет тарих сахнасынан жойылып та кете жаздады. Міне, осындай қасіреттен жұрттың басын қосып құтқарған, ел етуді, мемлекет болып, өзгелермен терезесі тең тұруды іске асыруды Алла тағала Нұрсұлтан Назарбаевқа нәсіп етіпті. Нұрекең елім, жерім, Отаным, тілім, дінім деп ел үшін бар күш-қуатын аямай жұмсап, ыстығына күйіп, суығына тоңып жүрген азамат.
Қазақ, Қазақстан Нұрсұлтан Әбішұлының бастауымен ЕҚЫҰ секілді үлкен ұйымға төраға болу мәртебесіне ие болды. Әлем қазақты, Қазақстанды мойындап отыр. Қазақстан жаһандық қауымдастықтан ойып орын алды. Қашан болып еді бұл? Түске де кірмейтін жәйт емес пе еді! Нұрекең жыл сайынғы жолдауларында Отанымды, елімді алдыңғы қатарлы әлемнің 50 елінің қатарына қоссам деген ұлы мақсатты мүдде етуді ұмытқан емес. Соның ішінде, ең маңыздысы тәуелсіз Қазақстан, Отан, Халық мәселесі. Бәрі де Отан, ел үшін, елдің көсегесін көгерту, елді биікке көтеріп, мәртебесін асыру, асқақтату. Ал осындай ұлы мақсаттарға жету үшін бізге ең алдымен ынтымақ пен бірлік, бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығара білу керек.
Имандылыққа бет бұрған ізгі ниетті мұсылман үшін киелі ұғымдардың бірі – елге, жерге, Отанға деген сүйіспеншілік. Олай болса, Отанды құрметтеу де мұсылман баласы үшін қастерлі парыз саналады.
Отан деп отбасы мен ошақ қасын, ауасын жұтып, суын ішіп жүрген, байлығы мол кең-байтақ жерді, қазыналы қарттар мен ақ жаулықты әжелеріміз, тай-құлындай бірге өскен құрбы-құрдастарымыз бар ауылды, қадірлі ата-ана, жарымыз бен баламыз жүрген елді айтамыз. Ал бір тілде сөйлейтін, діні бір, тарихы мен мәдениеті бір қауымды ұлт деп атаймыз. Адам өз ұлтын таңдай алмайды. Алла оны белгілі ұлттың өкілі етіп жаратады. Бұл жайлы Құран Кәрімде былай делінген: “Әй, адам баласы! Күдіксіз, сендерді бір ер, бір әйелден (Адам, Хауадан) жараттық. Сондай-ақ бір-біріңді тануларың үшін сендерді ұлттар, рулар қылдық. Шынында, Алланың қасында ең ардақтыларың тақуаларың. Шәксіз, Алла толық білуші, әр нәрседен хабардар” (“Хужурат” сүресі, 13-аят). Олай болса, шариғатымыз бойынша жас жеткіншектердің бойында ұлтжандылық, отансүйгіштік сезімдерді қалыптастыруға рұқсат. Алайда, ұлтжандылық деп, тек өз ұлтын ғана қастерлейтін, өзге ұлттарды қор санайтын ұлтшылдыққа Исламда орын жоқ.
Ислам – қоғам ішінде бейбіт өмір мен тәртіп сақтауға шақыратын дін. Бұл әрбір адамның Алланың алдындағы, өзгелердің алдындағы мұсылмандық міндеттерін толық орындауына мүмкіндік береді. Олай болса, үлгілі мұсылман өз мемлекетіндегі заңдарды сыйлайды, онда қоғамдық-саяси тұрақтылық пен тыныштық болуын қалайды, оның экономикалық жағынан өрістеуіне де қажыр-қайрат жұмсайды. Ол мойнына елдің келешегі жүктелген азамттарға дұға жасап, оларға Алладан игілік тілейді. Исламның бір ойшыл ғұламасы әл-Фудайл бин Ияд бірде: “Егер маған Алла анық қабыл ететін бір дұға жасауға мұрсат берсе, онда мен біздің сұлтанымызға игілік тілеп, дұға жасар едім” деген болатын. Сонда маңындағылар оның себебін сұрағанда: “Мен өзім үшін дұға етсем, дұғам өзімнен өзге ешкімге пайда әкелмес. Ал сұлтанымызға дұға етіп, оған Алланың мейірімі түссе, онда көптеген ұлттар, ұлыстар мейрімге бөленер еді”, деп жауап қайырыпты.
Алланың дінінде зорлық, өзара соғысу мүмкін емес. Соғысатындар – надандар, білімсіздер немесе дінді жамылып саяси ұпай жинауды мақсат еткендер. Өркениеттер арасында да соғыс жоқ. Ислам ешкіммен соғыспайды. Ислам – гуманизм діні. Біз Алланың сый еткен өмірін қастерлейміз. Сол себепті ешкімге қиянат жасамаймыз. Олай жасау ислам қағидаларына қайшы келеді. Ислам – ынтымақ, бірлік діні. Сол себепті халқымызға құраншылар, салафиттер, зікіршілер және басқа да дінді желеу етіп жіктелушілерге, бөлінушілерге қарсымыз. Біз адасып жүргендерді Алланың ақ жолында бірігуге, бейбітшілікке, тыныштыққа шақырамыз. Мешіттеріміз ғибадат қана емес, сондай-ақ рухани білім ордасына айналуы үшін де күш саламыз.
Үкімет, билік, мемлекет әлсіресе, криминал атқа мінеді. Сол себепті біз Отанымыздың күшті де қуатты болғанын қалаймыз.
Мәдинаға һижрат жасаған уақытында адамзаттың ардақты елшісі хазреті Мұхаммед (с.ғ.с.) те Хазрауа деген жерге жеткенде түйесін тоқтатып, кіндік қаны тамған Меккеге жабырқаған көңілмен қимай ұзақ қарап тұрып: “Уаллаһи, сен жер бетіндегі ең көрікті, ең сүйікті мекенсің. Мен үшін сенен артық жер жоқ. Егер тағдыр тауқыметіне ұшырамағанымда, өзіңнен бір сәтке де алыстамас едім”, – деген екен.
Тағы бір жолы Ұхуд тауына қарап: “Біз Ұхудты жақсы көреміз, Ұхуд та бізді жақсы көреді” дегені де тегіннен тегін емес. Бұл Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) туған жерге деген, туған жерінің әрбір өзен, көл, тау, тасына деген зор сүйіспеншілігін байқатады.
Бір хадисте: “Екі көз ақыретте тозаққа күймейді: біріншісі, күнәсіне өкініш білдіріп, оңашада егіліп жылаған көз, екіншісі, Отанды қорғап шекара күзеткен көз” делінген. Демек, “өлсек шейіт, қалсақ ғазимыз” деген асқақ мұратпен “А, Құдайлап” жауға шапқан жүрегі түкті батыр-баһадүрлеріміз ақ білектің күші, ақ найзаның ұшымен дұшпан жолатпаған кең байтақ жерге бабалар аманаты деп қарай білген жөн. Өйткені, құс ұясын, ал адам Отанын қорғайды. “Біз, қазақ деген мал баққан елміз. Ешкімге соқтықпай жай жатқан елміз. Елімізден құт-береке қашпасын деп, жеріміздің шетін жау баспасын деп, найзаға үкі таққан елміз. Ешбір дұшпан басынбаған елміз. Басымыздан сөз асырмаған елміз...” деген Қазыбек би бабамыздың отты сөзі жерімізге көз алартқан дұшпанды тәубесіне түсіре білген батырлар ұрпағы болғандығымызға дәлел.
“Отан үшін отқа түс, күймейсің” деген даналық бар. Бұл не деген сөз? Мәнін ойлап көрдік пе? Бұл Отанды қорғау жолында бәріне бара білуді, ештеңеден тайсалмауды білдіреді. Адамға алуан түрлі қасиет, дарын туған ортадан дариды. Сондай-ақ туған жер ата-бабаларымыздың сүйегі жатқан жер болғандықтан ұрпаққа перзенттік парыз жүктейді.
Отанын сүю үшін адам өз ана тілін, тарихы мен мәдениетінің жақсы білуі тиіс. Өз тілінің, ұлттық мәдениетінің қадірін білмеген адам бірте-бірте өзге де құндылықтарынан ажырайтыны анық. Тіл – адамның ішкі жан дүниесінің, рухани әлемінің көрінісі. Әр халықтың ойлау жүйесі тілінен көрінеді. Олай болса тілді таза сақтау халықты, ұлтты сақтаудың бір жолы. Белгілі бір ұлттың өз тілін сақтауына, құрметтеуіне дінімізде тыйым жоқ. Алайда, әрбір ұлт өзгелердің тілін де өз тіліндей сыйлауы тиіс. Тағы бір мәселе, тіл адамның ойын қалыптастырса, тарих адамның есі мен жадын қалыптастырады. Тарих – даналық пен күш-қуаттың мол қазынасы. Ұлы жеңістер мен ащы жеңілістер жайлы жәдігерлер, ата-бабаның ерлік дастандары тарихта сақталады. Сондықтан, Ислам діні тарихты жақсы біліп, одан тиісті сабақ алуға да шақырады.
Сондай-ақ Исламда бес нәрсені: Отаныңды, дініңді, ұятыңды, жаныңды, дү-ниеңді қызғыштай қорғау міндеттеледі. Осы құндылықтарды қорғау жолында қайтыс болғандар шейіт саналады. Ал шейіттердің ақыретте есепсіз жәннатқа барары мәлім. Құранда бұл жөнінде: “Шейіттерді өлдіге санамаңдар. Олар тірі, Алла біледі, сендер білмейсіңдер” делінген (“Бақара” сүресі, 154-аят). Сондықтан Отанды қорғау жолында, ұлтымыздың жарқын болашағы үшін басын бәйгеге тіккендерді шейіттер қатарына қосып, Жаратушы Иемізден жәннаттан жай бұйыртуын тілейміз. Осы ретте, бейкүнә жандарды бомбамен жарып, шаһид атанғысы келгендер ше? Олар жәннатқа кіре ме? Жоқ. Қасиетті Құранда: “Жазықсыз бір адамды өлтіру бүкіл адамзатты өлтірумен тең” (“Маида” сүресі, 32-аят) делінген. Сондықтан мұсылмандар дәйім бейбіт өмірді, тату-тәтті тірлікті жақтайды. Исламның қалыптасуының алғашқы жылдарында мұсылман жұрты көршілес еврей, христиан халықтарымен жақсы мәміледе, өзара ымыраластықта өмір сүрді. Алғашқы ата заң яки адам құқықтарының декларациясы іспетті “Мәдина келісімінің” 2, 25-бабтары йаһудилерге дін еркіндігін тану мәселесін қамтыған.
Отанды сүю өз халқын, өмір сүріп жатқан жерін, бұлармен сабақтасып жатқан барлық құндылықтарды сүю деген сөз. Иә, мұсылманға туған жерін таңдау еркі берілмеген, алайда, ол өз туған жері үшін жауапты. Ол өз тағдырын туған жерімен, Отанымен біте қайнастыра сезініп, олардың өркендеуіне, рухани гүлденуіне жауапкер санауы тиіс. Отанды құрметтеудің иман шарттарымен астасып кеткен тұстары да бар. Отанымызда Алланың сансыз нығметі мен мол қазынасы тұнып тұр. Демек, белгілі бір туған жердің нәсіп етілуінің өзі Алланың құлына деген махаббатынан. Сондықтан Отанды Алланың сол жақсылықтары үшін сүю де шүкіршілікті арттырып, иманды күшейтері сөзсіз.
Иә, Отан ұғымын адамның тек туып өскен жерімен байланыстырып шектеуге болмайды. Отанның қадірін дұрыс ұғыну үшін оның тарихымен, салт-дәстүрімен, тұрмыс-тіршілік, адамдық құндылықтарымен, көлімен, шөлімен, тауымен, бауымен іштей біте қайнасу керек. Әр халық өзінше еңбек етеді, демалысы да түрліше болады. Ұлттардың шаттануы мен қайғыруы да айна-қатесіз бірдей емес.
Отанды сүю – адамның жаратылысында бар табиғи сезім. Ішкі руханияты бай кісі мұны Алланың нығметі деп біліп, оған шүкіршілік жасайды. Ал кеудесі қараңғы, жүрегі жұтаң жандар Отанды сүюдің ақысын толық өтей алмасы хақ. Халқымызда “Отан отбасынан басталады” деген де мәнді сөз бар. Отанды сүюге, туған елге деген құрмет сезімі отбасынан бастау алады. Пайғамбарымыз (с.ғ.с.): “Барлығың жауаптысыңдар. Елбасы еліне жауапты. Отағасы отбасына жауапты. Әйел отбасындағы дүниеге жауапты. Малшы малына жауапты. Әркім өз қарамағындағылардан жауапқа тартылады” деген. Олай болса, балаға жастайынан жақсы тәрбие берумен туған елді құрметтеуді, жанын қорғағандай дінін, Отанын қорғау секілді құндылықтарды үйретуге де отағасы жауапты болғаны. Бұл жөнінде Жүсіп Баласағұн бабамыз: “Бала нені көрсе жастан ұядан, өле-өлгенше соны таныр қиядан” деген. Туған елге деген құрметті, патриоттық рухты өз ата-анасынан көре алмаған бала болашақта өзіне бала кезден таныс емес сезімді жатсынады.
Бұл тұрғыдан алғанда ғалым имам ағзам Әбу Ханифаның әкесі Сәбит жөніндегі әңгімені айтуды жөн көріп отырмын.
Сәбиттің жігіт кезі еді. Бірде ол арықта ағып келе жатқан қып-қызыл алманы көреді. Іле қолына алып қызықтап тұрып, шыдамай бір тістейді. Артынша: “Бұл ісім дұрыс болды ма, өзі? Мүмкін бұл алманың иесі бар шығар? Байқамай біреудің ақысын жеп қоймадым ба?” – деп күдіктеніп, өзен бойымен жоғары қарай өрлеп, алманың иесін іздеуге шығады.
Әлден уақытта алдынан бір бау кезігеді. “Жеген алмам осы баудан шығар” деп ойлаған Сәбит баудың иесіне барып жолығып, мүмкін болса, кешіруін өтінеді. Бағбан үш жыл өзіне қызмет етсе ғана кешіретіндігін айтады. Амал жоқ, келіседі.
Жігіт үш жыл өткен соң кетуге рұқсат сұрайды. Бағбан оған: “Тағы бір шартымды орында, менің бір қызым бар. Көзі көрмейді, құлағы естімейді, қол-аяғы сал, өзі мылқау. Соған үйленесің”, – дейді. Жігіт тағы да келісімін береді.
Бірақ жігіт қызды көргенде таңғалады. Өйткені, қыздың еш кемістігі жоқ, сап-сау әрі сұлу еді. Бағбаннан мұның мәнісін сұрайды. Сонда бағбан: “Қызым ұят нәрселерге қарамайтын, сол үшін оны “соқыр” дедім; ал “керең” деуімнің мәні – қызым балағат сөздерді естіген емес. Харам нәрсеге қол созған емес, харам жерге аяқ басқан емес, сол себепті оның “қол-аяғы сал” дедім. Аузынан ғайбат сөз шықпағандықтан, оны “мылқау” дедім. Қызымды сен сияқты кісі ақысын жемейтін, тақуа, иманжүзді жігітке берсем деген арманым бар еді. Бір көргенде-ақ сенің адал екеніңді байқадым. Сонда да сынап көргім келді. Бұдан былай ерлі-зайыпты болып, бірге тату-тәтті өмір сүріп, бақытты болыңдар!”, – деп ақ батасын береді.
Міне, осындай пәк, тақуа, текті отбасында әлемге әйгілі ғалым имам ағзам Әбу Ханифа дүниеге келген.
Туған жерге деген сүйіспеншілік елді көркейтуге, білім іздеген жастардың талабына қолдау білдіруді де ұқтырады. Осы себепті Ислам дінінде ең жақсы садақа ілім жолындағыларға берілген садақа екендігі айтылған. Тарихта әлі күнге дейін мұсылман елдерінде жекелеген қайырымдылық қорлары арқылы студент жастарға шәкіртақы беріліп отырады. Бұл сол елдің болашағына жасалған қамқорлық екені сөзсіз. Өйткені, бір тағылымды кеңесте “Бір жылыңды ойласаң, егін ек. Он жылыңды ойласаң, ағаш ек. Жүз жылыңды ойласаң, ұрпақ тәрбиеле, білімге көңіл бөл” делінген. Соңғы ғасырлардағы ірі ғұламалардың “Мұсылмандарды артта қалдырып отырған үш кесел: білімсіздік, өзара алауыздық, кедейлік” деп атап көрсеткендей, бүгінгі күнгі көзі ашық, көкірегі ояу мұсылмандардың елге деген жанашырлығы жас ұрпақтың заманға сай озық білім алуына, сондай-ақ ұлтжандылық пен мұсылмандық тәліммен де сусындауында жатыр.
Ұлт жанашыры Ахмет Байтұрсынұлының “Балам деген жұрт болмаса, жұртым деген бала қайдан шықсын?!” деген ұлағатты пікірі де өте маңызды.
Демек, Отанға деген сүйіспеншілік ел игіліне жасаған жақсылықтармен өлшенбек. Әлі күнге есімдерін ел құрметтеген Әбу Насыр әл-Фараби, Иүгүнеки, Баласағұн, Ясауи, Бақырғани, Кердерилер, Мұхаммед Хайдар Дулати – бәрі де Отанды гүлдендірген, елге, жерге адал қызмет еткен жандар еді. Құранда ешбір жақсылықтың бекерге кетпейтіндігі, Алладан сауап жазылатындығы айтылған: “Кімде кім тозаңдай жақсылық жасаса, міндетті түрде сауабын алады” (“Зилзәлә” сүресі, 7-аят).
Мешіт медреселердің бүгінгі күні ізгі жандардың қолдауымен қайта жандана бастауы да туған елге, отанды гүлдендіруге деген ниеттің көрсеткіші. Алла тағала оларды шексіз сый-сыяпатына бөлесін.
Пайғамбарымыз (с.ғ.с.): “Адам қайтыс болса да үш түрлі адамның әжір сауаптары амал дәптерлеріне көзі тірі кездегідей барып тұрады. Артына тәрбиесі жақсы ұрпақ қалдырған адам. Ғалым кісінің еңбектері. Ел игілігіне жарайтын аурухана, көпір, кітапхана, мешіт салдырған адам” деп, ел игілігіне жұмыс істеудің екі дүниеде де сауабы үзілмейтінін сүйіншілеген. Осы себепті сауап ниетімен қоғамның түзелуіне жұмыс істеу, жамандықтан тыйып, жақсылыққа шақыру әрбір мұсылманның міндеті (Әмр бил мағруф уә нәһи анил мүнкар). Мұсылман үмбетін басқалардан артық еткен осы қасиет екендігі Құранда былай келтірілген: “Сендер жақсылыққа шақырып, жамандықтан сақтандыру арқылы игі үмбет болдыңдар” (“Әли Имран” сүресі, 110-аят). Демек, қоғамның игілігіне жұмыс істеу, қоғамды ізгілендіруге талпыныс әрбір мұсылманның міндеті болғаны. Халыққа деген ең үлкен жақсылық та осы.
Ислам діні әр нәрсенің бір зекеті бар екенін ескерту арқылы әркімге өз мүмкіндігі жеткенінше қоғамдық істерге атсалысу керектігін ұқтырған. Білімділер білімін басқаларға үйрету арқылы білімінің зекетін берсе, дәулеттілер түрлі қайырымдылық шараларға ұйытқы болумен, қайыр садақа, зекеттерін беру арқылы халықтың әл ауқатының артуына жағдай жасауға міндеттелген.
Ал сахабалар игі істе бір-бірімен жарысатын еді. Бірде Омар (р.а.) басынан өткен оқиғаны былай әңгімелейді:
Бір күні Пайғамбарымыз бізге әскер-лерді қамтамасыз ету үшін өзара жылу жинауды бұйырды. Менің ең дәулетті кезім. Ылғи менен озып кете беретін Әбу Бәкірдің (р.а.) осы жолы алдын орап, шаң қаптырмасам ба деген тұтқиылдан бір ой келді. Өйткені, ол қашан болсын жақсылық жасауда алдына жан салмайтын. Арамыздағы ең көп садақа беретін де сол еді. Осы жолы одан да көп жылу берейінші деген оймен бар малымды теңдей екіге бөліп, жартысын садақа ретінде апардым.
Мені көрген Пайғамбарымыз (саллаллаһу аләйһи уә сәлләм): – Ей, Омар! Үй-ішіңе де бірдеңе қалдырдың ба? – деп сұрады.
Мен:
– Уа, Расулаллаһ!, – дедім, – үй-ішіме малымның тең жартысын қалдырдым, – дедім өз ісіме масаттанып.
Дәл осы сәт қолындағы малын алдына салып айдаған күйі Әбу Бәкір де келді.
Пайғамбарымыз одан да:
– Ей, Әбу Бәкір! Өз үй-ішіңе сен не қалдырдың? – деп сұрады.
Әбу Бәкір болса:
– Уа, Расулаллаһ! – деді, – үй-ішіме Алла тағала мен Пайғамбарына деген сүйіспеншілікті ғана қалдырдым, – деді.
Дәл осы сәт екеумізге көз тастаған Пайғамбарымыз:
– Екеуіңнің араларыңдағы айырмашылық – дәл жауаптарыңның айырмасындай, – деген еді.
Осыдан бастап Әбу Бәкірден озсам-ау деген көкейді тескен ой-қиялдан біржолата арылдым дейді.
Отанды сүйе білу іспен көрсетуді қажет етеді. Отанды сүю – туған елге қызмет ету деген сөз. Туған елге қызмет өте кең ұғым. Айталық, басшыларға бағыну. Бұл да ел ішіндегі тыныштықты сақтау, бүлік тудырмау үшін қажет. Пайғамбарымыз өз сөзінде “Қара нәсілді құл басшы болса да бағыныңыздар, қарсы шықпаңыздар” деп тапсырған. Өйткені, Құранда: “Бүлік шығару - кісі өлтіруден де ауыр күнә” делінген (“Бақара” сүресі, 191- аят).
Қоғам ішінде бүлікшілік пен алауыздықты тоқтату әрбір мұсылманның міндеті. Құран мен Хадис біздерге осыны бұйырады. Қоғамның бірлігі мен ынтымағы үшін кейбір істен бас тарту иманның кемелдігінен.
Бір елдің нанын жеп, бір жердің суын ішіп отырғандықтан мұсылман мұсылманға қаталдық танытпай, бауырмалдығын көрсетуі тиіс. Бұл – Исламның бұйрығы. Құранда: “Шындығында, мүминдер бір-бірімен бауыр” делінген (“Хужурат” сүресі, 10-аят). Екі мұсылман ренжіссе арасын татуластыру әрі бұның үлкен сауап екендігі айтылған. Хадистерде: “Сіздер иманға келмейінше жұмаққа кіре алмайсыздар. Бір-бірлеріңізді жақсы көрмейінше иманға келе алмайсыздар. Сіздерге бір-біріңізді жақсы көруге септігі тиетін нәрсе айтайын ба? Араларыңызда сәлемдесуді жайыңыздар!”, “Мұсылмандар бір-бірін мықтап ұстап тұрған қабырға тәрізді”, “Мүминдер бір-бірін жақсы көруде, жан ашуда, бір-біріне мейірімділік танытуда бір мүшесі ауырғанда басқа мүшелері қосыла сыздайтын дене тәрізді”, “Уа, Алланың құлдары! Бауыр болыңыздар! Мұсылман – мұсылманның бауыры. Оған әрқашан қол ұшын береді. Өзінен төмен көрмейді. Тақуалық деген осында. Адамға мұсылман бауырын қор санауы күнә ретінде жеткілікті” делінген. Сол себепті Әнсар мен Мұһажир сахабалардың бауырластығы тәрізді қиналғанда бір-біріне қол ұшын созып, әрдайым көмекке әзір тұру, бір-бірін жақын тарту – бүгінгі мұсылмандарға ең бір жетпей жатқан қасиет деуге болады.
Мәдинаға келген мұһажир Абдуррахман ибн Ауф (р.а.) пен әнсарлық Саад ибн Рәби екеуін Пайғамбарымыз бауыр деп жариялағанда, Саад Абдуррахманға: “Бауырым, мәдиналылықтар ішіндегі ең дәулеттісі менмін. Ендігі жерде байлығымның тең жартысы өзіңдікі. Екі үйім болса, біреуі сенікі. Бау-бақшам да сондай. Өзің таңда”, дейді. Сонда Абдуррахман ибн Ауфтың оған: “Алла ниетіңді қабыл алып, байлығыңа берекесін берсін. Сен маған базардың қайда екенін көрсетсең болды, сол жеткілікті” дегені Исламда бауырластықтың қаншалықты шынайы болғандығына дәлел.
Мұсылмандардың бірлік-ынтымақты және өзара ниеттес болуы ұлы Алланың нығметі екендігі сөзсіз. Егер Алла тағала жүректерді арасына жылы сезім салып жарастырмаса, жұмыр басты пенделер өз бетінше адамзаттық деңгейде бірікпек түгіл, туыстық қатынасты үзбей тұра алуының өзі неғайбыл. Олай болса, адамдар арасындағы бірлік-ынтымақ көп дұға етіп, Алладан жалынып, жалбарынып көп тілеумен болатын іс. Алла тағалаға алақанымызды жайып, жеке өзіміздің, отбасымыздың игілігін тілеумен бірге халқымыздың және бүкіл жер бетіндегі мұсылман жұртшылығының бірлігі мен ынтымағын сұрап дұға жасау аса қажет. Бүгінгі таңда адамдардың арасындағы тас түйін ауызбірлікті әлсіретуге лағынет атқыр, азғын шайтанның барынша күш салып жатқаны анық. Адамдардың арасын бұзу – оның ең сүйкімді ісі. Бірге туған ағайын-бауырлар, қоралас жатқан көрші- қолаң, бір ауылдың адамдары мен бір қаланың тұрғындары осы отаншылдық сезімін дамытар болса, онда еліміздің қарыштап дамитындығына сенім мол. Бірақ, өкінішке орай, бұрын аталарымыз көп айтатын “Ырыс, қайда барасың – ынтымаққа барамын” деген мәні терең мәтелді де аз еститін болдық. Әрине, жиындар мен дастарқандарда мәжілістің сәнін келтіру үшін “бірлігіміз арта берсін” деген тілек айтылып жататыны рас. Алайда, ол көбіне сол отырыстан әрі аспай, ғұмырсыз қалып қояды. Бірлік болмаған соң, береке қайдан болсын? Саусақ бірікпесе, ине де ілікпейтінін көріп жүрміз.
Басқаны былай қойғанда, бір әке, бір анадан тараған бауырлардың да алтыбақан алауыз болып, бірлесіп іс атқара алмай жүргенін кейде көзіміз шалып қалады. Ал енді осындай тоғышарлық мінездердің орнына адамдар біріне-бірі жылы шырай танытып, мейірім көрсетіп, жетпегенін жеткізіп жіберуге болысқаны әлдеқайда сауапты болар еді.
Байлық байлық емес, бірлік байлық екенін әркім біледі. Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) бір хадисінде: “Сендерге бірге болуларыңды өсиет етемін. Бөлініп шығудан өте қатты сақ болыңдар. Себебі, шайтан жеке басына өмір сүрген кісіге жақын болады. Бірге болған екі адамнан алыс тұрады. Кімде кім жәннаттың дәл ортасында өмір сүргісі келсе, бірге болуға мән берсін”, – деген болатын. Тағы бір хадисінде мұсылмандарды бір бүтін денеге ұқсатқан. Дененің бір мүшесі қиналса, қалған ағзалар да оның ауыртпалығын тартпаушы ма еді? Тек ауырғанда ғана емес, күнделікті тіршіліктің өзінде басымыз бастаған жаққа аяғымыз жүрмей немесе аяғымыз бен қолымыз екі жаққа тартып жатса, нағыз үйлесімсіздік сонда болар еді. Дәл сол сияқты мұсылмандар да қайда жүрсе де бір-бірімен сондай ғажап үндестікпен, үйлесіммен өмір сүруі шарт. Алла елшісінің жоғарыдағы хадисінен осыны аңғарамыз. Бір тәндегі мүшелердей жарасқан отбасы, топ немесе қоғамға Алланың жәрдемі мен берекесі жауары сөзсіз. Қазақ халқының “бірлік түбі – береке” дейтіні содан.
Жалпы, мұсылмандардың бір болуын қамтамасыз ететін мыңдаған себептер бар. Мәселен, дініміз ортақ, Құранымыз, Пайғамбарымыз, мәзһабымыз, жеріміз, көгіміз ортақ, салтымыз бен дәстүріміз, тарихымыз бен мәдениетіміз де ортақ. Яғни, Отанымыз да ортақ. Осыларды дұрыс сезіне алсақ, бөлінушілікке орын қалмас еді. Енді еліміздің ертеңі үшін халқымызға, Отанымызға, мемлекетімізге тер төгіп қызмет етуде де ой-түсінігіміз, сеніміміз, сезіміміз, бет алған бағыт-бағдарымыз да ортақ болып жатса, нұр үстіне нұр болмақ. Меккедегі мүбәрак Қағбамыз да бізді біріктіруге жетерлік себептер. Қала берді Президентіміз Нұрсұлтан Назарбаев ел тәуелсіздігін жариялағаннан бері қай жерде, қай жиында болса да береке-бірліктің мәнін ұғындырып келеді. Өйткені, бізге еліміздегі көптеген ұлт өкілдері дүрдараз болмай, дүрлікпей, бір үйдің баласындай тату-тәтті ғұмыр кешкені қажет. Елбасымыздың аңсаған арманы да осы. Татулық, бірлік, береке, ынтымақсыз ештеңе де өнбесі, еткен еңбек жемісін бермесі хақ. Ал ауызбірлігі жарасқан елді ешқандай қиындық қыспағына ала алмайды. Сондықтан бірлік пен достық әрдайым керек. Ынтымағы жоқ халықтың қандай күйге ұшырап жатқанын да көріп жүрміз. Екі құзғын таласса, бір қарғаға жем болады. Бұрынғы қариялардың “Е, Құдай, қара су берсең де, тыныштығымен бер” деп отыратыны осыдан болса керек.
Туған елді сүю сол елдің ата-бабасынан келе жатқан дінін де құрметтеуден білінеді. Құранда: “Сендер Алланың дініне көмектесіңдер, Алла да сендерге көмектеседі” делінген (“Мұхаммед” сүресі, 7-аят). Олай болса, елімізде Исламның өркендеуі – дін мамандарының ғана емес, әрбір көзі ашық мұсылманның міндеті екенін ұғынатын кез жетті. Бүгінгі күні дінге қол ұшын беріп, республикамыздың түкпір-түкпірінде мешіт, медресе салып беріп жатқан ағайындардың молайып келе жатқаны көңілге қуаныш ұялатады. Ендігі жерде діни ағарту істеріне де қол ұшын беру кезекте тұрған мәселе екенін ескерген жөн. Бірақ мұның барлығы да бір ғана Алланың разылығын көздеп, туған елге деген сүйіспеншілікпен атқарылуы тиіс. Ислам тарихына қарасаңыз, мұсылман елдерінде мешіт, медресе, кітапхана, көпір, монша, керуенсарай секілді халық игілігіне жарайтын істердің көбінесе жеке тұлғалардың қайырымдылығымен атқарылғанын көреміз.
Отанға деген сүйіспеншілік – халық игілігіндегі мүлікті көздің қарашығындай көру, талан-таражға салмау, кісі ақысына көңіл бөлу, ел мүддесіне жұмыла жұмыс істей білуді де қажет етеді.
Халифа Омар ибн Абдил Азиз (р.а.) бірде сырттан бір кісі келгенде, дереу барып алдында тұрған май шамды ауыстырған екен. Әлгі кісі оның мәнін сұрағанда, “Мен бағана мемлекет ісін қарап отыр едім, енді жеке ісімді қарайтын болғаннан кейін өз май шамымды жақтым” деп жауап бергені тарихтан мәлім. Бұл хазіреті Омардың ел басқарып тұрған халифа кезінде мемлекет меншігіндегі затқа қаншалықты жауапкершілікпен қарағандығын көрсетеді. Сахабаларымыздың қай-қайсысы да адалдығын осылай дәлелдей білген. Өйткені, олар ақыретте осы дүниеде істеген істерінің бәрі үшін сұрақ барына нық сенген. Ол сұрақтың оңай болмасын да тереңнен сезінген. Сондықтан да Алланың алдына ешкімнің ақысын жеместен маңдайлары жарқырап баруды қалаған. Бұл бүгінгі біздер үшін де ой салуы тиіс. Сол себепті қандай да бір ел мемлекет мүлкіне зор жауапкершілікпен қарайтын, мемлекет мүддесін өз мүддесінен жоғары қоя білетін, арды ақшадан биік қоятын ерлер көбейгенде ғана гүлденетіні белгілі. Бұл біз үшін қазіргі таңда ауадай қажет қасиет болып отырғаны баршаға аян.
Туған жердің көркейгенін қалаған әрбір азамат өз ісін жақсы меңгеруге талпынуы керек. Кәсібилігін арттырып, өз мамандығының шыңына шығуы тиіс. Құранда бұл туралы: “Еңбек етіңдер! Себебі, істеріңді Алла тағала, елшісі және жалпы мұсылмандар көреді” делінген (“Тәуба” сүресі, 105-аят). Демек, мұсылман адам өз жауапкершілігіне алған жұмысына немқұрайлы қарамауы керек. Немқұрайлы қарау басқа адамдардың да жұмысына кері әсерін тигізетінін ескерген жөн. Осы орайда, Америка президенті Линкольннің балаларына “Кейін өскенде аула сыпырушы болсаңдар да, ісіне ұқыпты, ең жауапты жұмыскер сендер болуларың керек”, деп кеңес беретін болғаны өте мәнді. Елдің әрбір азаматы осындай ниетпен, өзіне берілген істі ең сапалы деңгейде атқарғанда ғана туған елдің көркеюіне үлес қоспақ. Әйтпесе, үнемі басқаларды сынау, аяқтан шалудан аса алмаудың кері тартқаннан басқа елге берері шамалы.
Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) хадисінде: “Ең жақсы адам – басқаға пайдасы тиген адам” дейді. Осы себепті туған елімді сүйем деген әрбір азамат ол айтқанын туған елге жасаған жақсылығымен дәлелдеуі керек. Саясаткерлер халық игілігін көздейтін мықты саясат жүргізуі керек. Балабақшаларда тәрбиешілер балаларға жақсы тәрбие, имандылықты үйретуі тиіс. Мектептерде ұстаздар сапалы білім беруге талпынып, дәрігерлер науқастарға қолдан келгенше жәрдем бергені жөн. Тәртіп сақшылары халыққа сенімділік ұялата білуі ләзім. Дипломаттар шет елдерде өз елін жақсы жақтарынан таныта білуі қажет. Өнерпаздар мен ақындар елдің, халықтың мұңын мұңдап, жырын жырлауы, халыққа имандылық пен ізгілікті дәріптеуі, Отанға деген сүйіспеншілікті насихаттаған абзал. Имамдар халыққа Ислам дінінің құндылықтарын кеңірек жайып, елдің ауызбірлігін арттырып, іс-әрекетімен үлгі болуы тиіс. Отанға деген сүйіспеншілік, құрмет – осындай кең ұғымды білдіреді. Сол себепті әркім қолынан келетін жақсылығын жасауға тырысуы қажет. Хадисте: “Ертең қиямет болатынын білсең де, бүгін ағаш ек” дейді.
Міне, мұны туған жерге деген жақсылық жасауға асығу деп те түсінуге болады. Мәшһүр Жүсіп бабамыз да “Адам сол – адамдығын жұрты көрсе” деген.
Туған елге деген құрмет үлкенді сыйлау, кішіге ізет білдіру, сондай-ақ мәдениеттілікке бет бұрумен де қалыптасады. Хадисте: “Үлкенге құрмет, кішіге ізет көрсетпеген бізден емес” делінген. Демек, ақ сақалды аталарымыз бен ақ жаулықты аналарымызды, жасы үлкен аға, әпкелерді құрмет тұту, қарындасты қарындас, ініні іні деп сыйлай білудің де елді құрметтеуге жататынын ұққан жөн. Осы орайда бүгінгі күні жастарды ұяттылық пен ибалылыққа тәрбиелеу турасындағы насихатты күшейтудің басты орында тұрғанын ұмытпаған жөн.
Отанға жанашырлық елдің үнемі тілеуін тілеуді, жүрген ортаны таза ұстауды да қажет етеді. Ата-бабаларымыз үнемі баталарында елдің, жердің, халықтың амандығын тілегені осының айғағы. Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) бір хадисінде “Алла лағынеттеген екі нәрседен сақ болыңыздар. Адам жүретін жолдар мен көлеңкелейтін орындарды ластау” деу арқылы адамдар жүретін жерлерді, қоғамдық орындарды, қоршаған ортаны таза ұстауға шақырған.
“Халықты сүйем деп байбалам салмай, оған тек жан жүрегімен ғашық бола білу керек” деген Мұқағали ақынның мына бір жыр шумақтары ойға оралады:
Оңай сөз ғой Отанды сүйем деген,
Не тындырдың “басымды иемменен”?
Оңай сөз ғой, құрбым-ау, оңай сөз ғой,
Отан үшін күйемін, өлем деген.
Өлім деген ерліктің қорегі ме?
Өлмей-ақ қой, өлімнің керегі не?
...Егер Отан сыңсыған орман болса,
Жапырақ боп жармасқын терегіне.
Самалы бол Отанның салқындаған,
Сандуғаш бол, сайратсын алтын далаң.
Семсері бол Отанның қынабында,
Сертке ұстаса селт етпей жалтылдаған.
Шетсіз, шексіз, қиырсыз, ұлы дала,
Шуақ болып шашылмай жылына ма?
Сүй Отанды! Шыныңмен сүйіп өт те,
Гүл боп қадал ойына, қырына да.
“Жүз толғанып, күніне мың ойласам”,
Ақ басты алып анаммен шырайласам.
Қалай оны сүйем деп айта аламын,
Бірге күліп, қуанып, мұңаймасам?!
...Оңай сөз ғой Отанды сүйем деген
Іс тынбайды “жанамын, күйемменен...”
Өгей әке емес қой Отан деген,
Отанды мен Атамдай иемденем!
Иә, туған ел, туған жер үшін жасалатын жақсылықтардың барлығы ізгі ниеттен, иманнан туатыны даусыз.
Шейх Әбсаттар қажы ДЕРБІСӘЛІ, Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы және Орта Азия мүфтилер кеңесінің төрағасы, Бас мүфти.