Асфальт төселген жол теп-тегіс. Айнадай жалтырайды. Бет алысымыз – Шижаға. Небәрі жиырма шақырымдай ғана аралықтағы ауданмен іргелес елді мекен. Кешеге дейін атағы республикадан асып, одаққа мәлім болған “Арал” кеңшарының орталығы еді. Әлденеше Социалистік Еңбек Ері, атақты ақын-жазушылар, Жоғарғы Кеңеске депутат, Одақтық съезге делегат шыққан берекелі де бай шалқыған ауыл!..
Назарымыз бірден орталық алаңдағы “Ерлер – ел есінде” деген ескерткішке түсті. Ауылға оралмаған 163 боздақтың есімдері тасқа қашалып жызылыпты. Белгі 1975 жылы қойылған. Бұл аудан көлемінде соғыста шейіт кеткен боздақтарға салынған алғашқы ескерткіш-тұғын.
– Бастамашысы кім еді?
– Кім болсын, Рсалы Тұрымбетов ағамыз да. Одан өзгелері мұндай батылдыққа барушы ма еді? Көкжал еді ғой, көкжал! Қоң етін кесіп алсаң да сыр бермейтін сабаз еді. Осы игілікті үшін іші тарлар бюроға салып, көк езу болып талқылап, есін тандырғанын қайтерсің!
– Мынадай өмірлік есте сақталатын ескерткіш орнатқаны үшін бе?
– Иә, енді қалай?! Неге біз білмейміз, неге рұқсат алмайсың? – дейді ғой баяғы. Әйтеуір бюджеттен көк тиын шығармаған. Сосын да аман қалды. Әйтпесе ауылдық кеңестің төрағалығы қызметінен қуып, партиядан аластамақ екен.
– Өзі де қайсар өжет еді, темір тәртіптің адамы еді, – деді екінші бір ауылдасы басын шайқап. – Осы ескерткішті орнатқасын жыл өтті ме, өтпеді ме морт сынды, гүрс етіп құлады. Сірә, жүйке сыр берген-ау!
Ал сол Рсалы Тұрымбетов кім?
Істес болғандар, жанында жүрген ауылдастары әзірге баршылық екен. Дүзбай Әбдіхалықов, Ақай Бекпанов, Зәкір Кеншібаев, Азат Бижанов, Рамазан Жансейтов өзіміз сөз етпек болып отырған ағамыздың қызметтік іс-қимылын жыр ғып айтады. Рсекеңді көзі көрген осы кісілердің естеліктеріне зейін қоя келіп, ағамыздың өз қолымен жазып қалдырған өмірбаяндық хикаяларын қағазға түсіруді жөн көрдім.
“Соғысқа 1942 жылдың күзінде аттандым... Соғыс, соғыс!.. Ол қасірет, қайтып оралмасын!.. Орыстың ұлы өзені Волгадан өттік. Өттік деймін-ау, қан жоса болдық. Фашистер бомбаны өршелене тастайды. Мен қызмет істеп, әр нәрсені көрдім. 26 жастамын. Ал 18-19 жастағылар тіпті шикі ғой. Паром үстінде-ақ шейіт болғандар аз емес. Азан-қазан. Сталинград үшін жан алып, жан беріскен кез. Осы от-жалынға біз де күмп бердік. Қолда – винтовка. Әуелгідегі қиыны – окоп қазу болды. Тереңірек, тереңірек дейді командир. Денең бар ғой, көлемдірек қаз дейді. Онысы дұрыс екен. Тамақтанар үйіміз де, оқ атар ұямыз да сол болды. Ал дем алу деген жоқ. Алға жылжимыз, артқа шегінеміз. Түн өте ауыр. Көз шырымын алуға болмайды. Түнемелік бір окопқа үшеуге дейін жайғасып жүрдік. Себебі түнде атыс саябырсиды. Бірақ, аса сақтық керек!.. көз ілініп кетіпті. Шошып ояндым. Жолдасым Жора: – “Бері қара”, – деді. “Не?” – десем: “әне келе жатыр”, – деді. Еңбектеп екі фриц жетіп қалыпты. “Тіл” алмақ, сірә! “Аларсың”, – деп автоматты ыңғайладым. “Тоқта!” – деді Жора. Не керек, жақындатып алып, штыкпен айқастық. Үшеуміз ғой, окопқа сүйреп әкеліп, түнделетіп штабқа жөнелттік.
... Таң бозарып атып келеді. Қырбық қар жамылған мидай дала. Жазық далада ұзыннан-ұзақ құрылған жүздеген миномет, зеңбіріктер... Нысана – фашистер бекінісі. Бір кезде: “огонь!” – деген жалпы команда берілді. Зеңбірек, минометтердің бәрі гүрс-гүрс ете қалды. Осылайша атыс сағат жарымға созылды. Атыс арты жаппай шабуылға ұласты...
– Қызыл әскер Тұрымбетов!
– Менмін!..
– Ізімнен ер!
– Құп!
Ротадағы жиырмаға тарта солдаттан старшина екеуміз-ақ қалыппыз. Алға ұмтылдық. Тағы окоп қазуға кірістік. Қар борап тұр. Тамақ келмеді. Ашпыз. Бірақ рух күшті!..
– Алға!..
Бомба түсті. Снарядтар гүрс-гүрс. Жер тістеніп жата қалдық. Одан соңғысы есімде жоқ...”
* * *
Одан соңғысын Саратов қаласындағы госпитальдан алған Р.Тұрымбетовтің ауру тарихынан оқимыз. Мұнда Рсекең 1943-тің 30 маусымында түскен. Ал ауыр жарақат алғаны 43-тің 10 ақпаны. Бір аяқ, бір қол, бір көз, бір жамбас, бірнеше саусақ жоқ. Сонда бес ай бойы госпитальға жете алмай осынша ауыр жарақатпен қайда жүрген?! Медсанбаттан медсанбатқа ауысумен болған. Ой, ит тіршілік-ай!.. Аяққа, қолға, көзге, саусаққа ампутация осы Саратовтағы госпиталда жасалған. Одан 43-тің 22 қыркүйегінде шыққан. Сонда 8 ай бойы өлім мен өмір арасында болғаны-ау! Қорытындысы – “негоден!”. Екінші топтағы соғыс мүгедегі.
Ал сол “негоден” адам, аяқ протез, қол протез, көз протез, саусақтарын оқ жұлған, жарты денемен-ақ талай шаруаны дүр сілкіндірді десек нанар ма едіңіздер? Бір жыл емес, тұтас ширек ғасыр бойы. Және басшылық қызметте. Басшылық болғанда – қиюы кеткен колхоз жұмысын ұйымдастыруда...
Рсалы Тұрымбетов екінші топтағы соғыс мүгедектігіне қарамастан қос балдақпен жүріп, ауылға оралған 1944 жылдың қаңтар айынан бастап “Алға” колхозында бас есепшілік қызметін жалғастырады. Сол жылдың қараша айында оны колхозшылар басқарма төрағалығына сайлайды. Жұмыс істей жүріп ауыл шаруашылығы техникумын бітіреді. Одан соң шаруасы кері кеткен “Аралқұм” колхозына басқарма төрағасы болып ауысады. 1949 жылы майда шаруашылықтар ірілендіріледі. Бес колхоз біріктіріліп, оған Карл Маркс аты беріледі. Басқарма төрағасы тағы да Р.Тұрымбетов. Міне, осы кезде Рсалы ағамыздың ұйымдастырушылық қабілеті айрықша танылады. Машинаның жоқ кезі. Ертелі-кеш аттан түспейді. Жауапты істің басы-қасында өзі жүреді. Өзі жарымжан. Оның есесіне рухы күшті, аса алғыр, талапшыл, барынша әділ. Өзіне дейін басқарма тұрақтамаған, бір жылға жетер-жетпестес төрағасы істі болып кеткен колхозды бұл Рсекең табан аудармастан, яғни кеңшарға айналғанша сегіз жылдай басқарды. Бастамашыл, жаңашыл болды. Жайбарақат, жалқау, марғау қалыпты бұзды. Жас-кәріні еңбекке тартып, орын-орнына қоя білді.
– Шаруашылық тұңғыш рет егін екті. Сонда Рсекеңнің өз әйелі Маңдайлы орақшылардың алғы сапында жүрді, – дейді сол жылдары жылқы-түйе бригадирі болған Ақай Бекпанов. – Басқарманың әйелі бесіктегі баласымен егінде жүргесін өзгелерге не жатыс болсын. Әр еңбек күнге 20-25 сомнан айналды. Ол кезде бұл өте көп ақша.
Осындай еңбектің арқасында Рсалы басқарған колхоз миллионер атанып, аудандағы 46 шаруашылықтың алдына шықты. Су жаңа екі бірдей жүк машинасын алды. Ол елге құт болды.
Бірақ кейбіреулер оны көре алмаған жағдайлар да кездесті. Ауылдағы салпы еріндер арызды үсті-үстіне айдаған. Арыз тексерілген. Анықталмаған. Тағы жазылған. Тағы анықталмаған. Малда ес бар ма? Колхоздың қысқа дайындаған шөбіне түседі. Күзетшіні пышту демейді. Мал иесіне үш-ақ қайтара ескертеді. Төртіншіде сиырдың “бас содырын” атып тастайды. Арызшыларға факт табылады. Әйелдері ұл тапқандай қуанады. Арыз тексеріледі. Факт рас. Рсекең мойындайды. Жуан сөгіс алады. Өлген малдың құнын төлейді. Бірақ енді колхоз шөбіне мал түспейтін болады...
Колхозды ұзақ жыл басқарады. Дәулеті шалқиды. Басқалар алмайтын техниканы, өзге де керек-жарақты осы колхоз алады. Неге? Р.Тұрымбетов ауданды паралап тастаған дейді. Арыз қарша борайды. Атқа мінсең де арыз, аттан түссең де арыз. Тексеріледі. Дәлелденбейді. Әйтсе де бопсалап айдай береді. Кешкілік... Колхоздың бетке ұстар құла жорғасын жетекке алып Рсекеңе жақын жүретін бригадир қалаға тартады...
– Ал кетті! – дейді арызқойлар.
– Қайда?
– Қалаға-параға...
– Айда ізіне түсіңдер!..
Ізіне түседі. Айна-қатесіз. Қалаға кіріп, құла жорға үлкен бір бастықтың шарбағына байланады. Әп, бәрекелді! “Тұрымбетов! Ұсталған жерің осы”, – деп арызшылар таңсәріден біріншінің қабылдауында отырады... Ертелетіп дабыл қағылады. Тұрымбетовті дереу келтіріңдер! Рсекең жедел жетеді. Біріншінің түсі суық.
– Құла жорға қайда?
– Жылқыда...
– Коммунист Тұрымбетов! Бұра тартпаңыз. Дереу тексеріледі!..
– Тексеріңіз!
– Комиссия оралғанша қалада боласыз!
Комиссия барып, қайтып келеді. “Құла жорға жылқыда жүр”, – деген анықтама әкеледі. Олай болатын себебі, арызқойлар құла жорғаның шарбаққа кіргенін көргенімен оның таң біліне шарбақтан қайта шығып кетіп, жылқы үйіріне қосылғанын сезбей қалған-ды...
* * *
Сізге бір сенсация айтайын ба? – деді, – Дүзбай ақсақал.
– Е-е, айтыңыз?
– Рсалы Тұрымбетовпен бес жылдай қызметтес болдым, халық десе жан беретін, нағыз жанкештінің өзі еді. 1952 жылдың күзінде колхоз жерінің көбі әскери зонаға кетті. Малшы үйі, мал қорасы, құдық, орылған бидай да сонда қалды. Ұйқы-тұйқы көшірілді... Азап қой, азап! Өтемақы берілетін болды. Документ жасалып, мөрлер басылды. Рсекең бір базды үш баз (бір базда жабық қора, ашық қора және арық-тұрық қамайтын қоралар барды. Үш цифрды осылай пысықтады) етіп көрсетті, семьяда бес адам болса, жеті-сегізге өсірді. Өйткені, семья басына екі мың, ал семья мүшелеріне бір мың сомнан беріледі. Ал құдық санын 500 деп нақтылады. Біз қорықтық. Ал Рсекең саспайды. Айтатыны: “Кетсем – мен кетем, оның есесіне жұрт байып қалады”, – дейді. Колхоз есебіне бірнеше миллион сом ақша түсті. Малшыға үй, малға қора-жай салды. Құдық қазатын, су тартатын техникалар келді. Халық ақшаны ведомысқа қол қойып алып жатыр. Өз көздеріне өздері сенбейді. Мұғалімдер де, оқушылар да, орталықтағы өзге интеллигент, жұмысшылар да, тіпті қаладан келіп алғандар да бар.
– Өзге колхоздар аң-таң. Олар, мәселен, құдық санын елуден асырмаған. Семья мүшелерін дәлме-дәл көрсеткен. Бұл қалай? Тұрымбетов ауылын байытуда. Күншілдер жаз арызды дейді. Арыз Мәскеуге кетеді. Бір күні папкасын құшақтап бір генерал келді. Жанында нөкері бар. Екеуінің сөзін аударушы мен болдым. Рсекең малшы қауымның азабын, бейнетін, елді асыраудағы еңбегін жайып салды. Генерал елуді еңсерген байсалды, түсінікті адам екен. Ал Рсекең әлі қырыққа да жетпеген 35-36 жас арасында. Генералды өткір сөзімен тәнті етті. “Айталық, – деді Рекең, – бір отарда 500 аналық қой бар. Оны екі адам – ері мен әйелі бағады. Мал төлдейді. Көмекші керек. Ауыл түгел қолғабыс береді. Малға шөп керек, жем керек, қора-қопсы керек. Көшіп-қонады, қыс айлары шатақ. Үскірік аяз, қарлы боран, малдың қиын ойып алып, сыртқа шығару керек. Осының бәрін кім істейді? Әлгі екеудің күші жете ме? Жетпейді. Сол себепті қысы-жазы көмекке зәру. Ауылды жабамыз. Жүдә қаладан шақыртамыз. Оларға еңбек ақы төленбейді. Міне олардың аты-жөні, тізімі”, – деп алдына қалың дәптерді тастады. Сөйтсек, Рекеңде бәрі жазулы, есептеулі екен ғой. Солардың бәрін ақша алу ведомысына енгізіпті. Генерал таңдана қарап отырады да:
– Құдық саны 500 депсіз. Өзгелерде 50-ден аспайды, бұл қалай? – деді.
– Бізден әскери зонаға кеткен құдық саны 500-ден көп. Бұл қайта сыпайылағанымыз, жүріңіз көрсетейін, – деді.
– Көрсетіп пе?!
– Көрсетіпті, – деді Дүзбай күліп. – Зонадан көшіп шыққан екі қой отарының жұртынан 25-30 құдықтың жобасын тауып бергенде, генерал басын шайқап: “Жетер осы”, – деп кері қайтыпты. Мал жайылымында құдық көп-ақ. Баяғы 17 мың жылқы айдаған Құлсары байдан қанша құдық қалды десеңші!
– Рсекең ауылдық кеңеске төраға болып қашан ауысты?
– 1965 жылы ғой. 1975 жылы Ұлы Жеңістің 30 жылдығы қарсаңында осы ескерткішті тұрғызды. Келесі 1976 жылдың 29 сәуірінде ауырмай-сырқамай құлады. Сөйтті де бақилыққа аттанды.
* * *
Иә, содан бері де тағы зулап 35 жыл өте шығыпты. Биыл сол Жеңістің 65-жылдығы аталып өтті. Соғыстан елге оралмаған боздақтарға арнап Рсалы Тұрымбетов орнатқан ескерткіш басында әлі тұрмыз. “Өзгеге сәуле шашып өзім жанып барамын”, депті ғой бір дәрігер. Сол айтпақшы Рсекең де өзгелерге деп өзегін үзген жан. Бірақ сол протез аталған адамға қойылған ескерткіш те, атына берілген көше де жоқ. Осындай да бір ұмытшағымыз бар-ау!
Ш.ДӘРМАҒАМБЕТҰЛЫ, дербес зейнеткер.
Қызылорда облысы, Арал ауданы, Шижаға ауылы.