27 Қазан, 2010

Елдестірмек елшіден басталса керек

466 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін
Парламент Сенатының Төрағасы Қасым-Жомарт Тоқаев Пәкстан Ислам Республикасының Қазақстандағы Төтенше және өкілетті елшісі Мохаммад Ахтар Туфаилді қабылдады. Төраға дипломатты қызметке тағайындалуымен құттықтай келіп, оның қызметі Қазақстан-Пәкстан достық қатынастарын одан әрі дамытуға жәрдемдесетініне сенім білдірді, деп хабарлады Сенаттың баспасөз қызметі. “Пәкстан Қазақстанның сенімді әрі маңызды әріптесі болып табылады”, деді Қ.Тоқаев және ол парламентаралық байланыстарды одан әрі дамытудың маңыздылы­ғын атап өтті. Қазақстан Парла­ментінде Пәкстан Ислам Рес­пуб­ликасы Парламенті Ұлттық Ассам­блеясымен ынтымақтастық жөнін­дегі топ жұмыс істейді. Төраға би­ылғы 14-16 мамырда Алматы қала­сында болған “ЕҚЫҰ-ның Еур­азия­лық өлшемі” Трансазиялық фо­румы жұмысына белсенді қатыс­қаны үшін Пәкстан жағына ризашылық білдірді. Кездесу барысында Қ.Тоқаев Қазақстан мен Пәкстанның Ислам Конференциясы Ұйымы аясындағы ынтымақтастықты одан әрі дамыту жайында айтты. Алдағы жылы Қазақстан ИКҰ-ға төрағалық ететін болады. Қ.Тоқаев әңгіме кезінде биылғы 1-2 желтоқсанда Астанада бо­латын ЕҚЫҰ-ға қатысушы мем­лекеттер басшыларының саммитіне әзірлік барысы туралы хабардар етті. Тараптар екі елдің Шанхай ын­ты­мақтастық ұйымы аясында өзара іс-қимылдың маңыздылығын атап өтті. Алдағы жылы осы ұйымның он жылдығы Астана қаласында атап өтіледі. М.Туфаил Қазақстан­ның жетістіктерін жоғары бағалады және біздің елімізді “Орталық Азия­­дағы тұрақтылық аралы” деп атай келіп, мұндағы Президент Нұр­­сұлтан Назарбаевтың ерекше рөлін атап өтті. “Біздің елімізде Қа­зақстан басшысын жоғары баға­лай­ды және құрметтейді”, деді дипломат.