20 Қазан, 2010

Өзегі өмірлік туынды

536 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін
Алматыдағы М.Лермонтов атындағы мемлекеттік академиялық орыс драма театры өзінің мұндағы гастрөлдік сапарын Антон Чехов­тың “Шие бағы” пьесасы бойынша қойылған спектакльмен бастап, Л.Проталиннің пьесасы бойынша Қазақстанның халық әртісі, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, театрдың көркемдік жетекшісі Рубен Андриасян сахналаған “Отдам в хорошие руки добрую старую собаку (“Воробышек”)” қойылымымен қорытындылады. Театр өнері заманның небір қи­лы кезеңдерін бастан кешіп келеді. Кешегі тоқсаныншы жылдар то­қы­рауында халық рухани құнды­лық­тан гөрі жан бағудың амалымен әу­ре болып жатқанда, қабырғалары қаңырап бос қалған театрға енді жұрт қайта айналып соқпастай көңіл құлазығаны рас. Өмірдегінің бәрі өтеді, кетеді, бірақ тіршілік аспабының ықылым замандардан бері тиегі һәм тірегі саналып келе жатқан рухани қазына адамзат өркениетінің алтын арқауы болып қала беретінін тәуелсіздік рухымен жаңғырған театрдың бүгінгі биігі тағы да тайға таңба басқандай дә­лелдер еді. Соның бірі – М.Лер­мон­тов театрының репертуарлық жағынан қомақты олжаға қол жеткізгені айрықша аталуға тиіс-ақ. Оның сахнасында 20-дан астам спектакль кешегі мен бүгіннің үнін үзбей баяндайды. А.Чехов шығар­маларына мұндағы әрбір иесінің ерекше ілтипатпен, ыстық сезіммен қарау талғамы айқын аңғарылады. “Шие бағы” (“Вишневый сад”) классикалық туындысына әркім өз өрісінде, өз өресімен қалам тербеп келеді десек, бейнебір осы спек­такль арқылы шығармашылық ұж­ым­ның өре деңгейі көрінердей көз­қа­рас қалыптасқан. Тағы бір айта ке­тетіні – әр театр бұл туындыға бүгінгі күннің зердесімен енуге жол іздесе, сол соқпақты сәтті тауып жат­­қандар да аз емес. Алматылық орыс драма театрының елорда жұрт­шылығына ұсынған “Шие ба­ғы” спектаклі туралы алдымен осы­лай ой түйіндеп алғанымыз жөн сияқты. А.Чеховтың негізгі өзегі шие ба­ғын сатумен өрілетін мұңлы ко­ме­диясының жанрлық қайнар көзі кү­ні кешегі күнге дейін драматургтер мен театр зерттеушілері арасында түр­лі дау тудырып келген болса, бір­те-бірте сол түйткіл шығар­ма­шы­лық ізденіспен бір арнаға түсе бас­таған сыңайлы. Спектакльде қо­ғамның күңгірт бояуы күнгейіне кө­леңке түсіріп жатқан жоқ. Қайта ке­рісінше, мұң мен күлкі бір-бірін то­лықтырып, кісі сезімін өзімен бір­ге жетелеп отырады. Сол себеп­ті, мейлі мұны комедия жанрына жат­­қызайық немесе драма, траге­дия, тіп­ті фарс дейік, ең бастысы қанша­ма жылдардан кейін де өм­ірлік мә­нін, ұғындырар ұлағатын ес­кіртпеуі шығарма құндылығын ас­қақтата тү­седі. Чехов кейіп­кер­ле­рі өтпелі ке­зеңнің өткінші елестері болып қал­майды. Олар салған са­рын бүгіннің еншісінен көрініс тау­ып отырады. Әркімнің өз шие бағы бар. Осы шие бақты аңсар арман мен сағыныш мұңы құлаққа мәңгі то­сын әуен сыйлап тұрады. Оны біреу естиді, ал енді біреудің кеуде-сандығы уақыт көшіне бос ілеседі. “Шие бағы” спек­такліндегі кейіп­керлер келбе­ті­нен бүгіннің адамы да өзінің ұқсас тұстарын тұспалдап табады. Рөлдерді сомдаған әртістер жұртқа бұрыннан есімдері таныс айтулы жандар болғандықтан, еш­кім де осынау сыйдан тыс қал­ғысы келмегендей, көрермені көп ту­ын­ды деп осыны айт. Басты кей­іп­керлерден Раневскаяны Қазақ­стан­ның еңбек сіңірген әртісі Наталья Долматова, Аняны Камил­ла Ер­ме­кова, Варяны Анастасия Темкина, Гаевты Қазақстанның еңбек сіңір­­ген әртісі Виталий Гришко, Фирс­ты Қазақстанның еңбек сіңірген әртісі, Ресейдің Мемлекеттік сый­лығының лауреаты, “Платиналы Тарлан” тәуелсіз сыйлығының ие­гері Владимир Толоконников си­яқты өнер майталмандары сомдап, әр бейне өзіндік сыр-сымбатымен, үнімен есте қалып қойды. Орыс классикасының мұндай жарқын үлгілерімен қатар театр сахнасында соңғы жылдары ұлттық драматур­гияға көңіл бұру байқалады. Бір кездері сахнасында Ш.Айманов, Х.Бөкеева, Н.Жантөрин, А.Жолым­бетов сияқты қазақ өнерінің хас таланттары өрнекті із қалдырған орыс драма театры “Қобылан­ды­ны”, М.Әуезов пен Ғ.Мүсіреповтің шығармаларын сахналаса, қазіргі заманғы қазақ қаламгерлері ара­сында да мұндай таңдауға ие бол­ғандар баршылық. Ләйім, осы үрдіс әрмен қарай жалғаса түссін деп тілейміз. Ал, елордаға айтулы театр труппасының гастрөлдік сапарына келсек, олардың екі күнгі шұғы­ласы жұртшылыққа тарқамас тәтті сезім сыйлап кеткеніне еш шүбәміз жоқ. Қарашаш ТОҚСАНБАЙ, Суреттерді түсірген Советбек МАҒЗҰМОВ. Суреттерде: “Шие бағы” спек­таклінен көріністер.