16 Қараша, 2010

Талғардағы тағылымдар

833 рет
көрсетілді
8 мин
оқу үшін
Ел ежелден біледі: Алатаудың бауырында Талғар деген аудан бар. “Талғар қала, арман қала” деп жырлайды жергілікті ақындар. Тұрар Рысқұловтың кіндік қаны тамған, Бауыржан Момышұлының мәңгілік даңққа сапарын бастаған қасиетті өңір де осы. Шырайлы Шымкентін шырылдап қорғайтын, ал кемшілігі болса шымбайына батырып, мақтамен бауыздап айта да білетін Мархабат Байғұт­шы­ла­сақ, осы Талғарыңызда бүгінгі күннің де тағылымдары жетерлік. Атын аудан десек те, мұндағы жарқын өнегелер Талғардың затын республикалық жоғары деңгейден көрсетуде. Республиканы қойып, халықаралық, әлемдік биіктерге шығып кеткен. Осындағы “Ақбұ­лақ” спорттық-сауықтыру кеше­нін­де биыл жазда дүние жүзінің 56 елінің сыртқы істер министрлері бас қосқан алқалы жиын өткені белгілі. Сөйтіп, алда болар Астана Саммиті туралы түйінді шешім Талғарда қабылданған еді. Бұл аз десек, VІІ Қысқы Азия ойын­дарының шаңғы мен биатлоннан, фристайлдан жарыстары да осы аудан аумағында өткелі жатыр. Жалғыз бұл ғана емес, Елбасы қойған міндеттерге сәйкес, рес­пуб­лика бойынша кең қанат жай­ған үдемелі индустриялық-ин­но­вациялық даму Талғар ауданын айналып өтпеді. Айталық, сыртқы инвестиция көмегімен Қайнар ауылдық округіндегі Дәулет ауы­лының дәл жанында аса қуатты “Юско” логистикалық орталығы салынып бітуге жақын. Жобалық құны 4 млрд. 800 млн. теңге, бі­рінші кезегі осы желтоқсанда, бүтіндей кешені келер жылдың көктемінде қатарға қосылатын осынау нысан тұрғылықты халық­ты 400 адамға дейін жұмыспен қамтып қана қоймай, азық-түлік, химиялық заттар болсын, кез келген саланың өнімдерін сақтауға және тасымалдауға зор мүмкіндік бермек. Ал Шымбұлақ ауылында Қазақ тағамтану академиясының балалар тамағын өндіретін “Ами­ран” атты зауыты жыл аяғына дей­ін қатарға қосылмақшы. Мұндағы негізінен әрлеуі мен сәндеуі қалған құрылыста бүгінге дейін 654 миллионға жуық қаржы игерілген. Зауыттың іске қосылуы жалпы еліміздің жас бөбектеріне үлкен шарапатын тигізеді деп күтілуде. Сол шарапат Талғардан қанат қаққалы тұр. Бұған қоса, қазір аудан аума­ғында Бесқайнар ауылы тұсын­дағы таулы жотаның қойнаулы кеудесінде Кадет корпусының құрылысы аяқталуға жақын. Рес­публикалық бюджеттен қаржы­лан­дырылған осынау ғимаратжайлар кешенінде болашақ Отан қорғау­шыларды заманауи талаптарға сай баулып даярлау үшін не қажеттің бәрі ойластырылған. Бұдан бір­ша­ма жоғарыдағы “Табаган” спорт­тық-сауықтыру кешенінде фрис­тайл мен сноуборд сияқты Азиада бағ­дарламасындағы спорт түрле­рінен жарыс өткізу алаңдары, сыр­ғанау жолдары да негізінен дайын. “Ақ­бұлақ” спорттық-сауықтыру кешені қасындағы жалпы алаңы 24,5 гек­тарды алып жатқан шаңғы- биатлон стадиондары да бұл күн­дерде жо­ғары деңгейлі әзірлік ме­же­сіне жет­кен. Қазір кейбір инфра­құ­­ры­лымдық жайлар ретке келтірілуде. Міне, осы ғажаптардың бәрі Талғарда. Талғардың елі мен жеріне тамырланған. Өркендеу сипатын анық танытатын, халық үшін игілігі мол осынау оң ны­шан­дар, жақсылық жағдайлар Тал­ғар аудандық әкімдігі мен ау­дандық мәслихатының күнделікті назарында болуы да заңды. Осы жобалардың іске асуына олар да мүдделі болып, үлес қосып, атсалысып келеді. Әкімдік пен мәслихат анау сенің жұмысың, мынау менің міндетім деп ала қойды бөле қырықпай-ақ, ортақ мүдде жолында қашанда бір жең­нен қол, бір жағадан бас шыға­ра­тын ұйымшылдық танытуда. Әр жағдайда Алматы облысының әкімі Серік Үмбетовтің талабы да осы үдеден табылатынын аңғар­ған­быз. Қалай десек те, ауданның тыныс-тіршілігімен көптен бері біте қайнасып келе жатқан Талғар­дың әкімі Талғат Өмірәлиев пен мәслихатының хатшысы Рая Ыды­ралиева өңір өмірін өркендету жолында аянып жүрген жоқ. Жақында Талғар аудандық мәс­лихатының Рая Мұсақызы Ыдыралиева бастаған бір топ де­путаты аудан аумағындағы жоға­ры­да аталған нысандарды аралап көріп, олардағы құрылыс жұмыс­тарының жай-жапсарымен таныс­ты, пайдалануға берілу мерзім­дерін қа­дағалады. Өйткені, әсіресе алда­ғы Азиада нысанда­рының әзірлік дәрежесі аудандағы халық қалау­лыларын да толған­дыратыны анық. Сонымен бірге, мәслихат хатшысы айтқандай, мемлекеттік тұрғыдағы маңызды нысандарға ел бюдже­тінен бөлін­ген қаржының ұқсату тиімділігін бақылау жөнінде халық берген депутаттық өкілет­тікті ор­ны­мен пайдалану мақсаты да нақ осы сапарда орайымен іске асты. Рая Мұсақызының қолқалауы­мен осы игі мақсат көздеген са­парға біз де ілескенбіз. Күні бойы ауданның әр жерінде орналасқан нысандарды аралап, жан жады­ратар жақсы істердің куәсі болдық. Депутаттар Кадет корпусын аралап көргеннен кейін Бесқайнар ау­лындағы “Ғайникамал” мешітіне атбасын бұрып, құран оқытуды да ұмытпады. Азиада нысаны – “Табаган” кешенінде осы бір ғажаптың құрылтайшысы Қайрат Берікбаевтың әңгімесінен біраз ғанибет жайларға қанықтық. Сырттай қарағанда ауданға қатысы жоқ сияқты көрінетін бұл спорт­тық-сауықтыру кешенінің Талғар­ға жақсылығы мол екен. Мұнда жұмыс істейтін 400 адамның 80 пайызы талғарлық ауылдардың тұр­ғындары көрінеді. Мекеме ау­дан бюджетіне ай сайын 7-10 мил­­лион теңге көлемінде салық қар­жысын құйып тұрады. Емен-жарқын әңгіме барысында Талғар мен Табаган арасындағы байла­ныс­ты өрістету келісілді. Логистикалық орталық салы­нып жатқан Қайнар ауылдық окру­гінің жұртшылығымен кездесу де жемісті болғандай. Мұнда ауыл әкімі К.Әуелбаев, ардагерлер Тұр­сынғали Саудабаев пен Бәйдібек Әмірбеков ауыл ахуалынан әңгіме шертті. Осындай тікелей байла­ныс­тар халықтың мұң-мұқтажын тереңірек білуге көмектеседі емес пе. Олай болса, осы сапарда ғана бес маңызды нысанды, бірнеше ауылды аралап, мән-жайға қанық­қан, ізденімпаздық танытқан ау­дандық мәслихат халықтың ты­ныс-тіршілігімен бірге тыныс­тау­ды өз жұмысының өзегіне ай­нал­дырған. Депутаттар өз сессия­л­а­­рында әлеуметтік маңызды мәсе­лелерді қарайды, өркендеудің өрелі міндеттерін алға тартады, сайлаушылардан түсетін арыз-шағымдарды аяқсыз қалдырмай­ды. Атап айтар болсақ, тариф пен баға, ауызсу құбырын тарту, сөй­ле­су пунктін ашу, жол жөндеу, жа­рықтандыру, тағы басқа түйткілді жәйттер білікті басшы Р.Ыдыра­лиева басқарып отырған аудандық мәслихаттың күн тәртібінен түс­кен емес. Қарауға ұсынылатынның барлығы дерлік ел Президентінің Жолдауынан туындаған, ауданның әлеуметтік-экономикалық даму бағдарламасы аясындағы өзекті мәселелер. Депутаттармен бір күн бірге болған мәністі сапарда бұған көзіміз жетті. Осы сапарда белсен­ділігімен танылған Азат Уәли, Сәниям Әшімова, Амангелді Ма­қатов, Матан Бекбосынов, Қа­ро­бай Махатов, Багадыр Бадалов сияқ­­ты халық қалаулыларын атай кет­сек артық болмас. Себебі, олар­дың да Талғар тағылымдарын есе­леп жүргендеріне сөз жоқ. Айта­лық, Азат Уәли ауданның сәулет шаруашылығын басқарса, Аман­гел­ді Мақатов бірінші лигада өнер көрсетіп жүрген ауданның “Тал­ғар-Ақбұлақ” футбол команда­сы­ның тізгінін ұстап отыр. Арнайы келген соң аудандағы “Егемен Қазақстан” газетінің та­ралу жайын да сұрап-білуді жөн сана­ғанбыз. Биыл бас газетті 1510 адам жаздыртып алады екен. Ау­дан үшін жаман көрсеткіш емес. Ал келер жылға оқырман саны ар­та түспесе, кемімейді деп ме­же­­лен­ген көрінеді. Бұл жайды да біз Талғар тағылымдарының біріне баладық. Қорғанбек АМАНЖОЛ, Алматы облысы. Суретті түсірген  Фатима ЕРЖАНОВА.