Іле өзенінің бойында Қаблиса жырауға арналған кесене-күмбездің ашылуына ұрпақтары жиналып, баба рухын ұлықтады. Жырау мәңгіге мекендеген жерге өрілген кесене- күмбездің биіктігі 15 метр болса, күмбезді айнала тіреген 12 бағанның да өзіндік мән-мағынасы бар.
Мерейлі сәттің шымылдығы жырау шығармашылығы негізіндегі театрландырылған қойылыммен ашылса, бұдан соң Д.Қонаев атындағы университет ректоры Өмірәлі Қопабаев баяндама жасап, жыраудың тарихтағы өзіндік орны мен соңына қалдырған бай рухани мұрасына байланысты ұтымды пікірді ортаға салды.
Халқының өткені мен бүгінгі тарихын зерделеп, ұрпаққа жеткізіп, өнеге-үлгі етуді мұрат еткен Серік Үмбетов жер жәннаты Жетісуды мекендеген, еліне қысылғанда қорған болған батырлары мен ақын-шешендерінің қатары көп екеніне тоқтала келіп, Алаш үшін өзіндік орны бар Қаблиса жырау Асанұлының есіміне қатысты дерек пен дәйекті зерделеді. Жыраудың рухани мұрасы саналы ұрпаққа үлгі-өнеге, ынтымақ пен бірлікке жол сілтейтін бүгінгі шара осының жалғасы екендігіне көпшілікті ұйытты.
Бұдан соң Қазақстан Жазушылар одағы басқармасының төрағасы Нұрлан Оразалин бүгінгі тұрғызылған ақ кесене өлең-сөзге жасалған құрмет екенін айтса, архитектор Шота Уәлиханов, академик Еділ Ерғожин тәрізді азаматтар да ұрпағына ғибрат болатын баба жайлы ойларын тұжырымдады.
Сар даланың төсіндегі сахнада өнер қайраткері Нұрғали Нүсіпжанов “Саржайлауды” шалқыта шырқаса, Ағайша Исағұлова “Аталарым” әнін асқақтатты. Дүбірлі тойда түйе балуандар белдесті.
Осылайша мерекеде Қаблиса жыраудың есімі одан әрі жаңғырып, ұрпақ жүрегіне ұялауымен есте қалды.
Күмісжан БАЙЖАН, Алматы облысы.
Суреттерде: Қаблиса жырауға арналған кесене-күмбездің ашылу салтанатынан.