16 Қараша, 2010

Көмір жетіп те, өтіп те жатыр ма?

420 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін
Сіз не дейсіз? Былтырғы жыл Семей өңірінің халқы үшін ауыр болды. Қыс басталмай жатып, мал қолға қарап қалған соң, жем-шөп жетіспей әжептәуір шығынға жол берілді. Жығылғанға – жұдырық дегендей, көмір тапшылығы екінші жағынан және қысты. Биыл тәубе дейік, ауыл еңбеккерлері алдағы қысқа мүмкіндігінше қам жасаған секілді. Бірақ, өкінішке қарай, жергілікті халықты көмірмен қамтамасыз ету мәселесі қиынға түсіп тұрған сияқты. Қала сыртындағы бірден-бір көмір қоймасындағы кезектің ұшы-қиыры көрінбейді деседі білемін деушілер. Соған орай көмір бағасы да шарықтап барады деседі олар. “Егемен Қазақстан” газетінің Семей өңірі бойынша тілшісі Дәулет Сейсенұлы “ҚТЖ” ҰК” акционерлік қоғамының Семей темір жол бөлімшесінің бастығы Бақтыбек Мұхаметжановқа: – Сіз бұған не дейсіз? – Бұл – біздің күнделікті назарымызда тұрған мәселе. Соған орай өз тарапымыздан тиімді шаралардың бәрін іске қостық. Соның нәтижесінде, үстіміздегі қараша айының ал­ғаш­­қы онкүндігінде көмір тасымалдау жос­па­рын артығымен орындадық. Соның ішінде Семейге жоспардағы 29 мыңның орнына 33 мың тонна­дан астам көмір жеткізіп беріп отыр­­мыз. Бұл – белгіленген жоспар 111 пайыз болып орын­далды деген сөз. Ал облыс бойынша жоспар 177 пайызға орындалып отыр. Тек соңғы бес күнде тәулік сайын вагон са­нын 360-қа жеткізуге қол жеткізілді. Со­лайша біздің темір жол бөлімшесі өздеріне жүк­телген барлық міндетті орындап келеді. Яғни, көмір тиейтін вагондарды уа­қытында бе­ріп, тиісті жерге жеделдетіп жіберу, келіп жет­кен көмірді тездетіп түсіріп алу жұ­мыс­­тарында кемшілік жоқ. Былтырғы жыл­дың осы мерзімімен салыстырғанда біздегі жұмыс қарқыны 15-20 пайызға артқан. Ал ендеше көмір жетіспей, кезек неге азай­май тұр дейсіз ғой. Бұл арада көмірдің бағасын қолдан көтеру әрекеті байқалады. Қаражырада оның бір тоннасының бағасы үш мың теңгедей болса, мұнда алты мыңға шы­ғып кетті. Яғни, өз құлқынын ғана ойлағандар халықтың арасында алдағы қыс қатты болады, көмір жетіспейді деген қауесет сөзді тарата отырып, оның бағасын арттыра түсуде. Сон­дықтан жергілікті халықтың мұндай қауесет сөзге ермей, сабыр сақтауын өтінеміз. Ал оларды қажетті көмір қорымен қамтамасыз етуді өз жауапкершілігімізге алатындығы­мыз­ды ресми түрде мәлімдейміз. Семей.