29 Қазан, 2010

“Қазақ күнтізбесінің” жаңа нұсқасы жарық көрді

373 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін
Алдағы жылға арналған “Қазақ күнтізбесі” “Қазақстан” баспа­сынан басылып шықты. Құрас­тыр­ған дейміз, бірақ жазып шыққан Нұрмахан Оразбек десек, әділ болар еді. Өйткені, бұл түрлі мағлұматтарды тізіп шыққан анық­тамалық қана емес, оқырман­ның жанын жадыратар нақышпен жазылған қысқа-қысқа эсселердің, байыпты ақыл-кеңестердің, сарап­тамалардың, ұлттық құндылық­тарымыз туралы тұжырымдардың жиынтығы іспеттес дүние. Жалпы, “Қазақ күнтізбесі” туралы айтқанда, алдымен осынау белгілі қаламгеріміздің ұлттық ны­санамыздың біріне айналған күнтіз­бемізге қамқорлығын аттап өте алмайсың. Түрлі-түрлі қиын­дық­тар­ды бастан кешіп, бірде қағаз, бірде басқасы жетпей жат­қан кезде де, қалайда күнтізбені шығаруды тоқ­тат­пас үшін біраз тер төккені бар. Содан да “Қазақ күнтізбесі” жүйелі түрде жыл сайын шығып келеді. Бұрын жыртпалы дейтін күн­тізбе тек Ресейде басылатын. Оған тапсырыс беріп, оны жеткізу де әжептәуір қаржыны талап етер еді. Сол қиындықтан шығу үшін “Қазақстан” баспасы оның түрін өзгертіп, енді ол әр беті бір күнге арналған шағын кітап ретінде шығатын болды. Бұдан, сірә, барлық жақ та ұтқандай-ау. Баспа шетке тап­сырыс беріп, артық шығынданып жатпай­ды, ал тұтынушы оның әр парағын­дағы мағлұматтарды, анықтамалық­тарды, сондай-ақ пайдалы кеңесті бір оқып, тастай салмайды, қажет кезінде қайта оқу мүмкіндігіне ие болады. Тіпті кейінге де сақтап, ұзақ пайдасын көреді. Енді күнтізбенің мазмұнына келсек, онда алдағы жылы болар талай оқиғалар туралы қысқа да нұсқа дейтіндей мағлұматтар жетер­лік. Ең бастысы – еліміз тәуел­сіздігінің 20 жылдығы атап өтіледі. Бұл ұлы оқиғаны күнтізбе күн сайын еске салады – оның әр беті “Тәуелсіздіктің жиырма­сыншы жылы” деген сөздермен ашылады. Күнтізбеден біз ел қадірлеген талай қайраткерлеріміздің мерейлі мүшелді жасын білеміз. Алдағы жылы тәуелсіз еліміздің тарихын­дағы айтулы тұлға – хан Абылай­дың туғанына 300 жыл толады екен. Ел болып атап өтетін ай­шық­ты мереке. Дина Нұрпейісова­ның 150 жылдығы – өнердің мерекесі болмақ. Қазақ әйелдері ішінен алғашқы ғылым докторы болған Нәйла Базанованың 100 жылдығы – ғылымымыздың бір биігін көрсетпей ме? Әдеби қауым атақты сыншы Есмағамбет Смайыловтың 100 жылдығын атап өтпек. Айта берсек, құдайға шүкір­шілік дейік, еңбегін елі бағалаған абзалдарымыз баршылық екен. Соларды қадірлей білуімізді күнтізбе еске салады. Осынау кімге де болса айтары да, берері де көп дүние әр үйде тұрса, жөн-ақ дейсің. Жөн болған­мен, көп адамға жетпейді, таралы­мы аздау. Сөйтсе де, соның өзі бай­қаусызда қалтарыста қалып қоймай, қажет еткен адамға жетсе құба-құп. Мамадияр ЖАҚЫП.