16 Қараша, 2010

Баукеңнің бағалы тәбәрігі

536 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін
Иә, батыр Бауыржаннан қалған бір құнды тәбәрік Се­мейден табылып отыр. Кезінде Бәукеңнің “бостандық аралы” атанған Куба елі басшы­ларының арнайы шақыртуымен әлемнің екінші бір қиырына барып келгені баршамызға мә­лім. Сол сапар соңында аты аңызға айналған Фидель Кас­троның інісі Рауль Кастро екінші бір аңыз кейіпкері батыр бабамызға ою-өрнегі көз тар­татын бамбук ағашынан жасал­ған таяқты сыйға тартыпты. Осы құнды жәдігер бүгінде қа­ламен жапсарлас Шығыс кен­тінде тұратын Оразғайша Құр­манғалиева деген кейуананың қолында көрінеді. Оны жуырда қалалық “Ертіс өңірі” газетінде “Батыр бабаның таяғы” деген атпен жарық көрген мақаладан оқып білдік. Оқып білдік те аталған басылымның таралымы аздау екендігін ескере отырып, бұл жаңалықты қалың оқыр­манға ел газеті “Егемен” ар­қылы жеткізгенді жөн көрген едік. Ондағы жазылған кептің қысқаша баяны төмендегідей. Жоғарыда есімі аталған Ораз­ғайша апа бұл жаққа Тарбаға­тай ауданындағы Ақжар ауылы­нан келген көрінеді. Сонда қы­рық жылға жуық білім сала­сында еңбек етіпті. Ал енді алпы­сыншы жылдары Мәскеу барып, айды аспанға шығарып Кремльде өнер көрсеткен Ақ­жар ауылы өнерпаздарының атақ-даңқын алдыңғы буын өкілдері жақсы білсе керек. Бірақ... Иә, бірақ сол шақта ауыл өнерпаздарына көмекке келген атақты режиссер Асқар Тоқ­па­новтың Мәскеу сахнасына қой­ы­луға тиіс Мұхтар Әуезов­тың “Қарагөз” трагедиясы және Шың­­ғыс Айтматовтың шығар­ма­сы бойынша қойылған “Ана — Жер Ана” спектакльдеріндегі Мөржан мен Толғанайдың рөліне лайықты өнерпаз таппай қиналғанын кім біліпті. Сөйтіп, бұлар тығырық­қа тіреліп отыр­ғанда мәдениет үйіне Бағдат Рахметова деген ауыл аруы “Өй, азаматтар, қай­дасыңдар?” деп кіріп келсе ке­рек. Сонда театр тарланы атанған Асекең “Міне, Мөржан келді” деп екі рөлді де бірден бұған ұсы­ныпты. Сөйтіп, дай­ындыққа да кірісіп кетіпті. Содан бұлар Мәскеуге ба­рып қонақ үйге орналасып жатса, қолында осы таяғы бар батыр Бауыржан келе қалыпты. Ерке де батыл Бағдат еш жас­қанбастан халықтың ардақ­ты­сына “ассалаумағалейкум” деп сәлем береді. Бұған таныс адамы­ның қызын көргендей қуан­­ған Бәукең Бағдаттан “Әкең бар ма?” деп сұрайды. Бұл әкесінің соғыс ардагері екен­дігін айтады. Сонда мәрт батыр еш ойланбастан қолын­дағы таяғын “Әкеңе апа­рып бер” деп ұсынады. Онымен де шектелмей ақжарлық бой­жеткенге “Куба әсерлері” деген кітабын және ұсынып, батасын да береді. Батырдың шапағаты шығар, бұлар Мәскеу сапары­нан абыройлары асқақтап қайтады. Ал Оразғайша апа ақжарлық дәрігер, соғыс ардагері Құр­манғали Талтақовтың келіні болса, Бағдат апай сол кісінің қызы. Бағалы тәбәрік бастап­қыда соғыс ардагерінің, сонсоң Бағдаттың өзінің қолында бо­лады. Қазірде жоғарыда айт­қандай соғыс ардагерінің келі­нінің қолында. Ол кісі енді оны Бағдаттың балаларына табыс­таймын дейтін көрінеді. Бұл арада біздің билік ай­тып жатқанымыз дұрыс болмас. Солай дей тұрғанмен, оның ендігі орны биылғы жылы мемлекет қарамағына көшкен Жуалыдағы батыр мұражайы ма дейміз. Батырдан қалған бағалы тәбәрікті елу жылға жуық бір ғана әулет қызықтаса, енді оны халықтың көзайымына айнал­ғаны жөн болар. Өйткені, Абы­лайдың қамқа тоны да қайта ай­налып халықтың рухани мұ­ра­сына келіп қосылып жатқан жоқ па! Дәулет СЕЙСЕНҰЛЫ, Семей.