Қазақстанның халық әртісі, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, композитор Шәмші Қалдаяқовтың 80 жылдық мерейтойына орай биыл елордада алғаш рет “Менің Қазақстаным” атты халықаралық ән фестивалі тұсау кеспек
“Ұлы Дала сазы”, “Шабыт” халықаралық фестивальдері мен “Елім менің” республикалық патриоттық әндер байқауын қоспағанда, астанада белгілі тұлғалардың атында бірнеше өнер сайыстары өтіп жатады. Мәселен-ки, Құрманғазы атындағы республикалық халық аспаптарында орындаушылар, Әміре Қашаубаев атындағы республикалық дәстүрлі әншілер байқаулары дегендей. Бір қарағанда, жарыстан, сайыстан кенде қалып жатқан жайымыз жоқ секілді көрінуі мүмкін. Бірақ солай дегенмен де көңілге әлі де болса бір адамның аты жетпей тұрғандай түйілетін. Бұл әрине, шіркін, Шәмшінің әндеріне қатысты жыр ғой баяғы. Өңірлерге өкпе жоқ, біраз аймақта композитордың мерейтойына байланысты шығармалары шырқалып, Шәмші әніне сусаған жұрт мөлдір сазды мейірлері қана жұтқан. Қырық жылдан астам шығармашылық қызметінде 300-ге жуық музыкалық мұра жазып қалдырған “Қазақ вальсінің короліне” деген құрметтің белгісіндей енді, міне, елордада қарашаның 11-13-і аралығында Мәдениет министрлігінің мұрындық болуымен халықаралық фестиваль тұсау кеспек.
“Қазақстан” орталық концерт залында өтетін гала концертке еліміздің белгілі өнер шеберлерінен Қазақстанның халық әртістері Бибігүл Төлегенова, Нұрғали Нүсіпжан, Алтынбек Қоразбаев, Нұржамал Үсенбаева, сондай-ақ Бағдат Сәмединова, Рамазан Стамғазиев, Алтынай Жорабаева, Медеу Арынбаев, Толқын Забирова, Қарақат Әбілдина, Бауыржан Исаев, Мәдина Сәдуақасова, Маржан Арапбаева, “Жігіттер” тобы сынды тағы да басқа танымал жұлдыздар қатысып, Шәмші фестивалі ел есінде қалар өнегелі өрнектерге толы болмақ.
Шәмшіге халқы қандай құрмет көрсетсе де жарасады. Өзі өмірден өтсе де артындағы ұрпағы аяулы азаматтың рухани жауһарларын қадірлеп, жақында Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты атағына ие болуының өзі өнер иесіне деген туған жұртының жүректен бөлінген жылуындай қабылданып жатыр. Күллі қазақтың жан айдынын әсем әнмен тербетіп, көңіл көліне аққу сазын қондырған жанға биыл шырайлы Шымкентте ескерткіш орнатылса, араға көп уақыт салмай елордада оның 80 жылдық мерейтойына орай халықаралық ән фестивалін өткізуді қолға алу Шәмші әндерінің жаңа кезеңі басталғанын көрсетеді. Және ол бір реттік шарамен тоқтап қалмай, композитордың шығармаларын ел арасында орындап жүрген дарынды жастардың өнеріне қолдау көрсету, қазақ эстрадасының маңдайалды шеберлерінің өнерін кейінгі жас буынға үлгі ету, сондай-ақ саз саңлағының рухани мұрасын ұдайы ұлықтап, ұлағаттап, жұртшылыққа кеңінен насихаттау мақсатында жыл сайын тұрақты өтіп тұрмақ. Шәмші әуелеткен “Менің Қазақстаным” бүгінде жүректерді тулатып, намысты ширатар рухты дүниеге айналса, ендеше халықаралық фестивальді өткізу идеясының астарында үлкен ұғым, елім, жерім, тілім деген жұрттың үніне елордадан бүкіл елдің құлағын түргізу мұраты жатыр. Тағы бір құптарлық тұсы – аймақтарда өткен байқауларда жеңімпаз атанған он бес үміткер ғана бақ сынап қоймайды, шетелдердегі қандастарымыз, мәселен, Қытайдан Жолдыбай Дулатұлы, Ресейден Айдана мен Гүлдана Омаровалар, Өзбекстаннан Серікжан Жанахметов, Моңғолиядан Айгүл Халидолда, Тәжікстаннан Әлихан Жылқыбаев пен Әлфия Кәрімова сынды үміткерлер қатысады деп күтілуде. Фестивальдің алғашқы екі күнінде олар өз өнерлері бойынша сынға түсіп, композитордың таңдаулы екі әнін жанды дауыспен орындайды. Шәмші байқауы осылайша бір жағы өнер майталманына деген құрмет болып саналса, екінші жағынан бүгінде компьютердің көмегімен, фонограммамен ән айтатын жасанды өнерпаздардың көбейіп кеткені белгілі, сол себепті эстрададағы осындай келеңсіздікпен күрес үшін де маңызды болмақ. Бұл – бір, ал екіншіден, орындаушылық шеберлік, әннің байқау тақырыбына сәйкестігі, музыкалық өңдеу, сахна мәдениеті мен киім үлгісі сияқты тұстар қатар ескерілетін байқауда жеңімпаздарға тігіліп отырған бәйге де қомақты. Бас жүлде – 750 мың, бірінші орын – 450 мың, екінші жүлде – 300 мың, ал үшінші орын алған әнші 150 мың теңгеге ие болмақ.
Шәмші ағамыздың жүрек тебірентер әсем әндері қай заманда да ескірмейтін, кешегі толқын мен кейінгі буынды мәңгі жалғастыра берер арадағы алтын арқау десек, сол ән шаңырағының елордада орын теппегі мерейді үстем етеді. Бәйгеде бақ сынайтын жас әншілер келешекте осы шаңырақтың ішін шамшырақтай жарқыратады деп үміттендіреді. Өйткені, Шәмші әндерін заманауи жаңғырту ісі келешек еншісінде жатыр. Олай деп айтатын себебіміз, әннің әр кез әрленіп, өңделіп, жаңа қырынан түрленуі – заман талабы. Сонау жетпісінші, сексенінші жылдарғы сарын мен бүгінгі күннің әуен-ырғағын салыстыра алмайсыз, одан бері қарай көп нәрсе өзгерді. Күй мен терме эстрадалық заманауи үлгімен қайта түлеуде, халық әндері классикалық, эстрадалық жанрда жаңғыруда. Сол секілді Шәмші әндері де уақыт көшінен қалмауы керек. Осы фестиваль және оған қатысатын балғын үндер арқылы Шәмшінің ән бағы барынша нұрланып, тәтті әуезге тәмам халық тамсанады деп сендіреді.
Қарашаш ТОҚСАНБАЙ.