Еліміздің “Бұқаралық ақпарат құралдары туралы” Заңында “порнографиялық және арнаулы сексуалдық-эротикалық сипаттағы радио, теледидар бағдарламаларының эфирге шығарылуына, сондай-ақ кино және бейне өнімінің көрсетілуіне, қатыгездік пен зорлықты насихаттауға тыйым салынады”, – деп жазылғанына қарамастан, қай арнаны алып қарасаңыз да атыс-шабыс, қантөгіс немесе эротикалық сипаттағы шетелдік фильмдер мен бағдарламалар, клиптер ұдайы көрсетіледі.
Заң арқылы темекі мен ішімдіктерді жарнамалауға тыйым салынған. Алайда ретрансляцияланатын ресейлік арналардағы сыра немесе басқа ішімдіктердің жарнамасы біздің эфирде үздіксіз көрсетілуде. Бұл – Қазақстанның заңнамаларына қайшы.
Сондықтан аталған заңның орындалуын қамтамасыз ету мен балалар мен жастар тәрбиесін жақсарту мақсатында телеарналар көрсетілімін қадағалайтын қоғамдық комиссия құрылса дұрыс болар еді.
“Бұқаралық ақпарат құралдары туралы” Заңның 14-ші бабындағы “Бұл талап кабелдік және эфирлік-кабелдік теледидарлар тарататын хабарларға қолданылмайды” деген сөйлемді алып тастау қажет.
Сағынбек ТҰРСЫНОВ, Мәжіліс депутаты.