15 Қазан, 2010

Көркімен тамсандырған Талдықорған

1026 рет
көрсетілді
9 мин
оқу үшін
Шаһарлықтар қала күнін көтеріңкі көңіл-күймен атап өтті Талдықорғандықтар сүйікті қаласы­ның күнін ерекше дайындықпен қарсы алды.   Көшелердің  мерекедегідей айшықты безендірілуінің өзі  биік талғамды танытты. Алтын күз де мол шуағын сыйлап, барша­ның пейіліне үн қосқандай, алаңнан көңілді әуен   құйылып, оның мерейін шалқыта түсті. Мереке салтанаты өңірдің дамуына байланысты қалалық ар­хи­тектура бөлімі ұйымдастырған шаһардың бас жобасымен таны­су­дан басталды. Сызба-жобада Тал­дықор­ғанның келешектегі ке­мел келбеті, салынатын жаңа ғ­и­ма­рат­тар, жобаланған мәдени көп­шілік орталықтардың қызметі жай­лы сәу­летші Қаби Баулықов түсін­дірді. Қарыштап дамыған ел эко­но­микасына сүйенсек, облыс пен оның орталығы танымастай өз­геретініне көңіл қапысыз сенеді. Орталықтағы көрмелер, тұ­ты­нушыға қызмет көрсететін дәм­ханалар мен мей­рам­ханалардың дайын­даған ұлттық тағамдары мен жаңа өнімдерін тамашалаған көп­шілік Халық Қаһарманы, сазгер Нұрғиса Тілендиевтің қоладан құй­ылған ескерткішінің ашы­лу салтанатына қатысты. Саз мекте­бі­нің алдына қойылған ескерткіштің көгілдір лентасын Алматы облысы­ның әкімі Серік Үмбетов пен Да­риға Тілендікеліні қиды. Ұлты­мыз­дың дәстүрімен әжелер шашу шашты. – Бүгін қала­ күніне арналған шырайлы шараға куә болып отыр­мыз. Ғасырда бір туатын құдірет­ті­лер бар. Осындай біртуар тұлға, күй алыбы, Халық Қаһарманы, хал­қының қалаулы ұлдары­ның бірі Нұрғиса Тілен­диевке марқұм атын­дағы саз мектебінің алдына ор­натылған ескерткіш биік тұл­ғаға деген құрмет екенін атап өткім келеді. Нұрағаң сазгер, дирижер, вер­туоз – домбырашы, Халық әр­тісі, бұл тізімді алуан сөз тіркесімен жалғастыруға болады. Саз өнерінің ата-бабадан қалған мұраларын жаң­ғыр­тып, өзінің өміршең туын­ды­ларымен одан әрі байыт­ты деуге болады. Оңтүстік Корея мемле­кеті­не сапарға бар­ғанда, сол елдің ең мәртебелі оркес­тріне дирижерлік етіп, қазақтың дауылпаз күйлерін шалқытқанда, бұрын қазақтың атын естігенімен тарихын терең біл­меген корей халқы да дарабоз да­рынға сүйсіне қол соғып, үлкен құр­мет көр­сет­кені жұрт жадында болар. Қадірлі ағамыз ауруханада жат­қанда Елбасының арнайы барып, Халық Қаһарманы атағын тапсыр­ғаны да есімізде. Жетісу жұрт­шы­лы­­ғы сазгерді үлкен құрмет тұ­та­ды. 80 жылдығы қарса­ңында Тал­ды­қорғандағы саз мекте­біне Нұр­ғи­са Тілендиевтің есімінің берілуі тегін емес. Міне, бүгін білім ша­ңы­рағының алдына қола мүсіні қойылды. Осыдан біраз бұрын Астана­дағы үлкен концерт залында шет­ел­ден келген құрметті қонақтар ал­дында өнер көрсеткен “Отырар сазына” Нұрағаның қызы Дінзухра дирижерлік еткенде ерекше қуан­дым. Әке жолын жалғ­астыру деген осы. Бүгін өздеріңіз көріп отыр­ған­дай, аға­мыздың жары Дариғамен қызы Дінзухра және Нұрағаңның әріптес шәкірттері келіп отыр. Хал­қымыз “Өткенді ескерген, өскен­дік­тің белгісі” деген. Алдағы кез­де­рі де елін қорғаған баһадүр ба­тыр­лар, халқымыз үшін үлкен еңбек еткен біртуар азаматтар есімдерін жаңғырту жалғасын табады, деді Серік Әбікенұлы жұртшылық алдын­да көсіле сөйлеп. Бұдан кейін Дариға Тілен­ді­келіні жеті­сулықтарға аналық алғысын жеткізді. – Осы қасиетті мекендегі Ша­ған тауының етегінде туған қыз­да­рыңызбын. Сапарларының бірінде мені осы жерде кездестіріп, өмір­лік­ серігі етті. Бақытты ғұмыр кеш­тік. Отағасы Жетісуды, онда тұра­тын халықты жақсы көретін. Сон­дықтан да құрмет көрсетіп, басқа елден бұрын ес­керт­кіш орнатқан­да­ры­ңызға ризамын. Осы жұмыс­тың бастаушысы облыс әкімі Серік Әбікенұлы мен ескерткішті сом­даған Қазбек Жарылғапов, мүсінші Мейірлан Әжмағамбетовке алғы­сым шексіз. Мүсін Нұрғисадан ай­ны­майды. Бүгінгі құрметпен айты­лып жатқан тілектерді естіп оты­рып, “Нұрғиса өлген жоқ, ол хал­қы­ның ортасында, осында тұр” дегім келеді. Дәл қазір оған ештеңе керек емес. Алай­да, мұндай құрмет қазақтың өнер десе ішкен асын жерге қоятын дарынды балаларына қажет. Олар алдындағы аға ұрпаққа қарап бой түзейді. Солардың жолы ашық, жарқын болсын, – деді тебірене. Мұхтар Әуезов атын­дағы ака­де­миялық драма театрының дирек­то­ры, Нұрғиса Тілендиевтің әріптес інісі Есмұхан Обаев өзінің Нұра­ғаң­мен жиырма жыл­дай қатар жү­ріп, қазақ өнерін өркендетуге өзін­дік үлес қосуға ұмтылғанын айтты. Өнер адамына шабытты шығар­ма­шылықпен еңбек етуіне жақсы жағдай керек. Дариға жеңгеміз сол міндет үд­есінен шықты десек, хал­қы­мыздың рухани жағынан кемел­денуін ойлайтындар жан-жақты қолдау көр­сетті. Алматы облы­сы­ның әкімі солардың қатарында. Бүгінгі шара сол жанашырлықтың жарасымды жал­ғасы. Қуаныштарыңыз құтты болсын, Же­тісудан ел мақтанышына айна­лар дарындылар шыға берсін, деген лебізіжиналғандарды бір серпілтті. Ескерткіштің ашылуы Дінзу­хра­ның дирижерлігімен қазақтың күмбірлеген күйінің орындалуымен жалғасты. Қала күнінде қазақтың ­та­маша дарын иесіне ескерткіш қойылып, тарих жылнамасына ен­ге­нін көпшілік ризашылықпен қабылдады. Бұдан кейін алқалы­ топ орта­лық саябақтағы “Балалар әле­мін­дегі” көркемсурет мектебі оқушы­ла­­рының қолынан шыққан өнер­ту­ын­­дыларымен танысты. “Талды­қор­ған менің сүйікті қалам”деп ата­лып, жас суретшілердің қиялын­да­ғы арманы мен табиғат сұлу­лы­ғын, қаланың көрікті жерлерін бей­нелеген ай­шық­ты суреттері көрер­менге жылы әсер қалдырды. “Хайуа­наттар әле­мінде” жануарлар көрмесі қаламыз­дың кішкентай тұр­ғындарын ерекше баурады. Онда Абай атын­дағы №1 орта мек­тептің оқушы­ла­ры Марк Айт­қожин­нің “Хохолон” тотықұсы, Алина Немытованың күшігі, Артур Скалозубовтың аппақ тышқаны, Катя Суслованың мамық мысығы бүлдіршіндер үшін тосын сыйлық болып, олар айналшықтап жүріп алды. “Жырымсың сен Талдықорған” атты байқаудың осы күнге орай­лас­тырылған мүшәйраға қала мектеп­тері­нен қатысқан оқушылар бақ сы­нады. Отанға, елге, жерге деген патриоттық сезім алаулап, жылдан-жылға қаламы ұшталып, өлең-жыр­ға деген талғамы артып, ой-өрісінің дамығаны байқалды. Байқау ере­желерінен сүрінбей І.Жансү­гіров­тің “Құлагер” поэмасынан үзінді оқы­ған №17 орта мектептің оқушысы Арай Бұланқан, “Кіндігі Жетісудың Талдықорған” атты өлеңді жатқа айтқан №24 орта мектептің оқушысы Мөлдір Арапова, “Менің қалам” өлеңін жатқа айтқан №25 орта мек­теп­тің оқушысы Гүлсанат Өтеге­но­ва мен “Талдықорған” атты өз өле­ңін мәнерлеп, нақышына келтіре оқыған жас талант Жомарт Алты­нар­дақ және басқалары алдағы күндерінен үлкен үміт күттіретіні көңілге қуаныш ұялатты. Қала күнінің салтанатты сәті “Жетісу” стадионында жалғасып, жұрт назары бірден қызылды-жа­сылды түрленген той-думанды на­қыштаған әдемі тулар мен жалын­ды сөздер жазылған бильбордтарға ауды. Қазақтың салтымен мереке “Тойбастар” жырымен басталып, әжелер шашу шашты. Облыс әкімі жиналғандарды қала күні мер­е­ке­сімен құттықтап, Талдықорғанның жыл санап емес, ай санап айшық­талғаны осындағы әр адамның қа­жырлы еңбегінің арқасы екендігін атап өтті. Талдықорғанның дамуы мұ­нымен тоқтамайды. Әлі де атқа­рылатын жұмыстар мен жоспарлар бар. Солардың қатарында болашақ­та үлкен теннис алаңы мен мұз айдынын салу жұмысы бастала­тыны сөз болды. Қала әкімі Сәкен Жылқайдаров қаланың әлеуметтік-экономи­ка­лық, мәдени жағынан өркендеуіне үлестерін қосқан жандарға “Тал­ды­қорған қаласының Құрметті азама­ты” атағы мен төсбелгісін салтанат­ты жағдайда тапсырды. Мәдени шара әсем көріністер­мен айшықталған әсерлі концертке ұласты. Осы күні көпшіліктің көңі­лін аударған орталық “Жетісу” ста­дионында “Қара жорға”биін бір уа­қытта екі мыңға жуық адам билеп, әсем көрініс көңілден шықты. Хас сұлудың жорғаға мініп, мың бұрала билегені және жасы жетіден бастап, өзге жастардың бір сәтте сілкіне қосылғаны бір ғанибет болды. Көп­шілік назарына театрландырылған көрініс, арнайы дайындықтан өткен әскерилер шеруі мен басқа да мәдени шаралар ұсынылды. Бұған қосымша, қала тұрғын­дары­ның мақтанышына айналған спорттық жарыс жүлдегер­лерінің дайындаған көріністері де көз тартты. “Талдықорған аруы” байқауына ажар-көркі, сыр-сымбаты жарасқан сұлулар қатысып, көрермен көз­айымына айналды. Стадионның шығыс мінберінде Елбасының суреттерімен айшық­талған әр адамның жүрегіне жол, кө­ңіліне жылы шуақ құйған “Қа­зақстан”, “Атамекен”, “Жетісу”, “Тал­дықорған”, “Азамат”, “Той” деген сөздер айшықтала жазылып, сәт сайын қайталанып, ел бірлігін, бүгінгі сындарлы саясатты, көгілдір тудың астына бірігуге шақырған жалынды шақырулар жылы әсерде қалдырды. Аспанға алуан түсті шарлар ұшырылып, мереке салтанатын айшықтады. Қала күні Ескендір Хасанғалиев пен баласы Біржан Хасанғалиевтің орындауындағы “Атамекен” әнімен және би кешімен жалғасты. Күмісжан БАЙЖАН. Талдықорған.