Алматыда С.Асфендияров атындағы Қазақ ұлттық медицина университетінің 80 жылдығы аясында ҚР ҰҒА академигі, ДДҰ-ның кеңесшісі, Леон Бернард атындағы ДДҰ-ның жоғары марапатының және ҚР Мемлекеттік сыйлығының лауреаты, Қазақ тағамтану және профилактикалық медицина академияларының президенті, медицина ғылымдарының докторы, профессор Төрегелді Шармановтың 80 жылдығына арналған “Тағамтану және денсаулық” атты халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференция өтті. Конференция жұмысына АҚШ, Ресей, Қырғызстан, Өзбекстан, Тәжікстан, Эфиопия және тағы басқа 20-дан астам елдің делегаты, халықаралық медицина саласындағы қоғамдық ұйымдар өкілдері, сонымен қатар қала әкімі Ахметжан Есімов қатысты. Жиында денсаулық сақтау және тағамтану саласындағы өзекті мәселелер талқыланып, сондай-ақ Тағамтану академиясының тағамтануды халықаралық деңгейде дамытудағы рөлі мен бұл саладағы ғалымның сіңірген еңбектері жайлы кеңінен сөз болды.
Конференцияға қатысушылар жиынды С.Асфендияров атындағы Қазақ ұлттық медицина университетінде “Өмір өзегі” ескерткішінің салтанатты ашылу рәсімінен бастады. Одан кейін университеттің Конгресс холдағы алқалы жиынында Алматы қаласының әкімі Ахметжан Есімов Мемлекет басшысының мерейтой иесіне құттықтауын жеткізді.
“Құрметті Төрегелді Шарманұлы! Сіз еңбек жолыңызды ауыл дәрігері болып бастап, еліміздің денсаулық сақтау министріне дейінгі қызметтердің бәрін де абыроймен атқарып, жұртшылықтың шынайы алғысы мен құрметіне бөленіп келе жатқан азаматсыз. Қай істе де өзіңізді білімді маман, дарынды ұйымдастырушы, қашанда ел мүддесін басты міндет санайтын, жан-жүрегіңіз таза тұлға ретінде таныта білдіңіз. Ғылым жолындағы қызметіңіздің де өте жемісті екеніне сүйсінеміз. Ғылым докторы, профессор, медицина институтының ректоры, КСРО медицина ғылыми академиясының академигі бола жүріп, бірнеше жүздеген ғылыми еңбектер жаздыңыз. Әлемдік медициналық ғылым саласына қосқан үлесіңіз ДДҰ-ның Леон Бернард атындағы халықаралық сыйлығымен аталып өтілді. Кейінгі жастарымыз әрдайым өзіңіздей абзал ағалардың жолын ұстап, өнегесін үлгі тұтып өссе екен деймін. Аман болыңыз, Төке! Зор денсаулық, ұзақ ғұмыр, баянды бақыт тілеймін” делінген хатта.
Өз тарапынан да қала әкімі ғалымды мерейтойымен құттықтап, қол жеткізген жетістіктеріне тоқтала келе, сексен жылдық ғұмырының жарты ғасырдай уақытын ғылымға, оның ішінде отандық медицина саласын дамытуға арнап, өз қолтаңбасын қалдырғанын, түрлі басшылық қызметтерде жүріп, халық денсаулығын нығайту мен жақсартуға сіңірген орасан зор еңбегі Қазақстан медицинасы тарихында мәңгі қалатынын атап өтті.
Қалай десек те Т.Шармановтың есімі Қазақстан медицинасымен тығыз байланысты. Басқасын айтпағанда, оның білікті ұйымдастырушы ретінде 1978 жылы Алматыда 146 мемлекет делегациясының қатысуымен Адамзат денсаулығының ХХ ғасырдағы ұлы хартиясы атанған құжатты қабылдаған ДДҰ-ның халықаралық конференциясын өз дәрежесінде өткізуі, 1988 жылдан өзі негізін қалаған Тағамтану ғылыми-зерттеу институтын бүгінде халықаралық дәрежедегі аймақтық ұлттық академияға айналдыруы, Үкімет алдына азық-түлікте темір, йодтың жетіспеуін жою үшін ұнды микроэлементтермен байыту туралы ұсыныстар қойып, сол жөнінде Елбасына арнайы кіріп, соның негізінде Президент Үкіметке тамақтанудың мемлекеттік саясаты жөнінде доктрина жасауды тапсыруы өз алдына бір төбе.
Т.Шармановтың ұстаздық қызметін де ұмытуға болмайды. Оның жетекшілік етуімен 42 докторлық, 170 кандидаттық диссертация қорғалды, 350 басылымның авторы, оның ішінде 25 монография, 37 өнертабысы бар. Қазір де ұстаздықтан қол үзген жоқ.
Жиында алыс жақын шетелден келген қонақтардың ғалымның еңбегіне жоғары баға беруі отандық медицинаның да мерейін үстем етсе керек. Қырғыз Республикасы Денсаулық сақтау министрінің орынбасары Өмірбай Нұрбеков Біріккен Ұлттар Ұйымының мемлекетаралық байланыс ісі бөлімінің меңгерушісі Александр Зуев, Қазақстан Жазушылар одағының төрағасы Нұрлан Оразалин сөз сөйлеп, мерейтой иесінің жан-жақты еңбегіне тоқталып өтті.
Жиын барысында Т.Шарманов С. Асфендияров атындағы Қазақ ұлттық мемлекеттік медициналық университетінің “Құрметті профессоры” атанса, сонымен қатар мұндай атақ АҚШ-тан келген Бүкілодақтық БҰҰ университетінің проректоры, Массачусет технологиялық институтының профессоры, тағамтану бойынша халықаралық қордың президенті Невин Скримшоуға да берілді.
Конференция Абай атындағы мемлекеттік академиялық опера және балет театрында дүркіреп өткен мерекелік шарамен жалғасты. Онда “Т.Ш.Шарманов – ғалым, азамат, патриот” атты деректі фильм көрсетіліп, еліміздің өнер майталмандары өнер көрсетті.
Гүлзейнеп СӘДІРҚЫЗЫ.