27 Қазан, 2010

Қабыл хан, құла тұлпар және шежіреші Қосай

956 рет
көрсетілді
19 мин
оқу үшін

(Аңыздың ізімен)

Мен бұл аңызды 1953 жылы 93 жастағы “Қосай шежіреші”, “Қосай шешен”, “Қосай барымташы” деген ел ішінде үш лақап аты бар, сол кезде бойы екі кез, батыр тұлғалы қариядан естіген едім. Жалаулы деген ауылда тұратын Қосайды іздеп, Алматы облысының Кеген ауданында алғаш рет асыл тұқым­ды арқар-меринос қойын өсірген “Қы­зыл ту” колхозының төрағасы, Еңбек Ері Молдахмет Мүсірәлиов, аудандық кеңес төрағасының орынбасары Иманбек Би­дайбеков, халық батыры Райымбек жай­лы ел ішіндегі деректі ең алғаш жинап, Мемлекеттік мұрағатқа, Ғылым акаде­миясына тапсырған орманшы Қабыл­бек Сауранбаев, Ленин кол­хозының төр­ағасы Қосымбаев Есенаман деген азамат­тар келер еді. Ат төбеліндей ауыл емес пе, олар келгенде “Қосай шежіреші­нің” шатырсыз соқпа тоқал тамына бала­лар да жиналатын. Солардың бірі мен едім. Шай ішіліп бой жылытып, көңіл көн­шіген кезде Қосай бұл шақырмаған қонақ­тарының неге келгенін біліп, еңсе­сін кө­теретін. Сөйте­тін де қапсағай кең кеуде­сін керіп: “Мен өзім көрген, білетінімнің бәрін сендерге айттым. Ендігісі өздеріңдей ке­зімде ақсақалдардан естіген әңгіме. Анық­тығына кепілдік бере алмаймын. Аңыз болса да ақиқат екеніне өзім сенемін. Ұр­пақтан ұрпаққа жалға­сып, зердеде сақтал­ғанына қарап, осы аңыздың ақырғы нүктесі шындық деп білемін”, – дейтін. Сөйтіп төмендегідей ұзақ әңгіме бастайтын. – Қазақ халқының тарихы Шыңғыс ханның әулетінен шыққан хандармен сабақталса, үлкен қателік деп есептеймін. Шыңғыс хан кім? Қазақ одан, тіпті оның елі монғолдан бұрынғы халық ... Арғысын өздерің іздеңдер, берісі керей-найман, үй­сін-қаңлы секілді мемлекет өмірден өткен. Демек, тарихымыздың тамыры терең. Қыпшақ, арғын, қоңырат, керей, най­ман, жалайыр, үйсін, қаңлы – бір ата-ана­ның баласы. Бір тілде, бір тәлім-тәр­биеде, салт-дәстүрде өсіп-өнген емес­піз бе? Иә жігіттер, сондықтан да осын­дай ұлан-байтақ жердің иесіміз. Күн мен Жер, яғни тәңірден басқаға табынбаған табиғат­тың ұрпағымыз. Мұсылман болсақ, кейін болдық. Әлгі Шың­ғыс­ты хан көтерген кім? Қоңырат, керей, най­ман, жалайыр, қаңлы секілді ағайындар. Бұны айтып отырған себебім – тарихы­мыз­ды тарылт­пай, қазақтың өз хандары­нан бас­тау керек дегім келгені ғой. Олар кімдер? Ме­нің білуімде Қабыл, Қарақан, Қараш, най­ман ханы Тиаң, Тұғрыл – қазақ халқы­ның тарихының бастауы. Ұлы жүз, Орта жүз, Кіші жүз деген атау кейін шыққан. Ұлы жүздің өз ішінен шыққан ең соңғы ханы – шапырашты Нұрабай хан. Тегі үйсіндер көршілерінің ешқай­сысымен араз-құраз болмаған. Алым салығын, қайыр-садақа­сын берсе, берген болар, кімі хан болса да еш­қайсысына бас иіп, құлдық ұрып бағынған да емес. Оны кейін тарихтан білерсіңдер. Біздің нағашымыз сол ертеде өткен қазақ хандарының бірі қият Қабыл хан,– деп бір тоқтар еді Қосай. Сол сәттегі оның жан дүниесіндегі аласапыран ойды арнайы ат терлетіп іздеп келгендер түсін­ген шы­ғар, түйсінген шығар, өз басым ертегі үзіліп қалғандай сезінетін­мін де әңгімесін жалғаса екен деп асыға күтетін едім. Со­дан, иә содан шынымен аяқтал­ды ма деп тыпыршыған шағымда қария тама­ғын ке­неп алып үзілген әңгімені бастап кетер еді. – Сол жылы Ұлытаудың етегіне көк­тем ерте келіпті. Қият тайпасы көк­теуіне көр­шілес ағайындарынан бұрын ерте кө­теріліпті. Қабыл ханның ақордасы Ұлы­тау­­дың кең аңғарының алдындағы бетеге жусаны қаулаған жасыл жазыққа ерекше сән-салтанат сыйлапты. Екі қапталына қатарласа қоныстанған шоқ жұлдыздай топтасқан ақбоз үйлердің етек-жеңі кең-ақ. Төрт түлік малдың түйесі боталап, қойы қоздап, тірші­лік тынысы кеңіп, бүкіл дүние жаңарған, табиғаттың уыз мейірімі иіп тұрған шағы еді. Тайпаның бас жылқышысы Ордабай буаз биелерді он үйірге бөліп, әр биенің құлын­дауын бақылап, бүкіл қосынды ат терлетіп күні­не аралап шығатын. Ол биік шыңның түбі­нен өте бере, қарсыдағы оқыс көрініске жалт қарап, тізгінін тартып қалт тұра қалды. Он екі қанат боз үйді тіксе, кеңінен сиятын жан-жа­ғын мүк торлай көмкеріп, бетін қына жапқан жалпақ жалтыр қара тасты бұл ел “Хантағы” атайтын. Соның ортасында төрт тағандап тұр­ған боз бие осы жылы үшінші құлындайтын еді. “Япыр-ай, ыстық тастың үстінде бұл неге төрттағандап тұр? Қабыл ханның әкесінен қалған жылқының ең соңғы тұқымы. Екі жыл қатарынан екі қанжи­рен ұрғашы құлын туды. Биыл еркек құлын туса жақсы-ақ болар еді. Үйірге салар едік”, деп тіксіне қадалды. Ордабай жылқышы­ның әрі-сәрі болатын жөні бар. Бұл әу­леттің тұқым-тұқияны боз биеге айырық­ша ықылас аударатынын жақсы біледі. Жылқышыларды іздеп: “Жігіттер қайда екен?” деген алаң көңілмен боз биеге қарады. Ойлап үлгермеді, боз бие тұрған жерінде артқы тірсектерін талтайта ашып, ыстық тасқа бауырымен жармаса жата­тындай жаясын жайып жіберіп, тау-тасты күңіренте кісінеп, құлынын тастап жіберді. Жатқан жарғағын жарып шыққан алтын түстес құла құлын ыстық тасқа түсті. Орда­байдың көзіне алтын құлын туғандай көрін­ді. Боз бие алтын құлын тудым деген жоқ, сол талтайған бойы сәл тұрып, шуын сүйретіп, артына қарамай жүрді де кетті. Ордабай бүкіл ғұмырында дәл осындай қатыгездікті көрмепті. Мал емес, бөрі де бөлтірігінің шаранасын жалап, көзін ашқан­ша сүйеп, демейді. Ал талай-талай тарлан сәйгүліктің ұлы анасы саналатын боз бие артына бұрылып қарамай, ақырын басып: “Сенен құтылдым ба, жоқ, құтылмадым ба”, дегендей, аналық сезімнен баз кешіп, батысты бетке алып кетіп барады. Ордабай батыр шыдамады. Күрең жорғаны тебініп қарсы беткейге ұмтылды да “Мырза­шоқы” деп аталатын төбенің етегін өр жағынан орай жүріп, құла құлын жатқан жердің дәл үстінен шықты. Көп уақыттан бері мал тұяғы тимеген боз қына кілемдей түрленіп, көзін қарыды. Тас үстіндегі шұбатылған шарананың ортасындағы құла құлын жарық дүниеге жанталаса ұмтылып жетіп, жете алмай қалтылдап жатыр екен. “Мына жануар ет пен теріден емес, таза алтын шығар. Боз бие содан кейін қарамай кет­кен болар”, деген бір ой әп-сәтте қылаң беріп, тақымын қысып қапыла алға жүрді. Жалпақ “Хантағының” жиегіне жете қалт тоқтап, күрең жорғадан лып етіп қалай түскенін байқамай қалды. Ақырын жылжып, құлынға жақындады. Сап-сары алтындай құла құлынның қолтығы бүлк-бүлк етеді. Жүрегі соғып жатыр. Ордабай сарбаз сонда ғана өзіне өзі келді. Иә, кәдімгі қылшық жүнді төрт аяқты құлын. Күлтеленген құй­рық-жалы ақ жібек жіптей. Ұмтылып тұрып, тәл­тіректеп қайта құлаған құла құлынға қолын созды. Салалы саусақтары шаранасы әлі кеппе­ген жылтыр теріге тигенде, өнебойынан бір жылы сезім ағып өтті. Құлынның көзін сүртіп, сұқ саусағымен жағын ашып, таңдайын көтерді. Ордабай құлынды құшақтаған күйі үйіне әкеліп, ши өренің ішінде көлденең көзден тасада ешкі сүтімен ауыздандырып аяқтанғанша бақты. “Енді бұл жайды хан иеме барып баян етейін. Ерте ме, кеш пе боз бие туды ма деп бір сұрайды. Ол үшін он мың жылқы бір төбе, боз бие бір төбе”, деген байлам жасап, Қабыл ханның орда­сына бармақ болып жолға шықты. Таудан ескен ертеңгі саумал самалмен тыныстаған хан жеңіл желеңін иығына іліп, ақорданың алдындағы қырда тұр екен. Ордабайды қиядан таныған болар, жанына таянғанша қозғалмады. Арқан бойы жақындағанда Ордабай күрең жорғадан түсіп, оң қолын жүрегіне басып, басын иіп: – Ассалаумағалейкүм, хан ием! – деп сәлем берді. – Уағаликесәлем. Кел, батыр, кел! Мал-басың аман ба?! — деді Қабыл хан. – Бәрі сау-саламат. Сізге сәлем бере келдім. – Тәңірің жарылқасын! Ордабай елдің жай-күйін айта келіп, боз биенің құлындағанынан хабар берді. – Иә, боз бие туған екен ғой. Бұл ең соңғы құлыны болар, – деп тіл қатты. Сонан соң ойлана айналасына көз жүгіртіп, қырдың жалымен біраз жүріп барып, атын жетелеп соңында келе жатқан Ордабайға одырая қарап: – Маған ұлы бабамның рухы бір ай бұрын аян берген. Ол – жүз жылда бір-ақ рет туатын тұлпар. Екеуміздің маңдайы­мызға сия қояр ма екен..? – Хан өзін тол­ғант­қан ой­ды кілт үзді. Сонан соң жаңа кө­терілген күннің шапағы қонақтай бастаған тау шоқы­ларын жағалай бір сүзіп өтіп: – Сен қолың­нан келгенше сұғанақ суық көзге шалдырмай бақ. Атаның даңқын ақылға дана бақытты бала аспанға көтереді. Не қашса төрт аяқты хайуан қуып жете алмай­тын тұлпар туған ат шыға­рады. Бестісіне дейін сүт­пен суар. Адам­ның көзінің құртынан сақта. Та­биғаттың жұтынан сақта. Дөненінде оңашалап айғыр көрмеген байталға үйірге саласың. Мәң­гілік ештеме жоқ. Асылдан тұқым алу керек. Тәңірім бізге сол күндерді көруге жазсын. Жолың болсын, батырым! — деп қайырған. Қабыл хан алып денелі адам екен. Арнайы бес қаруды сайлатқанымен, сауыт киіп сайысқа түспеген. Сапарға шықса нөкер­лері төрт ат жетелеп жүріпті. Зор дене­сін ат көтере алмаған сәтте нөкерлері жете­леген тың атпен ауыстырып отырған деседі.. Бұл абақ, тарақ аталарыңның дәуірлеген шағы болар. Абақ әулетінің ұлыс бегі Бәйдібек би, қият руының ханы Қабыл ханға құда түсіп, құдай қосқан жекжат болып, жалғыз қызы Айтотыны кенже баласы Тәңірбердіге (Жарқышаққа) қосып, отау тіккен. Өмір көші тоқтаған ба, Тәңірберген мен Айтоты да ұлды, қызды болыпты. Ел құлағы елу, Қабыл ханның боз биеден туған құла тұлпарының дақпырты заманына қарай сауық-сайран салған “нағашысына тартқан” үлкен жиені Албан­ның құлағына шалынады. Күндердің күнін­де сайыпқыран, сал-сері қырық нөкерін ертіп, Ұлытаудың иесі болып отырған наға­шысының еліне жолға шығады. Ай жүріп, апта жүріп жетеді. Жиенінің іздеп келіп, сәлем бергеніне қуанған Қабыл хан ұлан-асыр той жасайды. Бар болмыстың шегі бар, батыр жиені еліне қайтпақ болады. Сонда нағашысы бар қылық-қияпатына, тәлім-тәртібіне бек риза болған жиенінен бұйым­­тай сұрапты. Қонақ күлте құла тұл­па­ры­на қолқа салыпты. Хан өзіне тартқан жиенінен мал аяй ма, аямайды. Бірақ: “Өзің ұстап мін!” — деп талап қояды. Ордабай жыл­қышы­ға бүкіл халқы көрмеген күлтеқұла тұл­пардың үйірін “Найзатастың” түбіндегі тепсеңге иір деп тапсырады. Хан әмірі орындалады. Бес жүз жылқының ішіндегі бес жасар күлтеқұла тұлпар ерекше еді. Табиғат бар дене пошымды аямапты. Бүкіл төрт аяқты малдың ортасында одан биік сымбатты тіршілік иесі жоқ. Кекілі, жалы ақ жібектей желпілдеген алтындай түгі көз қарыған бестінің қос құлағы шаншылып, өзі өмірге келгелі көрмеген қора шетінде жүрген адамдарға таңырқай қарап, қамсыз тұрады. Құйрық-жалы төгілген кемедей қара атқа мінген Қабыл хан жиенін нөкерлерімен ертіп келіп, “Найзатастың” қарсысындағы “Хантағы” дейтін осыдан бес жыл бұрын күлтеқұла тұлпар туған жалпақ тасқа жетіп, сарбаздардың демеуі­мен ерден түсіпті. Хан сонау “Қыраншатқал­дан” бергі тау-тасқа, қырат-қырға, мамыражай табиғаттың әр көрінісіне ойлана қарап, бір сәт бөгеліп, оң жағында тұрған Албанға: – Ал, батыр, ұста да мін! — деді. Албан мың жылқыдан ерекше тұлпарды көргеннен байыз таппай нағашысының осы сөзін күтіп шаққа тұрған. Жұлқына қалың үйірге ұмтылды. Бұғалыққа тоқтамасын білген. Ұстасам, тек құлақтан басып қана ұстаймын деген тоқтамға келген. Сол байламмен иір­мелей бере орайы келгенде, әбжіл шапшаң­дықпен құла тұлпардың құлағына жармасты. Ә дегенде адуынды күштің ығына жығылып етпеттеген тұлпар бар күшін жиып шыңғы­рып, аспанға атылып, құрық бойы көтері­ліп, төрт аяғы қайта жерге тигенде, алып де­не­лі Албан қос құлақтан айрылмады. Тұл­пар жерден қуат алды ма, екінші рет аспанға атылғанда садақ жебесіндей көкке шаншы­лып, жер мен көктің арасында қалықтап тұрып қалды. Сол сәтте қатал ханды жиенге деген сезім толқыны жеңді ме, Қабыл хан: – Иә, ата-бабаңның рухы жебесін! – деп айғайлап жіберді. Тілек жақсы, бірақ әр кезде орындала бермейді. Албан тұлпардан айрылып қалды. Құла тұлпар құтылды. Қабыл хан шыдамады. Ордабайға: – Жылқыны қайтадан иір! – деп ақырды. Айтқаны орындалды. Құла тұлпар бір орнында тұрмай ширығып, аз жүрді де бар қозғалысқа көз тігіп, шеттеп барып тоқтады. – Оның назарын өздеріңе аударыңдар, – деп Қабыл хан тұлпар тұрған жаққа айналды. Қабыл ханға құдай ақыл-парасатпен бірге денені де, аяқ, қолды да аямай сыйлаған. Ортада тұрып жаумен жалғыз сайысқанда биік денесіне сай ұзын қолы маңайына қылыш емес, найзалы жауды жақындатпайтын. Жеңіл жаздық шекпенін шешіп, білегін түріп “Хантағында” тұрғандарға қадала қараған тұлпарға байқатпай, айнала беріп құлағына жармасты. Асау тұлпардың тулауға дәрмені жетпеді. Төрт аяғы дірілдеп, ышқына бұлқынбақ болып еді, қарулы қол қозғалтпады. “Ханда алпыс адамның ақыл-парасаты, айла-тәсілі, қырық адамның қуат күші бар”, дегенді халық бекер айтпаған. Төрт тағандап тұрған тұлпардың шоқтық пен жіңішке омыртқаның ортасындағы осал белдемеден тізесімен басып тұрып Ордабайға: – Жиеннің жүгенімен жүгенде! – деп бұйырды. Болат ауыздықты жиырма төрт таспадан өрген Албанның жүгенімен жүген­деп, ерімен ерттеді. Сол сәтте бар дәрмені­мен күркірей кісінеген тұлпар аспанға шан­шыл­ғанда, ханның қарысып қалған сауса­ғын­дағы тоқпақтай жал жыртылып, шоқты­ғына жетіпті. Содан бастап Қабыл хан “Жа­лайыр” атаныпты. Бүгінгі өздерің сыйласып жүрген Жалайыр туысқандарың сол Қабыл ханның тұқым-тұқияны... Хан Ордабайға: – Ішкілік киізіңді ал да күйдіріп, жалды орап байла! – депті. Албанды құла тұлпарға өзі мінгізіп: – Ал, батыр, енді еліңе тарт! Жолың бол­сын?! – айтыпты. Сол жолы жиенінің қырық нөкеріне қырық қара ала тай мінгізіп, аттандырыпты. Осы бір жақсы дәстүр: “Нағашысы жиенге қырық бір қара ала тай мінгізеді”, деген дәстүр Қабыл ханнан қалған екен. Нағашыдан қырық бір қара ала тай дәмететін жиендер әлі де бар. Ол осы күнге дейін мәнін, маңызын жойған жоқ. Алайда қырық бір қарала тай беретін мына заманның адамдарында мал жоқ, көңіл бар. Құдай халқымыздың пейілін тарылтпасын, – деп Қосай ертеңгі күнгі жақсылықтан күдерін үзбей, әңгімесін аяқтайтын. Қосай сияқты шежіреші жоқ бұл күнде. Солардан қалған жұқанадай, сол абзал адам айтқан аңызды көпшілікке ұсынуды өзіме парыз санадым. Досан ЖАНБОТА. Алматы. ________________________ Автор туралы анықтама Д.Жанбота 1935 жылы туған. 1964 жылы ҚазМУ-ді бітіріп, Қазақ КСР Телевизия және радио хабарларын тарату комитетінде, Қазақ радиосының “Шалқар” редакциясында жауапты жұмыстар атқарды. 1975-1986 жылдары “Жалын” журналында, 1986-1996 жылдары Қазақ энциклопедиясында еңбек етіп, зейнетке шықты. “Жер жылуы”, “Дүниедегі ең ұзақ жол”, “Тастар сыр шерткенде”, “Дала оттары” кітаптарының авторы