Мәжіліс Төрағасының орынбасары В.Бобровтың жетекшілігімен өткен палатаның сәрсенбі күнгі пленарлық отырысында он екі мәселе қаралды. Басында күн тәртібінде сегіз мәселе болғанымен, артынша оның бюджеттік заңдық құжаттармен толыққандығын айта кету керек.
Шаруа қожалықтарының қызметі мәселелері бойынша кейбір заңнамалық актілерге өзгерістер мен толықтыруларды қарастыратын заң жобасы бірінші оқылымда қаралды. Аталған заңдық құжатта ауыл шаруашылығына арналған құрылыстар мен ғимараттарды салатын жер учаскелерінің бағасын өсірмеуге қатысты норма енгізіліп отыр. Жобаны әзірлеушілердің пайымынша, бағаның мұншалықты шарықтап кетуі атқарушы органдар тарапынан норманы дұрыс қолданбаудан туындаған. Соның салдарынан жер учаскесіне деген баға базалық құнының 10 пайыздық ставкасымен сатылып келген. Осылайша жер бағасы орташа есеппен 8-10 есеге дейін көтеріліпті.
Жер кодексіне сәйкес, жер учаскелері конкурстық негізде беріледі. Ал техника, құрал-жабдықтар, ауыл шаруашылығы құрылыстары азаматтық заңнамамен реттеледі. Шаруа қожалықтарының тарқап кетпеуі үшін де одан шығудан бұрын кем дегенде 5 жыл жұмыс істеу қажеттігі де заң жобасында көрініс тауыпты. Жерді 10 жылдан 49 жылға дейінгі мерзімге жалға беру өз кезегінде жергілікті жерлердегі 1-2 жылдық қысқа мерзімге жалға беру оқиғаларының алдын алып, шаруалардың ұзақ мерзімдерге жерге қаржы салуын ынталандыруы тиіс. Депутаттар осы ретте бірқатар мәселелерге назар аударды. Атап айтқанда, қазіргі таңда ауыл шаруашылығы жерлерінің біразы дерлік пайдаланылмай келеді. Көптеген жерлер шаруа қожалықтарына беріліп тасталғандықтан, мал жайылымдары таршылық көруде.
Осы ретте бірқатар мәліметтер де белгілі болды. Өткен жылы еліміз 805 мың тонна ет өндірсе, жалпы тұтыну көлемі 1 миллион 40 мың тоннаны құраған. Сырттан 19 мың тонна ет алынып келінгені де белгілі болды. Ал 1990-жылдары еліміз, керісінше, сыртқа 180 мың тонна ет сатқан еді. Қазір Қазақстан өз өнімдерін көрші Ресейге сатуды көздеп отыр. Солтүстік көршіміз жылына 3,5 миллион тонна етті сырттан, оның ішінде Оңтүстік Америка елдерінен сатып алады екен. Ал Қазақстанда өндірілген ет бәсекеге қабілетті емес екендігі де айтылмай қалмады. Бірқатар сын-ескертпелерден кейін заң жобасы бірінші оқылымда қолдау тапты.
Депутаттар екінші оқылымға ұсынылған салық салу мәселелері бойынша кейбір заңнамалық актілерге өзгерістер мен толықтыруларды көздейтін заң жобасын да мақұлдады. Онда келесі жылдан бастап темекі өнімдеріне деген акцизге бағаны 0,25 пайызға өсіру көзделген. Осылайша баға 2012 және 2013 жылдары 0,25 пайызға өсіп отыруға тиіс.
Отырыс барысында Ұлттық қордан 2011-2013 жылдарға арналған кепілдендірілген трансфертке қатысты заңдық құжат та қаралып қолдау тапты. Жалпы, “2011-2013 жылдарға арналған республикалық бюджет туралы” және соған жапсарлас заң жобалары бұған дейін “Нұр Отан” ХДП-ның Мәжілістегі фракциясында жан-жақты талқыдан өткен болатын. Сондықтан депутаттар бюджеттік заңдық құжаттарды тағы да талқылауды артық көріп, мақұлдауды ұйғарды.
Отырыста күн тәртібіндегі басқа мәселелер бойынша да тиісті шешімдер қабылданды.
Асқар ТҰРАПБАЙҰЛЫ.