20 Қазан, 2010

Ерлердің есімі ардақталды

490 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін
Маңғыстауда Иса-Досан көтерілісінің 140 жылдығына арналған мерекелік шаралар ел мерейін көтерді Батырлар рухына бағыш­талған мерекелік шаралар Ақтау қаласында ел Тәуелсіздігінің 20 жылдығы мен Иса-Досан көте­рі­лісінің 140 жыл­дығына арналған республикалық ғылыми-теория­лық конферен­циямен басталды. “Қазақ халқының ұлт-азаттық күре­сіндегі Иса-Досан көтерілі­сінің тарихи маңызы” деп атал­ған конференцияда Ш.Уәли­ханов атындағы Тарих және этно­логия институтының директоры, тарих ғылымдарының докторы С.Мә­житов “Маңғыстаудағы Иса-Досан кө­терілісі қазақ халқының азаттық күресі аясында: теориялық талдау”, Л.Гу­милев атындағы Еуразия ұлттық университетінің проректоры, фи­­лология ғылымдарының докторы Д.Қамзабеков “Алаш зиялыларының еңбекте­ріндегі ұлт та­ри­хының зерделенуі”, филология ғылымдарының докторы Ж.Тілепов “ХХІ ғасырдың екінші жар­ты­сындағы Қазақстан және 1870 жылғы маң­ғыс­таулықтар көтерілісі”, облыс әкімі жанындағы ар­дагерлер кеңесінің мүшесі Д.Әрі­­­пов “Тарихқа жаңаша көзқарас” деген та­қырыпта баяндама жасап, тарих тереңіне ой салынды. Конференция аясында тарих ғылымдарының докторы, академик Ө.Озғанбаевтың “Адай көтерілісі” және тарих ғылымдарының кандидаты Ж.Нұрмаханованың “Көтеріліс күнделігі” атты кітаптарының тұсаукесері өтті. Сол күні түс қайта мерекелік ша­­ралар қазыналы түбектің қара­шаңырағы Түпқараған ауданында жалғасты. Мұнда халықтың қаһар­ман ұлдары Иса Тіленбаев пен До­сан Тәжиевтің еңселі ескерткішінің ашылу салтанаты болды. Онда облыс әкімі Қ.Көшербаев Тәу­елсіздігіміз бен жарқын бола­шағымыз үшін күрескендер есімін елге үлгі ете, ардақ тұта сөйледі. Ал әсем ескерткіштің авторы, аймақта біраз тарихи тұлғалардың бейнесін сомдаған белгілі мүсінші Көшер Бай­ғазиевтің еңбегін жерлестері жо­ғары бағаласа, белгілі ақын Сабыр Адай: Ер Досан – атқан оқ қой жалындаған! Сыйлаған бейбіт күннің таңын маған. Иса тұр, кескек – қылыш, кемел ақыл, Қамалы парасаттың алынбаған... Қашаннан әділеттің жыр безбені, Қаншама бұл даланы сыр кезбеді. Ей Алаш! Қос қаршығаң құтты болсын, Қолыңнан ұшып кеткен бір кездері... – деп жырдан шашу шашты. Батырлар рухына бағышталған мерекелік шаралар аясында Форт-Шевченко қаласында жыршы-термешілердің республикалық байқауы, ат бәйгесі, ұлттық спорт жарыстары да өтті. Жоламан БОШАЛАҚ, Маңғыстау облысы. Суреттерді түсірген Серік Майемеров.