29 Қазан, 2010

Оқшаулағыштардағы олқылықтар

353 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін
Бас Прокурор Қайрат Мәмидің төраға­лық етуімен Бас прокуратураның алқа оты­ры­сы болып өтті. Онда Ішкі істер министрі­лігінің уақытша ұстау оқшаулағыш­тары қызметіндегі заңдылықтың сақталу барысы, сондай-ақ айыппұлды өндіріп алу жөніндегі қаулыларды орындау кезінде заңдылықты қамтамасыз ету нәтижелері талқыланды. Алқа жұмысын ашқан Қ.Мәми отырысқа Ішкі істер, Әділет, Қаржы, Денсаулық сақтау министрліктері, Жоғарғы Сот өкіл­дері, Алматы, Астана, Павлодар, Шығыс Қазақ­стан облыстарының прокурорлары қатысып отырғанын айта келе, еліміздің Ата Заңы адамның жеке құндылықтары мен бостандығын жоғары қоятынын және осыған орай біздің еліміз алпыстан аса адам құқықтары саласындағы халықаралық шарттарды ратификациялағанын жеткізді. Олардың арасында негізгілері халықаралық азаматтық және саяси құқық пактісі мен адам­ды азаптау мен шектен шыққан жаза­лауға қарсы конвенция болып табылады. Тұтастай алғанда құқық қорғау орган­дарының қызметі азаматтардың құқын қорғау мен кез келген құқық бұзушылықтың алдын алуға бағытталуы тиіс екендігі белгілі. Бірақ, адамның құқы мен бостандығын сақтау заңдылығы сеніп тапсырылған ішкі істер органдарының өз тарапынан бұзылып жататындығы өкінішті-ақ. Ұсталған адам­дар­ға қатысты жүргізілетін қылмыстық про­цессуалдық заң талаптары полиция қыз­меткерлері тарапынан тиісті дәрежеде сақ­тал­майтындығы жасырын емес. Міне, осы және басқа да прокурорлық тексерістерде анықталған көптеген заң бұзушылықтар алқа отырысында ашық айтылды. Прокурорлар заң бұзушылықты айта отырып, оны бейнекөріністермен іс жүзінде дәлелдеп көрсете білді. Одан байқағанымыз, ішкі істер жүйесінде 217 уақытша ұстау оқшаулағыштар жұмыс істесе, оның тек он сегізі ғана бөлек ғимараттарға орналасқан. Қалғандары ведомстволық бағынышты­лыққа байланысты ішкі істер ғимараттарын­да орын тепкен. Одан да сорақысы олардың бірқатары жартылай жертөлелер болып шықты. Ал бұл ұсталғандарды қамау ереже­сіне мүлде сәйкес келмейді. 1955 жылы БҰҰ бірінші конгресінде қабылданған бұл ережелерге сай ұсталғандарды қамау орны санитарлық жағдайға толық сәйкес келуі тиіс. Мәселен, Өскемендегі жертөледе орна­лас­қан уақытша ұстау оқшаулағышында күн сәулесінің түсуі түгіл, электр жарығы да жоқ көрінеді. Ал мұндай жағдайда ұсталғандар­дың тәулік бойы қапаста отыруының өзі адам құқын таптағандық болып табылады. Өйткені, мұндай түнекке әйелдер немесе кәмелет жасына жетпеген балалар, тіпті қарттар да қамалады екен. Кейбір уақытша ұстау оқшаулағыштары темір есіктерінің тор көзінен күн сәулесі түспейді, таза ауа да кірмейді. Осыларға камералардың ішінің иісі мен ылғалдығын қоссаңыз және адам­дар­дың онда толассыз қамалатынын ескер­сеңіз, жұқпалы аурулардың ордасына айнал­масына ешкім кепілдік бере алмайды. Оған жеткізіл­ген әрбір ұсталғанның туберкулез ауруына шалдыққаны да тексеріліп жатпайды. Мәсе­лен, үстіміздегі жылы уақытша ұстау оқшау­лағышынан тубер­кулездің ашық түрімен ауыратын екі айып­талушы Астана қаласы­ның оқшаулағышына ауыстырылған. Оның үстіне олар оқшау­лағышта дені сау адамдар­мен бірге болған. Жалпы, уақытша ұстау оқшаулағышы қылмыс жасаған, яғни соған сай күдікті деп табылған адамдарды заң талабына сәйкес уа­қыт­ша қамайтын арнайы орын болып табы­лады. Алайда, прокурорлардың айтуына қара­ғанда, ішкі істер қызметкер­лері кейде қылмыс жасағандарды әкімшілік құқық бұзғандар бөлмесіне қамайтындығы да белгі­лі болып отыр. Бұл бірқатар жағдайда адам­дар­дың өз-өзіне қол жұмсауымен аяқталған. Үстіміздегі жылы осындай екі жағдай тірке­ліпті. Мәселен, Теміртау қаласында ұрлық жасады деген күдік­пен қолға түскен Д-ны ішкі істер ғимара­тының кезекші бөлімінде орна­ласқан әкімші­лік құқық бұзушылық тәртібі­мен ұсталғандар арасына қамаған. Үш сағат­тан соң ол асылып қалған. Міне, прокурорлар тіркеген осындай адам төзгісіз жағдайларға, яғни адам құқының шектелгендігіне байла­ныс­ты уақытша ұстау оқшаулағыштарының қызметіне талдау жүргізудің мәні зор. Ал қа­маудағылардың ұс­тау жағдайын және ғима­раттар мен бөлме­лердің күйін белгіленген та­лап­тар мен нор­ма­тивтерге сәйкес келтіру азаматтардың құ­қық­тары мен бостандық­тарын қорғау кепіл­діктерін күшейту қажетті­лігін білдіреді. Сон­дықтан да жоғарыда айтыл­ған мәселе­лерге байланысты бірқатар уақытша ұстау оқшау­лағыштарының қызметі талапқа сай кел­мегендіктен сот шешімдерімен тоқтатылған. Алқа отырысының қорытындысы бойынша, Бас Прокурор анықталған заң бұзушылықты жою, уәкілетті органдар тарапынан бақылауды күшейту, про­курор­лық қадағалау мен ведомстволық бақылау­дың рөлін арттыру, қалыптасқан ахуалды жақсартуға байланысты үйлестірілген әре­кеттерді әзірлеу бойынша тиімді шара­ларды қабылдау қажеттігіне назар аударды. Александр ТАСБОЛАТОВ.