Жақында газетіміз басшысын қабылдаған кезінде Алматы қаласының әкімі Ахметжан Есімов: “Алдағы Азиадаға дайындық барысында қала біршама көркейіп, қаншама көшелер мен даңғылдар жаңа түрге енді. Айналма Шығыс жолының да негізгі бірінші кезегі аяқталып, қатарға қосылды. Мұның өзінің орталықтағы көлік кептелісі мен қыспағын жеңілдетіңкіреуге әсері сезілуде. Әрі трафик, әрі экология”, деп қуана хабарлаған болатын.
Мінеки, кешегі оңтүстік астанаға сапары кезінде Президент Нұрсұлтан Назарбаев нақ осы Әл-Фараби және Достық даңғылдарының қиылысынан басталатын Алматының Шығыс айналма автожолының құрылысында да болды. Әзірге бұл тамаша жолдың Балтабай көшесіне дейінгі бірінші кезегі аяқталған. Осы арада Мемлекет басшысы осынау бірегей нысанның макетімен танысып, құрылыстың егжей-тегжейіне қанықты. Қала әкімі Ахметжан Есімов осыған байланысты жағдайды баяндай келе, айналма жол қалаға шеттен келетін көлікті айтарлықтай азайтуға мүмкіндік туғызатынын атап көрсетті. Бұл өз кезегінде ауаның ластануын кемітеді.
Ұзындығы 7,8 шақырым болатын Шығыс айналма жолы – көлік жүретін күрделі құрылымдық жүйе. Айтар болсақ, басқа да кішігірім жасанды құрылыстарды қоспағанда, бұл – жолайырық, кіші Алматы өзенінен өтетін жол өткелегі, Луганский көшесі арқылы тартылған көпір астындағы айналымдық шеңбер, Горная көшесін көктеп өтетін тоннель, Жарбұлақ сайындағы металл көпір, сонымен бірге, ең ақырында, Халиуллин көшесі мен Құлжа күрежолының қиылысындағы көліктік шеңбер. Жолдың басым бөлігі, яғни 5,6 шақырымы салынып болып, қазір ел игілігіне айналып үлгерді. Бұған бөлінген 57,4 млрд. теңгенің 42 миллиарды игерілді. Бір айта кететін жай, Қысқы Азия ойындарына келетін спортшылар мен жанкүйерлер осы автожол арқылы Алматыға соқпастан, спорттық нысандарға тіке заулап жете алады.
Жолдың қалған бөлігінің құрылысы келер жылдың соңына қарай аяқталады деп ұйғарылған. Дәл осы орайда мынадай проблема да туындап отыр: жер телімдерінің иелері соны мемлекеттік мұқтажға сатқандары үшін орынсыз жоғары бағалар қойып, көп ақша сұрап, байып қалуды көксеуде.
Әңгіме кезінде Елбасы өзі назар аударған кейбір мәселелер бойынша сұрақтар қоя отырып, нысандарды тұрғызу барысымен, үй-жайларды бұзу ахуалымен мұқият танысты. Құрылыстың бірінші кезегінің алаңында Нұрсұлтан Назарбаев журналистермен шағын брифинг өткізді.
– Біз Алматының экологиясын жақсарту үшін қолдан келгеннің бәрін істейміз, – деді Мемлекет басшысы. – Қиындықтарға, атап айтқанда, елді индустрияландыру үшін мемлекетке қаржы керектігіне қарамастан, біз осы ғажап қаланың экологиясын сауықтыруға қажетті қаржы бөлудеміз. Себебі, бұл – зор маңызы бар іс.
Нұрсұлтан Әбішұлы сондай-ақ газ отынымен жүретін жүздеген автобустар сатып алуға қыруар қаржы жұмсалып, жолайырықтар салынып жатқанын еске салды. Сонымен қатар, қаланы автокөлік қыспағынан жеңілдету үшін айналма жол да қажет. Жер телімдерін сатуға байланысты Президент мынадай пікір білдірді:
– Мен Үкіметке күмәнді жекешелендіру жүргізген, сөйтіп, телімдердің құнын көтеріп отырған нақты жер иелері мен жалған жер иелерін тексеруге тапсырма беремін. Мемлекет мұқтажына қажетті барлық жер заңдылыққа сәйкес сатып алынатын болады.
Нұрсұлтан Әбішұлы қала тұрғындары мен жастарды қоғамдық игілікке қамқор жанашырлықпен қарауға, соңғы жылдары салынған бірегей нысандар мен көшелерді таза ұстауға шақырды.
–Тұрғындар өз қаласын көзінің қарашығындай сақтап, аялауы тиіс, – деп түйіндеді сөзін Мемлекет басшысы.
Қорғанбек АМАНЖОЛ.