16 Қараша, 2010

Батыр, ғалым, қайраткер

794 рет
көрсетілді
26 мин
оқу үшін

Мәлік Ғабдуллин – 95

Батырым – Мәлік беренім, Жүйрігім, озған өренім. Халқы сүйген қалаулым, Жырымды саған төгемін. Қарт жырау Жамбыл бабамыздың іңкәр жүрегінен төгілген бұл ұзақ өлең ол жылдары әлі тумаған да болар. Бірақ Мәліктің атағы өзінің туған жері Зерендіге ән болып, жыр болып, аңыз болып жетті. Ол кезде бастауыш мектептің бірінші сыныбына енді ғана барып жүрген біз өзімізден едәуір ересек оқушыларға қосылып: “Батыр Мәлік Қанай бидің ұрпағы”, деп әндететінбіз. Мұғалім­деріміздің кейбір тым көп білетіндері: “Тәйт, олай айтпаңдар, Қанай би демеңдер. Мәлік бидің емес, мына Совет елінің түлегі”, деп тыйып тастайтын. Онда біздің не жұмысымыз бар, өз білетін әуенімізді қайталап, өз әнімізді одан әрі айтып жүре беретінбіз. Менің әкем Жаналының Айтмағамбеті деген кісі біздің ауылдан он бес-жиырма шақырым ғана қашықтықтағы Қойсалғанда тұратын Мәліктің әкесі Ғабдолламен әрі құрдас, әрі сыйлас, сырлас адамдар еді. Майдандағы Мәліктің жоғары атақ алғанын естігенде ауылдың үлкендері, әсіресе менің әкем ұшып кете жаздап қуанды. Олардың: “Құдай оңдап, ата-баба аруағы қолдаған екен, – деп сүйінгендері әлі есімде. – Жарықтық Қанай бидің аруағы тегін емес қой, мына ұрпағы Мәлік баламызды желеп, жебеп жүреді екен ғой”. Біз, балалар да, үлкендер де онда 1943 жылы 25 сәуірде “Правда” газетінде жазушы Борис Поле­войдың “Эпостың тууы” деген очеркі жария­ланғанын, оны қазақтың үлкен жазушысы Ғабит Мүсіреповтің қазақ тіліне дереу аударып, іле-шала жеке кітап етіп шығарғанын әлі білмейтінбіз. Мұның бәрі артынан, кейін болды. Сөйтіп атағы аңыз болып жеткен Мәлік ағамыздың аты кең бай­тақ Кеңес елінің бір қиырынан екінші қиырына тарап кетіп жатты. Енді оның қандай ерлік жасағаны үлкенге де, кішіге де кеңінен мәлім болып, көзімізге елестеген кезде, әсіресе біз, бала­лар әрқайсымыз бір-бір Мәлік батыр болып, жауды сол батыр Мәлік ағамызша қырып, Мәлік ағамызша жоятынбыз. Оны өзіміз білетін Алпамыс, Қобыланды сияқты батырларға ұқсатып, отқа салса күймейтінбіз, суға салса батпайтынбыз. Оқ өтпейді, қылыш кеспейді. Енді сол батыр Мәліктің нағыз өзін көруді аңсаған сәби көңіліміз майдандағы ержүрек ағаларымызға жауды шетінен қирата қырғызып, соғысты тез аяқтатамыз, өздерін тездетіп туған елге оралтамыз. Арманымыз солай асқақтап тұрған күндердің бірінде ауылымызға батырдың өзі шынында да келіп қалды. Ауылымыз Қарашілік деп аталатын еді. Со­ғыстан бұрынғы ел іргесі бүтін кезде қазақ орта мектебі болды. Соған орай біздің ауыл Зеренді ауданындағы басқа ауылдарға қарағанда әлеуметтік жағы көш ілгері елді мекен болып саналатын. Қызыл бұрышы, дәрігерлік пункті, шағын кітап­ханасы бар еді. Сондықтан Мәліктің 1946 жылғы сайлаушылармен кездесуі нақ осы жерде өтті. Орта мектеп үйінің екі жүздей адам сыятын ені тарлау болғанмен, тұрқы ұзын залы болды. Маңайдағы Ортағаш, Көктерек, Қызылегіс ауылдарынан да ұрандатып, жалаулатып өкілдер келгендіктен, мектептің әлгі залына кісі сыймай кетті. Балалар кіре алмай сыртта қалдық. Сағат дегенді тақпайтын біз кездесудің қаншаға созылғанын да білмейміз. Әйтеуір түсте басталған отырыстың ымырт үйіріле аяқталғаны есімізде қалыпты. Мәлік ағамыздың ұзақ сөз сөйлегенін ауыл ағалары жырдай қылып айтып жүрді. “Қанай бидің ұрпағы тегін бола ма, – деп сүйсінгендерін білеміз. – Сөзге қандай шешен, мүдірмейді-ау, мүдірмейді. Өзінің ерлігі емес, өзгенің ерлігін көп айтып насихаттайды екен. Бәрін өзіне теліп, мен, мен деп тұрса, бүйтіп аты шығып, атақ-даңқы асқақтар ма еді”. Кездесуде Мәлік ағамыз тәлімін көріп, тәр­бие­сін алған ұстаздары Панфилов, Момышұлы, Капров, комиссар Мұхамедияров туралы тебірене айтып, сөзінің көбін өзінің бір бөлім, бір ротада бірге соғысқан қанды көйлек жолдастарының ерлік ісіне арнапты. “Менен команда болмай тұрып ешқайсың оқ шығармаңдар”, – деп оңтайлы сәтті күтіп жатқан Мәлікті шыдай алмай “оқ төгейік, оқ төгейік” деп асықтыратын Абдолла Керимов­тан, политрук Василий Клочковтан, Максим Коваленкодан бастап талай-талай сайыпқыран қас батырлардың есімін ерекше бір езіле елжіреген сезіммен атап өтіпті. Мәліктің жанып тұрған от-жалын ғұмыр Төлеген Тоқтаровтың қисапсыз ерлігі туралы, әсіресе оның он екіде бір гүлі ашылмаған қырмызы қысқа ғұмырының қиылар сәті туралы айтқанда жанарының жасқа толғанын, дәріс оқитын ұстазға тән қоңыр үніне қайта-қайта өксік араласа бергенін көпті көрген ата-әкелеріміз, ата-әжелеріміз, жесір қалып, азапты күн кешкен әпке-жеңгелеріміз талай рет жылап айтып, запыран төккенін қалай ғана ұмытарсың. Дегенмен Мәлік ағамыз сол жиында негізінен өзіне тән жайдары мінез танытып, жасындай жарқырай сөйлеп, ел азаматтарының, ауыл ақса­қал­дарының ұзаққа созылған қантөгіс жылдар сал­мағымен жаншылып пәс болған басыңқы көңіл­дерін көтере, енді ғана орныға бастаған мына бей­біт күнге, ағарып атар ертеңгі ақ таңымызға деген үміт шырағын маздата сөйлепті. Өзі тереңнен қо­парып зерттей бастаған қазақтың бай ауыз әде­биетіне сүйене отырып, керек жерінде тіл мен жақ­тың шешені, кемеңгерліктің кенені қаз дауыс­ты Қазыбек би болып та тіл қатыпты, фашист әс­керімен соғыста Алпамыс болып айбат шақырып, Қобыланды болып қаһар төгіпті. Жаудың жоба-жоспарын айнытпай аңғарып, талай ұрымтал сәттерде одан айла-амалын да асырып кетіпті. Қорыққан да, қысылған да сәттері аз болмапты. Соның бәрінде сарабдал салмақтылығы, алдын ойлайтын алғырлығы жол тауып, адастырмай жөн сілтепті. Ақыл айтатын ағалары, қысылғанда демейтін, қиыннан қиыстырып ретін келтіре біле­тін дос-жолдастары қандай десеңізші. Майданда нақтылы бір шаруаның орайын табу негізінен бірдің ісі болса да, оны ұқсату көптің ісі. Қол басқарған адам көпшіл болу керек, көптің басын біріктіріп, өз ырқына көндіре білуің керек, көпке көсем болып, соңынан риясыз сеніммен ерте білу керек. Политрук дегеніміз саяси жетекші деген сөз ғой. Саяси жетекші болу айтқаныңды бұйрықпен емес, ұғындыру, көзін жеткізу арқылы орындату деген сөз. Мәлік ағамыздың әскери басшы, саяси жетекші ретіндегі бір артықшылығы да осы ұғындыра, көзін жеткізе білуінде жатқан сияқты. Мысалға Ширяево селосының маңында Мәліктің 13 адамнан тұратын атқыштар взводының мұздай қаруланған фашист әскерін тоқтатуға бұйрық алған сәтін еске түсірелікші. 5 бірдей танкісін бетке ұстаған жаудың қалың қолы Мәлік бастаған взводқа лап қояды ғой. Қарсыластарын танкімен тапап өтпек болған жау әскері отқа оранған екі темір тажалынан, 150 әскерінен айрылып кейін шегінеді. Өздерінің сан жағынан басым екенін білетін жау әскері кеңес автоматшылары түгел жойылды деп есептейді. Шынында да біздің жауын­герлер қоршауда қалған еді. Ротадағылар олардан хабар-ошар ала алмай күдер үзеді. Бірақ взвод құрып кетпеді. Жаудан айласын асырған саяси жетекші Мәліктің басшылығымен бір күні жер астынан шыққандай болып өз ротасына жетіп келгенде полк командирі Капров пен комиссар Мұхамедияров өз көздеріне өздері сенбепті. Біздің ауылға кездесуге келген сапарында Мәлік ағамыз кешкісін ауыл жастары оның құр­метіне ұйымдастырған ойын-сауық кешіне қа­тысты. Ескі қазақ ауылдарында соқыр теке, жүзік тықпақ, орамал тастамақ сияқты ұлттық ойындар жиі ойналатын. Бәрі де сергектікті, шапшаң ойлай білетін алғырлықты, әр жақты білімдар болуы талап ететін ойындар. Мәліктің сол ойын түрлерін жақсы білетіні, қандай сыннан да сүрінбей өтетін жан-жақты сезімталдығы көпке дейін айтылып жүрді. Ерекше есте қаларық бір жағдай: сол кешке бару үшін Мәлік ағамыз ауыл ақсақалдарының алдынан өтіп, рұқсат сұрапты. Оның әкесі Ғаб­долла ескіше де, жаңаша да сауаты бар көзі қа­рақты, парасатты, ел-жұртқа қадірлі адам болатын. Біздің ауылдың үлкендері Мәліктің бойынан сол кісінің өнегесін көргендей болып қатты сүйінген еді. “Әке көрген оқ жонар” деген осы, – деп тамсана айтып жатқандарын естігеніміз бар. – Батыр да, бағлан да осындай үлгісі бар үйден шығады”. Ауыл ақсақалдары оның сауық кешке қаты­суына рұқсат етіп қана қойған жоқ, сол ойын бо­лып жатқан үйді түнімен сыртынан торып, батыр балаларының саулығын, абыройлы болуын күзетті. Ертеңіне түс ауа Мәлік бастаған шағын топ біздің ауылдан Қойсалғанға аттануға тиіс еді. Бұл шаруаны да ауыл басшылары мұқият ойластырып, жобалап қойған екен. Мектеп үйінің алдына көп адам жиналды. Аудандық партия комитетінен де ресми өкілдер келіп қалыпты. Қазіргі тілмен айт­қанда, әжептәуір митинг дерсің. Колхоз бастығы Мақышев Молдабек бастап мектеп мұғалімдері, Қазесқан, Хасен шал, Әлібек сияқты ауыл ақ­сақалдары Мәлікке ризашылықтарын білдіріп, сәт сапар тіледі. Ауылымызда Шөкеттің Қомышы деген атамыз бар-ды. Арабша да, латынша да хатқа жүйрік молда, шешен кісі еді. Сол кісі аса көркем тілмен сөйлеп, айта жүрерліктей тамаша бата берді. Мәліктің өзі де сөз сөйлеп, көп-көп ұлағатты сөз айтты. Халықты бірлікке, адалдан сауып, адал еңбек етуге шақырды. Біздің ауылда 1951-1953 жылдары Мәліктің немере ағасы Қажыбай Құсайынов деген кісі тұрды. Ауылдағы сельпоны (сельское потре­бительское обществоны) басқаратын. Білімінің қандай дәрежеде екенін білмеймін, әйтеуір, сауат­ты, саясаттан да, тіршіліктің басқа жақтарынан да хабары мол білікті кісі еді. Сол ағай бізге Мәлік туралы көп-көп әңгіме айтатын. “Ауылдағы басқа балалар бір төбе де, Мәлік бір төбе еді”, – деп әңгімелейді. – Бойы шарғы, арықтау болып өсті. Оның есесіне нағыз құймақұлақтың өзі еді. Бір естігенін әсте ұмытпайтын. Ауылдың кей үйіне қонып, екін­ші үйіне түстене жүріп ғашықтық жырларын, эпос­тарды тыңдап жаттайтын, кейін сол жаттағандарын өзі де тыңдаған көпке саулатып айтып беретін. Бірақ оқу үшін әуелі мектебі бар көрші ауылға, одан соң Петропавлға кетіп, елге көп тұрақтамады. Білім қуып, ақыры Алматыға асты. 1931 жылы он алты жасар Мәлік Қазақтың Абай атындағы мемлекеттік педагогикалық институтының студенті болып шыға келді. Төрт жылдан кейін қазақ тілі мен әдебиеті факультетін бітірді. Мәліктің қаламының қайраты оның сол сту­дент кезінде-ақ біліне бастағанға ұқсайды. Инс­титутты бітірер-бітірместен республикалық “Пио­нер” журналына редактордың орынбасары болып тағайындалуы, міне, соған куә. 1936 жылы Қызыл армия қатарына шақырылады. Одан оралған соң Тіл және әдебиет институтында кіші ғылыми қыз­меткер болып жұмыс істепті. 1940 жылы ҚазПИ-дің аспирантурасында оқып жүріп партия қата­рына өтеді. Сөйтіп Мәлік майданға жас коммунист ретінде аттанады. Оның жап-жас қалпымен ротаның саяси жетекшісі болуының бір сыры осында жатса керек. Жоғарғы әскери басшылықтың шешімімен Мәлік 1943 жылдың басында 1075-полктың комис­сары болып тағайындалғанға дейін-ақ майданның талай-талай көрігінен өтіп, талай-талай ерлік ше­жіресін жазған болатын. Рубашкин, Ширяево, Ста­рая Русса жеріндегі ұрыстар, атақты Бородино де­ревнясы, Холм қаласы, Новосвинухово үшін бол­ған қанды шайқастар ешқашан ұмытылмақ емес. Арыстан жүрек қазақ қаһарманының ерлік ісі осылай аспандап, атағы бірден бірге асып бара жатты. Оның өңірінде “Қызыл Жұлдыз”, “Қызыл Ту” ордендері жарқырап тұрған болатын. Бірақ мұның бәрі ең үлкен атаққа жеткізіп, ең үлкен даңққа апаратын күре жолдар екен. 1943 жылғы 30 қаңтарда Мәлік Ғабдуллинге Кеңес Одағының Батыры деген атақ берілді. Бұл ең зор, ең мәр­тебелі, ең жоғары атақ еді. Жоғарыда аты аталған Қажыбай Құсайынов Мәліктің көп-көп ізгі қасиеттерінің ішінен оның жомарт мінез қайырымдылығын ерекше бөліп айтушы еді. Шынында да Мәлік біреуге көмек қолын созуға әрқашан әзір тұратын. ҚазМУ-дің журналистика факультетінде оқып жүрген кезімде Мәлік ағамыз ҚазПИ-дің ректоры еді. Ол кісі мені жақсы танитын. Университетке аттанар алдында әкем мені өзінің құрдасы, Мәліктің әкесі Ғаб­доллаға сәлем бер деп сол үйге алып барды. Ол кезде Ғабдолла атамыз Қойсалғаннан көшіп келіп, Көкшетауда тұратын. Жылы шыраймен сәлем­дес­кеннен кейін қария баласы Мәлік туралы әңгі­месіне ауысты. Ең соңында ол: “Әлденеден қысы­лып көмек керек бола қалса, Мәлікке барып тұр, ол кісі жатырқамайды”, – деген еді. Сол сөзді арқаланып Мәлік ағамызбен жиі кездесіп, ара-тұра үйіне де барып жүрдім. Нәзия жеңгеміз де мінезі жайсаң жан еді. Әрдайым жайдары қарсы алып, бәйек болып қалатын. Бір жолы үйіне барғанымда Мәлік ағамыз: “Оқуың қалай, семестрден жақсы өтіп, стипендияға іліктің бе?” – деп сұрады. Мен күмілжідім. Өйткені, әскери дайындық пәнінен 3 алып қалған едім. Бұл пәннен үші бар студентке стипендия берілмейді. Соны айттым. Мәлік: “Он­дай баға алғандар көп пе?” деп сұрады. Мен аз емес екенін айттым және олардың ауылдан келген балалар екенін, орыс тілін білмейтіндіктен ой­ларын дұрыс жеткізе алмайды деген өз топшы­лауымды қосып қойдым. Мәлік “Ауылдан келген өзің сияқты қара домалақтарға қиын екен”, – деді де қойды. Жаз өтіп, күз келді. Жаңа оқу жылы басталды. Бір күні әскери кафедра меңгерушісі Гаркуша деген майор мені университеттің бірінші қаба­тында ұстап алып: – Сен Мәлік Ғабдуллиннің туысысың ба? – деп сұрады төтесінен. Тұтыға, шашала: “Да, да, немножко”, деп жатырмын. Ол: “Қане, зачеткаңды көрсет”, деді. Мен айтқанын істедім. Зачет­камды ашып көріп, ішіне бірдеңе жазды да қай­та­рып берді. Білдірмей байқап көрсем, былтыр өзі қойған “удов.” деген бағасын сызып тастап “хорошо” деп жазыпты. – Бұдан былай осындай бірдеңеге бола үлкен кісіні мазалама, – деді жұмсақ үнмен. Кейін білдім – Гаркуша мен Мәлік ағамыз майданда бірге болған ескі достар екен. Мәкең майдандас досына сыр ашып, қазақ мектебін бітіріп, ауылдан келген балалардың орыс тіліне шор­қақ болатынын, содан қорлық көріп, стипен­диядан қағылатынын айтып, оларға жанашыр­лықпен қарау керектігін ескертсе керек. Гаркуша да бұған түсіністікпен қарап, содан талай қазақ баласының бағы ашылғанын да білемін. ҚазПИ-дің өзіме таныс бір студенті байқамай тәртіп бұзып, сол үшін институттан шығарылатын болды. Оқуға жақсы бағамен түсіп, жақсы бағамен оқып жүретін. Факультет басшылары педкеңесте қарап, сондай ауыр шешім қабылдапты. Ондай шешімді ректордың өзі де өзгерте алмайды екен. Барар жер, басар тауы қалмағасын менің әлгі досым Мәліктің өзіне барыпты. Ол кісі не істесін: “Басқа институтқа ауысуыңа көмектесіп көрейін”, – десе керек. Ол жылдары жеке шет тілдер институты бар еді. Мәліктің тікелей көмегімен әлгі сту­дент сол жоғары оқу орнына ауысып, оны қызыл дипломмен бітіргеннен кейін өзінің туған жері Жамбыл облысына жолдама алғанын да жақсы білемін. Мен университетте оқыған жылдарымда ҚазПИ-дің студенттерімен жиі араласушы едім. Сондықтан институт ректоры туралы көп-көп әңгіме еститінмін. Студенттер оны керемет жақсы көретін. Мәлік ағаның жиі-жиі жатақхана аралап, студенттермен ашық әңгімелесетінін, олардың қара шайын ішіп, қатқан нанын жеп отырып сөй­лесетінін, күлдіргі әңгіме-әпсаналар айтып, көңіл­дерін көтеріп кететінін, балалардың біреуін аға болып бауырына тартса, екіншісін жақсы көріп арқасынан қағатынын сыр қылып шерткендері әлі құлағымда. Осының бәрі Мәлік ағамыздың ұлық кісіге тән кішілігі мен кісілігін, жылы жүрек бауырмалдығы мен биік парасатын андыздай аңғартып тұрған жоқ па! Мәлік ағамыз бүкіл елге атағы мәшһүр болған танымал тұлғалардың ішінде батырлардың батыры Бауыржан Момышұлын ерекше жақсы көріп құрметтейтін. Тіпті ол кісінің атын қасиет тұтып, қадір­лей айтатыны аңғарылып тұратын. Нәзия жең­гемізге ол ағамыздың атын баттитып атай берме, “ата” деп сөйле деп ескертіп отыратын. Бір жылы 9 мамырда Мәлік ағамды Жеңіс күнімен құттықтайын деп әдейілеп пәтеріне бардым. Күн жексенбі еді. Қызы Майдан есік ашты. Ағамыз да, жеңгеміз де үйде екен. Менің сөзімнен есіме түсті ме, Нәзия жеңгей: “Атаны, Бауыржан атаны құт­тықтай қояйыншы”, – деп телефонға жүгірді. Соны байқаған Мәлік ағамыз: “Өйтпе, ол кісі телефонмен құттықтағанды ұнатпайды, – деп тоқтатты. – Біраздан соң өзіміз үйіне арнайы барып құттықтаймыз”. Қазақтың маңдайына біт­кен екі жарық жұлдызының бірін-бірі қалай құр­меттейтінін мен сонда көріп, таң қалған едім. Мәлік Ғабдуллин талай қазаққа аға бола білсе, қазақтың талай нарқасқа алыптарына іні де, тіпті бала да бола білді. Ұлы жазушы Мұхтар Әуезов 1949 жылы “Абай” романы үшін бірінші дәрежелі Сталиндік сыйлық алғанда қалалық жиналыста қуана сөз сөйлегендердің бірі Мәлік ағамыз болған екен. Оның Мұхаңмен достық қарым-қатынасы сонау Ұлы Отан соғысы кезінде басталыпты. Мәлік соғыс жылдарында ара-арасында уақыт тау­ып, хат жазып, жазушыны майдан өмірінен хабар­дар етіп тұрыпты. Ал Мәліктің Сәбит Мұқановпен достығы әке мен баланың бір-біріне деген ынтызар ыстық махаббатына айналып аңыз болып әлі де айтылып жүр. Сәбең Мәлікті қаршадайынан та­нып, бауырына тартқан. Оны өзінің Арыстанынан, Маратынан, басқа да балаларынан кем көрмеген. “Менің Мәлігім”, деп елжірейді екен. Сәбит қадірлі Мәлігінің қайтыс болғанына жыл да тол­май тұрып дүниеден өткені белгілі. Сәбеңнің өмір­лік жан серігі, ғасыр жасаған Мәрия анамыз: “Сәбит Мәлік баласының қайғысын көтере алмады” деп отырады екен. Бұдан артық шын сөз бола қоймас! Басқа қонған бақытты да, атақ пен даңқты да ұстай білу, көтере білу керек. Ескіден қалған осы сөз Мәлік Ғабдуллиннің өмірлік мұратына, бұл­жымас ұстанымына айналғанына кім таласа алар. Оның бар арманы іске асып, бар тілегі орындалды деп білеміз. Майданға алынды. Жауды жеңіп елге аман оралсақ, масайрап қайтсақ деп тіледі, арман етті. Бұл тілек, бұл арманы да орындалып, елге жеңіспен оралып, көппен бірге масайрап қайтты. Кеңес Одағының батыры атанып қайтты. Ғылым қуды, ғылымның құзар биігіне көтерілді, ғылым докторы, академик атанды. Сонау қанды жорықтар кезінде бейбіт күндерді аңсады. Бейбіт өмірдің, мамыржай заманның кетігін толтырар бір кірпіші бола білсем-ау деп алға ұмтылды. Бұл аңсары да іске асты. Елінің айтулы азаматы ғана емес, қоғам, мем­лекет қайраткері дәрежесіне көтерілді, ең жоғарғы билік орны – КСРО Жоғарғы Кеңесінің үш мәрте депутаты болып сайланды. Осындай биік белестерден өтіп, қанша биіктерге көтерілсе де біздің Мәлік ағамыз асып-тасқан жоқ, ешкімге бұлдана сөйлеп, дауыс көтерген жоқ. Біреуге аға, біреуге іні болып, біздің Мәлік, елдің, жалпақ жұрттың, баршаның Мәлігі болудан танған жоқ. Мәлік ағамыз туралы сыр шерткенде, оның жан жары Нәзия есімі еске түсіп, тілге оралады. Бұл екі асылдың бір-біріне деген махаббаты, құр­меті ала-бөтен болатын. Олардың бір-біріне жараса кеткен жұптық ғұмырын “аққу-ғұмыр” деу жөн сияқты. Өмірде аққулар жұбын жазбай өтеді дейді ғой. Мәлік пен Нәзия да солай болды. Ағамыз Мәлік 58 жасында дүниеден өте барды. Оның аққу сыңары Нәзия Мәліктің артын күтіп, дұғасын оқытып, бір жылға толар-толмас уақытта араға салып барып қайтыс болды. “Мәлікке хат” деген естелігін жазып үлгеріпті. Сүйген жары алдындағы бұл да бір парызы болса керек. Оны да орындап аттаныпты. Мұны имандылықтың белгісі деп білген дұрыс. Мәлік Ғабдуллин қамшының сабынан да қысқа ғұмыр кешкен адам. Шығармашылығы кемеліне келіп толысқан, абыройы асып, атақ-даңқы алысқа кеткен пенде үшін 58 жас деген не, тәйірі. Бірақ ол ғұмырының келте боларын білген тәрізді. Кан­дидаттық диссертациясын, одан көп ұзатпай док­торлығын қорғап үлгеруі, “Қазақ халқының ауыз әдебиеті”, “Қазақ эпостары” деген іргелі еңбектер тудыруы, қазақ әдебиетінде тың жанр болып табылатын “Менің майдандас достарым”, “Алтын жұлдыз”, “Майдан очерктері”, “Сұрапыл жылдар” атты әскери проза жазып шығаруы әлденеден қауіп ойлап асыққан қалам иесінің ісі. Тәрбие басы – талбесік. Осыны терең ұққан педагог-ғалым бала тәрбиесінде қазақтың бай ауыз әдебие­тінің нұсқаларын қалай пайдалануға болатыны туралы ой қорытып, “Ата-аналарға тәрбие туралы кеңес” атты еңбек қалдырыпты. Оның бұл еңбегі әлі күнге маңызын жойған жоқ десек, қателес­пейтін шығармыз. Мәлік ағамыздың ғылыми еңбектерін талай ғалым зерттеп-саралады. Оның ерлік істері, жеке басының озық қасиеттері туралы көптеген әдеби көркем очерктер, әңгіме, эсселер жазылды, талай жазушы, журналистер қалам тербеді. Мұның өзі сонау Борис Полевойдың “Эпостың тууы” очеркінен бастау алып, күні бүгінге дейін жалғасып келе жатқан игі дәстүр, қазақ көркем сөзіндегі ерлік мектебі іспетті. Сол ерлік мектебінің бүгінгі патриоттық тәрбиемен ұштаса ұласуы кімді де болса қуантқандай. Талантты журналист-жазушы Сейдахмет Бердіқұловтың сөзімен айтсақ: “Мәлік – ғажайып тұлға. Бұрынғы мен бүгінгі заманның асыл қасиеттерін бойына дарытқан дарқан дарын”. Есмұхамбет АЙТМАҒАМБЕТОВ. Алматы.