Мәселенің мәнісі
Кешегі Семей атом полигонының астанасы Курчатов қаласында жиі болып тұрамыз. Өйткені, атомшылар қаласы жаңалық, өзгерістен кенде емес. Еліміз егемендікке қол жеткізбей тұрып-ақ ажал аждаһасы атанған мұндағы атом полигонының Елбасы Жарлығымен жабылып тынғаны, ал тәуелсіздікке қол жеткізгеннен бергі жерде тағы да Мемлекет басшысының шешімімен Курчатовтағы зор әлеует бейбіт мақсатта жұмыс істей бастағаны баршаға мәлім. Атомшылар қаласындағы содан бергідегі атқарылған жұмыстар туралы ел газеті “Егеменде” аз жазылған жоқ.
Бірақ, өкінішке қарай, жер астынан жік шықты, екі құлағы тік шықты демекші, соңғы кезде қайсыбір басылымдар тарапынан Ұлттық ядролық орталық басшыларын жөнсіз жазғырып, қаралаған материалдардың жиілеп кеткені ойлантпай қоймайды. Десе де бұл арада біз төрелік айтудан аулақпыз. Әйткенмен, тілші қосынына әлгіндей оспадар сындарға ашынған атақтарынан ат үркетін бір топ атомшы ғалымдардың атынан хат келіп түскенде барлық мән-жайды көріп, біле жүріп тасада бұғып қалғанды жөн көрмедік. Әлгі хатқа қол қойғандардың арасында республика Мемлекеттік сыйлығының лауреаттары Ғ.Батырбеков, А.Дүйсебаев, Ж. Жотабаев, О.Максимкин сияқты есімдері белгілі ғалымдар бар. Мұның ең біріншісі кезінде осы Ұлттық ядролық орталығын басқарғанын да білеміз.
Солай дей тұрғанмен, шындықты мойындауымыз керек, білмейтін жайттарымыз да жоқ емес екен. Бақсақ бақа екен демекші, әлгі білікті ғалымдардың айтуынша, мәселе мынада. Яғни, жалаң қылыш журналист әріптестеріміздің артында кезінде аталған орталықта өздеріне тапсырылған істі жеріне жеткізе алмағандығы үшін жұмыстан шеттетілген жандар тұрған көрінеді. Ал басқаның қолымен от көсегісі келгендер онсыз да бейбіт заманда қырық жыл қырғынды кешкен жергілікті тұрғындардың зәресін ұшырып, берекесін қашырып жатқанын сезбейтін секілді. Полигон жағынан төнген қатер бұлты енді ғана сейілген шақта елді бұлайша әбігерге салудың жөні қайсы? Осындай мазмұндағы мақаласымақ авторларының қай мәселеде болсын білікті ғалымдарға ақыл айтуға тырысып бағатынын қайтерсің!
Тіпті, олар қыза келгенде Ұлттық ядролық орталығының бас директоры, академик Қайрат Кәдіржановқа радиациялық қауіпсіздік аймағын қайта қарап, ядролық сынақтардан зардап шеккендер санын азайтуға тырысып бағуда деген кінә тағыпты. Бұл енді нағыз жаптым жала, жақтым күйе дейді ғалымдар. Өйткені, осыған орай қабылданып кеткен заңды өзгертуге ешкімге жол берілмейтіндігі айтпаса да түсінікті. Ал шын мәнінде бұлар сан мыңдаған адамдарды заңмен белгіленген жеңілдіктерден айыру емес, қайта атом дертіне мейлінше шалдыққан жандарды одан айықтыру мақсатымен қосымша шаралар жүргізу жағында.
Әлгіндей мақалалардағы одан кейінгі басты сын Семей сынақ полигонының иелігінде болып келген жерді шаруашылық айналымына қайтару жөнінде туындап отыр. Мақала авторлары осы орайда бұл мәселеде тағы да ештеңенің байыбына бармастан мұны Ұлттық ядролық орталықтан шыққан әсіре белсенділік ретінде көрсетіп бағуда. Ал шын мәнінде полигонға қарасты жерді біртіндеп ауыл шаруашылығы мен өндіріс қажетіне қайтару туралы мәселе тарапынан Ұлттық ядролық орталық құрылғанға дейін көтерілген екен. Ал 1994 жылы ол үкіметтік деңгейде талқыланыпты. Онда да бұл жерді жаңадан құрылған орталық тексеріп болғанша пайдалануға тыйым салыныпты.
Бір сөзбен айтқанда, орталықтың жерді қайтарып, айналымға енгізу жөнінде шешім қабылдауға ешқандай құқығы жоқ. Ал өздеріне жүктелген міндетке орай бұлардың тарапынан тексеруден өткен жерді пайдалану жөніндегі ұсыныс ең алдымен эксперттік комиссия тарапынан зерттеледі. Ал түпкілікті шешімді республика Үкіметі содан кейін ғана айтады.
Хатқа қол қойған ғалымдар осылай дей келіп, бұрын полигон иелігінде болған жерді зерттеу жайына кеңінен тоқталыпты. Онда осыған дейін айтылып келген құрғақ байбалам сөздерге ғылыми түрде тойтарыс берілген. Дәл осы арада елді дүрліктіре бастаған дау- дамайға кімдердің түрткі болып отырғаны да айтылмай қалмаған. Біздің естіп, білуімізше орталық тарапынан бұрынғы Семей атом полигонына қарасты жердің 97 пайызы зерттеліп, тексерілген болса, ал соның 93 пайызы пайдалануға жарамды екен. Ендеше, бүйректен сирақ шығару кімге тиімді?
Келер жылы ел тәуелсіздігімен бірге Семей атом полигонының жабылғанына жиырма жыл толуы да кеңінен атап өтілмек. Бүгінгі күні әлемдік қауымдастық елімізді қауіпсіздік мәселелеріне байланысты жаңа тұрпатты мемлекет ретінде мойындап отыр. Ендеше, тырнақ астынан кір іздеуіміздің жөні қайсы? Жоғарыда айтқандай бейбіт заманда қырық жыл қырғынды кешкен ел тағдырымен ойнауға болмайды деп есептейміз. Одан да бұрынғы полигон астанасы Курчатов қаласының бүгінгі тыныс-тіршілігіне үңіліп, барымызды базарлай білейік дейміз.
Дәулет СЕЙСЕНҰЛЫ.
Шығыс Қазақстан облысы.
Суретте: полигон аймағы ұдайы тексеріліп, зерттеліп келеді.